Қызылорда облысы білім бөлімінің жетістіктері
«Bilimnur» білім порталы атынан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын қолдау мақсатында өңірлердегі білім саласының жетістіктерін таныстыру үшін «Білім жетістіктері» тақырыбындағы сұхбат сұрақтары облыстық, аудандық білім бөлімдеріне ресми хат ретінде жолданды.
Сұхбатымызда Қызылорда облысы білім бөлімінің жетістіктері туралы жарияланды.
Мемлекет басшысының ұрпақ болашағы үшін білім саласының алдына қойған 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту, үш ауысымдық білім беруді болдырмау, апатты мектептер орнына жаңа мектептер құрылысын салу жөніндегі негізгі үш тапсырмасы Қызылорда облысында толықтай орындалды.
Облыста білім беру саласын қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді. Сала бюджеті 2013 жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 89,3 млрд. теңгені құрады.
Білім беру қызметі жалпы саны 293 болатын 9 бастауыш, 24 негізгі орта, 260 жалпы білім беретін орта мектептерде жүргізілуде. Оның ішінде шағын жинақталған мектептер саны – 22. Облыстағы жалпы білім беретін орта мектептегі оқушылар контингенті 2017-2018 оқу жылында 6 мыңға дейін көбейіп, 147 583 бала білім алуда. Оның ішінде, 1- сыныпқа келген балалар саны 18242. Облыс бойынша 2017 жылы педагогикалық кадрлар саны – 20466, оның 92 пайызы жоғары білімді, жоғарғы және бірінші санатты мұғалім саны 10055 құрап, бұл 49,1% жетті. 2017 жылы республикалық «Үздік педагог» байқауында облыстың 3 педагогі жеңімпаз атанды.
Оқушылар контингентінің осылайша жыл сайын артқанымен, соңғы жылдары облыстағы мектеп құрылысының қарқынды жүргізілуі мектептердегі оқушы орнының тапшылығын азайтып, оқу процесін екі ауысымнан асырмай жүргізуге толық мүмкіндік беріп келеді.
Өткен оқу жылы 13 мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген болса, жаңа оқу жылының қарсаңында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарындағы апаттық жағдайдағы 11 мектептің құрылысы жергілікті бюджет есебінен, Жаңақорған ауданында 300 орындық 2 мектеп құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қайта салынып, пайдалануға берілді.
Мұнан бөлек, бүгінгі күні республикалық бюджет есебінен 300 орындық 5 мектептің құрылысы жүргізіліп, келесі жылы пайдалануға берілетін болса, 2018 жылы тағы да 5 мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Бүгінгі күні облыстағы 791 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, оның ішінде 542 балабақша мен 249 шағын орталықтарда 52899 бала тәрбиеленуде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік байланысты нығайту негізінде балабақшалардың 70,8 пайызы жекеменшік балабақшалардың үлесінде. Бүгінгі күні мектеп жасына дейінгі 3 пен 6 жас аралығындағы балабақша кезегінде тұрған балалар түгелімен мектепке дейінгі білім берумен қамтылып отыр.
«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық» жобасы аясында Қызылорда қаласында 22 балабақшада арнайы және инклюзивтік топтар ұйымдастырылып, арнайы мамандар жұмыс жасауда.
Соңғы үш жылда облыс түлектері өз білім деңгейлерін дәлелдеп, республикада білім көрсеткіші бойынша алғашқы бестіктің қатарынан көрініп келеді. 2016-2017 оқу жылы мектеп бітірген 6564 түлектің 95 % коледждер мен университеттерде мемлекеттік білім гранты және ақылы негізде білімдерін жалғастыруға қол жеткізсе, биылғы түлектердің 97 пайызы коледждер мен университеттерде мемлекеттік білім гранты және ақылы негізде оқуда.
Биылғы оқу жылы мектеп бітірген 6196 түлектің 4123-і жаңа форматтағы ҰБТ сынағынан өтіп, орташа 82,4 балмен республика бойынша өз білім деңгейлерінің жоғары екендігін тағы да дәлелдеді. Бұл әрине ұстаздар еңбегінің нәтижесі.
Қармақшы ауданы №250 орта мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Отарбай Дәурен облыс бойынша ең жоғарғы 136 балл жинап, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түссе, «Білім инновация» лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Әбдірәсіл Айзат та 136 балл көрсеткішпен Назарбаев Университетінің студенті атанды.
Мұнан бөлек, облыс әкімі Қ. Е. Көшербаев пен Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындары арасындағы меморандум негізінде 62 түлек Мәскеу мен Санкт-Петербург университеттеріне қабылданды. Бүгінгі күні Ресей елінде 500-ге жуық сырбойылық түлектер білім алуда. Олар Қызылорда облысының әкімдігі мен РФ университеттері арасындағы арнайы келісім бойынша ресейлік гранттың есебінен техникалық мамандықтарға тегін оқуда. Үстіміздегі жылдың қараша айында Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің ғимаратында Қызылорда облысының әкімдігі М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен және басқа да жетекші техникалық жоғарғы оқу орындары – «МИСиС» Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университеті, И.М.Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік мұнай және газ университеті, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу аграрлық академиясы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті және Санкт-Петербургтегі өнеркәсіптік технологиялар мен дизайн мемлекеттік университеттерімен меморандумға қол қойылды. Қызылорда облысы мен Ресейдің жетекші техникалық жоғарғы оқу орындарының арасындағы ынтымақтастық орнатылды. Бұған қоса, меморандум аясында алдағы 2018 жылдан бастап М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті физика-математика және механика-математика мамандықтары бойынша сырбойылық жастарға 20 грант бөлді.
Сонымен қатар, соңғы 4 жыл қатарынан әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан мектеп бітірушілер Қызылорда облысы әкімінің грантына ие болуда. Бұған дейін аталған грант негізінде 500 түлек оқыса, биыл 162 бала осы грантқа ие болды.
Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы жастарын Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан өңірлеріндегі университеттер мен колледждерде білім алуына қолдау жасауды мақсат ететін «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» Серпін жобасы аясында да ЖОО мен колледждеріне оқуға түскен түлектердің 70 пайызға жуығы сыр елінің жастары екендігі қуантады. Бүгінгі күнге дейін жоба аясында облыстың 3600-ден аса жастары білім алуда.
Нәтижесінде, биылғы жылы ҰБТ-ге қатысқан балалардың 54,6 % ЖОО-да білім гранты негізінде оқуға қол жеткізді. Бұл жақсы көрсеткіш. Өткен оқу жылы бұл көрсеткіш 35 %-ды ғана құраған еді.
2017-2018 оқу жылында 30 колледжде аймақтың еңбек нарығына қажетті 97 мамандық 163 біліктілік бойынша 22428 студент білім алуда. Облысымызда техникалық және кәсіптік білім беруге «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың Республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» АҚ-ы мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, оқу орындарына тәжірибе ретінде дуальді оқыту технологиясының элементтерін енгізу бағытындағы біршама жұмыстар атқарылуда. 2014-2017 жылдар аралығында облыс бойынша 23 оқу орнында 78 мамандық бойынша оқу үдерісіне дуальді оқыту технологиясының элементтері енгізілді. Елбасының бастамасы бойынша 2017 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама бойынша аймағымызда кешенді іс-шаралары қабылданып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Бағдарламаның «Кәсіптік біліктілікпен қамтамасыз ету» бөлімі өз кезегінде 2-бағыттан тұрады.
Олар: колледждерде техникалық және кәсіптік білімі бар жұмысшы мамандарын даярлау мен қысқа мерзімді курстарда қайта даярлау.
1- бағыт бойынша.Тегін жұмысшы мамандығын 9-11 сынып түлектері, кәсіби білімі жоқ, жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар, сонымен қатар, колледждер мен жоғары оқу орындарынан оқудан шығып қалған жастар алуға мүмкіндік алды. Осы мақсатта республикалық және жергілікті бюджет есебінен жұмысшы мамандықтарына мемлекеттік тапсырысты 2 есеге көбейіп, жалпы гранттар санын 40%-ға артты. Оның айқын дәлелі, үстіміздегі жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 3088 орын, республикалық бюджеттен 1515 орын, барлығы 4603 орын мемлекеттік тапсырыс жастарға тегін жұмысшы мамандығын алуға мүмкіндік берді.
Ол үшін аудан, қала әкімдіктері жанынан арнайы комиссия, 134 мобильдік топтар құрылып, бағдарламаға қатысушы жастар жолдама арқылы оқуға қабылданды.
Қазіргі күні, осы жоба бойынша 22 колледжде 28 мамандықтың 42 біліктілігі бойынша 1515 студент білім алуда. Жоспарланған көрсеткіш толық орындалды.
2- бағыт бойынша: Жаңа жобаның 1-6 айлық қысқа мерзімді курстар арқылы ағымдағы жылдың 1-мамырынан бастап 2743 жас жұмысшы біліктілігін алуда (1085 жас курсты аяқтады). Курстық оқыту 19 колледж және 14 кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтарында 35 мамандық бойынша ұйымдастырылған.
2014-2017 жылдар аралығында облыс бойынша 23 оқу орнында 78 мамандық бойынша 1926 студент оқу үдерісіне дуальді оқыту технологиясының элементтерін енгізу бойынша жұмыстар 3 жақты келісім-шарт негізінде (оқу орын, білім алушы мен кәсіпорын) жүргізілуде.
Ағымдағы жылы 19 колледжде 21 мамандық бойынша 715 студент дуальді оқыту негізінде білім алуда. Олар 163 әріптес кәсіпорындармен жұмыс жүргізуде.
Қазан айында өткен облыстық еңбек форумының шеңберінде индустриалды жобалардың бірі – Шиелі тампонажды зауытына мамандар даярлау үшін қытайлық Гежуба Шиелі компаниясымен тиісті меморандумға қол қойылды (Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі).
Сонымен бірге, әріптес кәсіпорындардың қолдауымен ауыл шаруашылығы бағытындағы студенттердің өндірістік практикасын ұтымды ұйымдастырып, қосымша қаражат табу мүмкіндіктері қарастырылуда.
Атап айтқанда, Жалағаш индустриалды-аграрлы колледжі «Қайырова» шаруа қожалығымен бірлесіп, ағымдағы жылы 50 гектарға күріш ексе, Сырдария аграрлы-техникалық колледжі «Шаған жер» ЖШС-мен бірге 20 гектар жерге күріш егіп, табыс табуда.
Сонымен қатар, Жалағаш индустриалды-аграрлы колледжі ағымдағы жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының дамушы елдерге арналған бағдарламасы негізінде қайтарымсыз 2,3 млн. теңге грантын жеңіп алып, «Samsung» фирмасы дайындаған жылыжай кешенін салды. Алдағы уақытта студенттердің көмегімен жылыжайда көкөніс, бақша өнімдері өсіріліп, студенттердің өнімдері саудаға шығарылады.
Биылғы оқу жылынан бастап, «Кәсіпқор Холдингі» КЕАҚ-мы тарапынан әзірленген 130 модульдік білім беру бағдарламасы 25 колледжде 48 мамандық бойынша эксперименталды режимде енгізілді.
Содульдік бағдарламалардың арқасында оқу мерзімі қысқарып, колледж түлегі университетке түскен жағдайда 2-3 жылда жоғары білімді маман болып шыға алады.
«Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жобасы шеңберіндегі келесі жаңалықтардың бірі – арнайы пәндерді колледждерде ағылшын тілінде оқыту. Осы бағытта биыл облыстың 3 колледжі 7 арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуды бастады. Сондай-ақ, «Информатика» пәнін кезең-кезеңімен ағылшын тілінде оқытуға көшіру қолға алынуда. Оған «Кәсіпқор» Холдингінің ағылшын тіліндегі 5 оқулығы пайланылуда. Осы ретте, жыл сайын әрбір колледж кем дегенде екі арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшу жөнінде түпкілікті шаралар қабылдайды.
Сонымен бірге, биылдан бастап кәсіптік білім беру саласындағы өзекті мәселе – білім алушылардың жұмысшы мамандығы бойынша бірнеше біліктіліктерді қатар алып шығуы маңызды.
Осы мақсатта, бүгінгі күнде, 11 колледжде 18 мамандық бойынша студенттер бірнеше яғни, 38 біліктілік бойынша білім алуда. Осыған орай, әрбір колледж жыл сайын кем дегенде бір мамандық бойынша бірнеше біліктіліктерді қатар беруді қамтамасыз етеді.
Колледж студенттерін кәсіпкерлікпен айналысуға құзіреттіліктерін қалыптастыру мақсатында «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін 36 сағаттық факультативтік курс ретінде колледждерде биылғы жылдан бастап енгізілді. Факультативтік курсты енгізу арқылы біз облыстық кәсіпкерлер палатасының сұранысын толық жүзеге асырдық.
Осы мақсатта, 2017 жылы «Кәсіпқор» Холдингінің ұйымдастырумен модульдік білім бағдарламалары бойынша 240 инженер-педагог және 11 колледж директоры халықаралық менеджмент 3 деңгейлі біліктілік арттыру курстарынан өтті.
Келесі жылы бұл санды 310-ға дейін арттыру (240-тан) жөнінде «Кәсіпқор» Холдингімен келіссөздер жүргізудеміз, оның ішінде ағылшын тілінде оқытылатын CLIL бағдарламасына қатысушылардың санын көбейтіледі.
Және де, ерекше атап өтетін жағдайлардың бірі – ол ағылшын тілінде өтетін тағылымдамаларға еуропалық және Шығыс Азия мемлекеттеріне жергілікті инженер-педагог кадрларды жолдау. Бұл бұрын соңды облыста болмаған тәжірибе. Осылайша, қазір колледждеріміздің 15 педагогі Ұлыбритания, Финляндия, Чехия және Малайзия мемлекеттеріне тағылымдамадан өту үшін осы аптадан бастап баратын болады. Бұл жұмыс ҚР Президентінің «Болашақ» бағдарламасының тәжірибесі негізінде жүргізілуде және келер жылы да жалғасады.
Үстіміздегі оқу жылында жаратылыстану бағытындағы пәндерді жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқыту бағдарламасына сәйкес, оқушылар мен пән мұғалімдерінің дайындық деңгейіне қарай республика бойынша кейбір мектептер оқу пәндерінің терминологиясын игеруге кірісті.
Облыста жоғары сыныптарда математика, физика, информатика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде игеруді бірінші кезекте алдымен мектеп-лицейлердегі мамандандырылған лицей сыныптарында жаратылыстану бағытындағы пәндерді тереңдете оқытып, оларды ағылшын тілінде игеруді енгізу қолға алынған болатын.
Осы мақсатта 2015-2016 оқу жылы Назарбаев Зияткерлік Мектептері мен «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесінде білім беретін 46 инновациялық мектеп-лицейлер мен мектеп-гимназиялар қалыптастырылды. 2016-2017 оқу жылында аталған мектептердегі 320 лицей сыныптарындағы 7358 оқушыға ағылшын тілі пәні аптасына арнайы бағдарлама бойынша 5 сағат көлемінде оқытылып келген болса, жаңа оқу жылында олар ағылшын тілінде пәндердің терминологиясын игеруге көшетін болады. Осы мақсатта 210 пән мұғалімдері арнайы тіл меңгеру курстарынан өтіп, әрбір сыныптағы оқу пәндерінің ағылшынша терминологиясын игеруге қажетті оқу құралдарын даярлау қолға алынды. Оқу жоспары бойынша лицей, гимназия сыныптарында аптасына 4 сағат көлемінде жаратылыстану, гуманитарлық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқыту және ғылым негіздері бойынша 1500 сағат көлемінде ғалымдардың дәрістерін тыңдау жүзеге асырылды.
Жауапты білім беру үдерісін жүргізу үшін екі тілді (ана тілін және ағылшын тілін) қатар меңгерген педагогтың қажеттілігі белгілі. Бүгінгі күні маман боп қалыптасқан пән мұғалімдері арнайы курстар арқыл ағылшын тілін меңгерту қолған алынды. Дегенмен, ағылшын тілін меңгеруде колледждер мен университеттерде кәсіби педагогикалық білімді 2 тілде тілді (ана тілін және ағылшын тілін) қатар меңгерген білікті мамандарды даярлау мәселесі өзекті.
Сол себепті Қызылорда облысы 2015 жылдан бастап республикалық әдістемелік орталық болып табылатын М. Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде «Білім-инновация» халықаралық қорының қолдауымен ағылшын тілін меңгерген негізгі мектептің математика, физика, информатика пәндерінің мұғалімдерін даярлау қолға алынды. Қажетті оқу-әдістемелік құралдары мен 2 тілді меңгерген мамандармен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні колледждің 3 курсында 225 студент осы бағдарлама бойынша білім алуда. 2018-2019 оқу жылы «Ағылшын тілін меңгерген пән мұғалімі» біліктілігін алған алғашқы 75 маман инновациялық мектептерде жұмыс жасайтын болады.
Облыста құрамында мектеп-лицей, мектеп-лицей-интернат, мамандандырылғын мектептер мен білімгерлер академиясын құру арқылы білімнің сапасын басқару жүйесі қалыптастырылуда. Бұл бағытта әрбір аудан орталықтарында мектеп-лицей-интернат құру ұйымдастырылуда. Бұл білім беру ұйымдарында Сыр елінің дарындылары мен ғалымдары бірлесе жұмыс жасамақ.
Елбасы елімізді модернизациялаудың сара жолын жариялады. Ол технологиялық ілгерілеу, рухани жаңғыру және экономикалық өркендеуге негізделген. Рухани жаңғыру жолында ұлт тәрбиесі басты басымды болып табылады. Міне, осы ұлт тәрбиесі мәселесінде ежелден сан алуан мәдениет пен өркениеттің тоғысы болған Сыр өлкесінің табиғаты пен тарихы, шаруашылығы мен саясаты, мәдениеті мен адамдардың тіршілік әрекетін қосып оқушыларға ауқымды білім мен тәрбие беретін өлкетану пәнінің орны ерекше.
Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республика бойынша негізгі орта білім беру деңгейінің 5-7 сыныптарында 2018-2019 оқу жылынан бастап әр аймақтың ерекшеліктеріне негізделген «Өлкетану» курсы оқытылатын болады.
«Өлкетану» курсының мақсаты – туған өлкенің қалыптасуы мен дамуын кешенді сипаттайтын географиялық, тарихи, мәдени, табиғи және басқа да факторлар туралы білім қалыптастыру; туған елге деген сүйіспеншілік сезімге, қоршаған табиғи ортаны аялауға тәрбиелеу болып табылады.
Бүгінгі күні оқу жүктемесі 20 сағат көлемінде болатын аталған «Өлкетану» курсының үлгілік оқу бағдарламасы бекітілді.
2016-2017 оқу жылында бірінші сыныптар жаңартылған білім мазмұны бойынша білім алуға көшті. Сонымен бірге, негізгі және жоғары сыныптарда үш тілде білім беруге көшу бойынша дайындық жұмыстары басталды.
Үстіміздегі оқу жылында білім беруді ұйымдастыруда өткен жылғы ендірілген жаңалықтар ғана жалғасын тапты. Атап айтқанда, Білім берудің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жаңартылған білім беру мазмұнына өткен жылы бірінші сыныптар көшірілсе, биылғы жылы ол 2,5,7 сыныптарда жалғастырылуда. Осыған байланысты, аталған сыныптарда дәріс беретін 5855 педагог арнайы курстардан өтсе, 46345 оқушы 988 мың дана оқулықтармен тегін қамтамасыз етіліп отыр. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1,3 млрд. теңге қаралды.
Республикадағы 30 пилоттық мектептің қатарында Қызылорда қаласындағы №2 «Мұрагер» мектебі мен Жалағаш ауданындағы №31 мектеп-гимназиясында үшінші сыныптардың жаңартылған білім беру мазмұны сынақтан өткізілуде.
Облыс бойынша 1-сыныпқа барған барлық оқушылар жаңартылған білім беру мазмұны бойынша бірыңғай базалық оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен түгел қамтамасыз етілді. 1- сыныпқа сабақ беретін педагогтар «Өрлеу» біліктілігін арттыру институты мен Назарбаев Зияткерлік мектептері педагогикалық шеберлік орталығында арнайы даярлық курстарынан өтті.
2018-2019 оқу жылынан бастап жаратылыстану бағытындағы 2 пән барлық 45 мектепте ағылшын тілінде жүргізуді бастайды.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 29 тамыздағы №536 бұйрығына сәйкес «Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесі» пилоттық жобасы облыс бойынша 125 білім беру ұйымдарында енгізілді. «Күнделік» жобасы енгізілген мектептер толығымен электронды журнал толтыруға көшті. Сонымен қатар, облыстың 293 білім беру ұйымы «Bilim Media Group» компаниясының білім беру контенімен жасақталған.
Дүниеде көптеген мамандықтар бар, ал солардың ішіндегі ең күрделі де, қиыны ол – ұрпақ тәрбиесімен тікелей байланыстағы ұстаздық жол. Себебі, кемел келешек пен бақытты болашақтың кілті қашанда мұғалімнің қолында болған. Сондықтан да, ұстаз – әрдайым құрмет төрінде болады. Қазақта, алты алаштың басы қосылған жерде төргі орын ұстаздікі деп те бекер айтпаған.
Ұстаз болу кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Ал ұстаздардың ұйытқысы, ұжымның көшбасшысы – мектеп директоры болу – ол үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершілігі мол құрметті атаққа кір келтірмей, бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге аямай жұмсаған ұлағатты ұстаздар арамызда аз емес.
Тіпті есімдерін ел мойындаған мектеп басшылары да ортамызда жүр. Халық арасында мектептерді сол мектеп басшысының атымен атау – бұл сан жылғы қажырлы еңбектің жемісі, оған халықтың берген бағасы деп түсінуіміз керек. Біздің облысымызда да мұндай мектептер көптеп саналады, біз оны мақтан етуіміз керек.
Мысалы, Қызылорда қаласындағы №112 орта мектепті халық «Ахмадиеваның мектебі» деп атап келсе, бүгінгі күні ҚР үкіметінің қаулысымен сол мектепке Нағима Ахмадиеваның есімінің берілуі ұстазға деген үлкен құрмет. Сол сияқты, қаладағы №6 мектеп ел аузында «Куликовскидің мектебі» деп аталса, №198 мектепті ел «Марк Подольскийдің мектебі» деп атайды. Қазалы ауданындағы №234 мектепті халық оқу орнын көп жылдар басқарып, ұстаздар арасында «Қазақтың Сухомлинскийі» атанған Бейбітәлі Құлсейітовтің есімімен байланыстырса, Арал ауданындағы №14 мектепті «Фёдоровтың мектебі», Сырдариядағы №42 мектепті «Шәкен» апайдың мектебі, Шиелі ауданындағы №54 мектепті «Зинабдин Шермағанбетовтің мектебі», Жалағаш ауданындағы №202 мектепті «Әли Еркебаевтің мектебі» деп те атайды.
Осы сияқты Қызылорда қаласы, Маханбетов ауылындағы №143 мектеп халық аузында «Остаевтың мектебі» деп аталуы да бекер емес. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Осылайша ел аузында есімдерімен мектептің аталуы, ұстазға деген халықтың ризашылығынан туындаған мәртебелі баға деп білуіміз керек.
«Ұстаздық қызмет – ұлық қызмет қана емес, ұлы қызмет», – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұстаздық жолындағы әрбірімізге артылар жүк жеңіл емес. Толассыз білімді жетілдіріп отыру, үздіксіз оқу – ұстаздардың өмірлік қағидасы.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы, еліміздегі үздіксіз білім беру қызметін ұйымдастырудың мақсат мазмұнының жаңа бағдары ретінде, оған «Білімнің салтанат құруы» деп арнайы айдарлап орын берілуі, ондағы «білім беруді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп тұжырымдауы, біздерге, білім саласының қызметкерлеріне жаңа қуат, жаңа серпін береді.
Рухани жаңғырудың басты тірегі -ұстаз, ал, оны іске асырудың негізгі алаңы, ол – мектеп. Қазіргі уақыт – білектінің емес, біліктінің заманы. Ал рухани өресі биік, ұлттық құндылықтарды ұлықтай білетін азамат тәрбиелеу, ол – ұстаздардың қолында.
Бүгінгі күнгі білім саласындағы реформалар – жаңартылған білім беру мазмұны, бес күндік оқу аптасына көшу, үштілділікті енгізу, латын графикасына көшу ұстаздардан өз білімдерін үздіксіз жетілдіріп отыруды талап етеді.
Біздің алдымызда ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болуы керек? Заманауи мектеп үдерісі қандай? деген сауалдар тұр. Білімділер ғасырындағы ұстазды – өз кәсібінің майталманы, рухани күш-жігері мен парасат-қуатын ұлы мақсат жолына арнай білетін, ел болашағының мүсіншісі деуге болады.
Ал жаңа заманның мектебі, ол мемлекет басшысы бағытын анықтап берген рухани жаңғыру кезеңінде бағдары анық, көшбасшысымен ынтымақтастықта жұмыс жасайтын, білім, ақпарат, экономика кеңістігіне еркін шыға алатын, яғни қатаң бәсекелестік жағдайында өмір сүруге дағдыланған ұрпақ тәрбиелейтін білім ордасы. Мұны жүзеге асыру – нағыз ұстаздың, нағыз көшбасшының ғана қолынан келетіні анық.
Рухани жаңғыру баршамыздан жаһандық өзгерістерге және жаңашылдықтарға дайын болуды және оған деген ұмтылысты қажет етеді. Рухани жаңғырту арқылы, ұлттық салт-сананы, әдет-ғұрыпты, мәдени-дәстүрлерді берік сақтай отырып, оны жаңа заман жетістіктерімен, жалпы адамзаттық құндылықтармен байыта аламыз.
Бүгінгідей зымыран уақыт көшіне ілесу үшін, кез келген ортада бәсекеге қабілетті болу үшін, мектеп басқару жүйесіне білім мен ғылым жетістіктерін енгізіп отыру қажет. Себебі, дамудың жаңа дәуіріне қадам басқан сайын соған сай білім беру саласы да үздіксіз жетілдіріп отыруды талап етеді.
Ұлт Көшбасшысының «келешекке кемел біліммен» деп мұғалімдерге артқан сенімін ақтай отырып, білім беруді тәрбиемен жаңаша ұштастырып, оның сапасын көтеру – мәртебесі биік, маңызы зор жалпыұлттық мүдде.
Осындай, заман талабына сай Сыр өңіріндегі білім беруді дамытуға барынша жағдай жасау, аймақ Басшысының қашан да ең басты міндеттерінің бірі болып келеді. Бұл – келешегімізді кемел, елдігімізді мәңгі етуді көздейтін мемлекеттік көзқарас және азаматтық ұстаным.
Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, оларды алға жетелейтін ұстаздарымызға алғысымыз шексіз.
