Сабақтың тақырыбы: Есеп және салт-дәстүр

Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Ақан ауылы

Ақан негізгі мектебі оқушылар шығармашылығы

Математика пәнінің мұғалімі Сулейменова Копей Багизовна.

Сабақтың тақырыбы: Есеп және салт-дәстүр.

Мақсаты:

білімділік– оқушылардың алған білімдерін жинақтау, білім деңгейін көтеру.

дамытушылық– атамұраны, ой-өрісін кеңейту, ойлау қабілетін дамыту,

шығармашылық белсенділіктерін арттыру.

тәрбиелік-халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық тәрбие ерекшеліктерін терең білуге, құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі : дәстүрлі емес,топпен жұмыс.

Әдісі: сұрақ-жауап,талдау,көрсете-түсіндіру,есептеу.

Сабақ көрнекілігі: слайд, нақыл сөздер, жұмбақтар, түрлі-түсті қатырма қағаздар, фотослайдтар, әдеби кітаптар.

Сабақтың барысы:

I.Ұйымдастыру: сәлемдесу, сыныпты сабаққа дайындау, топқа бөлу.

Бүгінгі сабақтың негізгі материалы —қазақ халқының өлшем бірліктері және ел аузынан жазып алынған есептер, жұмбақтар шешу, логикалық есептер.

Сабақтың нақыл ұшқыр сөзі:

Көп жасаған қария-

Ақылы теңіз-дария.

Көп өнеге сөзі бар,

Сөзі- соқпақ, сөзі-нәр.

Ата салты ардақты,

Әрбір сөзі салмақты.

Сол сөздерді ұқпасаң,

Тістерсің бір күн бармақты.

II. Сұрақ-жауаптар.

1)Ата-бабаларымыз ертеден келе жатқан әдет бойынша бір нәрсенің ұзындығын немесе қалыңдығын қалай өлшеген?

Ұзындық өлшем бірліктері:

Шынашақ, елі, бармақ елі, сүйем, сынық сүйем, қарыс, шынтақ, кез, құлаш, арқан бойы, шақырым, қозы көш жер, көш жер.

2)Уақыт өлшемдерін қалай анықтаған?

Уақыт өлшемдері: қас қағым, сүт пісірім, ет пісірім, бие сауым.

3) Тәулік бірліктері немесе белгілерін қалай білген?

Таң бозарғанда, күн көтерілгенде, сәске, сары сәске, түс, түс ауа, кіші бесін, бесін, намаздыгер, қас қарая, ымырт жабыла, ел орынға отыра, ел ұйықтағанда, түн ортасында.

4) Тереңдік (биіктік) бірліктеріне не жатады?

Тобыққа дейін, тізеге дейін, кісі бойы, қол созым, құрық бойы.

“Қазына” тобының шығармашылық жұмыстары.

“Атамұра” тобының шығармашылық жұмыстары.

lll. Ауданды шаршымен өлшеген төмендегі есеп марқұм Қуандық деген

қарияның айтуымен жазылып алынған. Есеп “Той басқару” деп аталады.

Есептің шарты той басқарушыға берілген тапсырма.

1-есеп. Той басқару.

Сегіз бұрыш болсын сыртқы формасы,

Отыз шаршы кілем болсын ортасы.

Төрт қабырға төрт шаршыға бөлінсін,

Ортадағы төрт төреші кедергісіз көрінсін.

Екі шаршы қабырғада жайласқан,

Ағайын мен жекжат орны әу бастан.

Төргі шаршы төрелер мен билерге,

Төменгісі шабармандар сендерге.

Төрт жағында, төрт қиықта ас тұрсын,

Әр бұрышы ыңғайлы болып, бос тұрсын.

Жүз жиырма екі болсын шаршылардың ауданы,

Сонда түгел жайғасады келгендер.

Өзің ойлан енін, бойын кілемнің,

Мұны білсең көп есепті білгенің.

Енді осы есепті шешу үшін алдымен сызбасын салып алайық. Ортадағы кілем палуандар белдесу үшін әзірлеген алаң.

l-топқа тапсырма: келген қонақтарды орналастыратын алаңның сызбасын дайындаңдар.

ll-топқа тапсырма: келген қонақтарды жайғастыр.

Есепті халықтық тәсілмен шешсек, есепте негізінен үш шарт қойылған:

1-шарт.Сыртқы формасы сегіз бұрыш болсын.

2-шарт.Кілемнің ауданы 30 шаршы болу керек.

3-шарт.Кілемнің қарама-қарсы қабырғаларына салынған шаршылардың аудандарының қосындысы 122 шаршы болу керек.

Есеп толық шешілу үшін осы 3 шарт орындалу керек.

Демек, кілемнің бойы 5 бірлік, ені 6 бірлік.

Енді есепті мектеп бағдарламасына сәйкес қарастырайық.

Сонымен, жауабы (5;6) немесе (6;5)

2-есеп. “Қонақ және табақ”.

Тәттібек деген ақсақалдың үйіне кештете қонақтар келеді. Аяқтарын суытып, шәй ішкен қонақтарға мал сойып, табақ тартады.Қонақтарға табақ тарту кезінде Тәттібек жұбайына келіп:

-Екеу ара табақ тартсақ, онда бір табақ жетпей қалады.Үшеу ара бір табақ тартсақ, онда бір табақ ет артылып қалады. Енді не істесек екен?-деді. Сонда қонақ қанша, табақ қанша?

Халықтық тәсілмен жобамен шешіп көрелік. Қонақтар саны 2-ге, 3-ке қалдықсыз бөлінеді екен. Қонақ екеуден көп, бірақ үшеу де емес. 3:3, 3:2-ге бөлінбейді.

6:2=3 3-1=2 табақтар саны 2;3. Ал, табақтар саны өзгермей

6:3=2 2+1=3 бірдей болуы керек.

7, 8, 9, 10, 11, 12

12:2=6, 6-1=5

12:3=4 4+1=5 Демек, табақ саны 5; 12 қонақ дәлме-дәл келеді.

Математика теориясы тұрғысынан алғанда х-қонақ, у-табақ.

2y+2=3y-3

y=5 x=12 Жауабы: (12;5)

IV. Енді, қазақ халқының ойлы да өрнекті сөздің патшасы, математикалық ойлар мен белгілеулерін әдеби тілмен астарлап жеткізген

Абай Құнанбаев пен Шәкәрім Құдайбердиевтің танымдық алгебрасынан жұмбақтар шешу.

“Шәкәрім жұмбағы”.

Тоғыз әйел жиылып бір толғатқан,

Бірін-бірі толықтырып, жуандатқан.

Тоғызының киімі тоғыз түрлі,

Келген кісі сияқты әр тараптан.

Босанғанда, тоғызы бір ұл туып,

Балаға екі түрлі киім жапқан.

Бір киімі шешесіне ұқсаса да,

Бір киімі келіп тұр бөтен жақтан.

Әйелі не? Киім не? Баласы не?

Көпке киім жетеді не себепті?

Шешуі:

Тоғыз әйел, тоғыз сан, тоғыз бөлек.

Тоғыз цифр киеді түсі өзгерек.

Бірінен- бірі жуан бола беріп,

Ойласаң тоғыздан “он” туса керек.

Киімі оның бір цифр, бір нөл болар,

Нөл деген цифрдан жат бір дөңгелек.

Қанша санды жазса да осы он цифр,

Жететінін байқарсыз, болсаң зерек.

(Ш.Құдайбердиев,шығарма.Алматы,«Жазушы»—1988, 277-278беттер)

Абай жұмбағы.

Алла мықты жаратқан сегіз батыр,

Баяғыдан соғысып әлі жатыр.

Кезек-кезек жығысып, жатып-тұрып,

Кім жығары белгісіз түбінде ақыр.

Шешуі:

Мұны тапсам ойланып, ақын деңіз,

Таба алмасам, ақылды болар неміз?

Қыс пенен жаз, күн мен түн, тақ пенен жұп,

Жақсылық пен жамандық-болады сегіз.

(Абай Құнанбаев, Айтылмыш кітап, 1том, 142 бет)

Шәкәрім жұмбағы.

Бір нәрседен үш сипат қылдым хайла,

Бұл жұмбақты шешерлік адам қайда?

Бір сипатын ортадан кесіп алсам,

Орнында тағы болар екеу пайда.

Біреу деп кесіп алып тастағаным,

Үшеу болып жатады басқа жайда.

Шешуі:

Бір қағазды қи-дағы үш бұрыштап,

Бір бұрышын ортасынан кес дұрыстап,

Қалған қағаз болады төрт бұрышты,

Үш бұрышты қиығын тұрсаң ұстап.

V. Зияткерлік сұрақтар:

1. Айдала. Көзге түртсе көрінбейтін айсыз түн. Суыт жүрістілер аяң жүріспен келеді. Екі ауыл арасы сүт пісірімдік жер. Жаппадан жылт еткен сәуле сөніп өшті. Үй иесі бұрын көре ме, әлде салт аттылар бұрын көре ме?

2. Сәске кез болатын. Анам бір кесе шәйді толтырып қоя салды. Кенже інім байқамай қолындағы қантын сол кесеге түсіріп алды. Алайда қант құрғақ күйінде қалды. Неліктен?

3. Осы өлшемдердің ішінен біреуі ата-бабаларымыздың ерте кезде бөлшек ұғымы болғандығын көрсетеді. Ол қайсысы?

1. Шынашақ елі; 2. Бір елі;

3. Сере қарыс; 4. Сынық сүйем;

4.”Пұт”—ертедегі ата-бабамыз қолданған масса бірлігі. Осы атау қанша

килограммды білдіреді?

20кг 2. 16кг 3. 52кг 4. 14кг

VI. Қорытынды.

Шығармашылықпен жұмыс жасаған оқушыларды марапаттау.

” Қазына” тобының оқушылары

  1. Жұмаш Шыңғыс 8сынып
  2. Жұмашева Аяулым 8сынып
  3. Қуаныш Дидар 8 сынып
  4. Темиржанова Ақниет 8сынып

” Атамұра” тобының оқушылары

  1. Қабдеш Алишер 9сынып
  2. Сейіт Саят 9сынып
  3. Әділбай Жанатбек 9сынып
  4. Сейтова Зарина 8сынып

Ответить

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше