Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған!

БҚО, Орал қаласы, № 37ЖОББМ
әлеуметтік педагогі
Кузайырова Асылай Маралкызы

Еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі жетімдер қазіргі кезде болып отыр. Жалпы алғанда, кез келген қоғамның қай уақытта да ең қорғансыз әрі әлжуаз бөлігі – жетімдер. Ата-анасынан ерте айырылып жетімдіктің дәмін тату кім-кімге де оңай емес. Кез-келген сәби бақытты жанұяда тәрбиеленіп, ата-анасының ыстық құшағында ер жеткенді қалайды. Алайда бұндай бақыт барлық балаға бұйыра бермейді. Осындай жағдайды көргенде еріксіз жүрегін елжіреп, көзімізге жас келеді. Себебі, ол сәбилер осындай өмірді өздері таңдап алмайды. Неліктен, қоғамымызда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларымыз көбеюде, оларға кімнің жаны ашыди, кім көмек береді, кім қамқор болады. Бұл сұрақтарға жауап алсақ та одан ешқандай қорытынды шықпайды.
Сондықтан да жастардың бойына қайырымдылық пен мейірім сезімін ұялатып, келешек ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр тауқыметіне ұшырап, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қоғамның назарын аудару қажет-ақ. Алайда ата-аналары бола тұра, тірілей жетім қалған балаларымызда аз емес. Өкінішке орай қазіргі кезде осындай жағдай көптеп орын алғандықтан жетімдер үйінің саны жылдан-жылға артуда. Кез-келген адам өмірге дені сау ұрпақ әкеліп, сол балаларының бақытты жүздерін көруді қаласа, ал кейбір жандар бақыттарын ақша мен биліктен іздейтін секілді. Соның кесірінен елімізде тастанды перзенттеріміздің саны артып, жетімдер үйі көбеюде. Кейде бұл жағдайға таң қаласың, себебі кейбір жандар бір балаға зар болып, күні-түні Алладан жалбарынып перзент тілесе, енді біреулер құдайдың берген сыйын кім көрінгеннің қолына ұстата салады. Тұрмыс жағдайын, тағдыр тәлкегін сылтау қылып, балаларынан бас тартады. Сол кезде қалай ғана көзі қиып, жүрегі шыдап, шырылдаған сәбиін тастап кетеді деген ойға келесің? Осындай қатыгездіктің салдарынан күнәсіз періште, дүние есігін ашпай жатып, өмір қиыншылығымен тағдыр тауқыметін кешіп жатыр. Балаша қуанып, уайым-қайғысыз өмір сүрудің, асыр салып ойнаудың орнына, терезеге телміріп ата-анасының келуін тосып, қаншама уайым жейді. Жанарлары мөлдіреп, қай жан маған жылы сөйлер екен деп, әркімнен пана іздеумен күн кешеді. Ешқандай сәби бұндай өмірге лайық емес. Біз қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған елміз. Кімде –кім бір жетімнің басынан сипаса сол адам үлкен сауапқа ие болады. Себебі жетімдерге қамқор болып, оларға рухани жағынан қолдау көрсету- әр азаматтың міндеті деп ойлаймын. Сондықтан да тас бауырлыққа берілмей, жетімдеріміздің санын көбейтпейік дегім келеді. Себебі, әр сәби бақытты болу үшін жаралған. Кішкентай періштелердің риясыз күлкісіне не жетсін шіркін?!

Жанары жасты, жүрегі жүдеу бүлдіршіндер саны бүгінгі таңда ресми деректердің айтуынша, 80 мыңның үстінде екен. Жай ғана ой таразысына салып көрсек, сол мыңдаған жетім балалар бүгінде үкімет қамқорлығында болғанымен, болашақта барар жері, басар тауын қайдан іздейді. Хош, мектеп бітіріп, оқу орындарына түскендері жатақханаға жайғасады делік, бірақ ол да небәрі төрт жылға жалғаспай ма? Ал, оқуға түсе алмағандарын алдыда не күтетінін елестетудің өзі қиын. Жұмысқа орналасу, ең алдымен, белгілі бір жерде тіркеуде болғаныңды талап етеді. Сонда тағдырдан теперіш көргендерді тағы да толассыз кедергілерден кім құтқарады?

«Жетім қозы – жатбауыр, жетілер де отығар» демекші, жұмыспен қамтылмаған, оқуға орналастырылмаған тағдыр тәлкегіне түскен балаларды қатал өмір қайта қарсы алады. Бірі жалданып нанын тапса, енді біреулері қылмыстық әлемнің қақпасынан ары асады. Түрме түскендердің көбісі балалар үйінен «далаға тасталғандар» екенін ешкім жоққа шығармайды. Жанашыр жақыны, тіреу болар туысы жоқтың үні де естілмей, мұңы да ескерілмейтіні анық жайт. Бүгінде ата-анасынан айырылғандарға байланысты шешімін таппаған шиеленістер тіптен көп. Кәмелеттік жасқа толғандарына тұрғын үй беру мәселесі де тура жолға қойылмағаны тағы бар. Заң бойынша, балалар үйінің түлектері тек 23 жасқа дейін ғана мемлекеттік қордан берілетін баспанадан үміттене алады. Осындай әлеуметтік пәтерге енді қол жеткізген кезде жас мөлшері асып кетуіне байланысты баспана бұйырмай қалғандар да баршылық.

Еліміздің басына қиын күн туғанда яғни соғыс жылдарында ашылған бірен-сараң балалар үйі, бүгіндері жер-жерден, ауыл-аймақтардан мыңдап ашылды. Тіпті, соңғы кездері соның өзі аздық етуде.

Осылай ата-аналардың балаларынан оңай бас тартып, жетім балалардың көбеюі күн санап келеді. Осындай жағдайларды қарап отырып, қазақ халқының бойына сіңген мейірімділік, бауырмалдылық қасиеттері жоғалып, жолдан тайып бара жатыр-ау деп күмәнданамыз!

Әкесі де, шешесі де интернат болған балалардың болашағы оларды өз баласындай көріп кеткен тәрбиешілер мен басшылықты да алаңдатады. Алайда олардың қолынан келетін дәрмен жоқ. Әйткенмен, кейде тағдырдың оларға жылышырай танытатын кездері де болады. Ол – қазақтың ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өскен азаматтарының шынайы қамқорлығы. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақ деген халық екенімізді жан-тәнімен түйсінген жанның адамшылық зор қасиеті.

Жетімдерге қамқор болу немесе қамқор болғандарға қолдау көрсетіп сөзімен де, ісімен де жәрдем беру – әр азаматтың міндеті. Әрбір адам баласы дүниеге жетім болу үшін келмейді. Сондықтан да қатыгездікке жол бермейік дегім келеді.

Ответить

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше