Елімнің бақытын тербеткен –Тәуелсіздік!

Астана қаласы № 58 мектеп-гимназияның

бастауыш сынып мұғалімі Қасым Гүлдана Тылеухорқызы

Сынып: 4 «Д»

Сабақтың тақырыбы: « Елімнің бақытын тербеткен –Тәуелсіздік!»
Сабақтың мақсаты: Тәуелсіздік жолында күрескен аға-апаларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, оқушыларды ұлтжандылыққа, Отанын сүюге тәрбиелеу.
Білімділік:
Қазақстан тарихындағы тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуының бастамасы болған желтоқсандағы жастар шеруінің мәнін ашып түсіндіру,тарихына шолу жасау

б)Оқушылардың жауапкершілік, белсенділік, ізденгіштік, зерттеушілік қасиеттерін дамыту

ә).Оқушыларды ата-бабаларымыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігі үлгісінде Отанды, елін сүюге, халқына адал қызмет етуге тәрбиелеу

Сабақтың түрі: Дәстүрлі емес.
Сабақтың типі:
Сыныптан тыс сабақ
Көрнекіліктері:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, Н.Ә. Назарбаевтың портреті, слайд, желтоқсан құрбандарының суреті, нақыл сөздер, жалаушалар, шарлар, гүлдер, музыкамен жабдықталған.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
Әнұран орындалады.
ІІ. Жаңа сабақ:

І – жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Біз бүгін дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986-ның желтоқсанына арналған «Елімнің бақытын тербеткен –Тәуелсіздік!» атты тәрбие сағатын ашық деп жариялаймыз. Тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
ІІ – жүргізуші : 16 – желтоқсан бұл ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан әрі жарқын, әрі қаралы күн еді. Бұл қасіретті күн Қайрат, Сәбира, Ербол, Ләззат сынды жүздеген, мыңдаған қыршындардың қанатын қиып түскен озбырлық күні, өктемдік үні еді.

Мейрам:Желтоқсанның күні қандай ызғарлы,
Жүректерде жазылмайтын сыз қалды.
От боп жанған қазағымның жастары,
Жалынымен ерітіпті мұздарды.
Аружан: Бәрінің де көңілдері пәк еді,
Адал еді, сенгіш еді қоғамға.
Кілең жастар,
Кілең өрімталдарым,
Қапысызда қатігезді қармадың!
Әділеттік аспанына қол созып.
Сол күндері алаулады арманың
Сол күндері халық арын арладың!

Ерасыл:Тәуелсіздік! Балалардың ұраны,
Бейуақытта, бойға таққан тұмары.
Тәуелсіздік! Түнектерде тұншығып,
Ызғар ұрып жанбай қалған шырағы.
Айсұлу: Ел үшін ерлігімен елене,
Абырой мен атағына бөлене.
Ләззат сынды қазақ қызы қаһарман,
Ұрпағына болар мәңгі өнеге.
Радиодан төтенше хабардың белгісі берілді.

1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумында Д. Қонаевтың зейнеткелікке шығуына байланысты Республика компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы міндетінен босатылды. Оның орнына Ресейден келген Г. В. Колбин сайланды. Төтенше өткен пленум 18 минутта аяқталды.

І – жүргізуші: Асығыс өткен пленум шешімі дүйім Қазақ халқымен санаспаушылық болып табылды. Пленум шешіміне көңілі толмаған халықтың жүрегінде наразылық ұшқыны лаулай түсті.
Көрініс: Сахнаға екі студент шығады, бірі – жігіт, бірі – қыз. Қолдарында конспекті дәптерлері бар.

Әсем: Юсуф, сен естідің бе? Кеше Дінмұхамед ағамыз орнынан алыныпты дейді.
Юсуф: Қойшы, рас айтасың ба? Кімнен естідің?
Әсем: Кеше куратор ағайдан естідім. Бүгін Брежнев алаңында көп адам жиналады екен.
Юсуф: Неге? Неліктен?
Әсем: Қонаевтың орнына Ресейден бір орыс келіпті дейді. Халық наразылық білдіріп жатқан көрінеді. Куратор ағай ол жаққа бармаңдар деп ескертті.
Юсуф: Қой, біздің мұнда тығылып қалғанымыз дұрыс болмас. Жүр кетейік. Тез барайық!
ІІ жүргізуші: Иә, аңғал сеніммен алаңға шыққан бейкүнә қыз – жігіттер «контрреволюционер» емес еді. Олардың ойы халықтың құқықтары мен проблемалары туралы сөз жүргізу еді. Алайда оларды бір қолында шоқпары, бір қолында қалқаны бар қарулы, сақадай сай әскерлер қарсы алды. Бейбіт шеруге шыққан жастардың бейбіт тілегі ағаш жаңқасындай быт-шыт болып ұшып жатты. Үкімет үйінде жастар шеруін қуғындау үшін астыртын «Құйын – 1986» деген оперативті жоспар құрылып жатты. Ал алаңдағы жастар жайбарақат еді, аңғал еді, алаңсыз еді.
Көрініс: Көрініс. «Жастардың алаңға шығуы»

Дауыс: Естідіңдер ме?

Бұл не масқара! Неге халықпен санаспайды? Қашанғы шыдаймыз. Ең болмаса өз ішімізден неге сыйламаған? Ел қамын біз ойламағанда, кім ойлайды?Алаңда жастар бейбіт, жайбарақат. Қолдарында «Каждому народу – своего вождя», «Ленин идеясы жасасын», «Қазақстан – қазақтардікі», «Ресейге қайт» деген транспоранттар бар. Оларға Юсуф пен Әсемде келіп қосылды.
Дауыс: Қонаевты шақырыңдар! Ақиқатын айтып, түсіндірсін барлық жағдайды.
Дауыс: Қазақстаннан адам табылмады ма? Қазақстанға басқа жерден басшы әкелгені несі?
Дауыс: Талап – тілекті айтамыз, шықсын ортаға басшылар!
Осы кезде «Менің Қазақстаным» әні айтылды. Жастар теңселіп тұрып бұл әнді ерекше бір шабытпен тамаша орындайды.
Ернұр:(Прокурор): Балалар! Уа, балалар! Мен Республика прокурорымын. Тараңдар! Жатақтарыңа қайтыңдар! Ұят болды! Мен сендерге күш қолданамын! Үйге қайтыңдар. Осы кезде залда әскери команда беріледі.
Темірлан: (Әскери адам) Первая рота! Слушайте мою команду. Производится операция «Құйын». Немедленно разогнать экстремистов и хулиганов! Первая рота, за мной! Ура!
Қаралы музыка баяу ойнап тұрады.
Екі – үш милиция, жасақшылар ортаға шығып жастарды ұрып соға бастады. «Ұлтшылдар!», «Бұзақылар!», «Тәртіпсіздер!» деп ортадан қуа бастайды.

Алаңдағы қозғалысты бейнелеген оқушылар бір сәт қозғалмай тұрып қалады.

(Музыка әуені естіледі)

Хор. «Желтоқсан желі».

  1. Желтоқсан бірде,

Ел тосқан түрде,

Келетін мүлде жайдарлы.

Сол жылы бірақ,

Әдеттен жырақ,

Көрінді шын – ақ айбарлы.

Қайырмасы:
Тоңдырды мені, тоңдырды сені,

Желтоқсан желі ызғарлы.

Солдырды гүлді,

Оңдырды нұрды,

Көңілде мұңды із қалды.

  1. Жоғалтып нуын,
    Жоғалтып туын.
    Арал да суын тауысты.
    Қаңырап мекен,
    Аңырап бөкен,
    Өріске бөтен ауысты.
  2. Балалар өлер,
    Балалар келер,
    Аналар берер тіршілік.
    Гүлденер дала ,
    Түрленер қала,
    Бұтаққа жаңа бүр шығып.

І жүргізуші: Қарулы әскер сахнадан жаралы қыздар мен жігіттерді біртіндеп сүйреп, жұлқылап әкете бастайды. Беті – аузы қан, ұзын шашы жайылып бетін жапқан жас қазақ қызын екі әскери солдат сүйрей бастады. Қыз жұлқынып, халыққа қарап ышқына сөйледі.
Баян: Әй туғандар! Жігіт болсаңдар шығыңдар бері қарай! Қосылыңдар біздің қатарға.

ІІ жүргізуші: Міне, өмірден тағы бір қыршын жас қызғалдақ осылай кеткен еді. Алматы музыка училищесінің студенті Ляззат Асановаға өзін – өзі өлтірді деген өтірік жала жабылған еді. Тексере келе Ляззаттың да алаңда болғаны анықталды.

Ләззаттың сөз сахна сыртынан оқылады.
Ләззат:
Он алтыда қиылдым мен,
Табанында танкінің.
Ләззат атты құрбанымын,
Қазақ деген халқымның.
Шағаладай қалықтаған,
Көк теңізді жағала.
Ләззат дейтін мен болам,
Аспандағы шағала.
Туған халқым – қазағым,
Сенің үшін жанамын.
Енді қайтіп көрмейік,
Желтоқсанның азабын.
Видео: Желтоқсан көтерілісі.
І жүргізуші: Түн. Кәдімгі миллиондаған түндердің бірі, бірақ бұл түн өзгеше түн еді. Себебі, бұл түнде қаланың кез – келген тұсынан ұсталған қазақ жастарын ұрып – соғып, өлімше халге жеткізді. Осындай қатыгездікті көрген, оларға араша түсем деп жүргендердің арасында Қайрат Рысқұлбеков те бар.
І жүргізуші: Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Әкесі Ноғайбай бақташы, шешесі Дәметкен сауыншы болатын. Қайрат Шу қаласына таяу жердегі Новотащик селосындағы шопан балаларына арналған мектеп-интернатта оқыды. Қайрат мектепте бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды. Қабырға газеттерінің редакторы болып, мақала жазумен әуестенетін.
Ортаға басын дәкемен ораған Қайрат шығады.

Кезекші: Заключенный Рыскулбеков на допрос.

Тергеуші: Айыпкер Рысқұлбеков, сен Мир мен Сәтбаев көшелерінде жасақшыларды көрдің бе?

Қайрат: Егер ол көшеге бармасам оларды қайдан көремін?

Тергеуші: Савицкийді сен өлтірдің бе?

Қайрат: Жоқ, өлтірген жоқпын?

Тергеуші: Сенің ұрып жатқаныңды біреу көріпті ғой.

Қайрат: Олай болса мені сол адаммен беттестір, бұл өтірік жала.

Тергеуші: Ах, ты, декабрист несчастный. Я тебе покажу өтірікті! Жала

дейді еще! Ей, Рыскулбеков, сен, «Савицкийді өлтірдім» деп

мойныңа ала сал, сонда сенің жазаң жеңілденеді. Егер,сен

Савицкийді өлтіргеніңді мойындасаң, әкеңе тиіспейміз.

Әйтпесе әкеңді де…

Қайрат: Жолдас тергеуші, бұл жала ғой! Өлтірмеген адамды өлтірдім деп қалай мойындаймын, адам түгіл тышқанды да өлтіріп көрген емеспін.

Тергеуші: Заключенный Рыскулбеков, сен ақымақ болма,

«Савецкийді өлтірдім» деп мойында. Бұл – бір. Сен әкеңнен 4 мың сом алып, мына менің алақаныма сал, бұл – екі. Түсіндің бе, мақұлық?

Қайрат:

Жолдас тергеуші! Ауылда әзер күнін көріп отырған ата-анамды ақша деп қинағым келмейді және не үшін ақша төлеуім керек?

Не үшін? Ешқандай қылмысым жоқ.

Тергеуші: Әкетіңдер, құртыңдар, атыңдар!

Қайрат:

Тоқта! Айтар сөзім бар.
Күнәдан таза арым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты – құрбандық,
Атам десең атыңдар!

ІІ – жүргізуші: Пешенесіне жазылған аз ғана ғұмырдың соңғы сағатына дейін мынау алдамшы дүниеден рахым күтіп, күдерін үзбеген сұңғыла жігіттің көңілі кім үшін, не үшін мерт болуға тиіс екенін сезе бастаған тәрізді.
І –жүргізуші: Қайраттың ата-атасына, бауырларына жазған соңғы өлеңі.
Әкетай – ақ пайғамбардай жасың бар,
Туа бермес сіз секілді асылдар.
Қартайғанда жүрегіңді қаралап
Кесір болды – ау біз секілді масылдар.

Айналайын қарындасым, қарағым,
Қолда кісен, мен айдау да барамын.
Қайғы жеп, азап тартқан ағаңды,
Айтшы, жаным, қандай жанға баладың?

Айналайын інішегім, құлыным,
Сені ойласам үзіледі жұлыным.
Сенің ерке ақ жүзіңді көре алмай,
Кетіп барам мен айдауға құлыным
І –жүргізуші: Өкінішке орай, 1988 жылы 13 мамырда Семей түрмесінде Қайрат Рысқұлбеков 21 мамыр күні таңда өмірден өтті. Қанаты қайырылып жарық күнмен мәңгі қоштасты. Есіл ер көзі тірісінде шындыққа жете алмай қапыда жер жастанды.
ІІ –жүргізуші: Міне, осы бір жан тебірентер сәтте Қазақ елінің еркіндігі, бостандық жолына бас тіккен азаматтар, туған елінің тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан батырлары Қайрат Рысқұлбеков, Ляззат Асанова, Ербол Сыпатаевтардың рухына тағзым етіп, еске алу – ұлттық парызымыз. Оралбек: Өмір өзен толқындары бізді әйгілі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан уақыт өткен сайын алыстатып бара жатса да жүректерде мәңгілік ұмытылмайтын қастерлі бір нәрсе бар. Ол – дүр сілкіндірген сол үш күн ішіндегі Қазақ қыздарымен мен жігіттерінің рухына, ерлігіне деген тағзым құрмет. Бұл аға – апаларымыздың аңсаған армандары мен үміті, тілектері бұл күнде толық жүзеге асты. Бір ғана өкініш бар, ол азаттық үшін жан аямай алысқан боздақтардың кейбірінің бүгінгі бақытты сәттерімізді көре алмауы.

4-оқушы:

Өмір бойы жолым болып көрмеді,

Жылап келем бұл дүниеге келгелі.

Қайғы шаңы басты менің денемді,

Түспейді шаң сілкінсем де мен енді.

Жолдаған сәлемімді дос алмады,

Шын ба екен-ау тас керең боп қалғаны.

Айта берем, айта берем қайбірін,

Ауыр менің, ауыр менің тағдырым.

Тағдыр мені аямады, қорлады,

Жалынсам да, жыласамда болмады.

Қараңғы өмір бақытым жоқ, жоқ менің,

Армандаған ақ сәулеге жетпедім.
1-жүргізуші:

Осы өлең жолдары Қайраттың қатты қиналып Қазақстан

үшін жанын құрбан еткенін еске түсіруге болады.

(Осы кезде Қайрат, Ляззат, Сабира, Ерболдардың суреттері әкелінеді)

1-жүргізуші:

Орыны ағалардың бізбен толсын,

Сәбилер ағалардың жолын қусын.

1минут үнсіздікпен еске алайық,

Аруағы ағалардың ырза болсын.

2-жүргізуші:

1 минут үнсіздік

Желтоқсан құрбандарының рөлдерін сомдаған оқушылар:

Қайрат Рысқұлбеков –Төрехан Нұргелді
Лаззат Асанова –Батырбек Баян
Прокурор- Хайрулла Ернұр
Әскери адам –Сабитов Темірлан

Милицонерлер: Алпыс Дінмұхаммед, Альжанов Абылайхан, Қосай Арман, Дусимбек Санжар.
Студенттер- Құрал Юсуф, Сәт Әсем

Алаңға шыққан жастар- Арыстан Диляра, Ербота Айиша, Хамит Жансая.

Видео : Желтоқсан шері

Нұргелді:
Таңғажайып атың да дәл табылды,
Табылды да талай жұртқа танылды.
Қазақ елі көкке жетті көк туың,
Сен-тәуелсіз мемлекетсің кәдімгі.
Дінмұхаммед:

Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.

Берік:
Жалғыз Отан –адамның жүрегі ғой,
Ер жігіт туған жерін сүйеді ғой .
Ел үшін Желтоқсанда құрбан болған,
Ербол, Қайрат –нағыз ердің бірі еді ғой.

Әсем:
Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар,
Жетілмей ерте солған гүл еді ғой.
Болашаққа даңғыл жол салып берген,
Боздақтар мәңгі айтылар жыр еді ғой.
Айжанат:
Қазақстан! Туды алтын дәуірің,
Алғандайсың жұлдыздардың жарығын
Алтын заңың құтты болсын қымбаттым
Туған күнің құтты болсын алыбым!
Ақнұр:
Армандарды жақындатқан тым алыс
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс
Егемендік ел бақыты ертеңі
О, халайық құтты болсын қуаныш.
Мұғалім: Міне, оқушылар өздерің айтып отырғандай осы оқиғадан кейін біздің Қазақстанымыз өзінің тәуелсіздігін алды. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына биылғы жылы 24 жыл толғалы отыр. Басы аяғы 24 жылда еліміз ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер биігінен көрінді. Әлемнің өркениетті мемлекеттері Қазақстанды танып білді. Желтоқсан оқиғалары – Қазақстан тарихындағы естен кетпес, аса ауыр және қайғылы беттердің бірі.
1-жүргізуші:

Қазақстан бүгінде егеменді ел болып дүние жүзіне танылуда. Біздің отанымыз егеменді тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Тарих бізге тәуелсіздікті тарту етті. Енді біздің парызымыз- ұлттық рәміздерді қастерлеу, тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елдер қатарына қосу, мәдениеттің биік шыңына көтерілу.

2-жүргізуші:

Тігілген соң Ақ Орда- шаңырағың

Тұғырыңа қонуда сан қыраның.

Отан деген оранып от құшаққа,

Кәусарыңа шөліңді қандырамын.

Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек деп, біз бүгінгі Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым » атты іс-шарамызды аяқтаймыз

Хор: «Көк тудың желбірегені» әнімен қорытындылау.

Ответить

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше