Көптілді болу заман талабы
Қарағанды қаласы №65 ЖББ ОМ КММ
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Козадиясова Мадина Ораловна
Көптілді білім беру дегеніміз- оқу үрдісі барысында екі не одан да көп тілде білім беру. Мемлекетіміздің мектеп реформасында қаралған үш тілде оқыту-қазіргі заман қажеттілігі. Осы мақсатта қазақ, орыс, ағылшын тілдері ұлтына қарамастан тең дәрежеде жүзеге асырылады.Көп тіл білу-заман талабы.Елбасы өзінің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі –жаңа Қазақстан» атты жолдауында : «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі».
Иә, «үштілділік» саясатын қайта қарау қажет деген пікірлер жиі қылаң беріп жүргені жасырын емес. Десек те Елбасының: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді»- деп ескерткенін тағы бір қайталап қойсақ артық болмас. Әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылу үшін билік «үш тұғырлы тіл» саясатын қолға алып жатқаны белгілі. Ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта көп тіл білгеннің ешбір зияны жоқ. Бірақ Қазақ баласы әуелі отбасында Қазақы рухпен тыныстап, ана тілінің нәрлі уызына қанып, ұлттық рухани тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындап өсуі керек. Алғашқы тәрбиені ана тілінде қабылдап, Қазақы қасиетпен жетілген бала кейін қандай ортада жүріп, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазып адасып қалмайтын болады. «Тілдің үштұғырлығы» тіл саясаты бағдарламасы күні кеше ғана айтылған дүние емес. Президентіміздің аталмыш тілдік стратегияны 2004 жылы жария еткен болатын. Ал, қазіргі таңда Еуроодақта үштілді білім тәжірибесін заңды түрде енгізді. Бұл- тарихи қажеттілік. Тілдерді дамыту – еліміздегі мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Тіл проблемаларын оңтайлы шешу – ұлтаралық қатынастар үйлесімділігінің, халық бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудың түпқазығы болып табылады.Елбасымыз үстіміздегі жылы Қазақстан халқына арнаған “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Жолдауында “Тілдердің үштұғырлығы” мәдени жобасын жүзеге асыруды ұсына отырып, қазақ елін әлемдегі үш тілді қатар тұтынатын білімді де білікті ел ретінде танытуымыз қажет екенін және мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ұлтаралық қарым-қатынас тілі – орыс тілі мен жаһандық экономикаға табысты кірігу тілі – ағылшын тілі болуы тиіс екенін ерекше атап көрсеткен.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында білім беру мен ғылымға да ерекше көңіл бөліп, “Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды”, – деп атап көрсетті. Елбасының елімізде білім беру саласын дамыту туралы көтерген мәселелері негізінен педагог мамандарға жаңа мін-дет жүктейді. Өйткені, ұстаз елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді, сондай-ақ білім негізі мектепте беріледі. Сондықтан қала бойынша және мектептерде орыс тілі ,қазақ тілі ,шет тілі пәнінен мұғалімдер мен оқушылар арасында бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылуда. Біз әлемдік аренаға шығу үшін ағылшын тілін жетік меңгерген мәңгілік Елге айналумыз керек.Бұл жолда біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өз тілің бірлік үшін,өзге тіл тірлік үшін керек екенін ұмытпайық. Сондықтан «Ана тілің ــ арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді қүрметте» деп, ақын Қадыр Мырза-Әли ағамыз айтқандай, әуелі өз ана тілімізді қүрметтеп, оны ардақтап, аялап үйренейік те, өзге тілдің бәрін білуге барынша құлшыныс жасайық. Өз тіліміз өзегіміз, халықтық қасиетімізді айғақтайтын алтын тұғырымыз болсын. Әр ұлттың өз тілі өзге тілге жеткізетін көпір есепті. Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Ана тіліміздің бай, көркем тіл екенін біз өте жақсы білеміз. Сол себепті ана тіліміздің ауыз әдебиетінде қалыптасқан, ойып тұрып орын алған ата-бабаларымыздың нағыз ақыл иелері данагөй болғандарын сипаттайтын мақал-мәтелдердің үш тілде қолжетімді болуы оқушылар үшін қажетті деп ойлаймыз. Сондықтан тіліміздегі мақал-мәтелдердің өзге орыс, ағылшын тілдерінде бір-біріне мағынасы жағынан ұқсас, жақын екенін анықтап, зерттеп, еліміздің дамуына балалық үлесімізді қоссақ дейміз.
Тәуелсіздігімізді алғалы бері елімізде тіліміздің еңсесі күн санап көтеріліп келеді. Еліміздің салт-дәстүрлері қайта өрлеп, ауыз әдебиетіміз құнды бола түсті. Жалпы халыққа түсінікті мақал-мәтелдеріміздің салмағы арта түсті. Өткенімізден қол үзіп қалмас үшін Елбасымыз барлық жағдайды жасап беріп отыр. Осындай жағдай жасалып отырған елімізде тек білімімізбен ғана басқа елдерге танымал болатындығымызды дәлелдеу ғана қалғандай.
Қоғамға біздің тіл саясатымыздың мәнін тереңірек түсіндіру керек. Ол кез келген мемлекеттің ұлт саясатының өзегі… деп нақты ашық айтқан.
Қазақ тілі – мемлекеттік тіл.
Орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі.
Ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі.
Мемлекттік тілді – дамытамыз.
Орыс тілін – қолдаймыз.
Ағылшын тілін – үйренеміз.
Ойымды қорыта келе, Елбасының мына бір сөзімен аяқтағым келеді: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – Ана тіліміз».
Әдебиеттер тізімі:
- «Жаңа онжылдық- жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы;
- «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»;
- «Тілдерді қолдаумен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы».
- «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени бағдарламасы.
- 4.«Ағылшын тілінде сөйлеуді үйренейік» атты оқу бағдарламасы-2009ж
