Жақсылық жасау – тым қиын емес
«Тимуршылар» командасы… Бұл туралы кеңес дәуірінің оқушылары жақсы біледі. Себебі олардың көбісі осы команда құрамында жүріп, қиыншылық құрсауында қалған талай жанға қолғабыс жасаумен болды. Біздің анық білетініміз, кеңес дәуірінде барлық мектептерде белсенді жұмыс істеген «Тимуршылар» командасының тәрбиелік мәні зор болды. Ол кезде де мектеп оқушылары жалғызбасты қарт ата-әжелердің үйлеріне барып, қо
лғабыс көрсетіп, суын тасып, отынын жарып, үйін тазалап, әктеп беретін. Мектептерге тәрбие құралы ретінде енгізілген «Тимуршылар» командасының жұмысы тоқырау жылдарында тоқтап қалды.
«Тимуршылар» командасы сияқты қоғамдық құбылыстың маңызын жоғары бағалаған лицей оқушыларынан құралған «Жас көмекшілер» тобы тәрбие құралы ретінде пайдалануды қайта қолға алды. Бейнеу ауданы Бейнеу лицейінің « парламент» өзін – өзі басқару оқушылар ұйымының бір құрамы ретінде 9 «а», 9 «б» сыныптарының оқушыларынан құралған тимуршылар тобы қысқы каникул күндерінің бірінде өз жұмыстарын бастады.
Мектеп оқушыларына құр сөзбен еңбексүйгіш, патриот болыңдар дегеннен гөрі, соның жолын көрсетсек әлдеқайда пайдалы емес пе? «Жас көмекшілер» үш топқа бөлініп, жағдайы қиын отбасыларға көмектесе жүріп, үлкенге ізет жасап, кішіге қамқор болуды үйренді.Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің ізгілікке бастайтыны белгілі. Аталмыш бағытта жасалған жұмыс көпке үлгі болғандай. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды өз ұранына айналдырған тимуршылардың қазіргі аяқ алыстары мақтауға тұрарлық. Жасөспірімдер жердің ми батпан балшығына қарамай 6- ауылда кішкентай сарайда тұратын көп балалы отбасы балаларын қуантып қайтты. Бірі ата –анасының қалауымен беріп жіберген тәтті тоқаштарын, киім-кешектерін беріп жатса, бірі ақшалай көмек қолдарын созды. Ал, екінші топ құрамы аз қамтылған көп балалы, әлеуметтік жағдайы өте төмен, отағасы мен отанасы мүгедек жандардың үйіне қолғабыс етсе, үшінші топтағылар жалғызбасты қарт кісілерге де көмек берді.
Қуаныштарын жасыра алмай риза болғандар сый-сияпатқа, көмекке ризашылығын білдіріп, оқушыларға зор тілегі мен алғысын айтты. Осындай игі іс- шаралар алдағы уақытта да назардан тыс қалмай өз жалғасын таппақ!
Бүгінгі қоғамда бүлдіршіндердің қылмыстық әрекетке барып жатқандарын күнделікті естіп, жағамызды ұстап жатамыз. Бұның алдын алу – баршамыздың міндетіміз екенін естен шығармауымыз керек. Ертеңгі күннің тізгінін ұстайтын жасөспірімдеріміздің дене күшін басқаға емес, осындай қайырымды істерге жұмсаса деген тілек біздікі.
«Бейнеу лицейі» мемлекеттік мекемесі
тәрбие –ісі жөніндегі орынбасары Гүлназ Әжібаева

