Мұзарт шыңдай Мұзаға (Әдеби кеш)
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы
«Ақшұқыр мектеп – лицейі» ММ
Бастауыш сынып мұғалімі Жумабаева Айгул Аскаровна
Мақсаты:
1. Оқушыларды балалар ақыны М. Әлімбаевтың шығармашылығымен таныстыру.
2. Өлеңдерді мәнерлеп оқуға қызығушылықтарын арттыру.
3. Жаманнан жиренуге, жақсыны үйренуге баулу.
Көрнекілігі: «Сан қырлы талант» тақырыбында көрме,
М. Әлімбаев туралы бейнеүзік(youtuvecайты), слайдтар, көріністер, нақыл сөздер т.б.
Барысы:
“Алматы кешінде ” әнімен басталады.
Сөзі: М.Әлімбаевтікі, әні: Р.Байқадамаовтікі
Жүргізуші:
Балалар, білесіңдер ме,
Эфирден ақтарылып жыр есілгенде,
Осыны біздерге арнап кім жазды деп,
Атына көңіл қойып жүресіңдер ме?
Атына көңіл қойып жүрсіңдер ме,
Жасы үлкен жақын достарың,
Білесіңдер ме?…
“Балдырғанды” шығарып,
Сан ұрпақты
Қанша жыл жырларымен таңырқатты.
…Білмесеңдер, балалар,
Біліп алыңдар,
Кәрі де, жас та,
Бала да…жырына құмар
Жақында туылған күні болатын Мұзафар аталарың.
Мұзафар Әлімбаев!
Ұғып алыңдар.
Еслам Зікібаев ағаларың жырлағандай, Республикамыздың айтулы ақыны Мұзафар Әлімбай аталарыңның есімін білмейтін кісі кем де кем. – Мұзафар Әлімбай атамыздың шығармашылығына арналған бүгінгі кешімізге бәріңізге жақсы таныс “Аяның алақаны” кітапшасының кейіпкері Ая қызды шақырдық.
Мұқабасына “Мұзафар ата өлеңдері мен ертегілері” деген жазуы бар үлкен кітапты қолына ұстаған Ая роліндегі қыз бала келеді.
Ая: Балалар, сәлеметсіңдер ме? Мен “Аяның алақаны” кітабының кейіпкері – Ая қызбын және ақын Мұзафар аталарыңның туған немересімін. (Қолындағы кітапты ашып) Біз бүгін атамыздың балаларға арнап жазған өлеңдерімен танысамыз. Достар, мен жалғыз келген жоқпын, менімен бірге сендердің сүйікті жыршыларың Мұзафар атаның шығармашылығымен жақсы таныс, кішкене кезінен оның өлеңдерін сүйіп оқитын Білгішбекті және еріншек бала туралы ертегісінің кейіпкері Ертеңбайды бірге ала келдім.
Білгішбек ортаға шығып балалармен амандасады.
- Сәлеметсіңдер ме, Достар!
Ертеңбай келе қоймайды.
“Еріншектер елінің Ертеңбайы туралы” Ая қыз оқып береді кітабынан
Еріншектер елінде
Болған екен бір бала.
Текке келген өмірге
Түк түсінбес дүңгәна.
Не шығады селтеңнен,
Нендей қайыр сырдаңнан?!
«Ертең, ертең, ертеңмен»
Бар үлестен құр қалған.
Ая: Ертеңбай, қайдасың? Балаларға келіп амандассаңшы.
Есіктің арғы жағынан Ертеңбайдың даусы естіледі.
Ертеңбай: Ая, мееен саған айттым ғоой, балаларға ертееең барайық деп.
Білгішбек: Осы, Ертеңбай-ақ ертеең, ертеең деуден жалықпайды. Ертеңбай, балалармен кездесуіміз ертең емес, бүгін ғой, тездетсеңші.
Аяғын әрең басып Ертеңбай келеді.
Ертеңбай: Мен Мұзафар атамыздың “Еріншектер елінің еріншек Ертеңбайы” ертегісінің кейіпкері – Ертеңбаймын. Балалар, мына Ая мен Білгішбек жол бойы атамыздың қызық-қызық тақпақ, аңыз-ертегілері бар екенін айтып келді. Мен…, мен болсам ештеңе білмеймін. Бәрін ертеңге ысырып келе жатырмын. Білгішбек, сенің әңгімелеріңді мен де тыңдайыншы.
Білгішбек: – Онда бейнеүзікке назар аударайық.
Бейнеүзік көрсетіледі.
Жүргізуші : Келесі кезекті ақын өлеңдеріне берейік.
Көркемсөз оқушылар «Ана» «Ана тілі» «Ұстазыма» өлеңдерін мәнерлеп оқиды.
«Ана»
Жеңбейді сенен өзге ұйқы кімді?
Түн бақтың, күзетші етіп кірпігіңді.
Балбырап бесігімде уілдесем,
Күлімдеп, қабағыңа күлкі кірді.
Емізіп ізгі құнар ақ сүтіңді,
О баста ойлағандай мақсұтыңды,
Құйдың мол құлағыма қазақ жырын,
Жырлар деп жан тебіренте жақсы күнді.
Ойға алсам өкінемін дүркін-дүркін.
Көрмедің, көрмедің-ау, әттең шіркін,
Санатқа қосылғанын сары ұлыңның
Өзі-өз боп еңбекақы әкеп бір күн.
Иыққа іліп оттан жамылғыны,
Жүгірдім оқ ішінде дауыл күні.
Елімді өртке бермей өжеттендім,
Сондағы көрмедің –ау сары ұлыңды.
«Ұстазыма»
Сүйікті, парасатты мұғалімім!
Өзіңдей адам жанын ұғады кім?!
Бас иіп шәкіртіңдей құрмет тұтып,
Алдыңнан алғыс өлең шығар бүгін.
…Бердің де Ата кітап әліппеңді,
Сарбаздай сапқа тізіп әріптерді.
Алғашқы сабағыңның өзі -дағы
Алдыма Әлем сырын алып келді.
Әлемді араладым бірге өзіңмен,
Көргендей екеу емес мың көзіммен.
Талмастан тас ғасырын … тарих бетін,
Ақтардым. Есіңде ме ,бір кезгі Мен?
Мен бүгін азаматпын – жас маманмын,
Үмітін арқалаған ұлы Отанның.
Аз ғана еңбегіме алғыс алсам,
Мен емес, сол алғысты өзің алдың.
«Ана тілі»
Таудағы тас бұлақтың мөлдіріндей,
Даламның қызыл-жасыл өңіріндей.
Бәйек боп бауырына алған бөбек жанын,
Анамның мейірбанды көңіліндей.
Күйіндей тәтті толқын Тәттімбеттің,
Талындай он өрілген тал жібектің.
Гауһардың от шарпыған ұшқынындай,
Өлшеусіз кеңдігіндей жер мен көктің.
Аяулы абыройлы ана тілім!
Өстім мен саясында қанатыңның.
Кетіпті ғазиз анам сені сыйлап,
Жыр болып көкірегімде жанатұғын!
Жүргізуші: Мұзафар Әлімбаевтың сөзіне жазылған Ибрагим Нүсіпбаевтың «Мұғалім – ол біздің» әнін 2-сынып оқушыларының орындауында тыңдайық.
Жүргізуші:
Мұзафар атамыздың өлеңдерінің тақырыбы сан алуан.
Ақын өлеңдерінің ішіненбар болмысын, күллі қалам қасиетін салған “Менің Қазақстаным” атты лирикалық-философиялық поэманы айрықша бөліп атар едік. Мұның өзі – туған ел туралы толғау. Жұрттың “Мұзаға мұзарты” деп жүргендері де осы толғау шығар. Оның барлық ақындық қуатын аямай сарқа жұмсаған бұл шығарма – Мұзафар ата поэзиясының мәңгілік тақырыбы, алтын қазығы, тіпті мұзарт биігі екені де рас.
4 «А» сынып оқушысы оқиды.
«Менің Қазақстаным» поэмасынан үзінді.
«Менің Қазақстаным»
Көгінен күн аумайтын Қазақстан!
Төбеңде ашық аспан – таза аспан.
Қолымда алтын қалам өзің берген,
Өзіңсің өмір бойы жазар дастан.
Қадірлі Қазақстан, Отан-ана,
Есімім сенен бөлек атала ма?
Алдыңда парызымды өтеп келем,
Өтсем де қарыздар боп ата-анама.
Көгінен күн аумайтын Қазақстан!
Сен жайлы өмір бойы жазам дастан.
Сырлаймын әр сөзімді өле-өлгенше,
Соғамын сәнді сарай асыл тастан.
Ертеңбай: Балалар, қалай ойлайсыңдар, балаларға арналған өлең, ертегі, жұмбақ, жаңылтпаштар қандай болуы керек?
Балалардың жауабы: (Залға 2-микрофон ұсыну)
- Балалар өлеңдері қызықты, тартымды, өмірден алынған оқиғалар болу керек.
- Белгілі бір адамның не хайуанаттың әрекетін, адалдығын не арамдығын, батырлығын не бостығын, достығын не қастығын суреттейтін қызық оқиғалы болу керек.
- Балаларға арналған өлеңдер жаттап алуға оңай болу керек.
Білгішбек: Олай болса, балалар, енді «Түлкінің құйрығы неге ұзын ?» ертегісін тамашалайық.
Сахналық көрініс. «Түлкінің құйрығы неге ұзын?» ертегісі бойынша
Қатысушылар: Ертекші, түлкі, қоян
Ертекші:Таңданар нәрсе көп екен:
Бұрында, бұрын, бұрында
Түлкіде құйрық жоқ екен,
Жалған сөз деп те ұғынба.
Құйрықтың мұң боп жоқтығы,
Жылаумен өткен көп күні.
Қашанда, қайда барса да,
Аттаса болды қаншама,
Іздері жерде қалыпты,
Сол үшін түлкі налыпты…
…Жап-жасыл ойпаң-ояңда
Жолыққан түлкі қоянға.
Ұп-ұзын құйрық шұбалған.
Қашқанда қасқыр, жыланнан,
Аяққа болып оралғы,
Бөгейді-ақ екен қоянды…
Қырсық деп хақтың сыйлығын
Қарғайды екен құйрығын.
Қапыда бұта ішінен
Қоянды қолға түсірген.
Сахнаға аңдардың маскасын киген екі бала шығады.
Түлкі тасада тығылып тұрып қоянға тап береді.
Түлкі: (қоянды алқымынан қысып, ашуланып)
Менде жоқ құйрық сенде бар,
Сен кімсің сонша?! Өл де қал!
Жексұрын мына сыңайың:
Құртып-ақ сені тынайын!
Қоян: (жалына)
Қалдыр, жалғыз жанымды!
Сіз-ақ ал осы құйрықты.
(Қоян құйрығын жұлып түлкіге береді. Зорлықшыл түлкі ойланбастан өзіне жалғап алады)
Ертекші:
Қалыпты қоян сымпиып,
Құйрықтың түбі құнтиып.
Айлакер, жауыз, қу бөтен
Сол күннен бастап түлкі екен,
Болыпты ұзын құйрықты,
Болыпты қызыл құйрықты.
Ая: М.Әлімбай атамыз өлеңдерінде балаларды мақтаншақтық пен қызғаншақтық, өзімшіл менмендік пен даңғойлықтан сияқты жағымсыз қасиеттерден арылып, көпшілік пен бауырмалдыққа шақырады. Өлеңіне кезек берейік.
“Құстар тойында” өлеңі оқылады.
Той басталды жаз келіп,
Қазан асты қаз келіп.
Турады етті тоқылдақ,
Торғай кірді отын ап.
Ұзақ отты маздатты,
Тарғақ күріш тазартты.
Мейіз әкеп мекиен,
Шымшық татты шетінен.
Құманмен құр су құйды,
Жапалақтар үй жуды.
Сәбіз тіліп сауысқан,
Тырна тұзын салысқан.
Қырғи пиязз қуырды,
Қызғыш топтан қуылды.
Бұлбұл салды бұрышын,
Бәрі осылай тырысып,
Торғай палау пісірді,
Баптап асты түсірді.
Бөліп берді бөдене,
Бұл той емей немене?
Білгішбек: – Балалар, Мұзафар ата өлеңдерін бәріміз жатқа білеміз бе?
Балалар залда М.Әлімбай өлеңдерін жатқа оқиды.Әр оқушы өзін таныстырып, тақырыбын айтады.
Жаралы қайың
Ақ нөсермен жуынған,
Күн нұрына шомылған.
Көзді тартқан қырымнан,
Қайың орман солымда.
Жан қуантқан әрімен,
Жаратылыс баласы.
… Мен байқамай қалып ем,
Қарашы,әне, қарашы!
Жас қайыңды балтамен
Біреу кертіп кетіпті.
Сөлін ішіп банкамен,
Түбіне оның жетіпті.
Жалтырап тұр обал-ай,
Жап-жалаңаш жарасы.
Ешбір адам, о қалай,-
Бола алмаған араша?!
Қиянатқа қасарып,
Қайың үнсіз шыдап тұр:
Жылаған соң жасы ағып,
Ағаш діңін шылап тұр.
Ақылдасып әкеммен,
Таптым амал-шарасын:
Орадым да дәкемен,
Таңдым қайың жарасын.
«Жаңғалақ»
Шаштараздан шай сұрапты жаңғалақ,
Мұғалімнен май сұрапты жаңғалақ.
Етікшіге кітап іздеп барыпты,
Қайықшыдан тай сұрапты жаңғалақ.
Теңізшіден орақ сұрап жаңғалақ,
Оташыдан қорап сұрап жаңғалақ,
Бес күн қатар бет жумапты
Жаңғалақ.
Жөн сілтеген жолдастарын тыңдамай,
Қыңырайып, көп тулапты жаңғалақ.
«Ұмытшақ Үмітхан»
Сыныпқа келіп Үмітхан,
Жаутаңдап қара көздері,
Үйінде өзі ұмытқан,
Дәптерін таппай іздеді.
Сылтауратып бұлтара,
Күмілжіді Үмітхан:
- Дәптерді салмай сөмкеме,
- Мен емес, әжем ұмытқан,-
Айтқаны тіпті сөз емес,
Жалтарғаны – о несі?
Үмітханның өзі емес,
Оқи ма екен әжесі!
«Халық айтқан сөз анық»
Сыйлаймын деп ең сыныпқа,
Өзің еккен гүліңді.
Айтқан сөзде тұрмас па,
Көреміз қашан гүліңді?!
Онда сенің нең бар ?- деп,
Ашуланды Құрманбек.
Жолдасына қуланып,
Желкесін Алтай қасиды:
– Халық айтқан сөз анық,
Шолақ сай тез тасиды.
«Тәлім өлең» 3 Д –Айгүл 221каб –Тұрлыхан
Түзу отыр партада,
Қыры батпас арқаңа.
Бізде бар түрлі оқулық,
Сөзі мол ойға тоқырлық.
Мынау сынып тақтасы,
Бар жазатын ақ тасы.
Аянба, шомыл көк терге,
Әдемі жазғай дәптерге.
Жасама, бауырым,балалық,
Сөмкеңді теппе шана ғып.
Досыңдай жүрер күнде еріп,
Шәкіртке серік – күнделік.
Оқулық бір –ақ жылға ма?
Бүктеме, сызба, тырнама!
Алдыңдағы ақ қағаз,
Жасы ойларды тап та жаз!
Қарындаш,пенал сен ал да,
Салып қой кеште пеналға.
Мектепке беттеп жүрерде,
Затыңның бәрін түгенде!
«Ойыннан қайтқан Орақ »
Ойнап-ойнап манадан
Орақ келді даладан.
Пальто сүңгіп қуысқа,
Бөрік зырлап бұрышқа,
Етік шкаф үстіне
Ұшып барып түсті де.
Қолғап төрге атылды-
Қарасын тез батырды.
Бір-бірінен шошырдай,
Заттар басы қосылмай.
Түнде жатар бөлініп,
Көзге түспей көрініп.
Ертең шыққан күнменен,
Басталады дүрбелең.
Әрі ізде де, бері ізде,
Жоқ үйде де, дәлізде.
Көзге түсеркиім жоқ,
Бірі болса, бірі жоқ.
Ойран-топыр үй іші,
Күндегі осы жүрісі.
«Бастаған істі тастама»
Күн көзі жайнап ашылды,
Көк кілем жерді жасырды.
Трактор,соқа, машина
Қаптады егіс басына.
Егісте елді көргенде,
Ой келді кенет Дәрменге:
Орнына ескі жалбыздың
Дәнін екті қарбыздың.
Қызықты Дәрмен ойынға,
Болмады қарбыз ойында.
Жаз күнінде жел қақты,
Орнында семіп дән қатты.
Мол егін күзде жиналды,
Кеңейтті ауыл қырманды.
Қарбызын сонда еске алды,
Дәрменжан біздің кеш қалды.
«Бақшасын»келіп қараса
Басылып жатыр топырағы,
Тым құрса жоқ жапырағы.
Айтқана ғана тәтесі
Есіне түсті қатесі:
-Бастаған істі тастасаң,
Термейсің жеміс ешқашан.
«Орақ-олақ»
Қадаймын деп түсіп қалған түймесін,
Қоса тікті костюміне жейдесін.
Біздің Орақ-
Сондай олақ!
Орындықтың шығып кеткен шегесін,
Қағамын деп қапыда ұрды –ау шегесін.
Біздің Орақ-
Сондай олақ!
Ертеңбай:- Ой, мен бұл өлеңдерді жатқа білемін ғой! Ал маған атамыздың « Шынықсаң -шымыр боларсың» өлеңі ұнайды. Ол өлеңді біздердің ата-аналарымыз да жаттап, шыныққан. Енді балалармен бірге сол өлеңді айтып бірге шынығу жаттығуын жасайық.Ал енді балалар бәріміз орнымыздан тұрайық. Менімен бірге өлеңді айтып жаттығу жасаймыз.(Жаттығуды залмен бірге өлеңді айтып тұрып орындайды)
« Шынықсаң – шымыр боларсың»
Сағаттың тіліндей,
Иіліп оңға бір.
Сағаттың тіліндей,
Иіліп оңға бір.
Сағатқа қарап ап,
Жаттығу оңай-ақ!
Қақпаға туралап
Теп допты оң аяқ!
Қақпаға туралап,
Теп допты сол аяқ!
Оң аяқ!
Сол аяқ!
Жаттығу оңай-ақ!
Қарлығашқа ұқсайық,
Қане, қанат жаяйық!
Қарлығаш боп ұшайық.
Ұшып-ұшып алайық!
Тік ұста бойыңды,
Жоғары соз қолыңды.
Соз қолыңды тағы да,
Жеткіз жираф жалына.
Ая: Бұлардан басқа Мұзафар Әлімбай атамыздың балаларға арнап жазған кітаптарында тәрбиелік мәні бар өлеңдері көптеп кездеседі. Мысалы, ”Суайт сауысқан”, “Қырықаяқ”, “Әппақ пен сатпақ”, “Тарғыл мысық дағдысы” сияқты толып жатқан жырлары бар. “
Білгішбек:- Балалар білесіңдер ме, Мұзафар ата 5 жасында әріпті әліп деп біліп, кітап оқи бастайды. 6-сыныпта ауыл кітапханасының бір қыста 150-ден аса кітабын тауысып, “Бауырсақтан” бастап, “Батырлар жырымен” жалғастырып, Пушкиннің 4 томдығын тауысады. Бұл үлкен өнер жолына деген алғашқы баспалдағы еді. Ол 18 жасқа толғанда Ұлы Отан соғысы басталып кетеді де, атамыз өз еркімен соғысқа кетеді. Соғыста 8 жыл әскери қызметте болып, елге 1948 жылы оралады.
Жеңіл ойды ауырлатты қатал күн.
Жас болса да, тебіренбей жатар кім?
Жас иыққа бар тағдыры Отанның
Түсті келіп, мен де солдат атандым.
…Туған еді бізді анамыз балғын қып,
Жорықтарда өкшемізді алдырдық.
Төзбегенде шар болат, біз шыдадық
Өзіміздің күшті сонда сынадық! – деп,
ақын бұл туралы«Менің жастық жылдарым» өлеңінде баяндайды . Ал соғыс тақырыбын арнаған жырлары өз алдына бір кеш.
Ән: «Ел қорғауға әзірміз». Орындайтын 3 «Д» сынып оқушысы Өзен Ерасыл
Жүргізуші:- Балалар, қалай ойлайсыңдар, ойыншықпен ойнамайтын бала бола ма? Әрине, болмайды! Бүлдіршіндердің өмірін ойыншықсыз көзге елестету мүмкін емес! Енді кезекті ойыншықтар туралы
«Ойыншықтар» өлеңіне берейік. Оқитын 3 Д сынып оқушысы Халнияз Дариға.
«Ойыншықтар» (Сахнаға құлыншақ, қуыршақ, табақ, машина,бұлбұл ағашымен, күшік, қоян ойыншықтары қойылады. Өлеңді ойыншықтараға қарап отырып оқиды. )
Жүрмейсің бе абайлап,
Болмасаңшы ұрыншақ!
Асыр салып көп ойнап,
Ақсап қалдың құлыншақ!
Ашытпайды көзіңді,
Шомыла ғой, балақай!
Қарашы енді өзіңе,
Аппақ болдың, алақай!
Түсті түймең үзіліп,
Неге қадап алмайсың?
Тұр ғой әне ине-жіп,
Неге ұқыпты болмайсың?
Мектебіне ертемен
Баратұғын бала аз ба?
Апарамын ертең мен
Машина тұр гаражда.
Шырылдама, әндетпе,
Бұлбұлым, ертең жырларсың.
Папам келді қызметтен,
Ұйықтап біраз демалсын.
Тиіспе, күшік, қоянға,
Тентектікті қойыңдар!
Кикілжің жоқ араңда,
Тату-тәтті болыңдар!
Ая: Бұл әдемі, әсерлі өлеңді білмейтін бала араларыңда сірә, сирек болар. Ақын атам кішкентай кейіпкерінің тілімен ойыншықтар әлеміне бала көзімен қарап, тіл бітіріп жіберген. Қыз бала күллі ойыншықтарын тәртіпке шақырып, оларға татулық пен бірлік тілейді. Ал, балалар атамның мен туралы, Ая қыз туралы жазған өлеңдерін білесіңдер ме?
«Аяның алақаны» өлеңі. Ая өзі оқиды.
. Айналайын Аяның
Алақаны аялы:
Ая – біздің мейірбан,
Досынан жоқ аяры.
Айналайын Аяның
Алақаны аялы:
Қолда барын достардың
Алдына әкеп жаяды.
Айналайын Аяның
Алақаны аялы.
Білгішбек: Балалар! Ақын деген сөз грек тілінде данышпан деген ұғымды білдіреді екен.. Анау-мынау емес, Данышпан! Осыдан-ақ ақынмын деген адам өзіне қандай ұлы міндет жүктелгенін пайымдай берсін.
Қилы-қилы жұмбақтарын шешкен кезде,
Анау не екен, япырау?! – дескен кезде
Ертегілер еліне кетіп,
Мұхиттарды қайықпен кешкен кезде…
Жаңылтпаштан жаңылып қиналғанда
Өтірік өлеңін оқып иланғанда біздер Мұзатамыздың өзімізге жүктелген осы міндетті қалай атқарып жүргеніне көзіміз жетеді.
Енді кезекті атамыздың жұмбағын, логогрифтерін шешейік.Ол үшін экранға қарайық.
Жұмбақтар жасырылады. (Білгішбек слайдтан оқиды)
1.Үлкендігі бөріктей,
Ал салмағы көбіктей.(Шар)
- Күн ашықта сөреңде,
Күн жауғанда төбеңде. (Қолшатыр)
3.Жалғыз-ақ адам көретін кино,
Қас-қағым сәтте сөнетін кино.(Көретін түс)
4.Дөй батыр қорыққаннан,
Қой пақыр қорықпайды.(Қарақұрт)
5. «Әйт» дегенде зытқан,
«Қайт» дегенде қайтпаған.(Қоян)
6. Қызынса, өрге шығады,
Суынса төмен бұғады.( Термометр сынап бағаны)
7.Тас өседі ағашта,
Тас ішінде қатты уыз.
Бөлісіп же, таласпа. (Жаңғақ)
Алфавиттік жұмбақтар.
1.Жер өлшейтін саржан,
Белін буып алған.
Бұл қай әріп?(А)
2.Екі тіреу ,
Басқышы біреу.(Н)
Логогриф
1.Бойыңдағы нәріңмін,
Анық айтсаң жаныңмын.
Қоссаң дауыссыз дыбыс,
Дастарханнан табылдым.(Қан-қант)
2.Қымбат кенмін түсінсең,
Қолға ұстайтын сән көріп.
Соңғы әрпімді өшірсең,
Шыға келем сан болып.(Алтын –алты)
Ая:
Мұзафар атамыздың аспан кемесінде жұмыс істейтін мамандық иесі туралы «Аспандағы әпке» өлеңін тыңдап көрейікші.
«Аспандағы әпке» өлеңі оқылады.
Қарсы алды әпке бұл.
Жайраң қаққан сол әпке
Жайғастырып орныңа,
Бір-бір журнал, газеттен
Ұстатады қолыңа.
Жасы үлкенге баладай
Бәйек болып жүргені!
Кішіні де аялай,
Бәйек болып жүргені.
…Бір сәт тыным көрмейді,
Аяғынан тік тұрып
Сыйлаттырмай қоймайды,
Сыйламаймыз текке біз.
Көптің қамын ойлайды,
Аспандағы әпкеміз
.
-Балалар «Аспандағы әпке» дегеніміз кім? (Балалардың жауабы) Дұрыс -Стюардесса. Мұзафар атамыздың “Аспандағы әпке” өлеңімен аттас кітабы әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлықты алған.
Білгішбек: Мұзафар Әлімбай атамыздың мүйізтұмсық, жираф, арфа, аквариум, құмырсқа жер туралы өлеңдерінің де танымдық мәні зор.
– Балалар, қалай ойлайсыңдар, далада өсетін ошаған мен қошақанның бір-бірімен қандай байланысы бар? Мұзафар атамның қошақан мен ошағанды ала отырып, балаға қызық табиғат құбылысын танытатын, географиялық-биологиялық білім беретін “Қошақан мен ошаған” деген тамаша өлеңі бар.
Балалар өлеңді рөлге бөліп оқиды.
Қошақан: Өй, ошаған, ошаған!
Қоймаушы едің түйремей.
Неден жұмсап босаған
Тікендерің инедей.
Ошаған: Келе жатқан жаңбыр бар,
Өн бойымды алды ылғал…
Қошақан:Әй, ошаған, ошаған.
Бүгін қалай қадалдың?
Қастығың ба жасаған,
Қадалғаннан қан алдың?!
Ошаған: Ашық болса, күн жаумай,
Қатаямын жұмсармай,
…Жаумай ма, әлде жауа ма,
Қандай болмақ күн бүгін-
Тікеніме қара да,
Ауа райын біл бұрын.
Ертеңбай: Мұзафар Әлімбай атамыздың көптеген өтірік өлеңдері тақырып, таным жаңалығымен ерекшеленеді. Балалар, ендігі кезекті “өтірік өлеңшілерге” берсек.
Өтірік өлең оқитын балалар ортаға шығады.
Алдайды деп аптықпа,
Үйір емен дақпыртқа:
Ай қасында түнедім,
Орандым да ақ бұлтқа.
Ұлу озды елікпен жарысқанда,
Тышқан жеңді аюмен алысқанда.
Арбама атты қойып, қоңыз жектім,
Бір емес қатарынан тоғыз жектім.
Жайраттым пілді түйреп қаламұшпен,
Астым мен машинадан қара күшпен.
Жалғанның жүйрігі деп өзім баптап,
Ішінде тасбақаның тамақ ішкем.
Ая: Санамақтарының өзі біршама. Санамақты да тыңдап көрелік.
Санамақ
Бір дегенім- бір таяқ,
Екі деген – екі аяқ.
Үш дегенім – үшкір тіс,
Төрт дегенім төртбұрыш.
Бес дегенім – бес қатар,
Алты деген – алты атар.
Жеті – жердің жемісі,
Сегіз – төлдің семізі,
Тоғыз деген төлбасы,
Он деген – он жолдасы.
Сан білмеген айта ма,
Санамақты қайтала!
Білгішбек: Ақын атамыз нағыз Данышпан!. Білмейтіні жер астында көрінеді. Сегізаяқ деген не? Қол, аяқ, көз, құлақ неге екеу? Минут деген немене? Кім жомарт? Не жомарт? Сөз жоқ осындай, тіпті мыңдаған сауалдарыңа жауапты Мұзафар атаның өлең қоржынынан табасың. Оған кәміл сене бер! Міне, еңбекқор данышпан деп осыны айт!
Енді Мұзатамыздың сұрақтарына жауап беріп көрейік.
“Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?” өлеңі оқылады.(Слайдтан 2-шумақ көрсетіеді)
Жазыпты бала,
Сен оқып қара,
Қайсысы дұрыс?
Қайсысы бұрыс?
Шөлінде-бұлан,
Інінде-ұлан,
Тайгада-құлан,
Елінде –қыран
Көгінде-жылан.
Балалардың жауабы.(Залға 2-микрофон апару)
Ая : Атамыздың ұсынып отырған мына бір топтамасынан сендер көпшілік біле бермейтін талай-талай атауларға қанығасыңдар. Ол сөздерді естеріңе сақтап, сөздік қорларыңды байытып жатсаңдар нұр үстіне нұр.
- Пәйке-бұғы танасы
- Саһар-аққу қоразы
- Тағылан -жайран
- Қауыр-тау құсы
- Бандал-еменнің бас бұтағы
- Шөнжік-жолбарыстың күшігі.
Осылай жалғастыра беруге болады.
Білгішбек: Мұзафар Әлімбайатамыз 85 шақты ақынның туындысын қазақ тіліне аударған екен. Олардың ішінде Пушкин, Петефи, Лермонтов, Сағди, Фирдоуси, Райнис, Руставели, Тоқтоғұл, Зелили, Маяковский, Мицкевич, Орбелиани тағы басқалар бар. Аударманы әрі өнер, әрі ғылым санайтын қаламгердің “666 нақылдан” бастап “Маржан сөзге” дейінгі аудармалық еңбектер шоғырының өзі – бөлек тараулы әңгіме.
Ертеңбай: Балалар, ақын атамыздың жаңылтпаштарын білесіңдер ме?
Ал қайталайықшы:
Шұңғыл шұңқыр,
Шұңқыр шұңғыл.(Зал қайталайды).
Ал, енді кезекті жаңылтпаш айтушыларға берейік.
Ортаға екі бала шығып, жаңылтпаш айтып жарысады.
- Оқушы айтады, екіншісі қайталап, сосын өзінің жаңылтпашын айтады.
Ұшы үшкір ұшқыр үш жебе алдым,
Үшеуі де үшкір, ұшқыр деп алдым.
2.Жұлып ем дөң басынан долананы,
Долананың домалағы
Дөңнен төмен домалады.
3.Бала бал арасын қуалады.
Бал арасы баланы қуалады.
4.Жағажай.
Жағажайда Қамажай.
Жағажайды жағалай,
Жүгіреді Қамажай.
5.Омартаға Омар тағы барды,
Ол ортада Омарды ара шағып алды.
Ая: Балалар, Мұзафар атамыздың көп еңбектенетінін білдіңдер. Ал осылай көп еңбектенуді кімнен, қалай үйренгендігі жайлы білгілерің келе ме? Бұл туралы атаның өзі былай дейді: (кітабын ашып оқиды) «…Дімкәс әке-шешеміз бізге кезекпен үй сыпыртатын, су әкелдіретін. Алты-жеті жаста мал жайлауды үйрендім. Тезек теру, шілік шабу, отын жару – бала шақтағы күнделікті үрдісіміз еді. Ауаны қалай жұтсақ, суды қалай ішсек, бұлар да сондай үйреншікті машық еді, арба жегу, етік жамау, түйме қадау, кір жууды да жатырқаған емеспін, кейде апама болысып, сиыр сауған күндерім де болды… Осының бәрінің өсе келе пайдасы тиді, әсіресе әдебиетте. Солардың бәрі еңбектене білуге, еңбектен ләззат табуға үйретіпті” – деп есіне алады.
Ертеңбай: Міне, достар, мерекеміз аяқталуға жақын қалды.
Шәкірт болсаң,
Шоқандардай озық бол,
Оқу-білім бейнетіне төзіп көр.
Ертеңгі істі бүгін ойлап, бейімде,
Бүгінгіңді ысырма тек кейінге.
Қадари-хал талабы бар әркімнің,
Жастан шырқа әнін туған халқыңның.
Кітап құмармен сырлас бол,
Кластастармен мұңдас бол.
Қылқалам, бояу сөйлесін,
Сал туған ауыл бейнесін!
Үлкеннен үйрен,
Кішіге үйрет.
Жаманнан жирен,
Тозғанды күйрет, – деп Мұзатамыз маған да, сендерге де
өсиет жолдапты. Достар, мен сендердің орталарыңа келгеніме қуанып тұрмын. Өзім сияқты Жаңғалақ, Ұмытшақ, Ертеңбай, Олақбайларға кітапты көп оқып, өлең-жыр, аңыз-ертегімен дос болыңдар демекпін!
Ая: Атам – кітап, мен – дәптер,
Ақыл толы сөзіне.
Қызығам да, әлбетте,
Көшіремін өзіме.
Еш дүкенде сатылмас
Тегін кітап – сарқылмас
Өмір – кітап – атамыз!
Беттері ашық ұдайы,
Оқылатын кітап ол.
Сырын ашып ұдайы,
Тоқылатын кітап ол.
Еш дүкенде сатылмас
Тегін кітап – атамыз!
Қанша оқысаң, сарқылмас
Өмір-кітап – атамыз!
Білгішбек:
Кітап та алма ағашы
Жемісін біздер теретін.
Тәтті алмаға балашы,
Кітабыңның әр бетін.
Үшеуі бірге : Кітаппен дос болыңдар, балалар! Қош сау, болыңдар!
Қонақтар балалармен қоштасып шығып кетеді.
Жүргізуші:
Бірде ақын атамыз журналистің “Сіздің бойыңыздағы әсемдік, сұлулық, сезімталдық әлемі – ақындық талант пен құдірет қара сөз өнерінің қайнар көзі – мақал-мәтелдерге деген қабілеттің қалыптасуына негіз қалаған не нәрсе деп ойлайсыз?”- деген сауалына мынадай жауап беріпті
“Оған әсер еткен, ең алдымен менің алтын бесік-атамекенім Маралдының шырышы бұзылмаған арда табиғаты мен көз жанарыңды суырып әкетердей әсем көрінісі деп айтуыма болады. Егер біреу: ”Жыр әлеміне келер жолда кімге қарыздарсыз?”,-десе, онда мен еш ойланбастан: “Қасиетті туған жеріме, оның қиялыма қанат бітірген сұлу да әсем табиғатына борыштармын”,-деп жауап берер едім”-, дейді ақын атамыз.
Ақын атамыздың туған жері Маралды ауылына арнаған «Маралдым» әнін тыңдайық.
“Маралдым” әні орындалады. Әнін жазған: Ә.Бейсеуов. Өлеңі: М.Әлімбаевтікі.
Жүргізуші: Тумайды жұртын ақын жылатуға,
Туады жүректерді нұрлатуға,
Өлеңін орамал ғып өтеді олар
Көз жасын адамзаттың құрғатуға.
Айнымас ол – әділдік баласы да,
Қыңбайды күншілдердің табасына
Жүрегін көпір етіп төсейді ақын:
“Жетсін, – деп, – жұртым бақыт жағасына!”
Шығандап шың басына шығады өнер.
Шын ақын екі туып, бір-ақ өлер.
Алдында әр заманның, әр ұрпақтың
Құламай тіккен туы тұра берер. , деп «Ақын» өлеңінде айтқанындай
Ақын атамыздың шығармашылығынан әлі талай жас ұрпақ нәр алатыны сөзсіз,-деп бүгінгі кешімізіді аяқтаймыз. Келіп қатысқандарыңызға рахмет айтамыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әлімбаев М. Таңдамалы шығармалары, 1-2 том
2. Әлімбаев М. Балдәурен, шіркін, балалық: Өлеңдер, әндер, аңыздар, ертегілер, дастандар.-Алматы: Жазушы, 1973.
3. «Балалардың сүйікті жыршысы»М.Әлімбаевтың шығармашылығына арналған әдістемелік құрал.(С. Бегалин атындағы Республикалық балалар кітапханасы )
