Сен ұстазсың, ұстазсың, ұлы адамсың,
Бар ғылымның құлағын бұрағансың.
Жаратқаннан балаңның бағын емес,
Шәкіртіңнің бақытын сұрағансың.
Ия, ұстаздық – қасиетті де қастерлі мамандық. Небір ел басқарған хандармен патшалар, дұшпанға жерін бермеген жаужүрек батырлар да ұстаздың алдынан шыққаны ақиқат…
Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы бүгінде қаламыздағы алдыңғы қатарлы мектептер арасында өзіне лайықты орны бар білім ордасы. Осындай білім ордасында мұғалім болып қызмет етіп келе жатқанымды ерекше мақтанышпен айта аламын. Қаншама ұстаздың қара шаңырағына айналған бұл орда бүгінде «өз ісінің майталман маманы» атанған тұлғалардан кенде емес. Маңайындағы іскер тұлғаларды бағалап, бір-біріне дем беру, өзара сыйластықпен түсіністік таныту – татулығы жарасқан шаңырақтың белгісі дер едім. Ондағы әрбір ұстаз өзінше бір дүние. Бүгін менің тілге тиек еткім келіп отырған тұлға – ұлағатты ұстаз, білікті басшы Тамара Меңдібаева.
Тамара Меңдібаева 1964 жылы 1-қаңтарда Түркістан өңірінде дүниеге келген. ШПИ-ді «тарих-қоғамтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1981 жылы Шәуілдірдегі Мұхтар Әуезов мектебінде кітапханашы мамандығынан бастаған, ары қарай жұмысын аталмыш мектепте тәрбиеші қызметімен жалғастырған. Одан кейін, тарих пәні мұғалімі, бастауыш сынып мұғалімі, «Тұран» колледжінде оқу ісінің меңгерушісі, М.Әбенова мектебінде психолог, тәрбие ісі меңгерушісі, орта буын оқушылардың оқу ісі бойынша меңгерушісі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары сияқты бірқатар жауапты қызметтерде бой көрсетіп, бар ынтасымен талмай еңбек етті. Тамара Меңдібаева 2015 жылдың 23-қыркүйегінде №17 мектеп-гимназиясының директоры қызметіне тағайындалып, бүгінгі таңда осынау жауапкершілігі ауыр жұмысты бір кісідей домалатып келе жатқан білікті басшы.
Тамара апайдың еңбек жолына көз жүгіртіп қарасақ, ол кісінің білім саласының отымен кіріп күлімен шыққан — нағыз іскер адам екенін бірден аңғаруға болады. Бар ғұмырын білім саласына арнаған өз ісінің алғыр маманы екені байқалады. Не деген таусылмас күш, не деген энергия десеңізші! Еріну мен жалығуға жаны қас біздің Тамара апайдың алар асуымен бағындырар белесі әлі де болса алда, деп білем.
Тамара апай мектебімізге басшы болып тағайындалғалы мұндағы көптеген оң өзгерістердің анық куәсімін. Оның бірден-бір дәлелі ретінде өткен жылы мектебіміздің мемлекеттік аттестациялаудан сәтті әрі жоғары деңгейде өткенін нұқып тұрып айтқан болар едім. Жауапты сыннан сүрінбей өтіп, көңіл қуантарлық нәтижеге қол жеткіздік. Осылайша түйіні көп тығырықтан мектебімізді абыроймен алып шықты. Бұл да болса, жаңа директорымыз Тамара апайдың басшылығында жүзеге асқан тындырымды іс екенін айта кеткен жөн. Көзіміз көрді, көңіліміз қуанды.
Тамара апай қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі бірқатар марапаттарды қолға кіріткен, сонымен қатар «жыл үздігі» және «жыл адамы» иегері атанған алғыр көшбасшы. Оза шапқан оқушылары да бірнеше республикалық деңгейдегі байқаулардан алдыңғы орындарды иемденіп, республикалық форумға жолдама алған. Осы арада ерекше айтып өтетін жәйт, жақында Тамара апай Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев тарапынан ұсынылған «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Мұны – басшымыздың қаншама жылдан бергі білім саласында жең сыбана істеп келе жатқан елеулі еңбегінің ақталып жатқаны, деп түсіндік. «Өмірдегі істелініп жатқан әрбір жұмысыңыз, оған төккен маңдай теріңіз түптің-түбінде өз бағасын алатын болады және де марапатталады.» Тамара апайдың ғұмыр жолы осы қағиданы анық дәлелдеп тұрғандай. Мектебіміздегі әр жылы жаңа оқу жылын бастар алдындағы болатын биылғы педкеңесте министрлік тарапынан берілген жаңа жетістігін қолына ұстап тұрып Тамара апай өзінің өнегелі еңбек жолын айта келе, ұстаздар қауымына «еңбек етіңіздер, ерінбеңіздер, шаршамаңыздар, әр іс түбінде бір марапатталатын болады, ешбір игі іс бағаланбай қалмайды» деп ерекше екпінмен айтқан кезде өз басым адам айтса нанғысыз аласапыран әсерге бөлендім. Әлсіреген рухымды қайта тіктеп, өне бойыма таусылмас күш-қуат құйылғандай болды. Сөне бастаған үміттер жанданып, жүректегі сенімдер нығая түсті. Бұл – мені ғана емес, сол педкеңесте бой көрсетіп отырған 200 ден астам мектеп қызметкерлерін тамаша әсерге бөлеген ерекше үндеу болғандай, сірә. Тамара апай адамның рухын көтеретін осындай үндеуі арқылы мұндағы бүкіл ұстаздар қауымын алдағы жаңа оқу жылын жаңа серпінмен бастауға шақырды.
Мектебіміздегі озат оқушылардың қатары көбейді, мұғалімдердің сағат саны жүктемесі қалыпқа түсті. Ұжымдағы әрбір түйінді мәселе кәсіподақтың келісімімен әкімшіліктің бірігуімен келісті түрде өз шешімін табуда. Осылайша ұжымдағы ұйымшылдықпен ауызбіршілік те артқан. Бұл – мектебімізге Тамара апайдың басшы болып тағайындалғалы көрініс беріп келе жатқан оң өзгерістер легі. Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын, демей ме?! Хакім Абайдың «сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген аталы сөзі тағы бар. Әрбір басшының өз қағидасы мен өзіне тән сарабдал саясаты болатыны рас. Осы ретте Тамара апай да мектебімізге жаңа леп, жаңа серпінмен келгендей.
Мектеп ұжымы атынан айды аспаннан түсірген Тамара апайды бүгінгі қол жеткізіп отырған жаңа жетістігімен шын жүректен құттықтаймын! Басшымыздың көкірегіне жарқыраған жұлдыздай жараса кеткен осынау төсбелгіні иемденуін — бүкіл ұжымның мақтанышы, мектебіміздің абыройы, деп білеміз. Еңбегіңіз жана берсін, Тамара апай!
Санжар ҒҰЛАМОВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
ТАМАРА АПАЙ ЕНБЕГИНИЗДИН ЖЕМИСИН КОРИП БИИК ШЫНДАРДЫ БАГЫНДЫРА БЕРИНИЗ ЕЛИНИЗЕ ЕЛЕУЛИ ХАЛКЫНЫЗГА КАЛАУЛЫ БОЛЫНЫЗ.СОНЫНЫЗДАН ЕРГЕН ШАКИРТТЕРГЕ УЛГИ БОЛЫНЫЗ