«Әңгіме жанрын оқытудың маңызы».
Алиева Гүлім Сабитбекқызы
Астана гуманитарлық колледжінің
Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының
оқытушысы, әдіскер
Әңгіме жанрын оқыту-оқушының сөйлеу дағдысының, мәнері оқуының, рухани дүниесінің қалыптасуының негізгі кілті болып табылады. Әңгімені оқытуда берілетін білім мен тәрбиенің аясы өте кең. Аталған жанрды оқытуда берілітін теориялық ұғымдар туралы түсінік үшін, ең алдымен, материялды неше сағатта өтуге болады, әр сағатта өтілуге тиісті материал көлемі мен мазмұны және оның оқушыларға бұрыннан таныс, не таныс еместігі, сондай-ақ, оқушылардың қабылдай алу қабілеттілігі, өресі, дағдыларының бар-жоғы сияқты мәселелерді күн ілгері ойластырып, жоспарлап алу қажеттілігі туады. Әңгімені оқытуда оқушыға берер тәрбиесі мол. Әңгіменің идеясы, ондағы кейіпкерлердің мінез-құлқы оқушыларды ойға жетелейді. Яғни, оқушы әңгіме мазмұнын түсіне отырып, оның кейіперлерінің бойындағы ұнамды, ұнамсыз қасиеттерін ажыратып отырады. Сол арқылы өзін- өзі тәрбиелеуге көп көңіл бөледі. Сондай- ақ, әңгіме авторы оқушыларға жеке тұлға ретінде жақсы қасиеттерімен танылады. Кей оқушылар әңгіме авторын үлгі етіп, тіпті кейбір кейіпкерлерге еліктеп, оларды өнеге тұтуға ұмтылады.
Мектепте оқылатын қазақ әдебиеті курсының бағдарламасында әңгіме жанрының алатын орны мен оны оқытудың мәні зор.
Әңгіме жанрын оқыту- оқушының сөйлеу дағдысының, мәнерлеп оқи алуының, рухани дүниесінің қалыптасуының негізгі кілті болып табылады. Әңгімені оқытуда берілетін білім мен тәрбиенің аясы кең. Атап айтқанда, оқушылар мынадай білім алады:
1. Әңгіме жанры туралы түсінік;
2. Әңгіме жанрының өзіндік белгілері мен ерекшеліктерін сезіне отырып оны талдау;
3. Әңгіме жанры аясында берілетін теориялық ұғымдар туралы түсінік.
Ең алдымен, материалды неше сағатта өтуге болады, әр сағатта өтілуге тиісті материал көлемі мен мазмұны және оның оқушыларға бұрыннан таныс, не таныс еместігі, сондай-ақ, оқушылардың қабылдай алу қабілеттілігі, өресі, дағдыларының бар-жоғы сияқты мәселелерді күн ілгері ойластыра, жоспарлап алу қажеттілігі туындайды.
Мектептегі оқу мен тәрбие оқушылардың жас ерекшелігіне, психологиясына байланысты ұйымдастырылады. Балаларға көркем шығарманы оқыту, кітапқа деген құмарлығы, сөз өнеріне деген ынтасы мен құлшынысын дамыту әдебиет пәнін оқытудың күрделі жұмыстарының бірі болып саналады. Бұл мәселелерде де оқушының психологиялық ерекшелігі, жасы, оқып жүрген сыныбы ескеріледі. Осыған орай әңгіме жанры мектептегі қазақ әдебиеті курсының бағдарламасында әр сыныпқа жіктеліп берілген. Бұл бағытта әңгіменің көлемі, мазмұны, көркемдік ерекшелігі ескерілген. Мысалы: 5- 6 сынып оқушыларын әңгімеде көтерілген мәселелерден бұрын оның сюжеттік оқиғасы қызықтырады. Бұл жастағылар- психологиясы, мінез- құлқы, физиологиялық жағынан балалықтан кетсе де, әлі қалыптасып, толысып жетпегендер. Сондықтан олардың жасына және қабылдау қабілетіне қарай қызықты, жалықтырмайтын көлемдегі әңгімелер беріледі. Әсіресе, 5 сынып оқушылары өте қиялшыл, сенгіш болып келеді. Олар- қимыл- қозғалысы жағынан шапшаң, өте әсершіл, барлық нәрсені шындық деп қабылдайтын, жақсылыққа да, жамандыққа да құлай берілетіндер. Сондай ерекшеліктеріне қарай, тіпті, олардың оқулықтарында Құран Кәрімдегі түрлі
аңызға ұқсас оқиғаларға құрылған «Сымайыл», «Зәмзам» деген әңгімелер де берілген. Әдеби шығармаларды оқу, қабылдау ерекшеліктеріне келсек, бұл оқушылар поэзия, драмалық шығармалардан гөрі, әңгімелерді, қара сөзбен жазылған шығармаларды оқуға ынталы болып келеді. Олардың осы қасиеттерін мұғалім дер кезінде бағалап, одан айрылып қалмаудың жолдарын іздестіруі керек. Ол үшін оларға кітапты қалай оқу керектігін, оқып отырып, неге назар аудару керектігін меңгертіп, оқырмандық мәдениетін дамыту мақсатында үнемі басшылық жасап, ақыл-кеңес беріп отыру керек. Бұл бағытта оқушыға арнайы дәптер бастатып, оқыған әңгімелерін, оның қысқаша мазмұнын, кейіпкерлерін жазғызып отыру тиімді. Бұл жұмысты жасай отырып, оқушы үнемі кітап оқуға оның мазмұнын есте сақтауға дағдыланады.
7-8 сынып оқушылары әңгіменің жалпы табиғатына, тақырып, идеясына, көтерілген мәселелерге терең үңіліп, жүйелі түсінуге ұмтылады. Себебі балалар есейген сайын психологиясы, физиологиялық даму барысында өзіндік ерекшеліктері айқындалады. Олар айналаға, соның ішінде өнер туындыларына өз көзқарасымен қарай бастайды.
Әңгіме эпикалық шығарма. Сондықтан басқа жанрға қарағанда әңгіме жанрын оқытудың өзіндік ерекшеліктері баршылық. Әңгіме жанрын оқытуда алға қояр мақсаттар:
1. Оқушылардың рухани дүниесін байыта отырып, эстетикалық, интеллектуалдық, көркемдік, сезімдік, адамгершілік, азаматтық тәрбие беру;
2. Оқырмандық тұрақты ынта- ықыласы, биік талғамды қалыптастыру;
3. Оқушыны әңгіме жанрын және онда бейнеленген құбылысты эстетикалық қабылдауына қажетті білім және білікпен қаруландыру;
4. Оқушының логикалық ойына, ауыз екі және жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыру.
Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін әңгімені оқытуда белгілі бір міндеттер жүзеге асуы тиіс. Олар:
– Әңгіме мәтінін оқытып, мазмұндап меңгерту;
– Әңгімені табиғатына сай оқуға үйретіп, оның идеялық- эстетикалық мән- мағынасына терең бойлап, тебірене қабылдауына әсер ету;
– Әңгімені оқуға деген қызығушылығын, ынтызарлығын оятып, жоғары эстетикалық талғам мен қажеттілікті қалыптастыру;
– Әңгіме жанрының ерекшеліктерін түсініп тануға, ой көзімен зерделеуге болатын білім, білік, икем- дағдыларды қалыптастыру;
– Әңгіме жанрын оқытудың шығармашылық сипатын күшейту, оқушылар шығармашылығына жүйелі педагогикалық ықпал жасау;
– Оқу еңбегіндегі ой дербестігін, оқу әрекетін, образды ойлау, қайта елестете алу қабілеттерін дамытуға ықпал ету;
– Ойын сауатты ауызша (жазбаша) айта да, жаза да білу, байланыстырып сөйлеудегі тіл мәдениетін қалыптастыру және дамыту, өзіндік ой- пікірін дәйекті, жүйелі айта білуге, ұтымды шешен сөйлеуге баулу болып табылады.
Оқушыларды ауызекі сөйлеу, жазу мәдениетін үйрету- оқыту мен тәрбие жұмысының ең маңызды мәселесі. Адамның күнделікті тұрмыста, қоғамдық жұмыс барысында өз ойын ауызша және жазбаша жүйелі, дұрыс сөйлей білуі мен сауатты жазуының маңызы зор. Бұл мектеп қабырғасында қалыптасады. Оқушыларды сөз қадірін біліп, оны орында қолдануға үйретеді, өз пікірін анық, айқын жеткізе білуге баулу мектепте, әсіресе, қазақ әдебиеті, қазақ тілі сабақтарында жүзеге асады. Оқушылар қазақтың әдеби тілін көркем шығармаларды оқу барысында жаттығу жұмыстары арқылы меңгереді. Әңгімені оқытуда тіл дамыту жұмыстарын мәтінді талдаумен, әңгімені мәнерлеп оқумен, ауызша мазмұндаумен, жоспар құрумен, тығыз байланыста жүргізген тиімді. Ауызша, жазбаша тіл дамытуда мынадай жұмыс түрлері орындалуы тиіс:
1. Сөздік жұмысы;
2. Мазмұндау: а) әңгімеге жуық мазмұндау, ә) мәтін мазмұнын қысқартып тезис ретінде мазмұндау, б) мәтінді екінші жақта мазмұндау, в) қажетті үзінділерді мазмұндау, т. б.
3. Мәтінге жоспар құру: а) жай жоспар, ә) күрделі жоспар.
4. Шығарма жаздыру: а) әңгіме тақырыбына сай шығарма; ә)ұнаған эпизод бойынша шығарма; б) әңгіме мазмұнын қабылдауын байқау үшін эссе жаздыру.
Әңгімені оқытуда да, жалпы оқыту процесіндегідей мына екі түрлі қызмет жүзеге асады. Біріншісі- мұғалімнің оқытуы, екіншісі- оқушының оқуы. Мұғалім мен оқушының осы арақатынасы әр түрлі оқушының қызметтері, оқыту әдістеріне жатады. Мысалы, мұғалімнің әңгімелесуі- әңгіме әдісі немесе кітаппен жүргізілетін жұмыс түрлері- кітаппен жұмыс әдісі, оқушының жауап беру әдісі- оқушының білімін тексеру әдісі деп аталады. Сонымен, әдіс-тәсіл оқытушы мен оқушы арасындағы жұмыс түрлеріне байланысты әр түрлі болып келеді. Мектептегі оқыту процесі-оқыту әдістері арқылы жүзеге асады. Мысалы, әңгіме мазмұнына сай пікірталас тудыратын сұрақтар оқушы белсенділігін арттыратын тәсілі болып келеді. Әңгімені оқытуда сөздік әдіс, көрнекілік әдіс, тәжірибелік әдіс, түсіндірмелі- иллюстративтік әдіс, эвристикалық әдіс, зерттеу әдісі, өзіндік жұмыс әдісі, проблемалық баяндау әдісі, мәнерлеп оқудың орны ерекше.
Академик Ю. Н. Бабанский өзінің «Оқу-тәрбие процесін оптималандыру» деген еңбегінде әдістерді үш топқа жіктейді:
1. Оқушыларды оқу- таным қызметін ұйымдастыру әдістері;
2. Оқушылардың оқу таным қызметін көтермелеу әдісі.
3. Оқу- таным қызметінің тиімділігін бақылау әдістері.
Оқыту әдісі дегеніміз оқушылар мен мұғалімнің білімді меңгеру жолындағы тәсілі. Әңгімені оқытуда әдістерді оқыту құралдарынан ажырата алуымыз керек. Әдіс тек әрекетпен байланысты, ол үшін әрекеттің негізгі мақсаты болуы керек. Ал әр түрлі құралдарды қолдану әдістерге бағынышты. Құралдардың әр түрлі болуы әдістің құрылымын өзгертуге ықпал етеді. Әдістің жекелеген бөлімдерін амал деп атаймыз. Әдістер арқылы білім мазмұнын меңгертеміз. Мұғалім оқушыларды оқытуда соңғы нәтижеге жеткізер деген әдіс- тәсілдерді таңдап алады.
Әңгімені оқытуда әдістерді қай мәнге пайдалану тиімді екенін төмендегі кесте арқылы көрсетуге болады:
Сөздік әдісі Көрнекілік әдісі Тәжірибелік әдісі Зерттеу әдісі
Сөздік әдістерінің әдебиет пәнінің күре тамыры деуге болады. Сөздік әдістеріне әңгіме, лекция, пікірлесу, т. б. жатады. Әңгімені оқытуда жазушы өмірінен мәлімет бергенде, мәтін мазмұнын түсіндіргенде, талдағанда қолданылады. Әңгімені оқытуда берілетін білім мазмұны көрнекілікті тілеп тұрғанда, уақыт үнемдеуде, оқушының психологиясына әсер ету мақсатында қолданылады. Бұл топқа иллюстрация, суреттер, мүсіндер, портреттер, т. б. жатады. Оқушыны қызықтыру, ынталандыру мәселелерініңде маңызы зор. Оқушылардың теориялық білімін практикада пайдалана білу дәрежелерін жетілдіреді. Бұл топқа әңгіме мәтінін меңгеру, көркем мәтінмен жұмыс, т. б. жатады. Әңгімені оқытуда кітаппен жұмыс кезінде жазушы тілі, стилін анықтауға тиімді. Берілген білімнің ғылымилығын арттыру, қосымша материалдармен байыту, оқушылардың іздендіру, өз беттерімен проблеме шештіру мәселелерінде тиімді. Оқушылардың өз беттерінше қорытынды шығару дағдыларын жетілдіруде өте пайдалы.
Әңгіме жанрын оқыту мұғалімнен көптеген ізденісті, шығармашылықты, дайындықты талап етеді. Мұғалім сабаққа шеберлікпен дайындалып, түрлі әдіс- тәсілдермен оқушылардың қызығушылығын оята білсе, әңгімені оқыту барысында көптеген айтарлықтай нәтижеге қол жетуге болады. Әсіресе, өзіндік белгілері, ерекше белгілері бар әңгіме жанрын баланың жан- жақты қалыптасып дамуының негізі болып табылады. Әңгіме баланың өзін- өзі тәрбиелеуіне, басқаларды танып білуіне ықпал жасайды. Сондықтан мектепте эпикалық жанрды соның ішінде әңгіме жанрын оқытудың маңызы ерекше зор.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Бітібаева Қ. Әдебиет сабағының түрлері мен үлгілері. – Алматы: Рауан, 1994 ж.
2. Бітібаева Қ. Әдебиетті тереңдетіп оқыту. – Алматы: Рауан, 1994 ж.
3. Бадырақов Қ. Жоғары кластарда қазақ әдебиетінен тапсырмалар жүйесі. Алматы: мектеп, 1977 ж.
4. Дайыр Ә. Айтқашев. Қ., Құрманбаева Г., Беркімбаева Ш. Әдебиет. 5- сынып. – Алматы: Атамұра, 2001 ж.
5. Дайырова Ә., Тілешова С. Әдебиет. Оқулыққа нұсқау. 5- сынып. –Алматы: Рауан, 1996 ж.
6. Жарықбаев Қ. Психология. – Алматы. 1982 ж.
7. Құрманбаева Г., Жұматаева Е. Әдебиет. Оқыту әдістемесі: 5- сынып. Алмты: Атамұра, 2003ж.
8. Құтқожина Р., Бітібаева Қ. Әдебиет. Оқыту әдістемесі: 7- сынып. – Алматы: Атамұра, 2003 ж.
9. Құтқожина Р. Әдебиет. Оқулыққа нұсқау. 7- сынып. – Алматы: Рауан, 1994 ж.
