«Мен- ұстазбын!» Ойтолғау

Алматы облысы, Алакөл ауданы «Жыланды орта мектеп-лицейі» КММ

Тарих пәні мұғалімі Кенжебаева Бакытгуль Нурдыгалиевна

Ақыл айтқан кезінде дана сынды,

Көрмедім мен өзіңдей жан асылды.

Өмірді бағалаған салмақпенен,

Ұстаз әркез ардақты анам сынды.

Ия, ана перзентіне әлемнің жарығын сыйласа, ұстаз әр адамға білімнің кілтін сыйлап, өмірге сара жол ашады. Аялап, әлпештеп, өзінде бар игі қасиеттерді шәкір бойына дарыту үшін бүкіл ғұмырын сарп етуге дайын жан-ол ұстаз десем артық болмас. Осылай шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Ол барлық уақытта өз биігінде, өз тұғырында қала беретін текті тұлға. «Білім-ұлыларды мойындатады, қарапайым адамдарды таңдандырады, ал жастарды қанаттандырады»,- деген аталы сөз бекер айтылмаған. Жас ұрпақты білімге талпындырып, көзін ашатын мұғалімнің еңбегі өлшеусіз.Сондықтан да мен өзімнің осынау бір киелі мамандықты таңдағанымды мақтаныш етемін. 30 жыл білім саласында еңбек ете отырып, өзім тәрбиелеген шәкірттерімнің қазір республикамызда әр салада жоғары деңгейде еңбек етіп, биік тұғырлардан көрініп, еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосып жатқанын көргенде бір марқайып қаламын, олардың адам болып қалыптасуына өз үлесімнің бар екенін сезгендей боламын. Бұдан артық бақыт бар ма?

Қазіргі заманда білім деңгейі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бере алады, ғаламдық бәсекеге төтеп бере алады. Сондықтан білім саласы-елдің ертеңін айқындайтын, оның бәсекелестік қабілетіне ықпал ететін ас маңызды сала. Елбасымыздың қолдауымен бүгінгі таңда білім беру саласын дамыту баса қолға алынып, мемлекетіміз әлемдік стандартқа сай білім беру міндетін қоюда және ол үшін қажетті жағдайлар да жасалуда. Сонымен қатар ұстаз мәртебесін көтеру, оның ерен еңбегін лайықты бағалау мақсатында да ауқымды шаралар іске асырылуда. Ал, ұстазға деген ең басты баға-ол шәкірттеріміздің жылы лебізі, айтқан алғысы дер едім. Ұстаз қай кезді алсақ та өзінің біліктілігімен, еңбекқорлығымен және өз ісіне деген адалдығымен дараланады. Ол қашан да ізденісте болып, өзінің шығармашылық қабілетін артырып отырса ғана дара шыңдардан көрініп, үлкен жетістіктерге қол жеткізе алады деп ойлаймын. Мен де өз ұстаздық жолымда шығармашылықпен жұмыс істеуге, шәкірттерімді де шығармашыл болуға баулуға тырыстым. Арнаулы орта оқу орындарына арналған бірнеше әдістемелік құралдар жаздым, олар «Саясаттану және әлеуметтану негізі пәнінен» қазақша лекциялар жинағы және әдістемелік құрал, «Мәдениеттану» пәніне арналған дидактикалық материалдар жинағы, «Қазақстан тарихы» пәнінен электронды оқулық т.б. Қазір бұл оқу құралдарын колледждерде қашықтықтан оқитын студенттер қолдануда. Мектеп оқушыларын ғылыми ізденіс жұмыстарына баулып, бірнеше жобалар жаздырдым, түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ «Қазақстан тарихы» пәнінен және құқық пәнінен оқушыларым Оңдабаев Ерасыл, Темірбаева Мақпал аудандық, облыстық ғылыми жоба жарысы жеңімпазы болды. Ал Хасенова Мадина, Садуақасов Санат, Оңдабаев Ерасыл-Қазақстан тарихы мен құқық пәнінен облыстық олимпиада жеңімпазы , 2 оқушым республикалық олимпиада жеңімпазы атанды. Олар Хасенова Мадина-1998 жылы құқық пәнінен, Садуақасов Санат-2007 жылы «Қазақстан тарихы» пәнінен республикалық олимпиада жеңімпазы болды. 2 оқушым халықаралық «Золотое руно» интеллектуалдық жарыс жеңімпазы атанды. Олар Жүнісов Арман, Қайратұлы Ерсұлтан.

Ұстаз міндеті тек білім берумен ғана шектелген емес. Ол жастарды тәрбиелеу, оқыту, болашағына жол ашу, адал еңбек етуге, Отанын сүйе білуге тәрбиелеу сияқты жауапты істерді жүзеге асырады. «Бір түйір дәнде, бір тамшы тер бар» дегендей, ұстаздар әрбір жастың жүрегінде Отаным, халқым, елім, жерім деп соғатын сана-сезімді қалыптастыру, еңбек етуді өмірлік шартына айналдыруға баулу, еңбекті дәріптеуге үйретуге тырысады. Мен де осыны өзімнің ұстаздық борышым деп білемін. Оқушыларға тарих ғылымының қыр- сырын меңгертумен қатар, олардың нағыз тұлға болып қалыптасуына баса көңіл бөлемін.

Шәкіртінің білім-ғылымға деген махаббатын оятып, сапалы білім беру үшін аянбай еңбек ететін ұстаздың мектептегі ролі ерекше. Кез келген адам өмір мектебінде көптеген ұстаздардан тәлім-тәрбие алып, соның арқасында биік белестерді бағындырады. Шәкірттерімнің «Егер де мен білім, ғылым жолында, жалпы өмірде қандай да бір жетістікке жетсем, онда ол ұстазымның арқасы дер едім»,- деген сөздері мен үшін ең жоғары атақ болды дер едім. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады»,-деп Ұлы Абай айтқандай,мен де шәкірттерімнің бойында осындай қасиеттердің қалыптасуына баса көңіл бөлемін. Дарынды ұстаз шәкірті бойынан таным отын жағып, білім тұңғыйығына тарта білуі керек.

Әр адам өмірдің мәнін, оның құндылықтарын әр түрлі бағалайды. Біреулер үшін ол мансап пен қызмет, енді біреулерге-ақша мен байлық, ал мен үшін тіршіліктің мәні де, сәні де алдымен жан жылуына толы отбасым, балаларым болса, екіншіден өзім білім нәрімен сусындатқан дарынды, адал, еңбекқор шәкірттерім дер едім. Дана халқымыз «Қарымды ұстазы мен тағылымды ұланы тең елдің бағы да баянды» деп бекер айтпаған. Еліміздің асыл қазынасы-білімді, іскер, жасампаз ұрпағы және оны тәрбиелеп, өмірге сара жол ашып, рухани шыңдайтын білікті ұстазының болуы дер едім. Алаштың арысы Мағжан Жұмабаев айтқандай «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын-мұғалімдікі» деген ғой. Ендеше әр ұстаз осынау мәртебелі атаққа кір келтірмей, әркез биік тұғырдан көрінсе екен деймін. Оқушының рухани жан-дүниесінің өсуіне жағдай жасайтын, оған терең білім беріп, өмірге сара жол ашып, жаңашылдықпен, ізденімпаздықпен еңбек ететін ұстаз-ол әркез қоғамның тірегі. Қазіргі заман мектебінің басты міндеттерінің бірі – балаларға жан-жақты білім берумен қатар, әр баланың дарынын, қабілетін ашып, щыңдау, соған орай өмірге жаңаша жол ашу. Өмір соқпақтарына төтеп бере алатын, бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу. Міне, осындай ауқымды міндеттерді шешу бүгінгі ұстаз қауымына жүктеліп отыр. Ұстаз атты ардақты атқа ие болу үшін үлкен жауапкершілік пен зор көрегенділік керек. Ұстаз мәртебесі қашан да биік. Тек ұстаз ғана бала бойына жылылық пен ізгілік нұрын себе алады. Ендеше өзімнің әріптестеріме қандай қыйындық болса да мойымай, ұстаз деген қасиетті мамандықтың мәртебесін жоғары ұстап, биік шыңнан көрініңдер деймін. Жүрегіңнен мейірім мен махаббат, батырлық пен жылылық кетпей, білім мен тәрбиенің қос тізгінін қатар ұстап, осы бір киелі атқа сай болыңдар деймін. Болашақ Қазақстанның бәсекеге қабілетті өскелең ұрпағын білім бұлағынан нәрлендіріп, тәрбиенің қайнар көзінен сусындатып, қажырлылықпен, шығармашылықпен еңбек ету әр ұстаздың парызы. Себебі, ол-ұстаз! Ол-данышпан! Ол -адамдықтың, мәдениеттілік пен адалдықтың үлгісі!

Ответить

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше