Технология

Домбыра жасау тарихынан

ШҚО, Семей қаласы, Новобаженово ауылы
А.Ибраев атындағы жалпы білім беретін
орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі
Айтмухаметов Жумахан Кенесханович

Сабақтың тақырыбы:  Домбыра  жасау тарихынан.
Сабақтың мақсаты: ұлттық қолөнерді игере отырып, мағынасын және орындалу әдістерін меңгерту.
Міндеттері:
Білімділігі: оқушыларға домбыра тарихынан мағлұмат беру, домбыраның жасалу
жолдарын үйрету.
Дамытушылығы: ұлттық аспаптарға қызығушылығын арттыру, эстетикалық талғамын дамыту.
Тәрбиелілігі: Халықтың өнерін бағалай білуге, ұқыптылыққа,төзімділікке, шеберлікке,
өзара көмекке тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: Баяндап отырып, сарамандық жұмыспен айналысу.
Пәнаралық байланысы: тарих, геометрия ,сурет, сызу.
Сабақтың көрнекілігі: домбыра үлгісі,сызғыш, пышақ, ағаш.
Керекті құрал-жабдықтар: домбыра шаблоны, ағаш түрлері, сызғыш, пышақ, ара.
Сабақтың барысы.
I.Ұйымдастыру кезеңі.
II. Өткенді қайталау
1) Домбыра түрлерінің айырмашылығы неде?
2) Домбыра қандай ағаш түрлерінен жасалған?
3) Ш.Уалиханов еңбектерінде домбыра туралы не айтылған?
4) Жаппай қолданысқа арналған қандай домбыраларды білесіңдер?

III. Жаңа сабақ.
Ғасырлар бойы қазақ халқының тұрмысында анағұрлым кең тараған саз аспап екі ішекті домбыра болып келеді. Егер бұрыңғы заманда домбыра ән, жыр, ертедегі аңыздарды сүйемелдеу үшін ғана қолданылса,енді домбыра жеке шығарма орындауға арналып, күрделі аспаптардың қатарына қосылып отыр. Ол көбінесе шайыры аз қарағайдан, аршадан жасалған. Тоғыз, кейіннен он төрт пернелі қазақ домбырасы, әдетте, онша  үлкен болмаған. Жалпы ұзындығы 1 м шамасында. Мойны шанағынан екі есеге жуық ұзын келген. Ол тұтас ағаштан шабылған, шанақтың ортасы қашаумен кеуленіп ойылады да, беті жұқа қарағай тақтаймен жабылып, ағаш шегелермен бекітіледі. Ертеде шеберлер домбыра шанағының сыртын оюлап, сүйектеп те көркемдейтін. Ал кейбір шеберлер домбыра мойнының бет жағын, құлақтарын түгелдей сүйектеп көркемдеген. Қазақтың домбырасы күйлердің дамуымен қатар жетілдірілген.Домбырада жаңа пернелердің пайда болуы халық өнерпаздарының итанациялық ойлау қабілетінің өскенін бейнелейді.Әр салада іргелі еңбектер жазып қалдырған ғұлама ғалым Әл-Фараби домбыраға ұқсас тамбур аспабы жайлы сөз қозғайды. Ғалымның суреттеп жазуына қарағанда тамбур бес пернелі болған. Шоқан Уалихановтың 1864 жылы Омбыда жазған «Қырғыздардың көшіп, қонуы» деген мақаласында суретші П.Қошаров салған музыкалық аспаптардың суретіне сипаттама берген. Ол қос ішекті, шанағы сопақшалау келген домбыра мен мүйіз сырнайды суреттеді. Бір қызығы, домбыраның түймесіне қайыс жіп байлаған. Әдетте, мұндай қайыс жіп көне уақытта жасалған музыка аспаптарында қыл қобыз бен шертерде ғана кездеседі. Қазан төңкерісінен кейін жалғыз домбыра емес, қазақтың басқа да халық аспаптары қайта түлеп, жаңғырды. 1925 жылы еліміздегі тұңғыш халық ағарту комиссары А.В.Луначарскийдің ұсынысы бойынша Мәскеудегі музыка шеберханасында домбыра қайта жасалынды. Мұның өзі атақты Әміре Қашаубаевтың этнографиялық концерттерге қатысуы үшін Парижге баруына байланысты туған қажеттілік еді. Республикамызда музыкалық аспаптарды жасауды жетілдіру 1932 жылдан басталды. Бұл жолы Алматыда арнайы түрде аспаптар шеберханасы ұйымдастырылды.

IV. Сарамандық жұмыс мазмұны.
Кәдесыйлық домбыра жасау жолдары. Кейбір кәдесыйлық бұйымдарды жеке түрде бүтін ағаш бұтағынан ою арқылы жасауға болады. Мысалы, домбыраның кәдесыйлық түрінің басы мен түбі ағаш діңі мен бірігіп ойылған. Биіктігі 140-150 мм шамасында алынады. Оның үстіндегі бүркіт бейнесі жеке ойылып желімденеді. Тіпті бүркіт орнына кез келген бейнені жону арқылы беруге де болады. Мысалы, ертедегі батыр бабаларымыздың бас киімі, нотаның кез келген белгілері немесе бір шетінде ілініп тұрған қорапқа салынған қылыш, немесе құс қауырсынын т.б. көптеген бұйымның кәдесыйлық бейнесін қолдануға болады. Мұғалімнің келісімімен бұл бұйымды да әр түрлі нақыштап өзгертуге болады.

V. Сарамандық жұмысты ұйымдастыру.
А) Оқушыларға өңдейтін дайындамаларын бөліп беру.
Б) Әр оқушы дайын шаблонмен домбыра пішінін ағаш бетіне түсіру.
В) Шаблон сызығы бойынша жонып, домбыра пішінін жасап шығару.
Г) Дайын болған домбыраны құм қағазбен тазалау.

VI. Жұмыс кезіндегі техника қауіпсіздік ережесін ескерту.
1. Пышақпен, сүргімен қоларамен жұмыс жасаған кезіндегі техника қауіпсіздік ережесі.
VII. Сабақты қорытындылау.
1) Әр оқушы өздері жасаған жұмысына талдау жасайды.
2) Жұмыс барысында өзіне қандай жаңа әдістәсіл  меңгергенін, қандай құрал – сайман пайдаланғанын айту өздері істеген жұмысын қорғау.

VIII. 1) Оқушылардың жасаған жұмысын тексеріп жібереген қатесін ескертіп бағалау.
2) Үйге тапсырма. Жұмысын аяқтап келу.
3) Құрал саймандарды өткізу, жұмыс орнын тазалау.
Сарамандық жұмыста орындалған оқушылардың қолөнер жұмыстары

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.