IMEI кодын ұмытпасаң, ұрыны ұстау оңай
Жаңа оқу жылы басталысымен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты алдын алу жұмыстарын күшейтпек.
Жыл басынан бері облыс аумағында кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты 18 алаяқтық фактісі тіркелді. Қылмыстардың басым бөлігі қымбат ұялы телефон ұрлығына байланысты. Оңай олжа таппақ болғандардың көздегені – ұялы телефондар, смартфондар мен тағы басқа заманауи қондырғылар. Баланың қолындағы қымбат телефон ұрылардың ғана емес, құрбы-құрдастарының да қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.«Жыл басынан бері облыс аумағында кәмелеттік жасқа толмағандарға байланысты 18 алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл деректердің 13-і әшкереленді. Облыс орталығындағы заң бұзушылықтардың көбі осы қымбат ұялы телефондардың ұрлығына қатысты болып отыр», – деп хабарлады облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Шалқар Рахматуллин. Ұялы телефон ұрлығы және алаяқтық қылмыстарды алдын алу жұмыстары жөнінде құқық қорғау органдарында кешенді жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, ювеналды полиция қызметкерлері балалар және олардың ата-аналарымен жиі кездесіп, кеңес беруде. Бала ұялы телефонын жоғалтқан жағдайда шұғыл түрде полицияға хабарлау керек. Бұл қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді. «Ұялы телефон ұрлығына жол бермеудің бірден-бір амалы, балаға қымбат емес қарапайым телефон әперу. Өйткені, қаскөйлердің көздегені осы қымбат телефондар және өз телефоныңды бөтен біреуге берудің қажеті жоқ, телефон ұрланған жағдайда полицияға шұғыл түрде хабар беру қажеттігін балаға түсіндіру керек», – дейді полиция капитаны Шалқар Рахматуллин. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары телефонды сатып алғанда міндетті түрде телефонның жеке нөмірін, яғни IMEI кодын жазып алуға кеңес береді. Өйткені, осы кодтың арқасында қондырғыны тез арада табу оңай болмақ.
Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Жарияланды: