Латын әліпбиіне көшу идеясы – Қазақстандағы руха ни тәуелсіздікке жасалған игілікті қадам

Оңтүстік Қазақстан облыстық үш тілде оқытатын мамандандырылған
№1 мектеп – интернатының қазақ тілі және

әдебиеті пәні мұғалімі

Балақыз Жунисова Абдурахмановна
Шымкент қаласы

Тіл – ұлттың жаны. Ұлттың болашағы – ана тілімен тікелей байланысты . Ана тіліміз – ана сүтімен бірге бойға сіңген рухани құндылығымыз. «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», — деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, туған елін, жерін сүйген адамның жүрегінде ана тіліне деген сүйіспеншілік сезімі алаулап тұрады, туған тілін құрметтейді.

Тіл – өзін-өзі тудырушы, ұйымдастырушы, реттеуші, дамытушы қабілетке ие. Тілдің бұл сипаты кездейсоқтыққа жол бермейді. Сондықтан тілге қатысты мәселелерде жеті рет өлшеп, абайлаған жөн.

Қазақ елінде тарихи оқиға — латын әліпбиіне көшу үдерісі басталып та кетті. Жазу – ортақ мәдениеттер жалғасы, яғни руханияттың ажырамас бір бөлігі.Мәдениет – халықтың рухани дәстүрі, тілінің тірегі және арқауы. Ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан мәдениеттің желісін үзбей халықтың асыл мұрасы ретінде бағалап, оны ілгері дамытып отыру бүгінгі күн талабы. Демек, қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру – уақыт талабы.

Латын әліпбиіне өту керектігі туралы 2006 жылы Елбасымыз Қазақстан Халқы Ассамблеясында айтқан болатын. Латын әліпбиіне көшу идеясы Қазақстандағы рухани тәуелсіздікке жасалған алғашқы баспалдағы болды. Бұл идея Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан басталып кетті. Ол туралы Елбасымыз: «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» деп атап көрсетті.

Өткенге көз жүгіртсек, қазақтар арасында латын әліпбиіне көшу мәселесі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдардан бастап сөз болған. Соңында латын графикасы негізіндегі әліпби жүйесіне көшіру жұмысы басталады. Жалпы Шығыс елдеріне жақын орналасқан дамымаған мемлекеттердің алғашқы жазу графикасы ретінде латын әліпбиінің енуі 1924-32 жылдар аралығында жүрген. Байқап қарасақ, сол кезде латын графикасын дүниежүзі болып қабылдау мақсатын жүзеге асыру сияқты жаһандық проблеманы алға тарту көзделген болуы керек. Ал бүгінгі таңда қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесі қажеттіліктен туындап отыр. Осы күнгі жазуымызбен білім алып, талай биіктерге жеттік, қазақтың әдебиеті, мәдениеті, ғылымы дамып , егеменді мемлекетімізге қызмет етіп келеді. Енді жағдай өзгерді, ХХІ ғасыр – жаһандану ғасырында бұрынғыны қанағат етіп қана қоймай, әлемдегі алдыңғы қатардан көрінуге мүмкіндігі мол егеменді Қазақ елі ретінде әліпбиіміз бен жазуымызға да мемлекеттік тіл дәрежесіндегі Қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет.Елбасының өзі айтқандай, қазақ тілі — ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор.Сондықтан да өзгеріс жасаудан жүрексінбей, жаңалықтан қорықпай қолдау керек. Бүгінде халық арасында түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Барлық оқу орындарында, ғаламтор желісінде, ақпараттық құралдарда да осы мәселе талқылануда. Әрине, пікірлердің екіге жарылуы заңдылық. Кейбіреулер қыруар қаржы жұмсалады деген сылтауды алға тартып, кирилицамен жазылған тарихи жәдігерлеріміздің керексіз болып қалуынан қауіптенуде. Одан қауіптенудің қажеті жоқ, себебі Елбасының бастамасымен қазақ тілінің болашағы үшін жасалған жоба болғандықтан қаржы мәселесі де, уақыт өте келе аударма мәселесі де оң шешімін табар,әрине.

Қазіргі кезде жастар арасында латын әліпбиінде хат-хабар жазу сәнге

айналғанын бәріміз білеміз. Оларға бұл жазу таңсық емес. Мектеп жасындағы балаларды мектеп алды даярлық кезеңінде және мектепте арнайы латын графикасымен жазылған әліппе оқулығымен оқытқан дұрыс. Ал орта және егде жастағылар үшін тегін арнайы курстар ұйымдастырған жөн. Алғашқыда қиындау болғанымен жүре келе үйренетіні сөзсіз, себебі кеңес дәуірінен бастап барлық мектептерде неміс, ағылшын тілдерін оқытқаны белгілі. Үйреншікті дағдыдан бас тартып, өзгеріс жасау кімге болса да оңайға түспесі анық. Бірақ әлем өзгерді, жаһандану ағымына ілесу үшін біз де өзгеруіміз қажет.

Қазақ әліпбиін латын әліпбиіне ауыстыру мәселесі көпшілік талқысына салынып, кеңесе келе латын әліпбиінің жаңа бірнеше нұсқасы жасалынды. Бұл іспен тіл мамандары, лингивистер айналысып, 32 әріптен тұратын әліпбиді ұсынып отыр. Әліпбидің тек техникалық жағын ғана ойламай, тегін, терең мағынасын сақтап қалуды басты мақсат етті. Елбасымыздың тапсыруымен латын графикасына негізделген оқулықтар жазу 2018 жылы қолға алынады. 2022 жылдан бастап мектеп бағдарламасына енгізіледі. 2025 жылы барлық салада латын әліпбиіне толықтай көшу қолға алынады. Латын әліпбиі- жан-жақты, әмбебап әліпби. Осы әліпби негізінде тілдің табиғи тазалығын сақтауға мүмкіндік туатыны және қаламыздың көркіне, эстетикалық көрінісіне кері әсер етіп отырған үш түрлі әріппен жазылған түрлі көріністерге шектеу қойылатыны қуантады. Ендігі жерде көшелер мен мекеме және жарнамалар мен сауда орындарының атаулары бірыңғай латын әріпінде жазылуы қала көркін аша түсетіні белгілі. Әсіресе, кісінің тегі аты жөнін жазудығы келеңсіз қателіктерді көргенде (Оразбек – Уразбек, Өмірәлі- Умирали, Жайлыбай – Джайлибай ) қатты қынжыласың.

Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазу мен айтылу арасындағы алшақтықты, жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай (жұлдыз-жұлдұз), қазақы айтылым мен жазылым талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.Латын әліпбиіне көшу — қазақ халқының алға жылжуына , жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосатыны және түбі бір, тарихы ортақ түркі халықтарымен жақындастыра түсетіні сөзсіз. Латын әліпбиіне көшу идеясы қазақ тілі үшін игілікті қадам болмақ.

латын әліпбиі.docx

Ответить

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше