Қыстаубаев Алтынбек Сейілханұлы 1994 жылы мамыр айының 27-ші жұлдызы күні Арал ауданы Қызылжар елді мекенінде дүниеге келген. Жастайынан өлеңге құмар ақын жігіт Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетін тәмамдап қазіргі таңда Арал қалалық Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебінде ұстаздық қызмет атқаруда.
Жыр мүшәйраларынан жүлделі орындар иеленіп жүрген жас ақынның өлеңдер топтамасын назарларыңызға ұсынбақпыз.
Туған жер мен достарды сағыну!
Балалық шақтың бар әні қалған,
Ол елде қалың дәптер бар.
Сағынсаң «қаражолдарды» досым,
Доп қуар еске сәттерді ал.
Бозбала кездің бал сәті өткен,
Қызығына еш тоймаған.
Ол елде досым сыныптасың бар,
Бұрымын тартып ойнаған.
Бар мұңың тарқап қайтасың барсаң,
Шаттыққа жанды бөлеген.
Ол елде досым қариялар бар,
Сыр шерткен сонау көнеден.
Арыстай асыл ағаларың бар,
Өтінем,сендер сөнбеңдер!
Естелік айтар ескі жылдардан,
Әкемнің көзін көргендер.
Достықтан асқан мәртебе бар ма?
Айтпаушы ек арзан жыр бөтен.
«Алтынбек-Медет» деп жазып кеткен,
Партамыз әлі тұр ма екен?
Ізімізге ерген інілер келер,
Сөзіңді әрбір мақұлдар.
Қызмет ету бұйырмасада,
Сүймеуге қандай хақым бар.
Жігіт боп енді тез ержеттік ә,
Оқимыз жатқа жыр алып,
Ауылға барып демалсақ шіркін,
Басымыз түгел құралып!
Туған ел саған жақсы өлең арнау,
Мен үшін әр сәт бек мұрат.
Жұмыстан кейде шаршаған сәтте,
Жаяу ақ тартқым кеп тұрад(ы).
Алғашқы махаббат немесе ескірген сезім…
Бітпейтін ән ол кездерді жырласақ,
Сарғалдақты термедік пе,тердік пе?
Мейрамдарда ақ қағаздан гүл жасап,
Сыйлық етіп бермедік пе,бердік пе?
Тік қарасаң сәл қысылып,тосылып,
«Қыз баладай» ұялатын күйге ендім.
(Анкетада қызыңның не досыңның,
Аты десе сені жазып үйрендім.)
Сабақ бітсе,кетті достар есекке,
Олармен де жақсы әңгіме айтушы ек.
Бөлек бардық қаншама күн десекте,
Қол ұстасып үйге бірге қайтушы ек.
Уақыт жетті «жетіншіге» көшуге,
Жүруші едім алысыпта-жұлысып.
Жағамды алғаш түзеткенім есімде.
«Момын бала» көрінуге тырысып.
Жылдар әне жасымызды тұр санап,
Балалықтың ақ кіршіксіз таңдары-ай!
Өтпейтіндей көрінетін бір сабақ
Тез есейіп кеттік қалай аңдамай?
Қызғаныштың шындығында не екенін,
Тез ұқтымда «ертеңім» деп көз ілдім.
Пәк көңілмен сағынуды тағы да,
Сені алғаш жоғалтқанда сезіндім.
Момын еттің,сейілтіп көп алаңды,
Жаға жыртып алыспадым кейін мен.
«Бестік» алып қуанттым көп анамды,
Аштым солай қабағыңды түйілген.
Өстіме тез,жетілдіме санамыз,
Мектеп қалды келмес қайта бекет боп.
Қол ұстасып бірге қайтар «Қара қыз»,
Бара жатыр «қара қызын» жетектеп.
Жұмаға бар!
Лас сөз бастар ылғи күнәға ауыр,
Тақылдап тұрсадағы таңдайыңыз.
«Бақыттың бағындамын»-деме бауыр!
Сәждеге тимесе әлі маңдайыңыз.
«Намаз»-ол жүректердің тыныштығы,
Бес парызын білді шын асыл ұлдар.
Келсе де ол үнемі жұмыс күні,
Ретін тап ! Жұмаға асығыңдар!
Өмір-базар,тарқайды базар өңі,
Бұ дүниелік жәй ғана санақтасың.
Жұмысбасты болсаңда ажал оғы,
Ол күні біл алды-артқа қаратпасын.
Баршамыз бұл өмірдің мейманымыз,
Белгіленген қай сәтте сөнетін жер.
Адам деген атына кір келтірмес,
Бір құдірет барына сенетіндер!
Бір Алланың барына сенетіндер!
Түзу жолда аяғың жүз таяды,
Хақ жолынан адасу қасіреттей.
Тазарса арың иманмен,денең сумен.
Әр жұмаға жетуді нәсіп еткей !
Әр жұмаға жетуді нәсіп еткей !
( Әмин )
Аралдан үміт үзбеңдер!!!
Жағаңда бала ем, ойнаған.
Болдық па қазір ойлы адам?
Қайғыңды кешпей тойлаушы ек,
Есейтпей өмір қоймаған.
Ерте кеп, кештеу қайтатын,
Тулаған толқыныңда ойнап.
Ерке ұлың келді кешегі,
Қамығып қасіретіңді ойлап.
Су басқан көкшіл теңіз ед.
Құрғаған анау құз бен бел.
Арнасы толар ертең ақ,
Аралдан үміт үзбеңдер!
Кемені анау көрдің бе?
Ұлтаны қазір түзгіндер *.
Аралдан емес әр — берден,
Теңізден үміт үзгендер.
«Құрғаған теңіз»,»құмды ауыл»,
Тамағын судан сүзгендер.
Аралдан үміт үзбейді,
Жағасында оның жүзгендер.
Пейілі дархан кең далам.
Сағынып әлі жүз келем.
Өзіңнің белді балаңмын,
Ертеңнен үміт үзбеген.
Түзгін-сорда өсетін жыңғылға ұқсас шөп.
Арал.
Вокзалда туған ой.
БӘРІ АЛДАМШЫ … !!!
Сені ойладым қиналар деп жүз жылар.
Кім бар айым өзіміздей бізді ұғар.
Жасыңды тый,өксігіңді бас жаным.
Тағы алдады күзгі ҚАР.
Жүрегімді жұбата алмай жүз қылық.
Менің мылқау махаббатымды мұз қылып,
Жүзігің мен жанарыңды әкеткем.
Тағы алдадың күзгі ҮМІТ.
Арнасамда жүрегімнің жүз жырын.
Сол сертіңді бұз бүгін.
Таусылдыма шыдамастай тағатың?
Тағы алдадың күзгі МҰҢ…
Оларды айтып пенделік бен күндеме еш.
Ғашық жандар сонау шақтан күнде егес.
Мықтылары қарсы деуші ем тағдырға.
Тағы алдадың күзгі ЕЛЕС.
Алданармыз уақытқа,
мезгілге.
Бiрақ мәңгі боларымды сездім бе?
Қадірін біл қоштасарда алтыным.
БҰЛ БАҚЫТТЫ КЕЗДІҢДЕ !!!
Анашым.
Демес ұлың алдыңда енді естімін.
Сізді ойладым тағы бүгін кешқұрым,
Жетер,елемеймін енді әлемнің еш мұңын.
Сенен басқа менің АНА жоқ екен ғой, ешкімім.
Сағымдарға сыр айтысып жүрмін мен.
Кешегі ұлың кіп- кішкентай бүлдірген.
«Қала» деген тас қамалда тарығып,
(Саған том-том жыр жазарын кім білген???)
Елес қудым!
Тағы аларма тағдыр маған басқа айып.
Менің көктен кадамымды бақылап,
Әкем жатыр
қыр басында қасқайып?
Жүрме Ана???
Сан мың ойлар санаңды ылғи пышақтап.
Сәл шыдашы бітіремде оқуымды келемін.
«Мама жасың жүзге жетсін «дер едім.
Құшағыма сыйғанша гүл құшақтап.
Тек өзіңе беремін.
Сырғып өткен сағаттардан қорқам.
Тағдырдың алдағы күндеріне бойлап.
Жар сүйіп ертең өзімнің жантаярымды ойлап,
Оны қойшы…
Сенің Мама жыл сайын қартаярыңды ойлап.
Күнделікке сыр…
Тәңірім тағдыр жаз татымды.
Таңғы төрт шамасы,
Еске алып өткен мен кеткенді.
Алысты жақынды.
Ой айт деп тұшымды,
Шабытым күнделік өзіңе шақырды
Бейне бір күнде өлең жазардай.
«Күнделік» деп қойдым атыңды.
Көңілсіз кештерде оралам,
Сан қарап өмірге,өзіңе сыр артам.
Қаламай мұңды әуен,жат үнді.
Мен саған келемде шұқшылам
Ұмытып кеткендей керекті затымды.
Мен солай мұң шағам,
Мен солай әндетем
Жат көрме өзіңе жазатын хатымды.
Мезгілсіз қайталап,
Қош іздеп көңілден.
Күнделік оралам өзіңе.
Жол іздеп,жар іздеп өмірден
Том-том қып жазсаңда.
Жамандар көреме,
Өзіңе Абайда көп жазды.
Кейінге мол мұра,
Кейінге өнеге.
Өлеңім өзіңнен сұранам.
Кітабым жатпасың шаң басып сөреде.
Өзіңе ақталам,
Дұшпанға сыр ашып.
Көк сия, ақ қағаз
Құлшынып тағдырдан тұр асып
Қоғамның бетке айтып өктемін
Жырлайын,Жастығым-көктемім!!!
Кейде тым кештетіп соғармын,
Сен мені жазғырма,сөкпегін.
Тек тіле,жиірек ашылсын.
Күнделік ,беттерің!!!!
Достарым.
Достан қалса көңілің, сабыласың.
Сапасы жоқ,ал бірақ саны басым.
Қаланың ақ саусағы аяқ шалса,
Бірге өскен бауырыңды сағынасың!
Керек кезде кеселеп шаруам дейтін.
Достан гөрі,өзінің хәлі басым.
Сынаптай сусып тұрған жігіт көрсең.
Сыныптас достарыңды сағынасың.
Өмір деген болғасын түрлі сынақ.
Көрмей оны ілгері аттамайсың.
Талайында заманның тосар Алла.
Түрленетін жолдастан сақтағайсың.
Дос қадірін басынан биік қойған,
Ауылдың арлан атқан алыптары.
«Жүрексіну»дегенді бір білмейтін,
Бір үйдің тірегі ертең анық бәрі.
Тай мініп,табағымен шұбат ішкен,
Міне осылай біздерден ұшқан бәрі.
Мен өзім достарымды мақтап жүрем.
Әдейі күйсін дейім де дұшпандары.
Серттерінен сырғымас серілерім,
Ауылдың кілең сыйлы «сырттандары».
Әйтеуір,сендер аман болыңдаршы.
Үлгі етуге досым деп жұрттарға әлі.
Тәуелсіздіктің таңы -Мен саған қарызбын!
Дәуірлер қалды дастан боп өшті құмдағы із,
Замандар жайлы зарлы жыр шертті мұңлы Абыз.
Тарих боп алтын әріппен қалған аттары,
Бабалар жайлы жас ақын жазсын сырлы аңыз.
«Өлгендер қайта тірілді»- деген осы да,
Арман боп жеткен ақ күнің туды басыңа.
Алты Алаш аттан сүйіншілетіп шулатып,
Алты құрлықты жина тез Ордабасыға.
Дұшпаның тапап сан шапты қанша көсілді,
Тұран боп жатқан сар далам сенің төсіңді.
«Нұрыңды Алла төге гөр»- дедім мен жылап!
Баянды қыл деп «Нұрлы жол-Нұрлы көшімді».
Алаш боп атқан қазақ боп батсын көкте күн,
Қазыбек,Төле,Әйтеке шешен отты елім.
Атағы Алтай,Алатау болып көк тіреп,
Тел емген Тәңірі бөрілім,менің көкбөрім.
Рухы өр ерлер ырғыпта түсті құзды аттай,
Қылыш боп жауға,ашуы қатты мұздақтай.
Қорғасын оқтың бабама тиген ұшқыны,
Жатқызбас менің жан дүниемді сыздатпай.
Атаның берген ақылы менен жігері,
Әкеден сіңген қайсарлық,отты жүрегі.
Тәуелсіздіктің таңы -Мен саған қарызбын,
Бұл қабыл болған ананың жасты тілегі.
Баянды болсын бақытты ғұмыр дәуірің,
Қазаққа кім жау,менде оған мәңгі жауымын.
Қазаққа қазақ дос болған кезде бар әлем,
Көтереді өзі ақ төбеге сені бауырым!