«Домбыраны жазықтықта бейнелеу»
Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Қособа ауылы
Жалпы білім беретін Қособа орта мектеп-балабақша кешені
Бейнелеу және сызу пәндерінің мұғалімі
Султангалиев Муса Самиголлиевич
Сабақтың тақырыбы: «Домбыраны жазықтықта бейнелеу»
Сабақтың мақсаты: Қазақ халқының музыкалық мұрасы домбыраның түрлері, құрылысы жөнінде мағлұмат бере отырып, халық мұрасын дұрыс бейнелей білуге үйрету.
Көрнекілігі: Домбыра суреті салынған плакат, домбыра, күйшілердің портреті, жергілікті күйші-домбырашылардың портреттері, домбыра туралы ұлағатты сөздер.
Түрі: Нәрсенің өзіне қарап салу. (натюрморт жанры)
Пәнаралық байланыс: ана тілі,ән, еңбек, математика,тарих, география,сызу.
Дамытушылығы: оқушылардың халық мұрасын тануына , бейнелеу, жасалу жолдарына бағыт беру, қызығушылығын арттыру.
Тәрбиелік мәні: домбыра үні құпия сиқырлы, әсем болса, оны бейнелеп жасау соншалықты сан алуан шеберлік пен қажырлы еңбек етудің нәтижесі екенін ұғындыру арқылы оқушылардың ұлттық сана –сезімін оятып, қазақтың қара домбырасының асыл қасиетін қастерлей білуді бойларына сіңіру.
Сабақтың барысы:
1.Ұйымдастыру.
а) Оқушылардың құрал – жабдықтарын тексеру.
ә) жаңа сабақтың мақсатын түсіндіру.
2. Үйге берілген тапсырманы бағалау, қорытындылау.
3. Жаңа сабақты ашу. Домбыра туралы оқушылардың өздеріне мақал – мәтелдер және жұмбақтар, жаңылтпаштар білетіндеріне айтқызып, сабақты домбыраның тарихымен жалғастыру.
Жаңа сабақ: 1. Қызығушылықты ояту:Күйтабақта «Ақсақ құлан» күйі ойнап тұрады. Мұғалім оқушыларға : – Домбыра туралы қандай аңыз –әңгіме білесіңдер? –деп сұрақ қояды. Мүмкіндігінше білетін оқушылар болса айтып береді.
- «Домбыраның кеудесі неге ойық?» -деген сұраққа жауап сұралады.
Оқушыларға күй сазымен «Ақсақ құлан» аңызынан үзінді айтылады.
Ертеде Жощы ханның үлкен баласы нөкерлерімен құлан аулауға аңшылыққа шығады , бірақ аң аулаудан келмей қалады. Хан бірнеше күн баласын күтіп, келмеген соң алаңдай бастайды, бірақ баласының өлімі туралы жаманат хабарды естігісі келмейді. Сондықтан: «Егерде кімде кім баламның өлімін естіртетін болса, сол кісінің аузына балқытылған қорғасын құямын» деп жарлық жасайды. Халық хан баласын құланның үйірі өлтіргенін біліп тұрса да айта алмайды. Бірде осы туралы ел аралап жүрген домбырашы естіп, хан ордасына келіпті, оны күзетшілер кіргізбейді. Домбырашы хан ордасының қақпасының алдына отырып, домбырада қайғылы күй тартады. Домбыраның дауысы кешкі уақытта ханның да құлағына жетеді, хан өз күзетшілеріне айтып шақыртып алады. Сонда домбырашы ханға: «О, ханым, сіз менің жаңадан шығарған күйімді тыңдап соның бағасын берсеңіз» -дейді.
-«Онда орында» -дейді хан. Домбырашы күйді орындағанда ханға күйдің үні баласының өлімін естіртеді. Хан аласұрып: «Мен баламның өлімін естірткен адамның көмейіне қорғасын құйыңдар деп әмір бердім.Орындаңдар әмірімді»дейді. Домбырашы ханға : «Хан ием, сабыр етіңіз, мен сізге не айттым? Менің жазығым күйімнің бағасын айтып беріңіз дегенім» дейді. Сонда хан: -Онда менің баламның өлімін естірткен домбыраның көмейіне қорғасын құйыңдар» деп жарлық береді.Сөйтіп, домбыраның көмейіне балқыған қорғасынды құйғандықтан домбыраның кеудесінде тесік пайда болған екен деген аңыз бар. «Тіл жеткізбегенді, үн жеткізеді» деген осыдан қалған керек.
Домбыра ерте заманнан бері халқымызбен жасасып келе жатқан, оның рухани жан серігіне айналған музыкалық аспаптардың бірі. Домбырада күй, жыр, терме, ән қосылып орындалады. Домбыра екі кейде үш ішекті шертіп немесе қағып ойнайтын музыкалық аспап ретінде танымал. Қазақ жерінің әр өлкесінде халық шеберлері домбыраны өз қалауынша әр түрлі үлгіде жасайды. Оған қайың, жөке, шырша, үйеңкі ағаштарын пайдаланған. Домбыраның шанағы бөлшек ағаштардан ойып жасалады, ал шанақтың қақпағына қос ішектен дыбыс беретін тиек орнатылады.Ал ұзынша мойынына иірген ішектен пернелер тағылады. Алғашқы кезде перне 5-7 болса, кейін 9 дан 19 –ға жетеді. Қазақстан жерінде, оның әр өлкесінде домбыра шанағының сыртқы пішіні әр түрлі болады. Мысалы: оңтүстік пен батыс өлкелерінде ол сопақшаланып немесе дөңгеленіп келсе, орталық, солтүстік және шығыс өлкелерінде шанағының бұрыштары үшкірленіп жасалынған. Домбыра халқымыздың тарихи өмір жолымен тығыз байланысты. Атақты күйшілер: Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей және Дина, Нұрғиса өздерінің терең тебіреністі күйлерін домбырамен шығарған. Халқымыздың ән- күйлері мен жыр дастандары кейінгі ұрпаққа домбыра арқылы жеткен.
Негізгі технологиясы: Домбыраны жазықтықта бейнелеу. Дәптер бетіне орналастыру. Домбыраны жантайта жатқыза орналастырып, сол себепті қағазды көлденең алып суретін орналастырамыз.
(Домбыра әрқайсымызға қалай көрінсе, солай салуға болатындығы ескертіледі.)
Жұмысты бастарда ортақ сызық түсіргеннен кейін, биіктігін тауып содан соң қақпағы мен мойынның биіктігін отырған қалпымызда белгілі тәртіппен анықтай аламыз. Кескінін әбден салғаннан кейін, бояуға кіресеміз. Домбыраның түсі сарғыш қоңыр, қызыл қоңыр жылы түстермен боялады.
(Мұғалім тақтада немесе оқушыларға салу жолдарын, онда кездесетін ескеру қажет тұстарын түсіндіріп отырады.)
I.«Шашу -шашу» ойыны арқылы сұрақтар:
1. Домбыраның құрылысы қандай бөліктерден тұрады?
2. Қазіргі кездегі күйшілерімізден кімдерді білесіңдер?
3. Домбыраға қандай түстерді қолдануға болады?
4. Домбыра қандай ағаштардан жасалады?
5. Домбыра қай жанрға жатады?
II.Домбыраның құрылысы туралы сұрақтар:
- Домбыра неден жасалады?
- Қандай ағаштардан?
- Қалай жасалады?
- Тиегі мен қақпағын қалай жасалады?
- Пернесі мен ішегін неден жасайды?
- Құлағы нешеу?
- Дыбысы қай жерінен шығады?
- Түймесі нешеу?
Домбыра туралы мағлұмат бергенде ақын-жазушыларымыздың сөздерін пайдаланамын.
Бабамыздың мұңысың сен домбыра,
Анамыздың сырысың сен домбыра.
Қазағымның жүрегінен жаралған,
Данамыздың үнісің сен домбыра.
(М.Мақатаев)
Домбыра жүрегіммен үндес едің,
Өзіңмен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұра сен болмасаң,
Өнердің не екенін білмес едім.
(Ш.Сариев)
Жерлес ақын Қадыр Мырза Әлінің домбыра туралы тамаша өлең жолдарын еске түсірмеу мүмкін емес.
«Екі ішектің бірін қатты,
Бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ қазақ емес,
Нағыз қазақ домбыра.» дегендей, деп осы жерде оқушыларға Естайдың «Қоштасу» әнінен домбыра туралы айтатын жерінен үзінді орындап беру. Сонымен бірге өз ауылымыздан шыққан айтыскер ақын Бауыржан Халиолла , әнші –термеші Дастан Есентеміров, республикалық конкурстардың жүлдегері Аубакиров С туралы айтылады.
Балалардың салып жатқан суреттерін қадағалау.
Сабақты қорытындылау.
