Без рубрики

«Отаным-отбасым»

Қызылорда облысы. Байқоңыр қаласы.

Мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі

К. Э. Циолковский атындағы №2 жалпы білім беретін орта мектеп

бастауыш сынып мұғалімі Куандыкова Айгул Ескараевна

Күні: 9.03.2013ж.

Сыныбы: 2 «А» сыныбы

Сабақтың тақырыбы: «Отаным-отбасым»

Мақсаты: Оқушылардың отбасы құндылығы туралы түсініктерін, ұғымдарын кеңейту.

Міндеттері:

  • сүйіспеншілікке, адамгершілікке;

  • имандылыққа, инабаттылыққа;

  • мейірімділікке, бауырмал, қайырымды болуға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер:

Техникалық құрал, суреттер, нақыл сөздер, видеосюжет, дәптер, түрлі қағаздар, ашықхат.

Кіріспе бөлім.

Амандасу түрлері

Кімге арналған?

Ассалаумағалейкум!

Сәлеметсіз бе?

Сәлем!

Сәлем бердік!

Сәлеметсіздер ме?

Үлкен кісілермен ер балалар амандасады.

Мұғалімдермен, тәтелермен.

Құрдас, дос, сыныптастармен.

Апа, әжелермен

Көпшілікпен.

-Сәлемдесу туралы мақал мәтел білесіңдер ме?

-Сәлем беру де-парыз,

Сәлем алу да-парыз.

Әдепті елдің баласы,

Алыстан сәлем береді.

Мұғалім: -Ендеше балалар, әдептілік сақтай отырып келген қонақтармен амандасып алайық.

Мен атқан таңды сүйемін,

Шуағын шашқан күнді сүйемін.

Аялаған анамды сүйемін,

Қоршаған бар әлемді, өзімді де сүйемін.

Алдымызда отырған

Көп қонақты көреміз.

Бәріне де ізетпен

Біздер сәлем береміз!

Жаңа сабақты түсіндіру.

-Ал құрметті қонақтар, бүгін сіздер 2 «А» сынып оқушылары арасында «Отаным-Отбасым» тақырыбындағы ата-анамен бірге өткізгелі отырған сыныптан тыс жұмысына қош келдіңіздер!

Атам қазақ айтпақшы, «Ағаштан ағаш рең алады, адамнан адам тәлім алады» демекші әрбір ата-ана өз баласының тәрбиелі де рухани азығы мол азамат болып өсуін тілейді. Балаға тәрбиені кім береді? Әрине сіз бен біз, үлкендеріміз. Кім өз баласын жамандыққа қияды? «Өзіміз өмірге не қоссақ, өмірден соны ғана табамыз» деп текке айтылмаған ғой.

Олай болса, сіз бен біз тәрбиелеп отырған балаларымыздың бүгінгі сын жұмысына біріге жұмыла атсалысайық.

Алдымен әр топпен танысып өтейік.

1. Мектеп-кеме, Білім теңіз. Біз «Мектеп» тобымыз.

2. Ақыл-дария, Ой-теңіз. Біз «Теңіз» тобымыз.

3. Ақыл-тозбайтын тон, Білім таусылмайтын кен. Біз «Білім» тобымыз.

3 топпен де толық таныстық. Енді әр топқа сұрақ беремін.

Туысқан, отбасына кімдер жатады? Жанұя, отбасы тақырыбында қандай мақал-мәтел білеміз? Ата-әжелерің, ата-аналарың сендерді қалай еркелетеді?

Балалар, жанұядағы ата-ана, бауырларың сендерді өмірдегі бар жақсылыққа, нәзік дүниелерге теңеп, еркелетеді. Олар сендерді жақсы көреді және сендердің бақытты болуларың үшін барлығын жасайды. Ол сендердің отбасындағы туыстарың. Сондықтан да ата-ана, туған-туыстарыңды әрқашан сыйлай біліңдер.

Ой қозғау.

1-топ: Бақытты жанұя дегенді қалай түсінесіңдер?

2-топ: Тұңғыш деп кімді айтамыз?

3-топ: Қара шаңырақ иесі деп кімді айтамыз?

Үй жұмысын сұрау. Сурет бойынша жұмыс.

Балалар, жеті аталарыңды білесіңдер ме?

Ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене.

Жеті ата туралы мақал-мәтел білеміз бе?

-Жеті атасын білмеген жетесіз

— Жеті атасын білген ұл

Жеті жұрттың қамын жер.

Өзін ғана білген ұл

Құлағы мен жағын жер.

Ендеше, барлығымыз да жеті атамызды білеміз ғой, иә?! Балалардан сұрау.

Альжанова Ботагоз М. Мақатаев «Қарттарымды сүйемін»

Ата-анаға арналған өлеңдер оқу.

Айгерим. Мейірімді,сымбатты,

Қадірменді,қымбатты.

Ең жақын жан балаға, Кім десеңдер,

Ол-АНА!

Ерлик. Асыр салса немерелер,

Азан-қазан тайраңдап кеп.

Әжелері еміренер,

«Құдай бере салғандар»,- деп.

А.Данияр.Әжем күйші,әпкем биші,

Асқан шебер,ағам күйші.

Ісі нұсқа,әкем ұста,

Үй салады жаз бен қыста.

Т.Данияр. Атамыз біздің-данамыз,

Атамыз біздің-панамыз.

Атадан ақыл аламыз,

Атадай адам боламыз.

Арзу. Аға деген, іні деген,

Барлығы бір туысқан.

Аға деген, іні деген,

Жаралғандай құрыштан.

Саят. Ардақты біздің әкеміз,

Әкемізді сүйеміз.

Әкемізді әрқашан,

Үлгі тұта білеміз.

Шерхан. Әкем, шешем және мен,

Тату-тәтті тұрамыз.

Сыйластықпен, махаббатпен,

Сауық- сайран құрамыз!

Сахналау: «Қымбат машина»

«Бірде әкесі Аманға жаңа ойыншық сатып әкеліп берді де: «Сындырушы

болма, қымбатқа сатып алдым»-, дейді. Қандай ойыншық десейші. Қара бояуы жалтылдаған әдемі машина. Келесі күні Аман жаңа ойыншығын құшақтап аулаға шықты. Сыртта оны Рахат, Қанат, Қали, Мұса қоршап алды.

-Қараңдаршы, әкем әперді!-Аман машинасын құшағынан шығармай мақтана сөйледі.

-Әкелші көрейік…

-Бере тұршы, жүре ме екен?

-Қандай әдемі, кел ойнайық.

Аман ойыншығын қапсыра құшақтап, оларға бермей қойды.

Әрі-беріден соң Рахат та, Қанат та, Қали да, Мұса да өз беттерімен ойнап кетті.

Аман ойыншықты үйге әкеліп, төсегінің астына қойды да, сыртқа шықты. Қараса, балалар өздерінше бірігіп ойнап жүр екен. Аман қызығып, жүгіріп қастарына келді.

-Мен де ойнайыншы!

Ал балалар болса үндемей, ойындарын жалғастыра берді.

Ой бөлісу сәті

Ата-аналарға сұрақ:

1.Көріністен не түсіндіңіздер?

2. Кім қателік жіберді деп ойлайсыздар?

3. Аман кінәлі ме?

4. Аманның әкесінің орнында сіздер қайтер едіңіздер?

Хамитов Мағжанның орындауында «Жаңбыр» әні.

Ата-аналарға тапсырма. Суретті жұмбақ шешу.

Жауабы: «Бесік жыры»

Ендеше балаларыңызға арнап айтқан бесік жырын естеріңізге түсіріңізбер. Ата-аналардан бесік жырын сұрау.

Ойын: «Танып, ата»

Бота: -Апай, ата-аналармен ойын ойнауға рұқсат па?

Шарты: Ата-аналар мен балалар бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Бір ата-ана көзі жұмулы күйінде сипалау арқылы өз баласын тауып алуы қажет.

Топтық жұмыс.

1-топ: Отбасы адамдарына арнап өлең құрастыру.

2-топ: «Менің жанұям» тақырыбында шағын эссе жазу.

3-топ: «Мектеп екінші жанұям» тақырыбында шағын эссе жазу.

Ата-анамен жұмыс:

Киелі қоржын ішіндегі сұрақтарға жауап беру.

1.Бала сіз үшін кім?

2.Жанұя бақыты дегенді қалай түсінесіз?

3. Балаңыздың мінезі қандай?

4. Болашақта балаңыздың қандай азамат болғанын қалайсыз?

Ойын: «Дұрыс-бұрыс»

-Менімен келіссеңдер қолды жоғары көтеріп, шапалақтаңдар, ал келіспесеңдер қолдарыңды төмен түсіресіңдер. Мысалы: Отбасы дегеніміз-ата, апа, әке, ана

-Отбасы дегеніміз-көршілер, сатушы.

-Отбасы дегеніміз- ағалар мен әпкелер.

-Ағам менен кіші

-Інім менен үлкен

-Ата-әжем ата-анамның ата-анасы.

-Отбасыны сыйлау керек.

-Қарындасым менен кіші.

Ал енді отбасына байланысты санамақты айтып шығайық.

Ақбаян.Бас бармағым атам-үйдің данасы,

Балаң үйрек әжем-ошақ анасы.

Ортан терек-әкем, отау панасы,

Шылдыр шүмек шешем, шаңырақ ажары.

Тентек, бөбек-мен, отбасы базары.

Баладан ата-аналарға сауалнама.

Ернар: -Апай, балалардың ата-анасына қояр сұрақтары бар екен. Соны қоюға рұқсат етесіз бе?

1. Айгерім. -Мама, бүгін мен сабаққа бармаймын. Өйткені сіз кеше ата-ана жиналысына бармадыңыз.

2. Нұржігіт. -Әке, мен мектеп терезесін сындырып алдым.

3. Мағжан. -Апатай, бүгін мен сабаққа бармаймын. Ауылдан келетін әжемің қасында боламын. Апайға бір сылтау айтып қоңырау шалыңызшы.

Ойын : «Ғажайып хаттар»

Аяулым. -Достар, бізге көгершіндер қонаққа ұшып келіпті. Бұл көгершіндер жай көгершіндер емес, оларың тұмсығында өздеріңе деген жақындарыңның жақсы тілектері жазылған хаттар бар. Оқып берейін бе?

-Дамир, мен саған бақыт тілеймін! (С/м Атаң.)

-Мағжан, бақытты бол! (С/м Анаң.)

-Нұржігіт, құлыншағым ешқашан ауырма. (С/м Әжең)

-Руслан, жаным ренжіме! Мен бүгін жұмыстан босамай, сенің тәрбие сағатыңа бара алмай қалдым. Келешекте қалмаймын.

Аружан: -Ал енді достар, біз де өз жақындарымызға, туыстарымызға арнап жасаған сыйлықтарымызды, ашықхаттарымызды табыстайық.

Қорытынды.

«Сиқырлы қалам»сәті. Оқушылар, ата-ана, келген қонақтар өз отбасына жақсы тілектерін айтады.

Отбасындағы әр бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Баланың ата-ана алдындағы парызы мейіріммен, жақсылықпен өтелмек. Сәби шағында ата-ана қалай бағып-қақса, қарт болғанда ата-анаңды солай мәпелеуге борыштысың. Ата-анаға баладан артық ешкім жоқ, сондықтан да бала отбасының байлығы, қорғаны.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.