Қазақ тарихи жырларындағы хандар бейнесі

ШҚО, Семей қаласы «№ 8 жалпы орта білім беретін
көркемдік-эстетикалық білім және тәрбие беру мектеп-кешені» КММ

Әдеби драма студиясының жетекшісі

Қасенова Данара Сабиханқызы

Қилы – қилы тарихи кезеңдер аясында қазақ сөз өнері де жалғасын тапты. Қазақтың бай фольклоры мен ежежелгі ортақ жазба ескерткіштер негізінде дамып қалыптасқан дамыған XV-XVIII ғасырлар поэзиясы – қазақ халқын ықылым замандар бойы жасаған сөз өнерінің , тума әдеби қазынасының үлкен бір саласы, құнды бір мұрасы. Бұл мұраның ең бір қасиеті- 15 ғасырдың ортасы мен 18 ғасырлар аясында қазақ хандығының құрылып, қазақ халқының қалыптасуы сияқты күрделі тарихи кезеңдерінің көптеген тұстары көркемдік дәрежеде бейнеленуінде. Осы дәуірде Қазтуған, Асан қайғы, Досмамбет, Шәлгез, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәттіқара, Үмбетей, Бұқар сияқты ақындардың мұрасыпайда болып, кейін олар ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына қосылды.

XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы, негізінде жыраулық поэзия. Алғашқыда иыр, иырағу- жыр, жыршы сөзінен шыққан жырау аты әрі өз жанынан өлең, жыр шығарушы, әрі бұрыннан қалыптасқан туындылары- эпостық дастандарды жатқа айтып, ұрпақ сана – есіне жеткізуші, орнықтырушы қызметін атқарған халық поэзиясының өкілі.

Жыраулық поэзия – ғасырлар бойы қалыптасып,дамыған ұлт әдебиетінің ғажап көркемдік құбылысы. Әсіресе, XV-XVII ғасырлардағы тарихи оқиғалар, соның ішінде Алтын Орданың құлауы, Керей мен Жәнібек сұлтандардың Алтын Ордадан бөлек кетуі сияқты ірі оқиғалар, сол тұстағы жыраулық поэзияның күн тәртібінен түспейтін негізгі тақырыпқа айналды. Бұрын Алтын Орданың құрамында болып, қоян-қолтық аралас өмір сүріп келген қазақ пен ноғайдың айырылысу сәттерін жырға қосқан жыраулар аянбастан жыр – толғауларын ағытып жатты.

«Жылау, жылау жылау күй,

Жылаған зарлы мынау күй

Қазақ пен Ноғай айырылды,

Қазақ сартқа қайырылды

Ноғайлының ну елі,

Күңіренді, қайғырды»

Қазақ сұлтандарының Алтын ордадан бөлек кетуі болашақ өмірімізде баға жетпес оңды нәтижесін бергенімен, тұрып жатқан мекенінен үдере көшудің елді күйзеліске түсіргені осылайша көрініс берді.

XV ғасырдың екінші жартысында Керей мен Жәнібек сұлтандар көптеген рулар мен тайпаларды ертіп, Шығыс Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайырдан бөлінгенннен кейін, Моңғолстанның батысына қоныстанған болатын. Бұл жайында Асан қайғы:

Жәнібек атты жақсы хан,

Еділ менен Жайыққа

Кәуірге қала салдырдың

… Көңілді жаман қалдырдың,- деп тарихи деректен мәлімет береді. Міне, осыған дейінгі төрт ғасыр бойында алма – кезек жалғасқан қазақ хандар династиясының бастаушылары Керей мен Жәнібек хандар екендігіне осы сияқты жыр жолдары куәлік етеді

Қазақ хандығы дәуіріндегі ақын- жыраулардың өлең, жыр – толғауларында көбінесе Керей мен Жәнібек, Есім, Қасым, Тәуекел,Абылай хандардың бейнесі сомдалды. Мысалы Сыпыра жыраудың толғауларында Шыңғыс хан, Әмір Темір есімдері назарға алынса, Асан қайғы толғауларының бас объектісі Әз- Жәнібек болып келеді. Сонымен қатар , Шалкиіз жырау, Би Темір мен Шобан батырды, Жиембет Тәуекел мен Есім ханды, Жолымбет батырды,Марғасқа Тұрсын ханды, Үмбетей мен Бұқар Абылай ханды жырға қосады.

Жыраулар таңдайының астына бұлбұл қондырғандай сайратып, жайнатып, күмбірлетіп, дірілдетіп айтады. Шындыққа шымылдық салмай, бүркемей батыл айтады, суырыпсалып айтады. Хандар дәуірінен көп құжаттар қалмаған, дегенмен жыраулар хандар келбетін көркем сөзбен салып кеткен. Жиембет жырау сөзін қараңызшы:
Енсегей бойлы ер Есім,
Есім, сені есірткен –
Есіл менің кеңесім.
Ес білгеннен Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін, – деп Есім ханды тәубесіне келтіреді, екпінін басады. Сол ХV ғасырда айтылған толғаулы, түйінді сөздер бүгінгі заманның үндерімен, талаптарымен үйлесіп жатқан жоқ па. Өз уақытының асқан данышпаны болған Асан қайғы атамыз (ХV ғ.) болашаққа болжам жасап, қабырғасы сөгілгенше халқын ойлап Жәнібек ханға айтатыны мынау еді ғой: «Ойыл көздің жасы еді… Ойылдан елді көшірдің, Жемді кеңес қылмадың, Жемнен де елді көшірдің… Еділ деген қиянға, еңкейіп келдің тар жерге» деп күрсініп, күңіреніп тіл қатады. Сөйтіп, ханның бей-берекет мінезін қатты сынға алады.
Ашу-дұшпан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің?
Түбі терең қуысқа, – деп ханды игілікті істерге, қайырымды, мейірімді жаққа шақырады. «Арғымаққа міндім деп, Артқы топтан адаспа! Күнінде өзім болдым деп, Кеңпейілге таласпа! Артық үшін айтысып, Достарыңмен санаспа! Ғылымым жұрттан асты деп, кеңессіз сөз бастама! Жеңетін деп біреуі; өтірік сөзбен қыстама!» дейтін Асан қайғының жыр толғауында тобықтай түйін бар. Жыраулар дені от тілді шешен, әрі батыр, әрі көсем, әрі әскер басы, ақылды ақын болған. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз жыраулар болат қылыш асынған, арғымақтың талдай мойнын талдыртқан, күңіреніп күн түбіне жортқан нағыз баһадүрлердің ғұмырын кешкендер санатына жатады. «Дулығамның төбесі туған айдай болмаса, Батыршылық сүрмен-ді» батыр жігіт қол бастар деп елінің, жерінің тұтастығын ойлаған. «Бір жақсымен дос болсаң, азбас-тозбас мүлкі етер. Бір жаманмен дос болсаң, Күндердің күні болғанда Бар ғаламға күлкі етер» деген жырау жолдарында өміршең ой, өрнекті жыр, өрісті тілек тоғысқан.
Жиембет жырау (ХVІІғ.) арғымақ үстінде жүріп талай ерлігін елге паш етіп, өр мінезімен хан бетін де қайтарып отырған.
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пен аюдай.
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай мен қайыңдай… – дейді.
Бұл нағыз хас, батыл да өжет жырауларда біткен мінез еді. «Бөгенбай өліміне», «Бөгенбай өлімін Абылайға естірту» толғауларында Үмбетей жырау (1706-1778) қажымас, қайратты батырларды кейінгі ұрпаққа өнеге етіп жырлайды.
ХVІІІ ғасырдың көрнекті өкілдерінің бірі Қалқаман батырдың баласы – Бұқар жырау, Абылайдың тұстасы, кеңесшісі еді. Аласапыран заманда ғұмыр кешкен елінің тағдырын еміреніп ойлаған, айтқандары ел аузына тарап кеткен, ақылгөй, данышпан жырау болған. «Керей, қайда барасың?», «Ей, Абылай, Абылай» толғауларында халқының қамын ойлап, аз сөзге көп мағына алдырып, заманының ірі әлеуметтік мәселелерін қозғап, даудың түйінін тарқатып, шешімін өзі айтқан Бұқар жырлары парасат биігінен, ой тереңдігінен көрінген. Абылайды бала жасынан білетін жырау:
Қырық беске келгенде,
Жаман мен жақсы демедің.
Елу жасқа келгенде
Үш жүздің баласының
Атының басын бір кезеңге тіредің,– деп Абылайды қолбасшы, көшбасшы ретінде орынды мадақтайды. Жырауға ел тағдыры, ел бірлігі қымбат еді. Сол үшін де Абылайдың кемшіл тұстарын жасырмай бетіне айтады. Халық пен хан арасы алшақтап бара жатса жырау дәнекер дана сөзін айтып, бірлікке, тұтастыққа шақырады. Ханды Бөгенбай, Қабанбаймен салыстыра кетіп, халық батырларын арқа тұтуға шақырады. Абылайдың беделді биік тұстарын да толғауына қосады.
…Үш жүздің басын құрадың,
Жетім менен жесірге.
Ешбір жаман қылмадың,
Әділетпен жүрдіңіз
Әдепті іске кірдіңіз.
Арманың бар ма хан ием?!
Мәртебелі төбеге
Жауыңды алып жайладың.
Жеті күн кірісіп ұрысқан,
Өлімге басың байладың.
Үш жүздің басын біріктіріп бірлікті нығайтқан Абылай ханның ірі қимыл, әрекеттері жырау жырында жарқырап қалып қойған.

Академик Манаш Қозыбаев ХХ ғасырда өмір сүрген Әбдіғапар хан туралы: …Ауыр заманда ту көтерген ерлердің бірі Әбдіғапар даңқ үшін әмір болмады, ел есімін атады, ол көнді, Отан үшін жанын пида етіп, шүберекке байлады. Патша жендеттерінен аман қалған Әмір Әбдіғапар большевиктік экстремизмнің құрбаны болды…» деп жазған еді. Ахмет Байтұрсыновтың осы хан жайында жазғаны бар екен.
Жеті атадан қара аруақ,
Қалып еді артына.
Әділдікпен ел билеп,
Тартып еді салтына, – дейді.
Патша әскерімен талай рет шайқасқа түскен, ақсақалдар шешімімен Торғайға хан сайланған Әбдіғапар халықпен бірлесіп, ақылдасып, билеудің жолын қарастырған сауатты да, білімді хан еді. Файзолла ақын «Әбдіғапар хан» дейтін толғауында:
Хан болған он үш болыс үш Торғайға,
Жігіттің сұлтаны еді-ау Әбдіғапар.
Еске алсаң елжірейді жүрек-бауыр,
Дүниеге сирек келер ондай тәуір,
Сабырлы, ақыл иесі, білімге бай,
Ерекше бір белгісі – мінезі ауыр, – деп толғана, тебірене жырлайды.
Мінекей, қазақтың соңғы хандарының бірі саналатын Әбдіғапардың да тағдыры аянышты аяқталады. Десек те, қазақ хандарының тарихы ел аузында, халық аңыздарында, жыраулар жырында қалып қойды. Әлі де талай әңгіме, дастандар, хикаялардың беті ашылар, кітаптар жазылар деген үміттеміз. Қазақ хандығының 550 жыл қарсаңында айтылатын, жазылатын сөз, орнайтын ескерткіштер алда деп білеміз.

Ответить

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше