ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ
Шарбану Толыбайқызы Баекеева.
Қазалы қаласы
Биылғы «Білім берудің инновациялық стратегиясы – мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» атты Сыр ұстаздарының тамыз кеңесінде еңбектерімен көпке үлгі болған ұлағатты ұстаздар марапат биігінен көрінді. Олардың қатарында ауылшаруашылығы мамандарын даярлап отырған жарты ғасырдан астам тарихы бар қарашаңырақ – Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің директоры Темірбек Кәнішұлы Исмайловта бар.
Бүгінгі мақаламыздың басты кейіпкері Темірбек Кәнішұлы 1976 жылы алғаш еңбек жолын осы оқу орнында өндірістік оқыту шебері болып бастап, кейін арнайы пән оқытушысы, аға шебер, директордың оқу – өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары, 2007 жылдың қараша айынан Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің директоры қызметін атқарып келеді. Ол 1956 жылы Қазалы ауданы, Арықбалық ауылсоветінде дүниеге келген. 1973 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 қазақ орта мектебін бітірген бозбала 1976 жылы Қызылорда ауылшаруашылық техникумының, 1986 жылы Жамбыл гидромелиоративтік – құрылыс институтының механизация факультетін инженер – механик мамандығы бойынша бітірген.
Марқұм әкесі Кәніш пен алтын құрсақты анамыз Күлсәннің өнегелі тәрбиесі мен ақылын өмір бойы бойына сіңіріп өскен Темірбек ағамыз бұл күнде бір ұжымға ғана басшы ұстаз емес, отбасының ұлағатты отағасы, бауырларының арқа сүйер ағасы, ағайын мен құда – жекжаттарының біріне сыйлы іні, біріне қамқоршы аға.
Темірбек Кәнішұлының мамандығы инженер бола тұра, қырық жылға жуық ұстаздық қызметінде ауыз толтырып айтар игі істер мол екен. Білім саласындағы жаңалыққа жаны құмарлығынан өз білімін үнемі жетілдіріп келеді екен. 2007 жылы Қызылорда облысының кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты базасында «Өндірістік оқу сабақтарында “Кәсіптік педагогика” мамандығының негізгі тұжырымдамаларын жүзеге асыру», 2011 жылы Білім беруді жетілдіру және арттырудың Республикалық институты базасында «Электрондық оқыту (e-learning) пилоттық жобасын енгізу жағдайында “Электрондық колледж/лицей” жүйесін құрудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыптарында білім жетілдіру курсына қатысыпты.
Сонымен қатар әр жылдары білім саласы қызметкерлерінің облыстық тамыз мәслихатының секция жұмыстарында «Әлеуметтік серіктестік – бәсекеге қабілетті жұмысшылар дайындаудың сапасын арттыру көзі», «Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындаудың негізгі бағыттары» тақырыптарында баяндама жасаса, «Қазақстан-2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдаудан туындайтын кәсіби мамандарды дайындаудағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту мәселелері» атты облыстық педагогикалық оқуында «Техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру жолдары» тақырыптарында баяндама жасаған.
Әрине, бұл колледж басшысының заман талабына ілесіп жаңа технологияларды игеруге бет бұрғандығы мен білім саласындағы оң өзгерістерге байыптылықпен қарайтындығының бір нышаны. Колледж ұстаздарына қояр талапты өзіне де қояды екен. Соның нәтижесінде әр жылдары республикалық «Мектеп директоры» журналында «Техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру жолдары», республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінде «Мәңгілік ел» жобасы – жаңа дәуірдің кемел келбеті», облыстық «Сыр бойы», «Сыр мектебі», «Ұлағат ұясы», «Учитель Сыра», «Ел тілегі», аумақтық «Тұран Қазалы», аудандық «Қазалы» газеттерінде «Дуалды оқытудың бүгіні мен келешегі», «Білікті маман – ел ертеңі», «Онжылдықа ойдағымыз орындалады», «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға үлесімізді қосамыз!», «Мәңгілік ел» тақырыбындағы мақалалары жарық көріпті.
Не деген ынта, не деген жігер!
Осындай еңбектерінің нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім беру саласында атқарған еңбегі елеусіз емес екен. 1990 жылы Қазақ ССР кәсіптік-техникалық білім беру ісінің озық қызметкері белгісін иеленген Темірбек Кәнішұлы тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғысымен, Қазақстан Республикасындағы техникалық және кәсіптік білімді дамыту ісін қолдауға әрдайым дайындығы және кәсіби мамандар мен білікті кадрларды даярлау ісіндегі зор кәсібилігі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың және біліктілікті берудің ғылыми – әдістемелік орталығы» директорының мақтау қағазымен, Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен, Қызылорда облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен, «Нұр Отан» ҚОФ-ы төрағасының бірінші орынбасарының Құрмет грамотасымен, Қызылорда облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының Алғыс хатымен, Қазалы ауданы әкімінің Алғыс хатымен және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Құрмет грамотасымен марапатталса, 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы төсбелгісі мен 2012 жылы «Абай» төсбелгісін иеленген.
Колледж басшысы ретінде инженер – педагогтардың жаңа заманға сай оқыту үрдісіндегі жаңалықтар мен өзгерістермен танысып отыруын, біліктілігін жетілдіру курстарынан және педагогтардың жетістіктері мен еңбек өтіліне сәйкес аттестаттаудан өтуіне ұйытқы болып отыр. Соның нәтижесінде колледждің ұстаздар қауымы да жаңалыққа жаны құмарлығымен, сапалы білім беру саласындағы қызметтерінің нәтижесінде облыстағы көшбасшы колледждердің қатарынан көрінуде. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне орай ұстаздар қауымының «Сапалы кәсіби білім – Қазақстанның индустриялық және инновациялық дамуының негізі» атты іс – тәжірибе жинағы облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының 2011 жылғы 20 сәуірдегі №2 хаттамасымен іс – тәжірибелері жинағының үлгісін мақұлдап, облыс колледждеріне пайдалануға ұсынылған. Колледж әдіскері Ш.Баекеева «Жыл әдіскері» республикалық байқауының облыстық кезеңіне қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленіп, республикалық «Жыл әдіскері» байқауына қатысса, облыстық «Тас қалаушы» байқауында өндірістік оқыту шебері Қ.Айтпаев бірінші орынды, «Үздік газэлектрмен дәнекерлеуші» байқауында өндірістік оқыту шебері Ә.Пржанов «Өз ісінің шебері» номинациясын, «Үздік әдістемелік құралдар» облыстық байқауында физика пәнінің оқытушысы А.Оспанова алғыс хатпен, «Жаңа әлемдегі жаңашыл ұстаз» атты тарих пәні оқытушыларының облыстық байқауында тарих және құқық пәнінің оқытушысы Ж.Шыраева алғыс Хатпен, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары студенттері арасында өткізілген «Үздік аспазшы» облыстық байқауында колледж командасы жүлделі екінші орынды, облыстық «Үздік газэлектрмен дәнекерлеуші» байқауында өндірістік оқыту шебері Қ Изенәлі, «Сварка ісі» мамандығы бойынша өткізілген «Өз мамандығының үздігі» байқауында колледж студенті Әнапия Қанат, «Үздік механизатор» байқауында колледж студенті Абылай Дәулет жүлделі бірінші орынды иеленсе «Үздік өндірістік оқыту шебері» байқауына қатысқан өндірістік оқыту шебері Ә. Пржанов жүлделі екінші орынды, «Үздік модульдік технология шебері» байқауында колледж оқытушысы А. Оспанова жүлделі үшінші орынды, облыстық «Үздік жалпы пән оқытушысы – 2014» байқауында колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пән оқытушысы Ж. Ысмағұл екінші орынды иеленген.
Үстіміздегі жылы колледж базасында өткізілген «Нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылығы саласы үшін техникалық және кәсіптік білімді маман даярлаудың кейбір мәселелері» тақырыбындағы облыстық семинар-кеңесінің жоғары дәрежеде өтуі де колледж ұстаздары мен білікті басшының еңбегі.
Білікті басшының басқарушылық қабілетінің нәтижесінде оқу орны облыс бойынша техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мен кәсіби біліктілікті мамандар даярлаудағы үлгілі әдістемелік жұмыстары және «Кәсіптік лицейлердің үздік әдістемілік қызметі» атты облыстық байқауда бірінші дәрежелі дипломмен, аймақтағы кәсіби білікті мамандар даярлау ісіне қосқан оң үлесі және «Үздік техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны» облыстық байқауының қорытындысымен үшінші дәрежелі, облыста кәсіптік білім беруді дамытуға қосқан үлесі және «Ауылшаруашылық саласы үшін мамандарды даярлау бойынша техникалық және кәсіптік білім беретін үздік оқу орны» атты облыстық байқауында екінші дәрежелі дипломмен марапатталған.
Бұл кісіні қай кезде көрсек те осы колледждің жұмысын жетілдіру, материалдық – техникалық базасын нығайту, оқу процесін жандандыру туралы әңгімесін естиміз. Сондай істерін көргенде «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген нақылды еріксіз есіңе аласың. Өйткені туған жерде туын тігіп, туған жердің өсуі мен өркендеуіне, оның ішінде ауданымыздың экономикасы мен әлеуметтік жағдайын дамытуға, әрі жаңғыртуға үлесін қосып жүрген адал ұлдың адал ісіне еріксіз сүйсінесің.
Жолдасы Зұлқия апайымызбен бірге 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, бұл күнде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, қарт анасы Күлсән әжемізбен бақытты өмір кешіп отырған үлгілі отбасының тірегі.
Бұл күнде талмай еңбек еткен ісі мен төккен терінің жемісін көріп отырған Темірбек ағамыз «Мұғалім инженер бола алмайды, ал инженер мұғалім бола алады» – деп өзі айтпақшы «Білім берудің инновациялық стратегиясы – мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» деген тақырыппен облыс педагогтарының тамыз кеңесінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін кеудесіне тақты. Олай болса, мамандығы инженер бола тұра, осындай дәрежеге қол жеткізген Темірбек Кәнішұлын қалайша ұлағатты ұстаз демейсің?!
