Тәуелсіздікке тарту
Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында Астана қаласындағы Тұңғыш Президент мұражайында желтоқсан айының 11 күні «Туған жерім» тақырыбында халықаралық шығармашыл балалардың сәндік қолданбалы қолөнер байқауы өтті. Бұл байқауға республикамыздың барлық облыстары мен қалаларын мекендейтін дарынды оқушылардың жұмыстары қойылды. Біздің мектебімізден де 7 оқушының жұмысы қатысты. Марапаттау рәсіміне мектебіміздің директоры Оразова Тойаш Балтақарақызы қатысып, өз ойымен бөлісті.
«Туған жерім» байқауына қойылған жұмыстардың барлығы жақсы, соның ішінде ерекше көрініп, көздің жауын алатын жұмыстар біздің оқушыларымыздың жұмыстары болды. Сондықтан да, біздің мектептің оқушысы Ким Мария бас жүлдені, ал Сарсенбек Айсұлтан ІІ орынды жеңіп алды. Әрине, жеңіс – қазақтың тілі мен дінін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтаған, дархан мінезді, кең пейілді Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қалалық Балалар көркемсурет мектебінің оқушылары жасаған жұмыстарға бұйырды.
Біздің қуанышымыз облысымыздың қуанышы. Тәуелсіздік мерекесіне жасаған тартуымыз. Жеңіс жәй келген жоқ, ұстаздарымыздың ерен еңбегінің арқасында келді. Ұлттық өнерімізді дәріптеп, әспеттеп оқушыларымыздың санасына құйып, жүрегінің төрінен орын алғызып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып отырған ұстаздарымыз жеткілікті. Атап айтатын болсақ, осы «Туған жерім» байқауының бас жүлдегері Ким Мария мен ІІ орынды иемденген Сәрсенбек Айсұлтанның жетекшісі Қарабаева Ғалия Сәмбіқызы. Ғалия Сәмбіқызы мектебімізде 20 жылдан бері шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан тәжірибелі ұстаз. Ізденуден шаршамайтын, дипломдық жұмыстары бірін- бірі қайталамайтын шығармашыл ұстаз деп айтсам қателеспеймін. Ұстаздарымыздың еңбегіне жеміс, отбасыларына береке бірлік және шығармашылық табыс тілеймін. Тәуелсіздік мерекесімен бүкіл қазақ халқын құттықтаймын. Оқушыларымыз жетістіктерімен бізді қуанта берсін!
