ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ АРҚЫЛЫ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ӨРКЕНДЕТ У
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы
Құрманғазы атындағы саз колледжінің
жоғарғы санатты оқытушысы
Сұлтанғалиева Шұға Каримовна
Қазіргі қарқынды даму үстіндегі ақпараттық қоғамда ұлттық құндылықтарымыз көмескілене бастаған тұста ұрпақ санасына салт-дәстүрімізді сіңіру – кезек күттірмейтін өте маңызды іс.
Халықтың мақсат-мүддесінен, арман-тілегінен, ізгі ойларынан, талап-тілектерінен пайда болған тәрбие нақыштары барша халыққа ортақ, оларды тәрбиелеудегі бірден-бір баға жетпес құралы болмақ. Жер бетіндегі әр халықтың ғасырлар бойы жинаған асыл мұралары бар. Ол – халықтың рухани қазынасы. Рухани қазына ата-бабамыздың мұрасы, тәрбиесі, бір сөзбен айтқанда жан дүниесіндегі адамгершілік құндылықтары.
Қазақстан Республикасының жаһандану,рухани жаңғыру сипатын дамыту жолында, қоғам алдында ұрпақты заман талабына сай интеллектуалды, жоғары мәдениеттілігі имандылықпен ұштасқан ұлтжанды етіп тәрбиелеу жолын дұрыс жолға қою міндеті тұр. Елбасы Н.Назарбаев «Кешегі бабамызбен ғана емес, бүгінгі бағамызбен, ертеңгі шамамызбен де мақтана алатын ұлт болуды ойлауымыз керек» [1. 106 б.] – деп нақтылағанындай, ата-бабамыздан қалған ұлттық тәлім-тәрбиені болашақ ұрпаққа ұғындырып, түсіндіруді мақсат тұтқанымыз жөн. Этномәдени дәстүрлеріміздің өткені мен бүгінгісін саралап,тәрбие беретін тиімді жолдарын қарастыра,қолға алуды ойластыру ұлттық мәдениетіміздің өркендеуіне қосар үлесіміз болар еді. Ә.Табылдиевтің сөзімен айтсақ: «Ұлттық тәрбие ұлттық мәдениетті өркендетудің бірден-бір жолы болып табылады. Ұлттық салт-сананың үрдістері рәсім, рәміз, кәде, жөн-жоралғы, ырым, тыйым тағы басқа өмір қолданыстары арқылы іске асырылады да, ұлттық болмыс пен ұлттық мәртебенің мәдени-рухани деңгейі өмірден көрініс табады. Ұлттық тәрбие осылай өз нәтижесін береді», – деп, ұлттық тәрбиенің қажеттілігіне түсінік береді [2. 52 б.]. Атадан балаға сан ғасырлар бойы мұра болып жеткен салт-дәстүрлеріміздің халық педагогикасында жастарға саналы тәрбие беруде таптырмас құрал болатынына ешкім де шүбә келтіре алмайтыны анық. Өйткені, туған халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тіршіліктің сан алуан қағидалары, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарынан алыстап бара жатқан кейбір бүгінгі ұрпақ үшін маңызы айрықша болмақ.
Болашақта гүлденген Қазақстанның одан ары қарай қарыштап өркендеуінің негізгі тұтқасы болатын демократиялық қоғамды құратын парасатты,бiлiмдi тұлғаларды дайындауда жастар арасында ұлттық тәлiм-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру аса маңызды. Озық жетiстiктерге негiзделген бiлiм нәрiмен қатар, ұлттық тәрбие құндылықтарын бойына сiңiрген ұрпақтар ғана ұлт тағдырын тереңiнен таразылап, болашағын барынша болжайтын тұлға ретiнде танылатыны ақиқат. Қазақ елі – салтқа, дәстүрге, ырым мен тыйым, әдет-ғұрыптарға өте бай халық. Халқымыз олардың әрқайсысының өзіндік орны, ерекшелігі бар екенін ескере отырып, қажетіне қарай пайдаланған. Ол бізді басқа халықтардан оқшаулап, айшықтап, ерекшелеп тұратын халықтың жүрегі,тамыр соғысы тәрізді. Ол тоқтаса халықтың өмір сүруі де тоқтайтыны белгілі. Дәуірлер бойы қалыптасып, дамып, жаңару үстінде келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың көмескіленіп, қолданудан шыққан немесе шыққалы тұрған, жаңадан енген тұстарын ашу және заманға сай қолданысқа енгізу жағын қарастыру – өте керек дүние. Сол себепті, ғасырлар қойнауынан келе жатқан асыл қазынамызды тәрбие үрдісінде дұрыс қолдана білуде осы тәріздес тағылымы мол тәрбиелік құралдарды пайдаланып,мәдени орындар мен тәрбие беретін оқу орындары да көптеп қолға алса екен деген ой мазалайды. Әсіресе, қазіргі жаһандану дәуірі өрлеп тұрған тұста елдігімізді сақтап, мемлекеттігімізді нығайту, ұлттығымызды көркейту үшін дәстүрге бай қазақ халқының жас ұрпаққа ұлттық рухтағы тәрбие беру мәселесі қашан да ең басты орында тұруға тиіс. Қазақи қасиеттеріміз бен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз арқылы жастардың жүрегін тербей отырып, ой-санасын адамгершілікке, парасаттылыққа, адалдыққа, рухани ізгі қасиеттерге баулып өсіруге бағыт-бағдар беретін оқу орындарында тәрбиелік орны ерекше болатыны даусыз.
Жастар – Қазақстанның болашағы десек, яғни, бізді басқа халықтардан ерекшелейтін тектілігін, дарындылығын, дархандығын, қонақжайлығын ары қарай қалыптастыра отырып, жоғарыда талданған салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар арқылы сол құндылықтарды құрметтеуге, өз ана тілінің мәртебесін арттыруға, тарихын тереңнен біліп, дінін, ділін берік ұстануға тәрбиелеуде және осы тәріздес халқымыздың асыл қазыналарын сақтауға, сонымен бірге қорғауға үйретуді біз тек сәби, мектеп кезінде ғана оқытып қоймай, ары қарай арнаулы орта,жоғары оқу орындарында да оқытуды негізге алуы керек-ақ. Мұндай қолға алынатын салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар арқылы тәрбиелеу шараларының нәтижесі – қоғамда қазір кең етек алатын әр түрлі кінәраттарға тосқауыл жасап, дөрекіліктер мен қатыгездіктен тиылуға және әдептіліктің бойға даруына ынталандыратын тиімді тәсілі болмақ.
Ұлттық тәрбиедегі адам баласын тәрбиелеудегі маңызы мен мәні салт-дәстүрлік нақыш тұрғысынан сараланып, тәжірбиелік қырымен байланыстыра талданылады. Ата-баба мұрасындағы салт-дәстүрдің қолданылу аясы мен пайда болу негізін, тәрбиелік мәнін білу жастарды өз елінің ұлттық қадір қасиетін терең меңгеруге септігін тигізеді.
Ұлттық тәрбиенің түп төркіні халық педагогикасымен байланысып жатқандықтан, ол халықтың рухани әрекетінің барлық саласын қамтиды. «Қазіргі қоғамның жаңаруында әрбір ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында ұлттық тәрбие шешуші фактор болуы заңдылық» [3. 36 б.], – деп, Елбасы өз жолдауында нақтылағанындай, қазіргі заманның жаһандану сипатымен үйлестіре адамның ұлттық қасиетін қалыптастырудың ең тиімді мүмкіндіктерін, жолдарын зерттеу, қарастыру өзекті мәселелердің бірі. Қоғам жаңарған сайын адам да жаңара түседі, оның мінез-құлқы да жаңарып отырады. Ол заңды да. Экономикалық және әлеуметтік табыстардың түп қазығы жаһандану сипатындағы моральдық және мәдениеттілік сипатында екендігі түсінікті. Білім берумен қатар, қоғамға адал, арлы мәдениеті мол адам тәрбиелеу оқу орындарының міндеті. Осы жолда ұлттық тәрбиеге негіздеп, білім беру сипатының жолдарын айқындап алғанымыз жөн. Ұлттық тәрбиелік білім беру ғасырлар бойы жалғасқан мол халықтық мұра – тәлім-тәрбие негіздері қайта қаралып, ғылыми сипатқа ие болу деген мақсатта болуы тиіс. Оның басты түйіні халық ауыз әдебиетінің түрлері мен аңыз-әңгімелерінде, ертегілерінде, батырлық жырларда, ғибраты мол би-шешендердің нақыл сөздері мен тәрбиелік ой-пікірлерінде жатыр. «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» [4. 56 б.], – деп, кезінде ғалым М.Жұмабаев айтып өткеніндей, ұлт тәрбиесін білім алушыға дұрыс деңгейде бере білсек, бүгінде белең алып жатқан жастар арасындағы келеңсіз оқиғалардан арылуға жол салған болар едік. Дегенмен де, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақша оқытатын мектептер көптеп ашылып, жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісімен айналысу жағы дұрыс жолға қойылуда. Шынайы білім ең алдымен ұлттың игілігіне, одан әрі адамзаттың, жеке тұлғаның игілігіне бағытталуы тиіс. Ұлттық білімнің өзектілігі де осында. Ұлттық білім беру жүйесінің негізі болып педагогикалық дәстүр, білім беру дәстүрі, жүздеген ғасырлар бойы қалыптасқан біздің бойымыздағы құндылықтарымыз саналады. Яғни, нағыз педагог та, педагогика да халықтың өз ішінде жатыр. Сондықтан да, ұлттық тәрбиені білім алушы жастардың бойына сіңіру – біздің басты міндетіміз.
Ұлттық сана-сезімді жастарға өз ұлтының әлеуметтік мәнін түсінуі, ұлтаралық қатынастарда қандай жағдайға ие екендігін, жалпы адамзат дамуында қандай үлесі бар екендігін ұғындыра отырып, әрі өзге халықтармен бірдей бостандықта өмір сүруін және т.б. жағдайларды жете түсіндіру қарастырылады. Сонымен бірге, қазір жаһандану жағдайында жастардың мінезінде бұзылу қаупі бар, олардың бірсыпырасының әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқандары байқалады. Сезім адамның тіршілік қажетіне, өзара қарым-қатынасына байланысты түрлі формада көрінетінін сезіндіріп, оның түрлерін, ұлттық сезімді, адамның бір-біріне деген сүйіспеншілік сезімдерін жастарға кең түрде мағлұмат бере отырып тәрбиелеу қарастырылады.
Көңіл-күй адамның барлық толғаныс тебіреністері мен әрекетіне өң беретін біршама ұзақ эмоциялық күй екендігі белгілі. Жалпы, қазақ халқына тән өзіндік көңіл-күйдің қыр-сырларына жете тоқталып, оның басқа халықтардан ерекшелеп тұратын қасиеттерін ашып көрсету қарастырылады. Мәселен, қуанышты, ашулы, жайбарақат көңіл-күйлері т.с.с.
Жастардың ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғалық дамуының негізгі параметрлері – оның жалпыадамзаттық құндылықтарға бағытталуы, ізгілік, зиялылық, белсенділік, жеке басының намыс сезімі, ой-пікіріндегі тәуелсіздігі т.б. тұлғалық кәсіби сапаларды түсіндірумен қатар, оның әлеуметтік деңгейі мен біліктілігін қалыптастыратын сапалардың мәнін ашу. Әр адамды басқалардан айқындап, ерекшелеп тұратын жеке болмыс-бітімінен бөлек, тұлғалық ерекшеліктері болады. Ондай ерекшеліктерге сенім, дүниетаным, мұрат, бейімділік, қызығу, түрткі, қабілет, талғам, көзқарас тағы басқа қасиеттер жатады. Ұлттық өзіндік сана ұлттық дүниетанымға негізделеді. Ал, ұлттық дүниетаным дұрыс таным-түсінік арқылы өріс жайып, ұлттық дәстүр арқылы өз болмысын танытады. Өз ұлтыңа деген құрметтің көрсеткіші – ұлттық сана-сезімнің қалыптасу деңгейіне байланысты. Жастарға ұлттық сана төмен болса, халық халықтық қасиетінен айрылып, мылқау тобырға айналатынын түсіндіре отырып, оның алдын алу жайы және оны болдырмауға тәрбиелеу көзделеді.
Бүгінгі таңда біздің еліміздің көркейіп, өркениетті елдердің қатарына қосылып, халықаралық деңгейге шығуымыз үшін ұлтжанды, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Басты міндетіміз – рухани және әлеуметтік, адамгершілік дүниесі бай, жаңашыл, шығармашылық ойлау қабілеті мен ұлттық дүниетанымдық мәдениеті жетілген зерделі тұлға қалыптастыру. Сондықтан да, Отанымыздың болашақ дамуына үлес қосатын ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ұлтжандылық дегеніміз – адамның өзінің араласқан белгілі бір саяси, мәдени және әлеуметтік ортасына – Отанына деген аса терең сезімі. Ұлтжандылыққа тәрбиелей отырып, жастардың азаматтық санасын қалыптастыру, оқушылардың саяси білімдерін жетілдіруге, өз азаматтық құқықтары мен міндеттерін, туған жердің, өскен елдің табиғатын аялай білу сезімін қалыптастыра білуге тәрбиелейміз.
Отансүйгіштік – азаматтық санамен қалыптасатын қасиет. Жастардың азаматтық санасын біліммен қаруландыра отырып, аға ұрпақтың қалдырған мәдени-тәлім мұраларынан сусындаған, туған жері мен елінің рухани-материалдық, мәдени құндылықтарын бойына сіңіре отырып, ақыл мен парасаттылығы жетілген, ұлтжанды, саналы азаматты тәрбиелеу жолға қойылады.
Ұлттық рухты үнемі ұлықтап жүретін қазақтың тәлім-тәрбиесінің қайнар көзі тым тереңнен басталады. Ұлттық тәрбие алған ұрпақтың дені сау, ақылды, білімді, ұлтжанды, еңбекқор, кішіпейіл болып өседі. Халықтың өмірін, рухын және тілдерінен тұратын ішкі заңдары, оның ұлттық мінезін, болмысын таныту бүгінгі таңда жастарымыздың тәрбиесіне берер пайдасы мол. Ұлттық тәрбие берудегі негізгі тетіктерін айырып, білім беру үрдісіне ендіру жолын дұрыстау – бүгінгі күндегі елеулі мәселелердің бірі. Ол тетіктерге біріншіден – мемлекетшілдік нышандарды дамыту, оны ұлттық тәрбиемен ұштастыру, сөйтіп, алдымен отаншылдық рухын ояту керектігін айта кету қажет. Ұлттың мәңгілік болуы оның уақытқа бағынбайтындығында және ұлттың мәңгілік болуы халқын, жерін, елін сүйетін азаматтарды қалыптастырып, тәрбиелеуде болмақ. Сондықтан да, жаңа ғасырды жақсы қарқынмен бастап келе жатқан егеменді еліміздің болашағы үшін саналы да, ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеудің ұлттық сипатын жандырып, дамыту жолында ұлттық болмысты қалыптастыру жолын нақтылағанымыз жөн. Өркениетке қадам басқан тұстағы оның алғышарттарының бірі ұлттық тәлім-тәрбие мен сапалы білім беру болып табылады. Себебі, жастарға ұлттық құндылықтар негізінде жан-жақты тәрбие беру – сол өркениетке жету жолындағы мұратымыздың кепілі. Біз – жаңадан аяғына тұрып келе жатқан дамушы мемлекетпіз. Егер де, қазіргі жағдайымыз бен күш-қуатымызды білім-білік пен рухы биік жастарды отаншыл етіп тәрбиелер өнегелі білім беру жолына негіздегеніміз жөн. Бұл жайында еліміздің ертеңі – жастарымыздың өмірден өз орнын тауып, қарым-қабілеттерін шыңдап, әлеуетін анықтап, танытуына барынша жағдай жасау керек екендігі туралы Елбасы өзінің халыққа жолдауында да ашық айтқан болатын. Мұның өзі жастарды қоғамда белсенділігін арттыруға, олардың бойында ұлттық сана мен отаншылдық қасиеттердің дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуы үшін ашылған ақ жол тәрізді, рухты демеп отыратынына септігін тигізбек. Біз жастарды тәрбиелегенде шынайы отаншылдарды тәрбиелеуді естен шығармағанымыз жөн, себебі, солар ғана еліне игілікті істер тындырып ауқымды үлес қоса алады. Жалпы, келешек ұрпақтың қамын бүгін ойлау – аға ұрпақ борышы. Ұлттық тәрбиелік білім беру болашағымыздың рухани дамуын қамтамасыз етеді. Оның тарихи қырын қарастыру туралы мәселенің қажеттілігі осы тұрғыда айқындалады. Ұлттық тәрбиелік білім жас ұрпақты әсемдікті игеруге, сұлулықты сезініп, қастерлей білуге, оны өз бойына дарыта білуге, яғни, эстетикалық тәрбие бере білуге, ең бастысы рухани даму сипатына жетелейді. Ұлттық тәрбиелік білім беру арқылы, жас өскелең ұрпақты халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпымен таныстырып, адамның ішкі сезімін, жан дүниесін түсіне білуге бағыттауға ұмтыламыз. Жастардың айнала қоршаған ортадағы сұлулыққа ерекше әсерленуін, көз алдында болып жатқан түрлі құбылыстар мен табиғат сұлулылығын сезінуін, түсінуін, оны бағалап, танымдық, қызығушылық көзқарастарын қалыптастыруға негіздейтін – осы ұлттық тәрбие. Жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелейтін тағылымды тәлім – ұлттық рухта тәрбиелеу мен оқыту. Ұлттық рухта білім алған жеткіншек ұлттық тұлға болып қалыптасып шығады. Ұлттық білім берудің өзі – ұлттық қауіпсіздік пен мәдениеттің құрамдас бөлігі. Ал, ұлттық білім берудің құндылығы толығымен саяси күрес, қалыптасқан дәстүрлермен, әлеуметтік дамумен, отандық және батыстық ғылымның бірігу дәрежесінен көрініп, анықталған. Халқымыздың сан ғасырлардан келе жатқан ұлттық мұрасын оқу-тәрбие ісімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу, ұмыт қалған салт-дәстүр, ұлттық ерекшелігімізді насихаттап, олардың бойына ұлттық психологияны қалыптастыру – әрбір оқытушың міндеті.
Ұлттық тәрбиені салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты дәріптеп оқыту арқылы білім алушының бойына күнделікті өмір тұрғысындағы тәрбие нақыштарының сан белесінен хабардар етеміз. Сол дәстүр нақыштарымен, әдет-ғұрыптардың бүгінгі таңдағы ролін айқындай отырып, жастардың халық үрдістеріне деген сүйіспеншілігін оятуды мақсат етуді негіздеу. Жалпы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып адам психологиясымен етене байланысып, замана жаңаруына сай өзгеріп отыратын құбылыс. Қазақ – салт-дәстүрге бай халықтардың бірі. Жалпы адам өмірі салт-дәстүр, той-томалақ рәсімге, ырымдар мен наным, ән мен күйге толы. Салт-дәстүр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан бір саласы. Ол адамдармен бірге туып, дамып қалыптасқан. Адам дүниеге келген күнінен баста өмірінің соңғы демі шыққанға дейін салт-дәстүрдің ықпалында болады. Ол бір адамның шығарған ой-түйсігі емес, халықтық сана-сезімнің қалыптасқан үрдісі іспеттес. Халықтың сан ғасырлар ұлттық тағылымына қатысты өзіндік ерекшеліктерінен туындаған салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары мол. Салт-дәстүрлер қоғамның дамуына орай толысып немесе қолданыстан шығып қалып отыратын құбылыс болғандықтан, біз ұлттық тәрбиені оқыту барысында оларды шығу тарихын, қолдану заңдылықтарын ескере келіп, адам тәрбиесіне өзектілігіне көңіл бөлуіміз қажет. Оқыту барысында қамтылатын материалдардың ұлттық тәрбие жүйесін жетілдіруде оның тарихи мәнін ғана ашып беру емес, қазіргі заман жетістіктеріне сүйене отырып, өмір тынысына сай келетінін жаңғыртып пайдалана білуге үйретуді мақсат еткен орынды. Арнайы пәндер бойынша бағдарламада берілген бөлімде салт-дәстүр,әдет-ғұрып туралы теориялық жүзінде қарастырылады.Оның өзі толық түрде оқып,ұғынуға тәжірибеде іске асыруға (театрландырылған қойылым,көрініс арқылы ) мүмкіндік жоқтың қасы.
Әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерді ұлттық тәрбие бағдарламасымен сабақтастыру мәселесінде ұлттық мерекелер мен ұлттық қонақжайлықты дәріптеу саясатын негізге алу қажет. Адам баласына күнделікті өмір тіршілігінде қоғамдық жайттардағы кез-келген мәселе тек тәрбиеге бағытталуы тиіс. Біз сонда ғана болашақ ұрпағымызды саналы да білімді етіп тәрбиелей аламыз. Жастардың санасына ұлттық тәлім-тәрбиені қандай жолмен сіңдіріп, тағылымдық тәрбиесі мол дәстүрден сусындатуды қалай жүзеге асырамыз? Бұл сұрақтар жалпы бізді ғана емес, бүкіл иісі қазақ баласын толғандыруға тұрарлықтай мәселе болу абзал. Сонда ғана бұл мәселе мейлінше алға жылжып, жоғары дәрежеде қоғамға өзіндік үлесін қоса алады. «Адамға ең бірінші тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекке оның барлық өміріне апат әкеледі», – депті әл-Фараби бабамыз. Бүгінгі таңда белең алған жастар арасындағы келеңсіз жайттардан арыламыз десек, ұлттық тәрбиеге баулитын салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың маңызының тереңде екендігіне көз жеткіземіз. Жалпы жастарды қадір-қасиетін жоймаған салт-дәстүрлермен, әдет-ғұрыптармен, жыраулық қисса-дастандар, шешендік және нақыл сөздермен, эпостық және батырлар жырымен, мақал-мәтелдер, ұлттық ойындар арқылы тәрбиелеуге де болады. Оқу орындарымен қатар,халықты тәрбиелейтін мәден орындардың мамандары да осындай мағыналы тақырыптармен жоспарларын қолға алар болса, тәрбиенінің түйіні – адамгершілік, имандылық, ибалық, ақыл-ой, отбасылық мәселелер шешімін табар еді.
Бабаларымыздың ұлттық тәрбиесін отбасы тәрбиесі мен білім ошақтарында жалғасын тауып оқыта білсек, жастарымыздың ертеңіне деген сенім дұрыс жолда болар. Бүгінгі білім алушы жас – ертеңгі ана немесе әке. Ол алған ұлттық тәрбиелік білімін өз санасында қалдырып қана қоймай, отбасында балаларға құйып елітер болса, егеменді еліміздің жарқын болашағы айқын ұлттық мәдениетіміз өркендері анық.
Пайдаланылған әдебиеттер.
- Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. Астана, 26 желтоқсан. 2003.
- Қасымбетова Н.,Үрістенбекова Г. Қазақтың салт-дәстүрлерімен таныстыру .[Мәтін] //Қазақ тілі мен әдебиеті.-1998.-№7.-б.34-36
- Ұзақбаева С. Тамыры терең тәрбие. – Алматы: Мектеп, 2001. – 135 б.
