Центрлік симметрия
Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы,
Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі,
Қазақстан математика мұғалімдерінің І съезінің делегаты
Омарова Құрмет Өмірзаққызы
6 сынып. Математика
Сабақтың тақырыбы: Центрлік симметрия
Сабақтың мақсаты :
а) БІЛІМДІЛІК: Центрлік симметрияның күнделікті өмірдегі, өнердегі қолданыстарына мысалдар келтіре алубіліктіліктерін меңгерту;
ә) ДАМЫТУШЫЛЫҚ: Оқушының пәнге деген ынтасы мен қызығушылығын дамыту, оқушыларды өз білімі ғана емес, басқа оқушының да білімі үшін жауапкершілікке тәрбиелеу;
б) ТӘРБИЕЛІК: Оқушыларды өз еркімен сабаққа қатыстыра отырып, бірлікке, жолдастыққа, еңбекке, өзін-өзі бағалауға баулу. Ұлттық өнерге деген оқушының қызығушылығын ояту, имандылыққа тәрбиелеу;
Сабақтың түрі: Аралас сабақ.
Сабақтың әдісі: Саралап-деңгейлеп оқыту технологиясы .
Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта, компьютер, кеспелер,
перфокарталар, гүлдер, оюлар, насекомдар мен
архитектуралық нысандардың суреті.
Пәнаралық байланыс: Жаратылыстану, бейнелеу, технология.
Сабақтың барысы:
І кезең.
а) Ұйымдастыру (5минут) 1. Сабақты бастау үшін:
Әрбір адам – туысым, досым, жұрағат,
Әрбір сабақ – үйрену, ұғу, ұлағат.
Әрбір ісім – тірлік, тірек, адалдық,
Әрбір сөзім – шындық, бірлік, адалдық.-
деп оқушылар сабаққа кіріседі.
2. Оқушыларды 4 топқа бөлемін. «Шеңбер», «Тік төртбұрыш» , «Шаршы», «Үшбұрыш» топтары. Әр топтың топ басшысын сайлаймын. Оларға тапсырмаларды түсіндіремін.
ә)Үй тапсырмасын тексеру. (10 минут)
1. Үй тапсырмасын аралап жүріп тексеремін және теориялық білімдерін тексеру үшін «Цифрлы сұрақ» ойынын ойнатамын. Ол үшін оқушыларға цифрмен берілген сұрақтар таратып, кез келген цифрды атау арқылы оқушыдан сабақ сұраймын.
2. Интерактивті тақтадан тірек сөздерді 15 секунд ашамын және оны жасырып, есте қалған сөздерін жаздырамын. Соның бірі – «Центрлік симметрия» деген сөз.
Тақтада жаңа сабақтың тақырыбы шығады.
Жаңа сабақтың тақырыбы: Центрлік симметрия
ІІ кезең.
Жаңа сабақты меңгеру кезеңі. (15 минут)
- Интерактивті тақтадан слайдпен центрлік симметрияға түсінік беремін және О нүктесіне қатысты А нүктесіне симметриялы А1 нүктесін салуды көрсетемін.
- О нүктесіне қатысты АВ кесіндісіне симметриялы А1В1 кесіндісін салуды көрсетіп, үйретемін.
- Интерактивті тақтадан О нүктесіне қатысты центрі О1 радиусы О1А1 шеңберіне симметриялы шеңбер салуды көрсетемін.
- Слайдпен центрлік симметрияның анықтамасын беріп, центрлік симметрияға мысалдар келтіремін. Шеңбер, кесінді, тік төртбұрыш- центрлік симметриялы фигуралар.
- Әр топтан бір оқушыдан интерактивті тақтаға шығарамын .Оларға берілген нүктелерді координата жазықтығына белгілеп, координата басына қарағанда ол нүктелерге симмтериялы нүктені белгілеуді және оның координаталарын жазуды тапсырамын.
А(1;-3), В(3;2) С(-4;-5) Д(-6;5)
А1(-1;3) В1(-3;-2) С1(4;5) Д1(6;-5)
Координаталық жазықтықтағы координаталар басы О нүктесіне қатысты симметриялы нүктелердің координаталары карама-қарсы сандар болады.
6.Слайдпен табиғаттағы, архитектурадағы, өмірдегі, өнердегі симметрияның мысалдарын суреттермен көрсетемін.
7. Сабақты бекіту мақсатында әрбір топқа бірнеше әр түрлі фигуралар жиынтығын ұсынамын. Олардың ішінен симметриялы фигураларды ажыратып, қай симметрияға жататынын анықтау керек.
ІІІ кезең
Деңгейлік тапсырмалар (10 минут)
І деңгей
1.Тік төртбұрыштың қарама-қарсы төбелерін қосатын кесінді не деп аталады?
2.Симметрияның қанша түрі бар және оларды жазыңдар.
3.Центрлік симметрияға қандай фигуралар жатады?
4.Ұзындығы 6см АВ кесіндісін сызып, оның симметрия центрін тап.
ІІ деңгей
1.Түзу сызып, оның бойынан О нүктесін және одан 2см қашықтықтағы А нүктесін белгілеңдер.О нүктесіне қатысты А нүктесіне симметриялы А1нүктесін табыңдар.
2.А(2;3), В(3;-2), С(-2;-3), Д(4;2) нүктелеріне симметриялы нүктелерді координата жазықтығында көрсетіңдер:
3.АВСД квадратына оның Д төбесіне қатысты симметриялы квадрат салыңдар.
ІІІ деңгей
1.Тік бұрышты координаталар жүйесінің координаталар басы О нүктесіне қатысты С(х;-3) нүктесі Д(2;у) нүктесімен симметриялы. Х-ті және У-ті табыңдар.
Бағалау (5 минут)
Оқушыларды бағалау үшін ашық журналдағы ұпайларының санын қосып, салыстырмалы түрде бағалаймын.
Үйге тапсырма: Деңгейлік тапсырмалар.
