Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы
Қаратөбе мектеп- гимназиясы І біліктілік санатты
қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Қойшиева Мөлдір Дулатқызы
Сабақтың тақырыбы: Ғ. Мүсіреповтың «Ананың анасы» әңгімесі (7 – сынып)
Сабақтың презентациясын көшіріп алу: Ғ. Мүсірепов. «Ананың анасы» әңгімесі (PDF)
Сабақтың мақсаты:
1. Ғ. Мүсірепов шығармаларынан алған білімдерін шыңдай отырып, ана бейнесін ашу, әдебиет теориясының ұғымдары бойынша көркем шығарманы талдау.
2.Шығармашылық жұмысқа баулу, өз бетімен зерттеу, ізденуге жетелеу, әңгімелеу, мазмұндау қабілеттерін арттыру.
3.Өз халқының салт-дәстүрін білу, анаға құрмет көрсету, үлкендерді сыйлау, сүйіспеншілік қасиеттерін арттыру.
Сабақтың типі: дәстүрлі емес сабақ
Сабақтың түрі: ауызша журнал
Сабақтың әдіс- тәсілдері: сұрақ-жауап,әдеби пікірталас, талдау6 суреттеу, жинақтау.
Сабақтың көрнекілігі: жазушы суреттері, флипчарт, интерактивті тақта.
Сабақтың барысы:
-Балалар, алдыңғы сабақта біз Ғ.Мүсіреповтың «Ананың анасы» әңгімесімен танысқан болатынбыз. Жазушының «Ананың анасы» (1934) атты әңгімесінің мазмұны ел арасына кең тараған аңыздан алынған. Мұнда елді шауып, жазықсыз жас қызды зорлап алып бара жатқан батырды қыз анасының сөзбен тоқтатып, жеңгені, сөйтіп, оның қызын жау қолынан азат етуі баяндалған. Шығарманың мазмұны, Әйтілес ақсақалдың «етектей сақалын балуан саусақтарымен салалап тарап» қойып өткен өмір оқиғасын баяндауынан басталады. Әңгімеде намысқа шабар білегі, әділетті таныр жүрегі бар, бірақ ел әкімдерінің алдауына түскен аңғал батыр Жалпақ балуанның Бала бидің қолшоқпары болуы, жүрегін жарып шыққан қызының тағдырына шырылдап арашашы бола білген абзал ананың өжеттігі айтылады.
Ендеше бүгінгі сабағымызды «Аңыз адам» атты ауызша журналы түрінде өткізетін боламыз. Журналымыз:
1. «Білім көкжиегі»
2. «Адами қасиеттер»
3. «Жазушы шеберлігі»
4. «Ақиқатын айталық!»
5. «Хат жолдаңыз!» атты айдарлардан тұрады. Журналдың әр бетін парақтай отырып, әрбір айдардағы тапсырмаларды орындайтын боламыз.
1. «Білім көкжиегі» айдары. Құрметті оқырман, журналымыздың бұл айдарында сіздер әңгіменің композициялық құрылымын талдай аласыздар.Олай болса, іске сәт!
Шығарманың композициялық құрылымы:
Әңгіменің басталуы: Жалпақ балуанның Ергенекті елін шабуға аттануы.
Дамуы: Қалың жылқыны барымталап айдап келе жатуы.
Байланысуы: Тезек арқалап келе жатқан қызды олжалап, аттарына мінгестіріп алуы.
Шиеленісуі: Қыз әкесінің мерт болуы, анасының барымташылардың Алдын орап алуы.
Шарықтау шегі: Кейкінің үкімімен қызды шешесімен бірге күңдікке алып кетуі.
Шешімі: Жалпақ балуанның ана мен қызына бостандық беруі.
Оқиғаның аяқталуы: Әйелді аттандырған Жалпақ балуанның құлауы, оны елге жеткізуі.
2. «Адами қасиеттер» айдары. Журналымыздың “Адами қасиеттер” айдарында шығармадан алынған үзінділер арқылы кейіпкерді тауып, іс- әрекеттерін саралай отырып адами қасиеттерін айқындай аласыздар. Кім шапшаң екен? Байқап көрелік!
Әңгіме кейіпкерлерінің адами қасиеттерін іс-әрекеттері арқылы саралайық
№ Әңгімеден үзінді Кейіпкер Адами қасиеттері
1 -Уа, Жалпақ! Ергенекті елімізді екі рет шапты. Бірінде мен тоналдым, бірінде сен тоналып едің: мен малымды бердім, сен жаныңды бердің.
-…Қазір сен Жалпақ балуансың ол кекті қалай ұмытып жүрсің?
-Баруын барарсың, елін де шабарсың. Бірақ қатын боп қалған қалыңдықтың қызығына түспей, жер қайысқан жылқыға да көзіңді саларсың. Бала би Есебі күшті, малды адамнан артық көреді, айла-тәсілі жетілген
2 -Байды шапқаның шапқан, малды алғаның алған, жылқышының жалғыз қызын қайтесің, батыр…Еркек десең өзімді әкет, қызымды қайтарып бер. Сорлы анасы аңырап қалды ғой. Тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен жалғыз еді. Жылқышы Тағдыр талқысына мойынсұнбаған қайсар әке
3 -Батыр, лұқсат етсең екеуін де тайға теңдеп алып жүрейік. Қызы қатынға, шешесі отынға жарар.
— Әйел еркекке қатындыққа жаралған. Біздің далада одан басқа не бітіреді олар: Қызды сатып алсаң да қатын, тартып алсаң да қатын… Жігіттер, мына қатынның сөзін қойдырып, өзін де ала жүрейік. Теретін тезек біздің елде де бар! Кейкі Бала бидің қолшоқпары, жүрегіне мейірім ұяламаған, жауыз
4 -Жаным, сен неткен жансың? Сен қазақтың қатыны шығар да, өзімді батыры шығар деп ойлаймын… Жөніңді айтшы!
— Өз бойымнан бере алатыным осы-ақ, жеңгей. Олқысынбай ала көр. Күңдіктен босағың келсе, мына жылқыдан қалағаныңша ал да, жердің шетіне дейін көше бер…Сондықтан өзіме еріңдер: қанаттыға қақтырмаймын, тұмсықтыға шоқтырмаймын!
— Біз даланың ессіз есерлеріміз ғой. Көзге түрткенде ғана селк етеміз. Көзге түртпесе көрмейміз.Сен көзімнің оқырасын алып, шымылдығын аштың.Өз еркім өзімде тұрғанда, мен бір адамға ерік берейін, қыз сенікі. Желден де еркін өмір сүр! Жалпақ балуан Намысқа шабар білегі, әділетті таныр жүрегі бар, бірақ ел әкімдерінің алдауына түскен аңғал батыр
5 -Менің атым- әйел, мына қыздың анасымын! Бәрің де анадан тудыңдар! Анамен алыспайды да, атыспайды да. Нең бар еді менің жалғызымда? Кел ботам, өзіме!
-Мен мына қыздың шешесімін. Қызым қазір он бесте. Дәл осы қызымның жасында өзім де сергелдеңге ұшырап едім. Соның суық ызғары табанымнан, қара таңбасы маңдайымнан әлі кеткен жоқ…
— Ендеше, жылқы да ал деме, атыңды да берме, саған ере алмаймын да: сен де еліңе жеткенше ғана ерікті батырсың, еліңе барғасын сен де еркіңнен айрыласың. Ана Жүрегін жарып шыққан қызының тағдырына шырылдап арашашы бола білген абзал ана, өжет ана, қайсар ана
3. «Жазушы шеберлігі» айдары. “Ананың анасы” әңгімесінде жазушыға тән ерекшеліктің бірі- қызықты уақиға желісіне өрілген шағын әңгімеге бай мазмұн сыйғыза алуында және көптеген көркем компоненттерді пайдалана білуінде. Жазушының көркем тілі шығарма идеясын тереңірек ашуға, нақты тануға көмектеседі. Журналымыздың бұл айдарында жазушы шеберлігін анықтай аласыздар.
Шығарманың көркемдік тілі
Әңгімеден үзінді Портрет Пейзаж Теңеу Тұрақты сөз тіркесі
Соқыр қарт етектей сақалын балуан бармақтарымен салалай тарап отыр еді. +
Жалпақ жаз.сай-салада сағым ойнаған саршаның тамызы. Саяз жайлаудың жан-жануары көлге тығылып қана сая табады. Күннің көзінің өзі де күн ұзағына көлге шомылып жанын сақтайтындай… +
Күн найза бойы көтерілген кезде не қалың жауға, не қалың жылқыға кездесерміз… +
Іркіт сабасындай іркілдеген молда +
Жалпақ жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, сыртынан қарағанда құйған пештей болып, оқ бойы алдымызда отырады; астында сар қасқа аты бар… +
Тағы да қозы көш жер кеттік. Жылқышы өлі ме, тірі ме- көңілімізде көлеңке де қалған жоқ. +
Көзден айрылған соңтбарлық жарықты көңілі мен құлағына жиған қарт, ескі күндерді тымақтай бұлғап төңкеріп-төңкеріп алады. +
Білектің күшін, найзаның ұшын не күші теңдеске, не иығы теңдеске жұмсаған жоқсыңдар. +
Бейшараның боз көйлегі жырым-жырым. Қолдары қарғаның тұяғындай қап-қара! Ерні қырық тілінген, жарық-жарық. Бірақ түйілген қабағынан, от жанған көздерінен адам шошырлық. +
Соның суық ызғары табанымнан, қара таңбасы маңдайымнан әлі кеткен жоқ. +
Қатып қалған саңлақтар ұршықтай ойнап, бөкендей бүктетіліп, жер сүзгілеп, ауыздықты қарш-қарш шайнайды. +
Күңдіктің ұзын құрығы сырт етіп қызыма түсе қалғасын, соңдарыңнан қуып келіп тұрмын! +
Бір мезгілде артқа қарасақ, тұйғындай түйіліп, жұлдыздай ағып, артымыздан бір қара тағы келіп қалған екен. +
Сен көзімнің оқырасын алып, шымылдығын аштың. +
Қанаттыға қақтырмаймын, тұмсықтыға шоқтырмаймын. +
4. «Ақиқатын айталық!» айдары. Журналымыздың бұл айдарында оқырмандармен әңгіме желісі бойынша сұхбат жүргізіледі. Олай болса, сұраққа неғұрлым көп жауап берелік!
1. Шығармада оқиға кімнің атынан әңгімеленеді?
2. Әйтілес қарттың әңгімесін тыңдаушылар кімдер?
3. Бала бидің батыры кім? Оның шабуға барған елі?
4. Ергенекті елінен бірінші рет жеңілгенде Жалпақ балуан нешеде еді?
5. Ергенекті елінде Жалпақ балуанның қандай құнды дүниесі бар деп ойлайсыздар?
6. Жалпақ балуанның қасында қанша жігіт бар еді?
7. Батырдың тілегі не? Байдың тілегі не?
8. Жылқының бір шетін төңкеріп, қиқулап келе жатқанда барымташыларға кім кездеседі?
9. Тұтқынға түскен қызды бірінші болып кім қуып келеді? Оның халі не болды екен?
10. Қырық жігіт пен Жалпақты тізе бүктірген қандай күш, нендей құдірет?
11. жалпақ балуан сіздердің ойыңызша кім?
-Әділетсіз қара күш иесі.
-Өмірде адасып жүрген адам.
-Адамгершілігін, мейірімін сақтаған адам.
12. “Менің атым-әйел” дейді Ана. Әңгімеде ананың нақты есімі берілмейді. Себебі неде деп ойлайсыздар?
5. «Хат жолдаңыз!» айдары. Құрметті оқырман, журналымыздың бұған дейінгі сандарындада сіздер аналарыңызға деген сүйіспеншілігіңізді редакцияға жолдаған хаттарыңыз арқылы білдіріп жүрген едіңіздер. Енді осы әңгімемен танысқаннан кейін сіздердің аналарыңыздың портретін, мінезін сырлы сөзбен суреттеп хат жолдауларыңызды сұраймыз.
Хаттарыңызды асыға күтуші сүйікті журналдарыңыз: “Аңыз адам”
Сіздерге үлгі ретінде сыршыл ақын М.Жұмабаев пен ақиық ақын М.Мақатаевтың жолдаған хаттарын ұсынып отырмыз.
М.Жұмабаев:
Күлдей күңгірт шашы бар,
Тоқсан бесте жасы бар,
Көз дегенің-сұп-сұр көр.
Тасбиық санап бүгіліп,
Жерге қарап үңіліп,
Көрше ауыр күрсінер
Менің бір қарт анам бар.
Неге екенін білмеймін-
Сол анамды сүйемін.
М.Мақатаев:
Шешем менің- иілген сұрау белгі,
Сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді.
Қалай ғана қалпына келтірерсің,
Дауылдар майыстырған мынау белді… –екен.
Қорытынды: Мұхаммед пайғамбарымыздың с.ғ.с хадистерінде ең алдымен ананы құрметтеу парыз екені айтылады. «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса» делінген. «Егер атаң мен анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі анаңа жауап бер» деген ұлағатты сөз бар.Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде «Кімде-кім ата- анасының ризалығын алған болса, Алла соның өмірін ұзартады» деген сөз де бар. Ендеше анамызды құрметтей білейік.