Сабақ тақырыбы: «Отбасы дәстүрі»
Ақмола облысы, Көкшетау қаласы
№ 18 «Мирас»балабақшасының
қазақ тілі мұғалімі Тлеужанова Алия Бейсенбаевна
Тақырыбы: «Отбасы дәстүрі»
Мақсаты: Ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, отбасы тәжірибесін насихаттау. 1.Отбасы тәрбиесінде ата-ананың балаға тәрбиелік ықпалын арттыру, тәрбиелік ықпалының ерекшеліктерін ашып көрсетуге үйрету. Балаларға қазақ халқының салт – дәстүрлері мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру халық өнегесін үйрету. 2.Ұрпақ тәрбиесінде халық педагогикасының жүйелері, танымдық ойындар арқылы сөздік қорын дамыту. 3.Тәрбиенің ең тамаша жері – отбасы екенін,олардың қазіргі бала тәрбиесіндегі мүмкіндіктерінің жоғары екендігін және бүгінгі заман талабынан шығатынын дәлелдеу, баланың бойына адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Суреттер, ұлағатты сөздер жазылған плакаттар, киіз үй,ұлттық бұйым көрмелері.
1 – жүргізуші:
Ата салтым – асыл мұрам, ардағым,
Бабалардың жалғастырар арманын.
Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,
Өткенімді бүгінменен жалғадым.
2 – жүргізуші:
Қазағымның салт – дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт – дәстүрің ардақтайық, ағайын.
Қазақ атты үлкен, кіші, балдырған.
1 – жүргізуші:
Өнерлі халық – өміршең халық, қазақтың салт-дәстүріне бағытталған «Отбасы дәстүрі» фестивалінің қатысушылырын ортаға шақырайық
«Ұлан»тобы
«Ботақан»тобы
«Нұршашу»тобы
«Болашақ»тобы
«Балауса»тобы «Нұрбөбек»тобы «Қошақан»тобы 2 – жүргізуші:- Ал кімнің өнері бар қаншалықты, Көрсетеді өнерді бойындағы. Бүгінгі отбасылар дәстүрінде, Ата-аналар аянбай- ақ жан салыпты. Ән: «Ата дәстүрі» 1 – жүргізуші: «Нұрбөбек»тобы
Шашу, шашу шашайық,
Ақ сандықты ашайық.
Бұл мереке, бұл тойда,
Керемет рәсім жасайық.
Бала: Сүйінші, сүйінші, дүниеге сәби келді.!
Әжелер: Ой айналайын балам, бұл қуанышты хабар ғой! Сүйінші сұрау шын қуаныштың белгісі. Қазақ сүйіншіден нені аяған, мінекей сүйіншіңді ала ғой (Қамшы береді)
1 – жүргізуші:«Нұршашу»тобы (жылаған баланың дауысы) – Ой қандай керемет, дүниеге бір қазақ келді десейші!. Қазақ халқы жаңа туған сәбиге жақсы есімдер мен әйгілі адамдардың атын қойған. Сонымен бірге бала есімін беделді кісілерге қойғызып батасын алған.
Қазақтың әдет- ғұрыптарының бірі «Ат қою» рәсіміне кезек берейік.
(«Балаға ат қою» рәсімі жасалады)
2 – жүргізуші: «Болашақ»тобы – Жаңа туған баланы бесікке салу. Бесік қасиеті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Бесікке салуға әжелеріміз де дайын сияқты. Қызықты үзбей «Бесікке салу» рәсіміне кезек берейік.
(«Бесікке салу» рәсімі жасалады)
1 – жүргізуші:-Ойын ойнап ән салмай, өсер бала бола ма дегендей
Ойын:- «Арқан тарту» Ойынның шарты: Екі топқа бөлінеміз, арқанның екі жағынан ұстаймыз, әуен ойнағанда арқанды тартып, қай топ мықты екенің анықтаймыз. (әуен ойналады) 2 – жүргізуші:-«Ұлан»тобы Баланың туғанына қырық күн толған соң оны ыдысқа қырық қасық су құйып шомылдырады. Ол сәбидің жан – жүйесінің қалыптасып дені сау болып өсуіне деген ақ тілектен шыққан. Қырқынан шығару рәсімі болады . 1 – жүргізуші: – Ән мен күйді төгілтіп Інжу-мәржан шашайық Жиналған жұрт таң қалсын Өнерден шашу шашайық Ән:«Мен қазақтың қызымын»
2 – жүргізуші: «Балауса» тобы Сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деп жасалатын ғұрып. -Айтпақшы біз атын қойып,қырқынан шығарған кешегі сәбиіміз, бүгінде жүруге талпынып жүрген тәрізді. Бүгін әжелеріміз сол сәбидің тұсауын кеседі дейді.(«Тұсау кесу»рәсімі жасалады) Әже: Жолың болсын деселік,
Жолыңа нұр төселік.
Жарылқасын алдыңнан,
Тұсауды кесейік,
Күрмеуіңді шешейік.
(Сәбидің тұсауын ала жіппен кеседі.)
1-жүргізуші:- «Қошақан»тобы. Баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиеләк салттың бірі – осы ашамайға мінгізу болып табылады. Жас бала есі кіріп, 6-7 жасқа келген соң оған жеке тай атап, ашамай істетіп қамшы өріп “сен азамат болдың” деген сенім ұялатып, үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп мінгізіп, жүргізеді. Бұл баланың көңілін өсіреді, басқа балалар алдында мерейі көтеріліп, мақтаныш сезімде болады, тез есейеді. Ашамайға мінгізу рәсімін жасайды. 2 – жүргізуші: «Ботақан»тобы. Бата беру — адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі.Дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, адам өміріндекездесер ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде айтылатын тілек.
Баталы құл арымас,
Батасыз құл жарымас.
Батаменен жер көгереді.
Баламызға аталарымыз батасын берсін….
1 – жүргізуші: Бүгінгі күніміз қызықты өтуі үшін келесі кезекті танымдық ойынға берейік. Мына қоржында асықтар салынған. Ол асықтарға сан жазылған. Қоржыннан кез – келген бір асықты аласыздар. Шыққан сол санға байланысты сұрақ қоямыз, сіздер жауап бересіздер
«10» саны
– Он ата шежіресін таратып беріңіз.(әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жегжат, жұрағат, жұмағат)
«3» саны
– Үш жүзді атаңыз? (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз)
«3» саны
– Үш биді атаңыз? (Төле би,Айтеке би,Қазыбек би)
«4» саны
– Төрт қымбат не? (Алтын ұяң Отан қымбат,
Құт – береке атаң қымбат.
Мейіріміңді анаң қымбат,
Бәрінен де ұят пенен ар қымбат)
«5» саны
– Бес асыл (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым)
«6» саны
– Алты қиынды атаңдар. (Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын,
Шанышқылаған сөз қиын.
Жазылмаған дерт қиын.
Іске аспаған серт қиын,
Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өрт қиын
Не істеріңді біле алмай,
Ашиды сонда бас миың)
«7» саны
– Жеті қазынаны атаңыз.(ер жігіт, сұлу әйел, ілім – білім, жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт, берен мылтық)
2 – жүргізуші: -«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»дегендей үйдегі күнделікті дәстүрлеріңіз Мысалы: Белгіленген бір күні шет тілдерді үйренетін шығарсыздар т.б
1 – жүргізуші:
Ата – дәстүр абырой көтергенде,
О, бұл сөздер сүйектен өтер демде.!
Тоқталамыз енді біз, ал халайық,
Қанатты сөз, мақал мен мәтелдерге.
1. Ата… бала…(Ата – бәйтерек, бала – жапырақ.)
2.Әке-асқар тау
3.Ана алдында – құрмет,
Ата алдында – қызмет.
4.Бесіктегі баланың
Күлгенін көрген бір мұрат.
Алдынан түсіп ананың
Жүргенін көрген бір мұрат.
5.Мейірімі мол ананың –
Жүрегі жылы, қолы кең.
Кең пейілді атаның
Жүзі жылы, жолы кең.
6.Ананың сүті – бал,
Баланың тілі – бал.
7.Баланың бас ұстазы – ата-ана.
Әкеден – ақыл,
Анадан – мейірім
8.Қыз «қуыршақ» дейді,
Бала «құлыншақ» дейді.
2 – жүргізуші: -Биші бар ма тап мұндай
Биі баурап барады
Қос қанатын аққудай қағып-қағып алады. Би: «Қамажай» 1 – жүргізуші: Құрметті ұстаздар,ата-аналар,балалар, бүгінгі біздің іс-шарамыздің мақсаты – заман өзгерсе де ұлттық салт – дәстүріміздің көнермейтіндігін еске салып, ұлттық мұраны қайта жаңғырту. Бүгінгі фестиваліміз өздеріңіз куә болған дәстүрлерді көкейлеріңізге тоқып, саналарыңызға сіңіріп алсаңыздар артық болмас.
2 – жүргізуші:- «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар»демекші, салтын сүйген әрбір жас ұрпақ болашақта халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт – дәстүрінің жанашыры болатындығына сенімдімін.
Еліміздің жарқын болашағы сіздердің қолдарыңызда, құрметті ата-аналар,бүлдіршіндер,ұстаздар!
