«БОЛАШАҚТЫ БІРГЕ ЖАСАЙМЫЗ»

Кенжебекова Күлипа Тоқанқызы
Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы,
Қарсақбай кенті
№15 орта мектебінің басауыш сынып мұғалімі

«БОЛАШАҚТЫ БІРГЕ ЖАСАЙМЫЗ»

Барша қазақстандықтар елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Биылғы Жолдауын алдағы кезеңдерде ел дамуына тың серпін беретін, ұлттың болашағын кемел ететін, экономикалық дамуды жоғары көтеретін және Қазақстанның ұлттық идеясы мен идеологиясын айқындап берген аса маңызды тарихи құжат ретінде қабылдады. Елбасы өз Жолдауында еліміздің ұзақ мерзімге бағдарланған зор әлеуеттерімізді белгілеп, оның ішінде бірегей сапалы білім беру жүйесін жақсартудың айқын мақсаттарын қойғаны мәлім.Осы орайда ұстаздар қауымы алдында заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін жетілдіру, оқушыларды сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығына баулу секілді ауқымды талаптар тұрғанын баса айтқым келеді.
Кез-келген қоғамда білім беру саясаты өмірлік ұстанымдарды, сұраныстарды, қажеттіліктерді ескеріп, білім беру мазмұны соған сәйкес құрылғанда ғана ұтымды, тиімді, өнімді болады. Қазіргі адамзат баласы бастан кешіріп отырған тез арадағы өзгермелілік, ғаламдану, коммуникациялық құралдардың қарқынды даму дәуірі өмір салтын, қарым-қатынас пен ойлауды өзгертуге әкелді. Ал мұның өзі игіліктерге қол жеткізудің жаңаша әдіс-тәсілдерін ашуға мүмкіндіктер береді. Мұндай жағдай адам интелектісін, оның қабілетін қайта жасаушы, жасампаздық әрекеттерге бағыттайды. Ендеше жеке тұлға өзгермелі әлеуметтік және экономикалық жағдайларда өмір сүруге бейімделіп қана қоймай, шынайы өмірге белсенді ықпал ете алатын, өмірді жақсартуға, кемелдендіруге атсалысатын тұлға болуы тиіс. Қазірде біздің қоғам үшін көкейкесті мәселе – бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптастыру. Ал бәсекеге қай тұрғыдан, қалайша қабілетті болу керектігі аса маңызды мәселе болып отыр.
Тарихтың өткенінен сабақ ала отырып, ілгері жылжу біздің басты ұранымызға айналып келеді. Жалпы өткеннің де, бүгінгінің де тиімді тұстарын іскерлікпен пайдалана отырып, болашақты жоспарлау әлемнің бүгінгі даму үрдісінде зор маңызға ие болмақшы.
Өткен ғасырларда өмір сүрген ұлы адамдардың өмірі мен шығармашылығы негізінде жеке адамды қалыптастыруға, тәрбиелеуге және кәсіби шыңдауға бағытталған жұмыстарды ұйымдастыра алу- мұғалімге көп міндеттер жүктейді. Бұл міндеттерді шешу үшін мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге жол ашады Оқытудың, тәрбиелеудің мазмұнын қоғам дамуының қарышты қадамына сәйкестендіріп, оны шырқау биіктерге көтеруге бағытталған тың әдіс- тәсілдер жасалуда. Нәтижесінде тұтас педагогикалық үрдістер өзгертіліп, білім беруде тиісті деп табылған жаңа өзгерістер дүниеге келуде.Осы өзгерістер арқылы оқушының ойлау, ізденушілік, зерттеушілік қабілеттері артып, талдау арқылы белгілі бір шешімге келуге, оны дәлелдей білуге, оқушының өз ой-пікірін айтуға мүмкіндік беріледі. Президент жолдауында: «Мемлекеттің ұлттың бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте білім деңгейімен айқындалады»- деген байламы жеке адамның құндылығын арттыру, оны дайындайтын ұстаз жауапкершілігінің өсуі, тынымсыз еңбек, сапалы нәтиже деген ұғыммен егіз.
Қазіргі кезде жеке тұлғаны қалыптастырып, құзіреттілігін дамыту үшін мұғалім өзіндік білімін жетілдіріп, үздіксіз ізденісте болуының маңызы зор.
Жалпы алғанда, құзыреттілік дегеніміз- жеке тұлғаның белгілі бір мәселені шешудегі өзара байланысты білім, білік дағдыларының жиынтығы және адамның жеке өзінің іс- әрекет, қызмет саласына сай құзыреттерді меңгеруі. Оқушының алған білімі мен дағдыларын тәжірибеде, күнделікті өмірде қандай да бір практикалық және теориялық проблемаларды шешу үшін қолдана алу қабілеттілігі.
Ал бастауыш саты- бұл оқушы тұлғасы мен санасының қарқынды дамитын құнды, қайталанбайтын кезеңі. Сондықтан бастауыш мектеп- оқушыны тұлға етіп қалыптастырудың, оның құзіреттілігін дамытудың алғашқы баспалдағы.
Тәжірибе барысында мектепке жаңа келген баланың сөйлеу тілінде мынадай ортақ кемшіліктер көп байқалады: біріншіден, балалар өз ойларын дұрыс жеткізе алмайды. Олар өзіне қажетті сөздерді дұрыс іріктеп, орынды қолдануға төселмегендіктен, бір сөзді бірнеше рет қайталайды. Қыстырма сөздерді, қажетсіз сөздерді жиі қолданады да сөз әсерлігі төмендейді. Екіншіден, ой жалғастығы жоқ. Жүйемен сөйлеу машықтары жетілмеген. Негізгі ойы мен қосалқы пікірлерін ажырату қиын. Үшіншіден, балалар сөйлегенде сөзін мәнерлі айтуға, тілдік жағдаятқа сай ырғақпен сөйлеуге мән бермейді. Қайткенде тез жауап беріп, құтылуға асығады. Сондықтан олардың сөздерінің эмоциялық әсері болмайды. Кейде сөйлемдерінің жігін ажырату да мүмкін болмайтын жағдайлар кездеседі. Ауызекі сөйлеу тіліндегі мұндай кемшіліктер жазба тілінде де жалғасын табады. Мұндай қателерді болдырмау үшін оқушыны сөз саптау шеберлігіне үйретудің алғы шарты ретінде тіл көркемдігінің, ой жүйелігінің қажеттігін сезінуіне көз жеткізудің амал-тәсілдерін табу керек. Сондықтан сабақ барысында баланы тіл құзіреттілігі өзі үшін, адам тіршілігі үшін маңызы туралы хабардар етуге бағытталған жұмыс түрлері ұйымдастырылады. Ондай жұмыстың бірі- арнайы курстарды осы бағытқа жүйелеп жүргізу.
Мен өз тәжірибемде бастауыш сыныпта «Жас Абайтанушылар» курсын жүргізуді қолға алдым.
Бұл курсты жүргізу барысында оқушылардың тіл құзіреттілігі ғана емес, олардың жеке тұлға болып қалыптасуына әсері мол екенін түсіндім. Ел арасында:«Мектеп оқушыларынан адамгершілік, тәртіп кетті» деген пікір жиі айтылады. Батыстың мінез-құлқындағы кейбір қазақ қанына жат қылықтар біздің жастардың мінез-құлқына әсер етіп жатқаны өтірік емес, шындық.Балаларды қазақ руханиятымен сусындату, осы кері құбылыстардан құтылудың рухани жолы -Абайдың әдеби мұрасы деп тапқандықтан осы курсты жүргізу туралы ой туды.
Өйткені қазақ халқының ой-санасының, дүниетанымының шыңы Абайдың әдеби мұрасында жатыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев”Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз.Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс” деген болатын.
Абай мұрасы- таусылмас тағылымдық иірімі мол мұра. Ол мектеп оқушыларын тәрбиелеудің пәрменді құралы. Абай поэзиясы ой мен сезім әлемін еркін жетелеп, қазақтың тарихи тынысын да, ғаламдық болмыстың тынысын да кең ашады .Өйткені Абайдың әрбір шығармалары тек оқып, әсерлену ғана емес, іс жүзінде қолдану, күнделік өмірде пайдалану үшін жазылған. Атап айтсақ , оқушылардың саналық жетілуі, қабілетінің дамуы,сөздік қорының молаюы мен ой-өрісінің кеңеюіне, адамдық қасиеттерінің қалыптасуына ақынның өмірі мен шығармалары үлгі болмақ.Әсіресе бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, жастайынан Абай шығармаларындағы шыншылдық пен парасаттылық, білуге құштарлық, еңбексүйгіштік ,тіл көркемдігі т.б. қасиеттерді бойларына сіңіруге ықпал етеді. Абай поэзиясы сиқыр үн мен құпия сырға толы. Абай өлеңі – қуатты жан тебіренісі, қайыспас жанкештілік пен ішкі бостандық Сонымен бірге адам баласының басына түскен әділетсіздікке қарсы, ұят пен намысқа толы ақын үні ғайыптан қосылып, атойлап тұрады.
Кез-келген курсты жүйелі, мазмұнды жүргізу үшін әрине, оның әдістемелік кешені болуы керек. «Жас Абайтанушылар» курсының жүргізілу кешенін төмендегідей әзірледім:
1.Түсінік хатта:
– осы курсты енгізу қажеттілігінің дәлелі;
– курстың мақсаты мен міндеттері;
– бағдарламаны жүзеге асыру мерзімдері (оқыту ұзақтығы, кезеңі);
– материалдарды іріктеу және құрудың негізгі қағидалары;
– күтілетін нәтиже;
– нәтижені бағалау құралдары.
2. Күнтізбелік-тақырыптық жоспар:
– бөлімдер, тақырыптар тізбесі;
– әрбір тақырыпты оқуға бөлінген сағат саны;
– сабақ түрі.
3. Әдістемелік нұсқаулар:
– әрбір бөлім немесе тақырып бойынша негізгі мазмұнды компоненттер;
– курсты жүргізу құралдары (оқушыларға арналған хрестоматия, жұмыс дәптерлері) ; -дидактикалық материалдар;
-мұғалімнің курсты жүргізу күнделігі.
4. Пәнаралық байланыстар:
-ақынның шығармаларының мазмұнына қарай анықталады.
5.Қолданылған әдебиеттер:
– курсты оқытуға қажетті әдебиеттер, сонымен қатар басқа да оқу-әдістемелік материалдар мен құралдар тізімі берілген.
Жұмыс жүйелі жүру үшін нақты мақсат қойылады. Курсты жүргізудегі мен алдыма қойған мақсаттар:
-Ақынның шығармалары арқылы және қара сөздеріндегі пікірді арқау етіп, оқушылардың сөздік қорын толықтыру, ой-өрісін кеңейту;
-Оқушыларға көргенін естігенін көңілге түйіп, тағы да білмегендерін білу үшін еңбектену керек екенін ұғындыру;
-Бұл жастағы балаларға оқу, білім алуға әрекеттенудің өзі еңбек екенін түсіндіру;
-Ақынның шығармаларындағы негізгі ойды анықтай отырып, балаларды адамгершілікке, мейіріміділікке, еңбекке, имандылыққа тәрбиелеу;
-Оқу-білімге, өнерге деген құштарлықтарын дамыту.
Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер туындайды:
-Ақын шығармаларын насихаттай отырып оқушылардың өзіндік ой-пікірлерін қалыптастыру;
-Қазақтың ұлы ойшылы , дана ақыны-Абайдың өлеңдерін жаттату;
-Абай аудармаларындағы негізгі ойды насихаттау.
-Абай қара сөздерін оқыта отырып, оқушылардың жақсы мен жаманды, адалдық пен арамдықты ажырата білуіне бағыт беру.
Курс 3-4-сыныпта аптасына 1 сағаттан жүргізілді. Оқу тақырыптары 6 бөлімге топтастырылды: Олар: «Абай әлемі», «Абай өлеңдері», «Абай аудармалары», «Абай қара сөздері», «Абай әндері», «Абайға еліктеу». Осы бөлімдер бойынша оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай ақынның шығармалары мен өлеңдерінің толық нұсқалары ұсынылды. Балалар өздерінің оқыған қара сөздері мен жаттаған өлеңдеріне талдау жасайды. Абайдың тілінің көркемдігін өз ойларымен дәлелдейді. Абайдың әр алуан үлгідегі, әр алуан тақырыптағы шығармаларының әрқайсысының шығу тарихына талдаулар жасайды, түсінік, түйін айтады
Абай поэзиясы сиқыр үн мен құпия сырға толы. Абай өлеңі – қуатты жан тебіренісі, қайыспас жанкештілік пен ішкі бостандық Сонымен бірге адам баласының басына түскен әділетсіздікке қарсы, ұят пен намысқа толы ақын үні ғайыптан қосылып, атойлап тұрып алды.
Ақынның шығармаларын оқи отырып, балалар жақсы нәрсені рақаттанып тыңдап, оны көңілге түйе білу керектігін, ал жаман нәрседен қашық болу керектігін сезінеді және оны көркем тілмен қалай жеткізе білген деп таң қалады.
Курстың жүру барысында өзім күткен нәтижелерге жеттім деп ойлаймын. Оқушылардың ақын өлеңдерін жаттап, шығармаларын талдауға деген қызығушылықтары артты. Әдеби тілмен сөз сараптауға машықтанып, ойларын ашық жеткізе алу қабілеттері дамыды. Оқушылар 3-4-сыныптарда мектепішілік және магниттік мектептер арасында өткен «Абай оқуларына» қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Қожаберген Ербол Абай өлеңдерін оқудан, Барлық Жәния, Жұмабек Ақерке қара сөздерін жатқа оқудан екі жыл қатарынан бірінші орынды иеленсе, Қожаберген Ербол дәстүрлі республикалық «Абай оқуларының» аудандық кезеңіне қатысып,үшінші орынды иеленді. Орта буынға өтсе де оқушылар таңдауы бойынша осы сыныпта «Абайтану» курсы жалғасып келеді.
Биылғы оқу жылында 20-30 қаңтар аралығында мектебімізде мұғалімдер арасында «Ғылымның қайнар көзі-ізденісте» деген тақырыпта ғылыми-шығармашылық онкүндігі өтті. Онкүндікте «Тұлға құзіреттілігін дамыту жолдары» деген тақырыпта осы курсты жүргізудегі шығармашылық ізденіс жұмыстарым ұсынылып, І дәрежелі дипломға ие болды.
Сөзімнің соңында, Абай әлемін бүкіл дүниеге таратушы кемеңгер ұлы Мұхтардың өзі: «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Ал біз Ұлы ғұлама тереңіне бас қойғанымызбен сол тереңнен әлі тек қасықтап қана дәм таттық қой деп ойлаймын. Сол себептен оқудан , білуге ұмтылушылықтан, ізденуден, шығармашылықтан еш жалықпайық. Алдағы мақсатымыз айқын. Ол- өркениетті 30 елдің қатарына қосылу.Ел тарихындағы жаңа дәуірдің кемел келбеті- өзгелер секілді ұстаздардың да ұлттық мақтанышы. Құрыштай бірлігіміз бен тапжылмас тұрақтылығымыз сыналатын үлкен емтиханнан сүрінбей өту жолында еліміздің ертеңіне сеніммен қарайтын ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан білім беру саласы қызметкерлері де аянбай еңбек ете беретін болады.

 

болашақты бірге жасаймыз.docx

Ответить

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше