«Қазақстан балалары – Нұрлы жолмен» ризашылық к үні
Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бекбауыл ауылы
№ 65 орта мектеп мұғалімі Айжігітова Нұргүл Әкімжанқызы
Тақырыбы: «Қазақстан балалары – Нұрлы жолмен» ризашылық күні.
Мақсаты:Оқушылардың «сыйластық» құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
– ризашылық пен алғыс туралы түсінік беру;
-үлкен – кішіге деген сүйіспеншілігін, сыпайылық қарым-қатынасын дамыту;
– әдептілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеу;
Көрнекіліктер: интерактивтік тақта, шарлар
1 жүргізуші:
Қайырлы күн, қымбатты балалар, құрметті қонақтар, аяулы ата – аналар, қадірлі ұстаздар!Бүгінгі «Қазақстан балалары – Нұрлы жолмен» атты ризашылық күніне арналған мерекелік концертімізге қош келдіңіздер!
2-жүргізуші: Біз бүгін сіздерді тамаша отбасылық мереке – Ризашылық күнінде қошеметтеуге қуаныштымыз! Бұл күні адамдар бір-біріне ризашылығын білдіріп, ықылас пен мейірімділік сыйлайды. Біз де туған елімізге, Президентімізге балалардың игілігі мен жан-жақты дамуы үшін жасап жатқан істеріне ризашылық білдіріп, зор алғыстарымызды білдірейік.
Кешімізді ашу үшін мектеп директоры Мирманов Жұмабай ағайға сөз береміз!
1 жүргізуші:
Бұл жаймашуақ мереке елімізде біздің басты қазақстандық анамыз, Сара Алпысқызы Назарбаеваның бастамасы бойынша өткізіліп келеді. Енді Ризашылық күні жылда өткізілетін болады.
2-жүргізуші: Бүгін осы тамаша мереке күнінде Сара Алпысқызы әрбіріңізді Ризашылық күнімен құттықтай отырып, әрқайсысыңызға өзінің жылы лебізін білдіреді!
1-жүргізуші:(Сара Алпысқызының құттықтау сөзін оқиды)
Саламатсың ба, менің жас досым!
Сендерді Ризашылық күнімен құттықтаймын!
Бұл мерекенің өмірімізге еніп, бізді Махаббат пен Қуаныштың жылы Нұрына бөлеп отырғандығына өте қуаныштымын!
Сендердің жүректеріңде әрқашан да Жоғарғы махаббат ұяласын, ал өмірлерің мейірімді ойлар мен істерге толы болсын.
Алла жар болсын!
Сендерге деген зор сүйіспеншілікпен және құрметпен,
Сара Алпысқызы.
2-жүргізуші:
«Сіз», «біз» деген жылы сөз –
Жылытады жүректі.
Жақсылық билеп жанды тез,
Оятады игі тілекті.
1 жүргізуші:
Біреуге біреу жақсылық,
Тілесе әркез жаны ашып,
Осы бір шырын-тәттілік,
Тұрмай ма жанға жарасып?!
2 жүргізуші:
Баршаға керек жақсылық!
Жақсылық сүйер жанымыз,
Баршаға жетер жақсылық!
Қызғанбай бөліп алыңыз!
1 Жүргізуші:
«Сіз», «біз» деген жылы сөз –
Жақсылықтың мейірі.
Бір-біріне болып көз,
Кең болсын адам пейілі!
Әсем әнімізді қабыл алыңыздар! Ән: «Көңілді күн»
Орындайтын: Айым мен Шолпан
2 жүргізуші: Жас достар! Сара Алпысқызының махаббат пен мейірімділікке толы тілектері сіздердің жүректеріңізде ризашылықпен үндессін! Сіздердің өмірлеріңізге қатысушы, жылулық пен қуанышты сәттер сыйлайтын әрбір адамға алғыс білдірулеріңіз қажет! Сара Алпысқызы әрқайсыларыңыздың үздік оқып, алған білімін туған Отанының дамуы мен гүлденуіне жұмсайтын адам болатынына сенімді.
1жүргізуші: Ал енді, Сара Алпысқызын осындай тамаша мереке сыйлап, біздерге жасайтын үнемі қамқорлығы мен жылы жүрегі үшін алғыс білдірейік.(Балалар Риашылық әнін орындайды)
2 жүргізуші:
Ортақ мекен жер шары
Төбемізде бір аспан.
Барлық ұлттың баласы
Достығымыз жарасқан.
1 жүргізуші:
Ортақ бізге бір Отан,
Ортақ жердің байлығы.
Еңбек ортақ, жер ортақ,
Ортақ бізге барлығы.
Қазақ биі «Қамажай» Көркемдейтіндер: «Қызғалдақ» тобы
2 жүргізуші:
Үлкен сыйлап кішіміз,
Аға ақылын тыңдаймыз.
Достықты үлгі санаған
Бір үйде біз тұрамыз.
1 жүргізуші:
Туыспыз біз бәріміз,
Бір Отанды сүйеміз.
Бақытты елде туған соң,
Бақытты өмір сүреміз!
1-жүргізуші: Қымбатты балалар! Біздің арамызда күнбе-күн сұхбаттасатын, сұрақтар қойып, жетістіктер мен армандар жайлы ойларыңызбен бөлісетін адам бар. Ерекше құрметтей отырып, сөз сөйлеу үшін ортаға мектеп директоры Мирманов Жұмабай ағайды шақырамыз!
Қымбатты балалар! Құрметті қонақтар! Сара Алпысқызының қолдауымен біздің үлкен мектебімізде Ризашылық күні мерекесі өткізіліп отыр. Тек ізгі ниетті, ризашылық сезімдерін шын жүректен айта алатын адамдар ғана бір-біріне, Отанына, туған Жеріне ықылас пен мейірімділік сыйлай алады. Барлығымызға өмір сүру жеңіл, ал бір-бірімізбен сұхбаттасу қуаныш әкелу үшін адамзат мейірімділік, ризашылық және қайырымдылық сияқты сезімдерді жүздеген жылдар бойы дамытып келеді.
Сіздердің барлықтарыңызды шын жүректен Ризашылық күнімен құттықтай отырып, баршаларыңызға қуанышты сәттерді және тосын сыйлықтардың көп болуын тілейміз.
2 жүргізуші:
Қымбатты балалар! Енді осы мерекеде сыйлықтарды табыстау дәстүріне кезек берейік!
Мектебімізде «Ризамын саған» атты бір – біріне ризашылығын білдіру күні өтті, соның қорытындысымен таныстыру үшін ортаға әлеуметтік педагог Айжігітова Нұргүл апайды шақырамыз!
1 жүргізуші:
Отан – досым, достықты аялаймын.
Бақыт, байлық, береке – ынтымақта.
Достық бұзса кім де кім, аямаймын,
Татулықты ардақтап, саялаймын.
2 жүргізуші:
Жас досым!
Қайырымды бала болып,
Үлкеннің тілін ал,
Кішілерге қамқор болып,
Тек жақсылық ойла!
Енді ортаға «Достар» әнімен Орашова Жазираны шақырамыз!
1 жүргізуші:
Бүгінгі күн – нұрлы күн
Жарық шашқан әлемге
Ескеретін күн бүгін
Ризашылық күні әр елде.
Би: Қазақ күйі «Жұмыр қылыш» Көркемдейтіндер: «Жігіттер» тобы
2 жүргізуші:Бала жаны жайқалған гүлге ұқсайды. Кішкентай бала өскен сайын оның жаны да ержетеді. Баланың жаны махаббат пен мейірімділікке, қайырымдылық пен ылтипатқа толады. Мұның бәрі — рухани құндылықтар. Мен сіздерге «Рухани құндылықтар сандықшасы» ойынын ойнауды ұсынамын. Мен сандықшада жасырынып тұрған сөздерді көрсететін боламын. Сіздер олардың ішінен «рухани құндылықтарды» бейнелейтін сөздерді таңдап алыңдар (жүргізуші алдын ала дайындалған «МАХАББАТ», «ТЕРЕЗЕ», «ДОСТЫҚ» және т.б. сөздер жазылған қағаздарды көрсетеді)
1 жүргізуші: Балалар, жылы сөз, қайрымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдеріңді ешкімнен ешқашан аямаңдар, «Рахмет» деген қасиетті сөзді жиі айтыңдар. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасағысы келіп тұратынын естеріңде сақтаңдар. Өмірдің әрбір сәтін бағалай білуге үйреніңдер және Табиғат –Анаға мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен ақ қары үшін, жұмсақ ұлпа бұлты үшін, жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпаңдар.
Ән: Жаса Қазақстан Орындайтын: Жалғау Ғалымбек
2 жүргізуші:
Бүгінгі мерекелік шарамызды Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен қорытындылайық:
Дүниеде тәуелсіз қазақ елі бар
Әлемде Егемен Қазақстан бар
Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар
Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар
Ең бастысы – бүгіннен кемел болашағы бар.
Сол күнге берік сенім бар!
1 жүргізуші:
Құрметті ата – аналар, қонақтар, ұстаздар, оқушылар бүгінгі ризашылық мерекемізге келіп қатысқандарыңызға мың алғыс білдіреміз! Келесі кештерде кездескенше, сау болыңдар достар!
