Хабарландыру

Ұстаздар ұйытқысы

Адам өмірге келген соң, уақыттың көшіне еріксіз ереді. Ол тіршіліктің заңдылығы. Көштен қалу да сын. Ташкент облысы, Жаңа жол ауданындағы Жамбыл ауылынан көшіп келген соң, өз қарайластармен бірге, Ермоловка селосындағы Т.Г.Шевченко атындағы орталау мектептің табалдырығын аттаған. Қолына қаламсап алып, әріп үйренді. Әр баланың ыңғайына жығылған ұстаздың еңбегіне сонда алғаш үңілді.

Әкесі Ишантай мақта бригадирі, анаы Зейнеп үй шаруасында болса да, ағасы Абызбек, әпкесі Тұрсынай мұғалімдер еді. Үнемі олардың тірлігіне көзі қанығып өскендіктен, жанына ұстаздарды жақын тұтты.

Ол кезде мұғалімге деген құрмет ерекше болған. Ұстаз жаныңнан өтіп бара жатса, тік тұрып ізет көрсететін. Бұл жалғыз Жұматайға ғана тән емес, сол кездегі барлық оқушыға тән өнеге болды. Ата-аналар да ұстаздарға асқан мейірбандылықпен қарайтын. Міне, соны аңғарып жүрген Жұматай жастайынан мұғалімнің қызметіне қызығатын. Олар сияқты болуды армандайтын. Ұстаздар да оның осы елгезектігін бағалап, сынып старостасы етіп сайлады. Сенімді ақтай білді. Оқуға зерек, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, көзге түсті. Мектепті үздік аяқтап, Шымкент педагогикалық инситутының тарих-педагогика факультетінің маманы болып шыға келді. Отандық жолдамамен Сарыағаштағы №1кәсіптік-техникалық училищеге қызметке аттанды. Араға жыл салмай, әскер қатарына шақырылды.Әскери тәртіпте оған есею жолдарын көрсеткендей еді. Кейін Шұбардағы кәсіп-техникалық училищесінде, одан әрі Ордабасы аудандық оқу бөлімінің әдіскері міндетін атқарды. Жұматай қандай міндеттер тапсырылса да, әр ісіне мұқият дайындалады.

Өз білгенін мұғалімдерге үйретуден жалықпады.Үлкенге де кішіге де жылы қабақ танытып, өзіне тартып сөйледі. Адамның мейірімі-көзінің нұрында. Сол нұр кез келгеннің маңдайына бұйырмайды. Жүрегі жылы жанға ғана тиесілі. Жұматайдың сенімге лайықты жан екеніне көздері жеткен аудандық оқу бөлімі, Арыс орта мектебі директорының тәрбие ісінің орынбасары қызметін тапсырды.

Әр жылдың өз жаңалығы бар. Тәрбие саласы қиын тисе де мойымады. Оқу саласына ауысып, оның да жемісін жеді. Өзінің қабілеттілігін тірлігімен дәлелдеді. Бес жылдың бедерінде біршама төселді. Білмегенін біліп, биігіне бет алды. Аудандық мұғалімдердің мұң-мұқтажын да қорғау үшін де еңбек етті. 1998 жылы Арыс орта мектебіне директор болып бекіді.

Дағдарыстың ащы дәмін татқан білім ордалары, материалдық жағынан құлдырап , мектептің төбесінің шатырлары тозып, су ағатын жағдайда еді. Қазақ халқы қашанда кең қолтық, мейірбанды ғой. Ата-аналар жалпы жиналысында едені жоқ бөлмелерге қаржылай көмектесуге келісіп, әр жыл сайын жамап-жақсау жұмыстары жалғасты. Тамшылап келген көмекті шашау шығармай, орынды жеріне жұмсады. Соның арқасында он бес сынып бөлмесіне еден салынып, мұғалімдер күшімен мектептің шатыры жаңаланды.

Бұл еңбекті мақтаныш етпесе де сол өңірдің тұрғындарының атқарылған тірлікке көңілдері толатыны шындық еді.

Мектепте алғаш рет тарих, физика, қазақ тілі пәндері бойынша тереңдетілген сыныптар ашылуы, мектеп басшысының бастамасымен жүзеге асты.

Оның тәтижесі оң өзгеріс беріп, көптеген оқушылардың үздіктер санатына қосылып, жоғарғы оқу орнына түсуіне жағдай жасады. Ұжымның ынтымағын нығайтуда ерекше еңбегі бар. Мектепте талай жылдар берілмеген жылу жүйесін де жолға қойды.Жаңадан информатика, математика кабинеттері заман талабына сай жабдықталды. Пән секцияларының жетекшілернің жұмыстарын жандандырып, сабақ сапасын жақсартуға үлесін қосты. Алдына қойған мақсатына қол жеткізу-талаптың арқасында келеді. Жұматай көздеген ойын аяқсыз қалдырмауды мұрат тұтады. Сол мұрат жемісін сыйлайды.Әрине, жалғыз адамның қолынан ештеңе келмейді. Ауыл әкімі М.Құлжабаетың көрсеткен көмегі орасан. Олар өте тығыз байланыста еңбек еткен.

2005 жылы қаладағы С.Сейфуллин атындағы орта мектебіне директор болып ауысты. Мектеп оқу бағдарламасының он жетінші бағытымен бейнелеу өнерін тереңдетіп оқытатын. Бастауыштан мектеп бітіргенше сурет салатын балалардың талғамына да, тәрбиесіне де көз тоятын. Аудандық семинардан кейін, эксприменттік алаңға өту үшін, бейнелеу өнері бойынша облыстық семинар ету керек болатын.

Ол облыстық үздіксіз білім беру институты мен Ә.Қастеев атындағы көркем сурет колледжімен байланысып, арнайы көрмелер ұйымдастырып, семинарды абыроймен өткізіп, жоғары баға алды. Мектеп эксперимент алаңына өтті. Бұл семинар талай мұғалім үшін шыңдалу сынағы болды.

Өгіз сүрінбей, арба сынбай сынай қараған көздердің алдында мәртебесі асқақтап ала берді. Жұматай басшы болуды ойына да алмаған. Адамның деген емес, тәңірдің дегені болады. Тұз-дәм көтеріліп, біреуге –біреу себеп болып, тасы өрге домалады. Ол осыған да шүкірлік етіп, іштей қанағат етеді.

Қарапайым қанағатшыл мінезінен айнымаған азамат, бақытты жанұяның иесі, төрт қызы, бір баласы бар. Немерелердің атасы.

Жұбайы Ғазиза Арыс мектебінде технология пәні мұғалімі болып істеген, екі қызы да ата-аналарының жолын қуған ұстаздар.

Жұматай Мұхаевтың ұзақ жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен, Ел басымыз Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хаты және қалалық мәслихаттың мақтау қағазымен марапатталған.

«Қазақстан Республикасы Білім қызметкерлері кәсіподағына еңбек сіңірген қызметкер» атағын алған абзал азамат, бүгінгі таңда Арыс қалалық білім қызметкерлері кәсіподағы кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүрді. Жақында әріптестерінің қолдауымен атаулы орынға қайта сайланды.

Елудің бесіне табан тіреген ұстаздар қамқоршысының ел адындағы алдында жүзі жарық. Мерейі үстем. Шығар тауы әлі алда.

Темірхан Әбдіков

Ұстаздар ұйытқысы: 1 комментарий

  1. Жұматай ақкөңіл,мейірбан кісі.Жүрегі жұмсақ мейірбан әке.Қарапайым да қанағатшыл.Ұл-қыздарына дұрыс бағыт-бағдар беруден жалықпаған және жалықпай өз бойындағы бар асыл қасиеттерін үйретіп келеді.Жасыңыз жүзге келіп,бұл өмірдегі биік шыңдарды оңай бағындыра беріңіз.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.