Бексаутова Салтанат

Алматы облысы, Іле ауданы, Көкқайнар ауылы

№44 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет

пәні мұғалімі Бексаутова Салтанат

Тақырыбы: «Тәуелсіздік-халық мұраты»

Өтетін орны: Мәжіліс залы
Барысы:
\баяу әуен ойнап тұрады\
1 – жүргізуші:
Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірменді қонақтар! Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына арналған «Тәуелсіздік-халық мұраты» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!

*Мемелекеттік Гимн орындалады

ҚҰРМЕТТІ ұстаздар, ата-аналар, оқушылар ортамызда кадірлі қонағымыз Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты кызметкері, Деңгейлі бағдарламалар орталығының тренері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері, оқулық авторы, Желтоқсан оқиғасына қатысушы Саметова Жайна Хадиронқызымен осындай кешті өткізу бақытына ие болып отырмыз және Ащыбұлақ ауылдық округінің орынбасары Иманбеков Бекмырза Ілиясұлы ортамызда.

2- жүргізуші

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 26 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өткізіп келеміз.

1 – жүргізуші:

Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата – бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.

2- жүргізуші

Еліміздің ертеңі туралы сөз қозғаудан бұрын қазақ халқы жүріп өткен тарихи кезеңдерге шолу жасасақ,,,

Осы кезде тарихи кезеңдерді бөліп берген оқушылар ортаға шығады. Оқушыларды топқа бөліп шығару

Әр кезенге байланысты слайд көрсетіліп тұрады

1-топ

Тарихи кезеңдер

Бұл ХҮІІ-ХІХғасырлар. Бұл аралықта қазақ халқының жауынгерлік рухы ауыр сынға тап болды. Біздің жерімізге басып кірген жоңғарлармен соғыс басталды. 1723-1727 жылдардағы "ақтабан шұбырындыдан" қазақ халқы қайта еңсе көтерді. Ұлтты қорғаушылар қатарына Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Наурызбай батыр және солар сияқты үлттың жауынгерлік рухын көтерген жарқын тұлғалы ерлер келіп,халықтың ерік-жігерінің тастүйін бірлігі Абылай хан тұсында ерекше бейнеленді. Батырларымен тізе қосып, қаһармандықтың тамаша үлгілерін көрсеткен, сөйтіп халықтың ұйтқысы болған Абылай ханның ерліктері сонау қатал заманда қазақ рухын қайта түлетудің бір алтын діңгегіне айналды.

Бейбітшіл сипаты бар рухани жұмыс та жалғасын тауып жатты. Оның ұйтқысы ұлттың рухани кесемдері — Төле, Қазыбек, Әйтеке билер болды. Олар сыртқы және ішкі алауыздықтарға қарамастан Абылай ханмен бірлесіп, ұлтты біріктіру жолында еңбек етті.

Келесі, екінші кезең- XX ғасыр. ХУШ-ХІХ ғасырларда Қазақ хандығы құлағаннан кейін қазақтардың арыңды рухы бұрқ етіп сыртқа шығудың әртүрлі жолдарын қарастырды. Төрелер мен қожалардың билігі қожырады, олардың үңірейіп бос тұрған орындарына ешкім отырған жоқ. – Ресей патшалығы да әлсіреді. Сол кезде қазақтарда өз мемлекетін құру үміті тағы да ояна бастайды. Алашорданың көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқалар болды.Қалай болғанда да, Алашорданың игілікті ісі өте қайғылы болды.

2-топ

Жаңа кезеңдегі тарих (ХІХ — жаңа ХХ ғ.ғ.)

Қазақстанның Ресейге қосылуы XVIII ғасырдың 30-жылдары басталып, ұзақ және күрделі оқиғалар мен үрдістерден кейін ғана XIX ғасырдың 60-жылдары аяқталды. Қазақстанның Ресейге қосылуы үш кезеңнен тұрады:

  • XVIII ғасырдың 30-жылдарынан – XIX ғасырдың 20-жылдарына дейін. Бұл жұзжылдықтың ішінде Ресей мен Қазақ хандығының арасында протекторат қарым-қатынасы орнады. Ресей бекіністері мен шептері қазақ жерінің солтүстік шекарасын жан-жақтан қоршады. Қазақ хандарының сыртқы істеріне орыс билігі тығыз араласты және хандарды бекітіп отырды.
  • Бағыныштылық (вассалитет) кезеңі, XIX ғасырдың 60-жылдарына дейін. Оның негізгі көрінісі 1822 жылы қабылданған «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» мен 1824 жылы қабылданған «Орынбор қырғыздары туралы Жарғы». Осы жарғылардың нәтижесінде хандық билік күшін жойып, Ресей бодандығындағы қазақ өлкесінде ішкі және сыртқы округтер ашылды. Округ басшылары аға сұлтандар мен сұлтан-правительдер генерал-губернаторлықтарға бағынды. Округтерде болыстықтар мен дистанциялар ашылды.
  • Таза бодандық кезеңі, 1860 жылдары басталады. Оның негізгі белгісі Қазақ жерінің тұтастай Ресей империясының құрамына енуі, облыстарға бөліну, олардың уездерге т. б. бөлінуі. Қазақтың саяси элитасы – сұлтандар мен билер биліктен біржолата шеттетілді. Қазақ шаруашылығы Ресейдің тауарлы-сауда қарым-қатынастарының шеңберіне тартыла бастады.

3-топ

Революция және Азамат соғысы (1917 — 1920 ж.ж.)

1917 жылғы Қазан төңкерісі – 1917 жылы 25 қазанда Петроградта болған ірі әлеуметтік-саяси, тарихи оқиға. Көтеріліс В. И. Ленин басқарған большевиктер партиясының жетекшілігімен жүзеге асырылды. Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы ұзаққа созылды. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату ісіне Ә. Жангелдин, С. Сейфуллин, К. Сүтішев, А. Асылбеков, Ә. Майкөтов, И. Дубинин, К. Шугаев, Я. Ушанов, А. Иманов, С. Цвиллинг, Т. Рысқұлов, Т. Бокин, П. Виноградов, Л. Емелев, Т. Өтепов, А. Розыбакиев, т. б. белсене қатысты.

Азамат соғысы Қазақстанды да қамтыды. Ол іс жүзінде 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жалғасы болды. Большевиктер мен кеңес өкіметін жақтаушылар «қызылдар» деп аталса, оларға қарсы тұрғандар «ақтар» деп аталды. Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрестің негізгі күштері Орынбор, Сібір, Орал, Жетісу казак әскерлері, өнеркәсіп орындарының бұрынғы қожалары, кезінде ресейден қоныс аударып келушілердің ауқатты топтары, қазақ ауылының бай-шонжарлары және солардың мүдделерін қорғайтын саяси партиялар мен ұйымдар болды. 1920 жылдың көктемінде Қазақстандағы азамат соғысы Кеңес өкіметінің жеңісімен аяқталды.

4- топ

Ұжымдастыру және жаппай жазалау(1930 — 1940 ж.ж.)

Компартияның 1927 жылы желтоқсанда өткен ХҮ съезі ауыл шарушылығын ұжымдастыру бағытын жариялады. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру идеясы әуел бастан-ақ мейлінше қатаң жүргізіліп, жаппай қуғындау мен ланкестікке негізделді. Ұжымдастыру (колхоз құру) алдын ала даярлықсыз, жергілікті жағдайлар ескерілместен, көбінесе әкімшілдік –күштеу әдістермен жеделдете жүргізілді. Көшпелі ауылдарға ұжымдастыруды жеделдету жөнінде нұсқаулар түсіп жатты.

Бұл орайда шаруашылық базасын жасау, тұрғын үйлер мен мәдени-тұрмыстық объектілер салу жай ғана жарияланған күйінде қалды. Ұжым- дастыру және сонымен бірге отырықшыландыру ауылдың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтын түп негізіне дейін күйретті. Қазақ қоғамының әлеуметтік негізі жойылды, ғасырлар бойы көшпелі өркениет жасаған тірек- тер қиратылды. Қатаң әкімшілдік жағдайында, әскери коммунизм кезеңіндегі белсенділердің мерейі үстем болды. Кей жерде кедейлер мен орта шаруларды орынсыз соттау және олардың малын жөнсіз тәркілеу, меншік құқығынан айыру, тұрақты мекенінен күштеп көшіру орын алды. Ұжымға енгісі келмеген кедейлер мен орташалары Қазақстаннан тыс жерге жер аударумен қорқыту немесе «кулактар» қатарына жатқызу құбылыстары ұшырасты.

1930–1932 жылдары аштық етек алды. Аштықтан, түрлі індеттерден халықтың 40%-ы қырылды. Жаппай жазалау мен аштық халықты орныққан жерін тастап, көшіп кетуге мәжбүр етті. Аштық тарихқа «Ұлы жұт», қазақ халқының аса зор қасіретті жылдары ретінде енді. Ұжымдастыру көшпелі өркениет ерекшелігі ескерілмей, күштеу әдісімен жүзеге асырылғандықтан, ауыр қантөгіс, дүрбелең жағдайында өтті.

5- топ

Ұлы Отан соғысы (1941 — 1945 ж.ж.)

Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы Германияның Польшаға шабуылымен басталды. КСРО-ны жеңгеннен кейін фашистер Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстан аумағында Гросс-Түркістан рейхкомиссариатын құру, ал Қазақстанның Орталық, Солтүстік, Солтүстік Шығыс аудандарында Қарағанды, Новосібір және Кузнецк «Индустриалды облыстарын құру жоспары болды». Соғыстың алғашқы күнінен бастап Қазақстан майдан арсеналдарының біріне айналды (арсенал – күш-қуат, қару-жарақтар қоймасы).

1941–1945 жылдары барлығы 480 зауыт, фабрика, кеніш, шахта және өндіріс орындары салынды. Республикада өнеркәсіп өндірісі соғыс жылдарында 37 пайызға өсті, бұл соғыстың алдындағы төрт жылдағы өнімнен 2 пайыз жоғары болды. 1941–1945 жылдары Қазақстанның ауыл-село еңбеккерлері майданға 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түліктер, өнеркәсіп үшін шикізат берді.

Соғыс жылдарында Кеңес Армиясының қатарына 1 млн 200 мыңнан аса қазақстандықтар шақырылды, 20дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да әскери бөлімдер құрылды. Майданға 14,1мың жүк және жеңіл автомобильдері, 1,5мың шынжыр табанды трактор, 110,4мың жылқы жіберілді.

Жүздеген мың қазақстандықтар ерлігі үшін ордендермен және медальдармен марапатталып, қазақстандық 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды, оның ішінде екі қыз – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова болды. Төрт қазақстандық Т. Бигельдинов, С. Луганский, И. Павлов, Л. Беда екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Рейхстагта Р. Қошқарбаев жеңіс туын тікті. Соғыстан кейін Батыр жұлдызы көрнекті әскер басшысы Б. Момышұлына берілді.

1933 жылы Германияда фашистік партия сайлауда жеңіске жетеді, оның жетекшісі Адольф Гитлер елде қатал тәртіп орнатты. Гитлерлік Германия өзінің соғыс жоспарын 1939 жылы бастады. 1939 жылы 1 қыркүйекте Германия Польша жеріне басып енуімен Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Германия 1941 жылы өзінің басты қарсыласы деп есептеген КСРО-ға аяқ тіреді. Біздің әдебиетімізде бұл Ұлы Отан соғысы деген атпен белгілі.

1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат 4 шамасында Герман әскері КСРО-ның батыс шекараларына ене бастады. Гитлердің соғыс жоспары «Барбаросса» деп аталды, ол жоспар бойынша КСРОны 3–4 айда жаулап алып, оны болашақ соғыс жорықтары кезіндегі шикізат, адам ресурсына айналдырмақшы болды.

Ұлы Отан соғысы жылдары КСРО бойынша 11600ден астам адам ерлігі ұшін Кеңес Одағының Батыры атағын алса, соның 497-і қазақстандықтар, ал 97 қазақтар болды. Ұлы Отан соғысы жылдары ең алғаш Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақстандық жауынгер К. А. Семеченко (1941 жылы 22 шілде) еді. Ұлы Отан соғысы жылдары Кеңес Одағының Батыры атағын алған ең жас қазақ жауынгері 18 жасар Ж. Елеусізов еді. 1941–1945 жылдары майдан шебінде соғысқа қазақтың 100-ге жуық ақын-жазушылары қатысты. Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов сынды қаһарман партизандар жау тылында аянбай шайқасты. Ұлы Отан соғысы жылдары КСРО 27 млн азаматынан айырылды, оның шамамен 4101 мыңы қазақстандықтар. 1710 қала типтес мекен, 70 мыңдай ауыл-селолар қирады.

1945 жылы 9 мамырда Кеңес қызыл армиясы Германияның астанасы Берлин қаласының төбесіне Жеңіс туын тікті.

6- топ

Соғыстан кейінгі Қазақстан (1946 — 1980 ж.ж.)

Ауыр соғыста жеңіске жету ел басқарудың әкімшіл әдістерінің дұрыстығына сенім туғызды. 40–50 жылдары әміршіл-әкімшіл жүйе нығая түсті. Бұл жүйенің жетекші күші Коммунистік партия болды.

Соғыстан кейінгі жылдарда республика лагерьлер өлкесі болып қала берді. Күштеп көшірілгендер Қазақстанға, Орта Азия республикаларына, Батыс және Шығыс Сібірге орналастырылды. КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комиссариаты Басқармасының мәліметі бойынша, күштеп жер аударылғандар саны – 2 млн. 463940 (1946 ж. қазандағы санақ). Қазақ халқы сталиндік зорлық-зомбылықтың құрбаны болған халықтарға көмегін аяған жоқ.

Соғыс жылдары Кеңес Одағы ұлттық байлығының үштен бірінен айрылды. Өндірістегі жұмыс қолының жетіспеуін толықтыру мақсатында 11 млн. 365 мың адамдық Кеңес Армиясы қатарынан әскерлерді босату жүргізілді (демобилизация).

Соғыстан кейінгі алғашқы жыл – ауыл шаруашылығы үшін аса ауыр кезең.

40-жылдардың екінші жартысы – 50-жылдардың басы – кеңес адамдарының басым көпшілігі үшін ауыр кезең. Осыған қарамастан аға ұрпақ өкілдері сол жылдарды «алтын ғасыр» деп атайды.

Сталиннің қазасынан кейін (1953 жыл 5 наурыз) аппаратқа, қуғындаушы органдарға сүйенген жүйе дәуірі аяқталды. «Жылымық жылдары» аталған 50-жылдардың екінші жартысынан бастап игі істер атқарылды.

Бесінші бесжылдық (1951–1955 жж.) ішінде 200-ге жуық жаңа кәсіпорын салынды. 1957 жылы тұңғыш тепловоздар Қарағанды темір жолының Ерейментау депосында пайда болды. Экономиканың даму қарқыны өсіп, 1954–1958 жылдары 730 өнеркәсіп орындары мен цехтар іске қосылды. 1959 жылы Қазақстан өнім өндіруден Одақта 3-орынға шықты.

Тың жерлер игерілетін аймақтар: Қазақстан, Сібір, Орал, Солтүстік Кавказ, Еділ бойы. 1954–1955 жылдары 1 млрд. 100 млн. — 1 млрд 200 млн. пұт астық алу белгіленді. Қазақстандағы тың жерлерді игеретін облыстар: Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай, Павлодар. Тың игеруге басқа республикалардан адамдар көшіріліп әкелініп, оларға көптеген жеңілдіктер жасалды.

60-жылдардың ортасындағы жүргізілген шаралар – соғыстан кейінгі кезең ішіндегі экономиканы қайта құруға бағытталған ең ірі ұмтылыс.

1960 ж. ортасынан 1980ж. ортасына дейінгі кезең – тоқырау жылдары. Тоқырау кезеңінің идеологиясындағы басты бағыттардың бірі – орыстандыру саясаты.

7- топ

Егеменді Қазақстан (1986-…)

1985 жылы наурызда К. У. Черненко қайтыс болғаннан кейін, КОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы қызметіне М. С. Горбачев келді.

1985 жылы сәуірде КОКП ОК-нің пленумында әлеуметтік, экономикалық дамуды жеделдету мәселесіне сәйкес экономикалық құрылымды ғылыми-техникалық прогресс негізінде қайта құру бағыты жарияланды.

1990 жылы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Қазақ КСР Президенті институтын енгізу және осы қызметке Н. Ә. Назарбаевты сайлау мен 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларацияны қабылдау болды. 1991жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады және ғасырлар бойы қағажу көріп, ұмыт бола бастаған тілін, салт-дәстүрін қайта жаңғыртып, тәуелсіздік туын биікке көтерді. Қазақстан Республикасы егемендігін алғаннан кейінгі алғашқы міндеттер мемлекеттік құрылымды, азаматтық қоғамды қалыптастыру болды. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылдануы Қазақстанның демократиялық мемлекеттігі қалыптасуының бастамасы болды.

Республика өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін мемлекет басшысын сайлау заңдылық. Осы мақсатпен 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық Президент сайлауы өткізіліп, халықтың бірауыздан қолдауымен Н. Ә. Назарбаев Қазақстанның тұңғыш Президенті болып сайланды.

1992 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасы тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күн еліміздің мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Гимні – дүниеге келген күн ретінде мәңгі есте қалады.

Қазақстанның тәуелсіздігін алдымен танып, әлем алдында мойындаған туыстас Түркия мемлекеті және Румыния болды. Бүгінде Қазақстанды 120 мемлекет танып, 70-тен астам мемлекетпен елшілік дипломатиялық қатынас орнаттық. Еліміздің бірнеше халықаралық ұйымдардың мүшесі екендігін, әсіресе олардың ішінде әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі – БҰҰ мүшелігін мақтанышпен айта аламыз.

2 – жүргізуші:
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік – ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!

Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан – жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан – Гүлстан!

1 – жүргізуші:
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің

Ән «Сәлем саған туған ел » орындайтын 9 – сынып оқушысы: Тұрмахан Ақниет

2 – жүргізуші:

Қазақ дейтін менің бір елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далаға жылап келіп қуанған, – деп Қасым Аманжолов ағамыз жырлағандай, кең байтақ жерімізде қазақ халқының басынан не өтпеді десеңізші. Талай қиындықты бастан кешірсе де, ешқашан мойымай, күресе білді. Азаттық таңы туатынына кәміл сеніп, үміттерін үзбеді.

Құттықтау
сөз кезегі Ащыбұлақ ауылдық округінің орынбасары Иманбеков Бекмырза Ілиясұлына беріледі.

1-жүргізуші

«Орнында бар оңалар» демекші, ел орнында, жер орнында, жерге жетер байлық жоқ. Жер болса, ел болады, ел болса ер болады. Ерлеріміздің арқасында «Қазақстан» егеменді ел болып, дүние жүзіне танылды. 125 – дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған өлкеде, кеңшілігі керемет дархан дастархандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі өрбіген, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады.

Өзінің ыстық ықыласын білдіруге келген қонағымыз Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты кызметкері, Деңгейлі бағдарламалар орталығының тренері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері, оқулық авторы, Желтоқсан оқиғасына қатысушы Саметова Жайна Хадиронқызын ортаға шақырамыз

1 – жүргізуші:
Бақытым – Республикам Қазақстан,
Көгінде ақ көгершін, қаздар ұшқан.
Саған жетпес құшағы әлемнің де,
Қыс болса, бір шетінде жаз ауысқан.
Алдарыңызда бишілер тобының орындауында «Қазақ биі»

2-жүргізуші
Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, шөліркеп тамсанады,
Өкініш пе, білмеймін қуаныш па
Өз – өзінен жүрегім ән салады.

«Жүрегім қазақ» орындайтын Саркытов Диас

  1. жүргізуші
    Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
    Кеңейттім кең әлемге керегемді.
    Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
    Таныды тепе – тең деп тереземді.
    Қазақпын, қойнауы – құт, жері – дархан,
    Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам.
    Ән: « қазақ елі » орындайтын: 9 – сынып оқушысы Әкуқызы Тамаша

    2 – жүргізуші:

Қасиетті Қазақстан мекенім,
Ақиқаттың алтын бесігі екенсің.
Елім, жерім, Отаным – бақ – дәулетім,
Болашағым, өнер – білім, өркенім.

Бейбіт өмір тілеймін мен халқыма
Туған тілім шұбарланба жарқыра
Тарихымызда таланттылар көбейсін
Бас иемін ата- баба рухына.

Бойымда әні бұлақ жатыр бұрқырап
Сол бұлақтан сыр ағыздым жыр құрап
Тілейтінім барша жұртқа бір ғана
Ырыс, бақыт, татулық пен ынтымақ.
Алдарыңызда 9 «Ә» сынып оқушылары өлеңдері
Ән: « Батырлар ұраны » орындайтын Саркытов Диас 9 – сынып оқушысы

1 – жүргізуші:
Ту тігілді халқымның бүгін бағына
Жас өрендер желбіретіп нық ұста
Ғасырларға жалғастырып елдікті
Дақ түсірме ата баба рухына
Үлгі бізге аталардың ерлігі
Ұлағаты өнегесі еңбегі
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары
Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі дей келе бүгінгі тәуелсіздігіміздің
26 жылдығына арналған «Тәуелсіздік-халық мұраты» атты мерекелік кешіміз өз мәресіне де келіп жетті.

Қорытынды құттықтау сөз кезегі мектебіміздің директоры

Қыстаубаев Нұрмұхамет Өмірбекұлына беріледі

Қазақ елім!
Туды жастық дәуірің.
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік, ағайын.

«Қазақстан» әні

(Барша бала артында шығып тұрады, қолдарында шар мен жалауша)

Келесі кездескенше сау саламатта болыңыздар

«Бекітемін»

Директордың оқу –тәрбие ісі

жөніндегі орынбасары

Ответить

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше