Кәсіби қазақ тілін деңгейлеп оқытудың маңызы
Астана қаласы, Басқару колледжі, Қазақ тілі пәнінің оқытушысы Қазанбаева Ботагөз Ермаханқызы
Заманауи білім беру үдерісі ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, тіл үйренушінің іскерлігін, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасып жатқандықтан, қазақ тілінің білім мазмұнын құрудың әдіснамасын дұрыс таңдап алу қажеттілігі туындайды. Ол үшін қазіргі заман талабына сай мемлекеттік тілді меңгертуде озық технологияларды, ұтымды әдіс-тәсілдерді пайдалану, білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқару – еліміздегі ең маңызды әрі кезек күттірмейтін ауқымды мәселелердің бірі болып отыр.
Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-қатысымдық қызметін кеңейту мен дамытуда оның ғылымда, өндірісте, елдің халықаралық байланыстарында қолдану аясының кеңи түсуі тіл үйренушілердің болашақ мамандығымен де байланысты екендігін көрсетеді. Кәсіптік-техникалық лицейлер мен ЖОО бітірген жас буын – әрі болашақ маман, әрі ҚР өндірісін ілгері дамытатын кәсіпкер. Оның алдыңғы қатарлы маман болуы өз елінің тілін жоғары деңгейде білуімен де терең сабақтасады. Соңғы жылдары әдіскер-ғалымдар қазақ тілін қарым-қатынас құралы ретінде меңгертумен қатар, студенттердің кәсіптік мамандығын ескере отырып игертудің тиімді жақтарын қарастыруда.
Тілді мамандыққа қатысты оқытудың ұтымды жақтары:
- тіл үйренушілер қазақ тілін кәсіби қатынас құралы ретінде қолдана алады;
- кәсібіне байланысты жинаған сөздік қорды жұмыс орнында пайдаланып, өз мамандығына қатысты ой-пікірлерін нақты, анық жеткізу дағдысы қалыптасады;
- қазақ тілінің танымдық қызметінің маңызы арта түседі;
- қазақ халқының рухани және тарихи-мәдени байлығын тіл арқылы таныту негізінде тіл үйренушілер Қазақстан тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен, халықтың салт-дәстүрімен танысып, білімдерін молайтады;
- күнделікті қызмет бабында ресми-іскери сөйлесуге тән тұлғаларды меңгеріп, мамандыққа қатысты ісқағаздарды жазуды үйренеді;
- болашақ маманның тұлға ретінде қалыптасуына, өсуіне және дамуына, өз мамандығын саналы сезінуіне мүмкіндік туады.
Осы тұрғыдан мамандыққа сай қазақ тілін сапалы оқыту – қазіргі уақыт сұранысынан туындап отырған өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Кəсіби қазақ тілін деңгейлеп оқыту барысында мынандай міндеттерді шешу көзделеді.
- қазақ тіліндегі төл дыбыстарды дұрыс айтуға, олардың жазылуына ерекше мəн беру, мəнерлеп сөйлеу дағдысын қалыптастыру;
- өзі туралы жəне басқалар туралы хабарлама жасай білуге, сонымен қатар түйіндеме, рецензияларды, құттықтау хаттарын, құттықтауларды жаза білуге, тілек, бата айта білуге дағдыландыру;
- күнделікті тұрмыстық жəне кəсіби сөйлеу жағдаяттары бойынша сөйлеу деңгейлерін кеңейтуге, сөздерді еркін пайдалана білуге, кез келген жағдаятта еркін сұрап, жауап беруге, əңгімеге араласуға қалыптастыру;
- ауызекі сөйлеу стилі, көркем əдеби стиль, публицистикалық, ғылыми стильдердің, сондай-ақ кəсіби тілдің қолдану жағдайларын айыра білуге үйрету;
- теледидар, радио, Интернет, компьютерлік жүйе арқылы берілген ақпараттарды, тіл иесінің табиғи айтылған сөзін, өз мамандығы бойынша сұхбаттарды түсініп, өз сөзімен айта білуін қалыптастыру;
- əр түрлі стильде жазылған мəтіндер, өз мамандықтарына сəйкес еңбектер мен ғылыми зерттеулерді оқып, негізгі ақпараттарды ала білу жəне оны түсініп, айтып беру дағдысын қалыптастыру.
Оқу-əдістемелік кешен кəсіби қазақ тілінде сөйлейтін тілдік тұлғаға қойылатын талаптарын, тілді меңгеру деңгейлерінің құрылымдары, білім мазмұны, сағат көлемі, сөйлеу іс-əрекеті түрлері бойынша əр деңгейдің дидактикалық талаптарына сай таңдалып, іріктелген тапсырмалар мен коммуникативтік жағдаят талаптарын қамтиды.
Тілдік материалдар тақырыптық топтарға біріктірілген лексиканы, сөйлеу əдебінің стандартты сөз орамдарын, бағалауыш мəнді бірліктерді қамтуы тиіс. Аталған тілдік материалдың меңгертілуі жаттанды түрде емес, студенттің сөйлеу жағдаятына сəйкес шығармашылықпен қолдана алуын қамтамасыз етуі қажет. Сондықтан оқу үдерісінің нəтижесі коммуникативтік-танымдық, мəдени- əлеуметтік, тұлғалық-бағдарлы тəсілдер негізінде жаңа технологиялар арқылы білім алушы мен оқытушының өзара біріге жұмыс істеуіне байланысты болмақ. Бұл орайда студенттің тұлғалық, психологиялық, интеллектуалдық ерекшеліктерін ескеру, жетілдіру, əлеуметтік қарым-қатынасқа қабілеттілігін дамыту көзделеді.
Деңгейлеп оқытудың алғашқы кезеңінде сөйлеу əрекетінің төрт түрін еркін игеріп, оларды сауатты қолдана алуға қол жеткізілуі тиіс, өйткені кəсіби білік-дағдыларды қалыптастыру бұларсыз мүмкін емес.
Ортаңғы жəне жоғары деңгейде кəсіби саладағы қарым-қатынасты орнатып, жалғастыра білуді игерту үшін түрлі нұсқадағы жағдаяттық тақырыптар, тапсырмалар қамтылады.
Сөйлеу əрекетінің түрлері бойынша студенттерге қойылатын талаптар:
Сөйлесім (айтылым):монолог; диалог түрлерін (хабар алмасу, пікір алысу, сұрақ-жауап, пікірталасқа араласу) меңгеру.
Тыңдалым:студенттер өзара бір-бірін, үнтаспаға жазылған түрлі мəтіндерді тыңдап, түсінуі қажет; тыңдалған мəтіннен тұлғалық, кəсіби бағалы ақпаратты бөліп ала білуі тиіс; тыңдалған мəтін бойынша кəсіби мідеттерді құрастыра білуге дағдылануы керек.
Оқылым:түрлі функционалды стильдердің əр алуан жанрындағы прагматикалық сипаттағы мəтіндерді оқу, яғни студент мəтіннің негізгі мазмұнын түсінуі тиіс; мəтінді мейлінше толық, дəл түсінуі қажет; автордың көзқарасын анықтай білуі керек; өзіне қажетті ақпаратты тез таба білуі тиіс.
Жазылым:қазақ тілінің емле жəне тыныс белгілерін сақтай отырып, жеке жəне ресми сипаттағы хаттарды, жеделхаттарды, құттықтауларды, аннотация-пікірлерді т.б. жаза білуі тиіс; өз ойын қажеттілігіне қарай қысқаша немесе толық баяндап, реферат жаза білуі керек; хаттама жаза білуі қажет;
Кəсіби қазақ тілін деңгейлеп оқытудың мақсаты:
- студенттердің кəсіби қазақ тілін меңгеруіне қажетті оқу материалдарын іріктеу, таңдау;
- 3 деңгейдегі тіл материалдары арасындағы логикалық байланыстың сақталуы, сабақтастығы.
Мамандыққа қатысты оқытудың басты мақсаты өз мамандықтары бойынша алған білімдерін қазақ тілінде мамандықтарына қатысты жаңа сөздермен, сөз тіркестерімен байытады, өз бетімен сөйлем құрауды игереді, айтайын деген ойларын грамматикалық тұрғыдан дұрыс, логикалық бірізділікпен жеткізуге үйренеді, қызығушылығы артады. Қ.Қадашева былай дейді: «Мамандық тілі қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуда маңызды болып отыр. Бұл бағыттың негізгі талаптары мыналар:
- мамандығы бойынша ақпараттық жəне лексикалық-грамматикалық минимумдарды баяндау;
- осы арқылы дағды мен ептілікті қалыптастыру;
- тілдік өрнектерді сараптау;
- үйренушінің өз мамандығына сəйкес, тілді коммуникативтік қарым-қатынаста қолдана ала- тындай дəрежеде біліп шығуын қамтамасыз ету;
- сөйлеу іс-əрекетінің төрт түрінің негізі қамтылатын мəтіндерді беру;
- елтануға қатысты материалдарды үйренушінің өз қажетіне қарай пайдалану;
- сөйлеу жағдаятын үйренушінің мамандығына қарай бейімдеу; арнаулы терминологияның берілуін қарастыру;
- кəсіби тілдік құзыретін қалыптастыру. Яғни, біздің мақсатымыз студенттерге қажетті пəн тілін меңгерту. Қазіргі уақытта студенттерді мамандығына қарай бейімдеп оқытуға талап та, сұраныс та көбейіп отыр».
Белгілі ғалым Ф.Оразбаева былай деп көрсетеді: «…тілдік қатынасты игеру тек тілдік ортаға қатысты тақырыптарды соған сəйкес лексикалық минимуммен сөйлеу үлгілерін сөйлем əрекеттерін үйретумен іске асады. Тілдік қатынас ешуақытта грамматиканы жеке үйретумен жүзеге аспайды.
Адамға қажет тақырып, сөйлем, тұрақты тіркес, мəтін арқылы ұсынылып, грамматика сол тілдік қатынастың қажетіне қарай сұрыпталғанда ғана нəтиже береді».
Сондықтан, ең алдымен студенттердің мамандығына қатысты сөздік минимумды сұрыптап алу қажеттілігі туындайды. Студенттерге қазақ тілін оқытуда терминдерге ерекше көңіл бөлінеді. Терминдерді оқытудағы басты мақсат — болашақ маман қазақ тілімен қатар мамандыққа байланысты сөздерді үйреніп, сөздік қорын байытады жəне келешекте қызмет барысында қолдану олардың өз мамандығын жетік меңгерген маман болуына септігін тигізеді. Мамандыққа қатысты терминдерді оқытуда атауларды құр жаттап қоймай, ол сөздерді практикада қолдана білуге үйрету көзделеді. Жаңа атауларды өткен грамматикамен байланыстырып түрлендіру, олармен сөз тіркестерін жасау, сөйлемдер құрастыру сияқты жұмыс түрлері атауларды есте сақтауға көп көмегін тигізеді.
Студенттердің сөздік қорын толықтыруда мерзімді басылымдарының материалдарын пайдалану, теледидардан жаңалықтарды тыңдатып, əр түрлі тапсырмалар беріп, жұмыс істеу де ұтымды. Соны- мен қатар мамандықтарына байланысты мəтіндерді беру, студенттердің қызығушылығын тудырады, тіл үйренуде біршама нəтиже көрсетеді. Термин сөздерді мəтін арқылы меңгерту жеңілірек қызықтырақ болады. Мəтінмен жұмыс барысында əр түрлі əдіс-тəсілдерді ұғымды пайдалануға ты- рысамыз. Мұндағы сөздік жұмысы, сөз тіркесі, сөйлем құрау, тыңдалым, оқылым, жазылым, сұхбат, монолог сияқты көптеген жұмыс түрлері бір мақсатқа — студентті сөйлесе білуге үйретуге жұмылдырылады.
Енді сөзіміз жалаң болмас үшін «Қаржы» мамандығы студенттерінің ІІІ-курсында А2 деңгейінде өткізілген <Банк қызметі> сабағына шолу жасап, талдап көрейік. Ең алдымен, тақырыпқа қатысты тірек сөздер беріледі. Сөз минимумы жалаң күйінде емес, өзі тіркесетін сөздермен бірге берілуі қажет: ақша айналымы, несие беру, есеп айыру, есеп ашу, қарыз беруші, банктік жүйе, қарыз алушы т.б. Бұдан кейін студенттерге жаңа сөздер мен сөз тіркестеріне сөйлем құратып, оларды бекіту мақсатында əр түрлі тапсырмалар орындатамыз.
Яғни, 1. Сұрақ-жауап арқылы сөйлесімдер құрастыру.
- Əр түрлі кеспелер мен сигнал карточкаларын қолдану.
- Ойын əдістерін қолдану.
- Мақал-мəтелдерді қолдану арқылы сөйлеу дағдыларын қалыптастыру.
- Əр түрлі жағдаяттық тапсырмалар орындату.
Мамандыққа қатысты сұхбаттар сұрақ-жауап түрінде болады. Мысалы: Клиент: Сəлеметсіз бе? Мен сіздің банктен есеп ашқым келеді.
Банк қызметкері: Сəлеметсіз бе? Мына ережемен танысыңыз. Клиент: Ережемен таныстым.
Салымның жылдық мөлшері қандай? Банк қызметкері Салымның жылдық мөлшері 15 000 теңге.
Берілетін жаттығулар, тапсырмалар тақырыппен байланысты болуы қажет.
- Төмендегі үлгі бойынша сын есім+зат есім тіркесін жасаңыз.
Ұлттық банк, орталық банк, əлемдік банк.
- Мына сөздер мен сөз тіркестерін есте сақтаңыз жəне сөйлем құраңыз.
Банк салымы, атаулы салым, мерзімсіз салым, ұзақ мерзімді салым, ағымдағы салым.
Сонымен қатар оқу процесінде ойын алдыңғы орында, яғни, ойын технологиясы арқылы студенттің оқуға ынтасын арттыру жеңіл болмақ. Сабақта «Банк» атты ойын жүреді. Студенттер екіге бөлінеді. Біріншісі — банк қызметкерлері. Екіншісі — банк клиенттері. Сонымен бірге ойынды ұйымдастыруға, бағалауға, қорытындылауға қатысты — төрешілер, сарапшылар, көмекшілер белгіленеді. Олар бір-бірлеріне əр түрлі ойға жетелейтін сұрақтар қояды. Сөйтіп, екі топтың арасында əр түрлі сұхбаттар пайда болады:
- Клиент пен кеңесші (несие алу туралы);
- Банк қызметкері мен ақша жөнелтуші;
- Банк қызметкері мен салымшы (депозит ашу туралы);
- Ломбардта;
- Ақша айырбастау бөлімінде. Мысалы:
- Сəлеметсіз бе? Мен кеше Германиядан келіп едім. Сіздердің банктеріңізден мен евроны теңгеге айырбастай аламын ба?
- Иə, бүгінгі күнгі бағам бойынша 1 евро — 393 теңге.
Ойын соңында банк қызметіне қорытынды жасалып, сөз көмекшілерге, сарапшыларға, төрешілерге беріледі.
Жағдаяттық тапсырмалар мамандыққа қатысты сөздерді меңгертуге берілсе, студенттердің қызығушылығы арттады.
Мысалы:
а) Егер сіз қаржы министрі болсаңыз. ə) Егер сіз банкир болсаңыз.
Мұндай жағдаяттық тапсырмалар студенттердің қазақша сөйлеу дағдысын қалыптастыруға, ой- лау қабілетін арттыруға, сөйлемдер құрастыруына мүмкіндік береді.
Осылайша, студенттерді сөйлетуге үйрету, сөйлеу əрекетін дамыту дағдысына арналған жұмыс жүреді. Бұл жұмыстардың барлығы студенттердің еркін сөйлеуіне, яғни тілдерінің дамуына, мүмкіндік туғызары сөзсіз. Сабақ əрдайым жеңілден күрделіге қарай өту керек. Оқытушы өзінің шеберлігіне байланысты инновациялық технологияларды ұтымды пайдалануы қажет. Сабақта міндетті түрде сөйлеу əрекетінің 4 түрі де қолданылуы қажет.
- Қорыта айтар болсақ, қазіргі таңда студенттерді болашақ мамандығына байланысты оқыту өзекті болып отыр. Мамандығына бейімдеп оқытудың мақсаты:тірек сөздерді, терминдерді беру арқылы студенттің сөздік қорын қалыптастыру, байыту;
- мамандығына байланысты мəтіндерді беріп, студенттің қызығушылығын тудыру;
- жағдаяттық тапсырмалар арқылы мамандыққа қатысты терминдерді меңгерту.
Əдебиеттер тізімі
- Қадашева Қ. Қазақ тілі: оқытудың тиімді əдістемелері. — Алматы: Мектеп,
- Оразбаева Ф. Тілдік қатынас теориясы жəне əдістемесі. — Алматы: Атамұра,
- Пірімбетов Т.Т. Қазақ тілінен əдістемелік нұсқаулар. — Қарағанды: Санат,
- Колкер Я.М. Практическая методика обучения иностранному языку: Учеб. пособие. — М.: Школа,
Масыко Е.А. Настольная книга преподавателя иностранного языка. — М.: Высш
