«АСТАНА – ЖАҢА ҚАЛА» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫ
http://www.khabar.kz/kz/m-ra-at/ba-darlamalar/zheti-k-n/15210-zheti-k-n-08-11-2014
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДІҢ БІР ТОП БЕЛСЕНДІСІ «АСТАНА – ЖАҢА ҚАЛА» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДАҒЫ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫ. БҰЛ АЙМАҚ 2001 ЖЫЛЫ ҚҰРЫЛҒАН ЕДІ. 7 500 ГЕКТАРГА СОЗЫЛҒАН ИНДУСТРИАЛДЫ АУМАҚТА 283 НЫСАН БАР.
ЕЛОРДАНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК АХУАЛЫН ЖАҚСАРТУДЫ МАҚСАТ ЕТКЕН АЙМАҚТА ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН. БІРІНШІДЕН, ОЛАР ОН ЖЫЛ БОЙЫ ЖЕР ЖАРНАСЫНАН БОСАТЫЛАДЫ. СОНДАЙ-АҚ АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТА ЖҮРГІЗІЛЕТІН ҚҰРЫЛЫС ҮШІН ҚАЖЕТТІ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАРҒА ҚОСЫМША ҚҰН САЛЫҒЫН ТӨЛЕМЕЙДІ.
ТІЛШІМІЗ МАҚПАЛ МАДИЯРОВА ДА БЛОГГЕРЛЕРМЕН БІРГЕ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАҒЫ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН КӨРІП ҚАЙТТЫ.
«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағындағы зауыттарды аралауға Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Өскеменнен 30 блоггер жиналды. Блог-турдың беташарын «ҚазҚұрылысӘйнек» кәсіпорны ашты. Өз өнімдерінің сапасын, ерекшелігін дәлелдеу үшін зауыттың техникалық директоры әйнектерді аямады. Сындырып та, лақтырып та көрсетті.
Мұндағы әйнектер 650-700 градустық температурада шынығады, сондықтан да кәдімгі шыныдан 6-7 есе мықтырақ. Сынған кездегі қиыршықтары өткір, үшкір емес, адамды жарақаттамайды, сондықтан да қауіпсіз әйнек деп аталады.
Людмила Шепелева, «ҚазҚұрылысӘйнек» ЖШС бас директорының орынбасары
-Бұл әйнектің ортасына жылу ұстайтын газ толтырылады, пакетпен қапталады. Осының әсерінен қыс мезгілінде жылу ұзақ сақталады, ал жазда керісінше, салқын болады.
Бұл өндіріс орны 2003 жылы Алматыда құрылған. Астанадағы өкілдігін 2009 жылы ашқан. Ерекше технологиямен жылу сақтағыш шыны жабындыларын жасайтын және қауіпсіз әйнектерді өңдейтін жалғыз компания Қазақстандағы. Жоба құны – 2,5 млрд теңге. Астанадағы тұрғын үй кешендерінде, қонақ үйлерде, Назарбаев Университетінде осы кәсіпорынның шыны жабындылары қолданылған. Ендігі жоспар – атақты «Әбу-Даби плазаның» құрылысына әйнек дайындау.
Людмила Шепелева, «ҚазҚұрылысӘйнек» ЖШС бас директорының орынбасары
-Жұмыскерлер қолына таза 110-130 мың теңге еңбекақы алады. Дәл қазіргі уақытта біздер 10-15 жұмысшы қабылдап, оларды оқытуға дайынбыз.
Бірегей шыны зауытындағы таңданыс пен тамсану Қазақстанда теңдесі жоқ тағы бір зауыт – «Тау-Кен Алтын» аффинажды кәсіпорнында жалғасты. Бұл мекемеге аса қатаң тексерумен кірдік. Кіреберістегі сөреде тұрған тап-таза алтын құймалары көздің жауын алады. Жер қойнауынан жеткізілген шикізаттан бағалы металдарды бөліп алып, өңдейтін зауыт дегенге сапырылысқан жұмысшыны бұрқыраған шаң, алаулаған балқыту пештерін елестеткенбіз. Оның бірі де жоқ. Мұндағы бар шаруаны ұзын саны үш-ақ адам тындырады.
Ахметтулла Мырзалиев, «Тау-Кен Алтын» аффинажды зауытының бас инженері
-Зауытты айта кетсек, экологиялық таза. Балқаш «Қазақмыстың» аффинажды «Қазцинктің» зауыттырымен салыстырсаң, олар өте элекроемкий, электр қуатын жоғары мөлшерде қолданады. Ал бұл зауытқа келсек, бүкіл оборудованиенің қуаты 1300 квт. Сол себепті өте қолайлы.
Зауыт Елбасының тапсырмасымен салынып, іске қосылған 2013 жылы. Мақсат – мемлекетіміздің алтын-валюта қорын толтыру. Кәсіпорынның жылына 25 тонна алтын, 50 тонна күміс өндіруге қуаты бар. 999-шы сынамалы бағалы металдың тұтынушысы әзірге Ұлттық Банк қана.
Жанар Рахимова, «Тау-Кен Алтын» аффинажды зауыты директорының орынбасары
-Бұл жобаның құны – 5,5 млрд теңге. Ұлттық банкке 3 тоннадай таза алтынды саттық. Жыл аяғына дейін тағы 7 тоннаға тапсырыс берді.
Мына бір кесек алтынның салмағы 12 килограмм. Бағасы 450 мың доллар шамасында. Зауыттың алдағы жоспары – жеке тұлғалардың сатып алуына ыңғайлап, 100 грамдық, 1 киллограмдық алтын құймаларын дайындау.
«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағындағы тағы бір мекеме «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны. Бұл да «ЕС-415» тікұшағын құрастыратын еліміздегі жалғыз компания.
Хольгер Сков, өндіріс және тұтынушыларды қолдау жөніндегі директоры
-Біз үшін Қазақстанда өкілдігіміздің болуы өте маңызды. Біз бірлесіп құрастырған «ЕС-145» құқық қорғау органдарына, адамдарды құтқаруға, медициналық іс-қимылдарды жүзеге асыруда пайдаланылуда.
Компания құрастырған 20 ұшақ қазір Қазақстан көгінде әртүрлі мақсатта ұшып жүр. Жыл аяғына дейін тағы алты ұшақ аспанға көтерілмек. Ол алтаудың өзін де иеленіп қойғандар бар екен. Мысалы, мына ұшақ төтенше жағдай кезінде құтқару жұмыстарын атқармақ. Бағасына келсек, бір тікұшақтың құны – 6 млн евро тұрады.
Хольгер Сков, өндіріс және тұтынушыларды қолдау жөніндегі директоры
-Біз жылына 12 тікұшақ құрастыруға мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ бізде техниктер мен ұшқыштарды даярлайтын оқыту орталығымыз бар.
Тазалығы мен реттілігіне қарап, кәсіпорын деуге қимайтын тағы бір мекеме «Astana Solar» фотоэлектрлі модулдерді өндіретін зауыт. Мұнда 100 пайыз қазақстандық кремний негізінде күн батареялары шығарылады. Зауыт техника қауіпсіздігі мен экологиялық нормалардың ең жоғарғы талаптарына сай келетін заманауи автоматтандырылған құралдармен жабдықталған.
Жанат Бегайдаров, маркетинг бөлімінің басшысы
-Біз өз өнімдерімізге 10 жылға кепілдік береміз. Сондай-ақ 25 жыл ішінде қуаттылығы 15 пайыздан артық төмендемейтініне де кепілдік береміз.
Кәсіпорындағы фотоэлектрлі машиналардың жобалық қуаты 50 мегаватқа тең. Астана аумағындағы осы зауытта дайындалған күн батареялары Қазақстанның ғана емес, Ресейдің де шалғайдағы ауылдарын, вахталық қалашықтарын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Бұл модульдер Экспо құрылысына да қолданылатын болады.
«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағындағы бірегей тағы бір өндіріс орны түсті диодты энергиялық қуат көздерін өндіретін мекеме. Мұнда қазір ғылыми жұмыстар жүргізілуде. «Әлемді бас шайқатар нәтижесін Экспо- 2017 көрмесінде көресіздер»,- дейді басшылары. Осылайша блоггерлермен бірге елордадағы 5 зауытты көрдік.
Сырым Әбдірахманов, блоггер
-Блог-турдың мақсаты біреу. Елде жасалып жатқан игілікті шараларды халыққа көрсету, біздің дамуымыздың, біздің жетелеп алға шығып жатқан жетістіктерімізді көрсету.
Бір күнге созылған блогтурдың қорытындысы осындай. Түйін елорданың индустриалды аймағындағы жұмыстар мемлекеттің әрбір жетістігіне қуана білетін азаматқа расымен мақтаныш, расымен қуаныш.
Авторлары: Мақпал Мадиярова, Лилия Шаймарданова, Мейрамбек Ахмаханов

[…] тур туралы «АСТАНА – ЖАҢА ҚАЛА» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫ материалынан таныс бола аласыздар. Материалды Хабар […]