Уақытты жоғалту- білімді жоғалту. Еркін сөз байқа уына

Досжан Тоқтарұлы
Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы «Н.Әлімқұлов атындағы
жалпы білім беретін орта мектеп» дефектолог маманы.

Біз күнде бірнеше сағатымызды ысырап қылып әлеуметтік желілерде отырамыз. Кім не жазады? Кім не сурет салады?. Сонымен қоса өзімізге қажетсіз ақпараттарды қараумен айналысамыз. Ал есесіне бір уақыт ақыл-ойымызды шыңдауға, білімімізді арттыруға тырыспаймыз. 60 мың теңгені жоғалтсақ 60 күн күйінеміз, ал 60 минутымызды жоғалтсақ түк болмағандай жәйбырақат жүре береміз. Бір минут емес, бірнеше сағатты әлеуметтік желінің тұтқыны болып, компьтердің алдына уақытымызы құрбандыққа шалып жатырмыз. Уақытты жоғалту- білімді жоғалту, ақыл-ойдың дамуына тоқтау салу. Бұның соңы апат болары анық. Ақыл-ойдың да адамның денесін шынықтырғаны сияқты шынығатынын, шымырланатынын есімізден шығарып аламыз. Ал ақыл-ойды тәрбиелеуші бұл-кітап. Құдайдың құдіреті сол бізге төбеден интернет емес кітап түскен. Яғни Құранның Ғалақ сүресінде «Оқы! » жаратқан раббыңның атымен оқы! (1) деп келуі оқуға, ізденуге көңіл бөлуді айтса керекті. Себебі адамның барлық жетістігі ақыл-ойдың дамуында екенін, ақыл-ойдың дамуы тек оқу мен іздену арқылы дамитыны баршаға аян. Адам көркі –ақыл. Іздену, кітап оқу ақылды дұрыс жолға салады, ал оқусыз ізденусіз ақыл-ойдың өзі тұтқындалады. Оқу мүлгіген милармен, қалғыған қалың ұйқыны аңсаған ақыл-ойлардың оянуына әсер етпек. Материалдық немесе әлеуметтік жоқшылық қоғам үшін аса қауіп туғызбас, бірақ рухани жоқшылық, рухани кедейлік, рухани мүгедектік қай мемлекет болсын ең үлкен қауіп туғызбақ.

Ғалымдар соңғы жылдары адамзаттың IQ (ақыл-ойдың даму деңгейі) көрсеткішінің төмендеп бара жатқанына алаңдаулы. Неміс ғалымдары мөлшерден тыс ойын-сауық орындарында болу, теледидардан түрлі шоуларды көп көру, адамның ақыл-ой дамуына кері әсер беретінін, ойлау қабілетінің төмендеуіне әкеп соқтыратынын дәлелдеген. Сонымен қатар ғалымдар ақыл-ой дамуы төмен адамдарды бір жолмен ғана олардың ақыл-ойын қалыпына келтіруге болады деп есептейд. Ол жол яғни көркем әдеби кітаптарды көп оқу. Менің мамандығым психология саласымен тікелей байланысты болғандықтан соңғы бір жыл мектеп оқушыларына зерттеу жүргізіп көрдім. Менің пайымдауымша мектеп оқушыларында психикалық дамудың (зейін, ойлау, қабылдау,есте сақтау, түйсік) тежелуі көптеп кездеседі. Қазір осындай оқушыларға кітапты көп оқыту арқылы осы кемшіліктерді жоюға болатынына көзіміз жетті. Барлап қараған адамға маймылмен адамның физиологиясы ұқсас. Алланың құдіреті сол адам баласына ақыл берген. Сол ақылды оқумен үйрену арқылы дамытып адам цивилизатсияның жоғарғы сатысына жетті. Ал маймыл сол маймыл күйінде қалды. Сондықтан маймыл болып қалмау үшін оқу керек.

Ізденбеген, оқымаған, ақыл-ойдын дамытпайтын адамдар тұратын қоғамда ар-ұят ұмытылып, қылмыс саны көбейіп, ұлдан-ұят, қыздан қылық кетіп, адамгершілік деген сөз архаизмге айналып,құндылықтар құлдырап, салт-дәстүр ұмытылып, дүниеқоңыздық пен атаққұмарлық белең алмақ. Ал оқу мен іздену бар қоғамда адамдар жан-дүниесі мен ақыл-ойы гүлденіп, ойы жанданып, рухан өсу қарқын алмақ. Таңсәріде арайлап атқан таңдағы күн қалай табиғатты ояндырып, әсемдеп, нұрын шашса, кітап оқу мен іздену дәл сол секілді адам рухының асқақтап дамуына, адам жанының гүлденіп, жан-жағына шапағын шашып, шарапатын тигізбек. Ұлттың бас ақыны Абай «Талап қыл артық білуге, артық білім кітапта» десе ұлы ұстаз Ыбырай «Оқысаңыз балалар, Алдан шырақ жағылар» деп осы оқумен ізденудің адам үшін қанша керектігін, құндылығын меңзеген. Өмір сарқырап ағып жатқан өзен деп шамаласақ, оқу мен іздену ағысқа қарсы жүзу, егер сіз оқуды тоқтатсаңыз демек ағысқа қарсы жүзуді емес ағысқа басыңды иіп, ағыспен бірге аға беру деген сөз. Су жұта жүріп, ағысқа қарсы жүзбеген адамды өзен артқа итеріп, ағыспен артқа алып кете бермек. Оқыңыз! Өкінбейсіз!

Ответить

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше