Жаңалықтар

Жоспардағы межеміз — Күнделікті 50 мың қолданушы және Ұстаздарға сапалы қызмет көрсету

Құрметті Ұстаздар!Республикалық 45minut.kz басылымының ресми хабарларымен таныс болыңыздар. 2014 жылға арналған жұмыс жоспары және жағымды жаңалықтармен хабардар етемін.

Осының алдында ғана, «Жаңалық деп тақырып жазбайын»  деп жазылған материал бастап, ол жерде тек қана материал тақырыптарын жазған едім.Мақсатым, күнделікті 30 мыңнан астам қолданушы кіретін 45minut.kz сайтындағы қолданушылармен байланыс деңгейін сараптау. Сонымен, эксперименталды мақала жарияланғаннан кейін,

көптеген ұстаздардан «Жалғасы қайда, Тақырып неге ашылмаған, Тек қана тақырыптардан бола ма материал» т.б мағынада сұрақтар, пікірлер келе бастады. Бұл жағдай өте қуанышты нәтиже және Редакцияның қолданушылармен байланысы бар екенін көрсетеді. (Кейбір, сайттарда қолданушылары көп болғанымен редакциямен байланысы болмайды) Біздің басылым сайттарын оқитын, пайдаланатын ұстаздарымыз, оқушыларымыз, ата-аналарымыз бар екен. Бәсе, күнделікті 30 мыңнан астам оқырман деген оңай емес қой, әрі бір күнде пайда болған нәтиже де емес. Бұл нәтиже, редакцияның, ұстаздардың, короче айтқанда… барлығымыздың ортақ нәтижеміз. Бізбен болғандарыңыз үшін Сіздерге алғыс білдіреміз, құрметті оқырмандарымыз.

Осы материалдың тақырыбында жазылып тұрғанындай, келесі бағындырар межеміз — күнделікті 50 мыңнан астам оқырман. Ол жетістікке де бірге жетеміз және оқырмандарымызға сапалы қызмет ұсынамыз деп сеніммен айта аламын.
Дегенмен, айтуға қажетті, өте маңызды мәселе: Осынша оқырманмен бірлесе жұмыс атқарып және Республика бойынша Ұстаздарымыздың қажеттілігіне сапалы қызмет ұсына білуге деген талпыныс осындай нәтижелерге байланысты. Сіздердің қолдауларыңыз Редакцияны қанаттандырады және жаңа қызметтерге жол ашады…(Осы жерде, Каспий банк сияқты; Сіздер үшін тағы не істей аламыз дегендей болып кетті-ау)

Редакция атынан нәтижеде айтарымыз: Сіздер үшін не істей аламыз емес, Сіздер үшін ғана қызмет істейміз. Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын! Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын! Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін, Елдігіміз Мәңгілік!

1. 2014 газетке жазылу, басылым жұмыстары туралы
2014 жылға 45minut.kz Республикалық басылымға Казпочта арқылы жазылу тоқтатылды. 2013 жылғы жұмыс ретінен байқағанымыз, Казпочта арқылы жазылғаннан қарағанда, ұстаздарға тікелей материалдарын редакция почтасына жіберіп, сол арқылы газеттің кезекті санына тікелей жариялану тиімді. Сондықтан, газетке сабақ жариялағысы келгендер тікелей редакция почтасына немесе 2014 жылғы БАҚ өкілі Тілші арқылы материалдар жіберсеңіздер болады. Газет тұрақты түрде, апта сайын шығып тұрады және ЭЛЕКТРОНДЫ НҰСҚА бөлімінде жарияланады. Сабағы жарияланған газет нөмірі ұстаздың адресіне Казпочта арқылы тікелей жіберіледі.

2. № 2, 3, 4 Топтама кітап туралы және 2014 жылдағы жоспарымыз
2013 жылы бастау алған топтама жинақтар қазіргі уақытта жалғасын табуда. № 1, 2, 3, 4 топтамалар әзір болып, Казпочта арқылы таратылымда. Сонымен қатар, оқушылардың ғылыми жоба жинағы да таратылымда. Ал, 2014 жылға жоспар бойынша топтама жалғасын табады және жеке ұстаздар топтамалары, пәндік топтамалар жинағы шығарылады. Топтамаға тапсырыс беру және алу бойынша 45minutkz@mail.ru почтасына заявка жіберсеңіз болады. Топтаманы ұйымдастыратын тілшілер үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған.
Ескерту: 2014 жылға жаңа топтамаға материалдар қабылдануда.

3. Конкурс туралы қызықты ақпараттар
«Жаңа білім — Жаңа ғасыр» тақырыбымен өткізіліп жатқан Республикалық конкурс туралы оқырмандарымыз толық хабардар деп есептеймін. Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан облысында, Қызылорда облысында өткізілген іріктеу сайыстарынан жинақталған тәжірибе бойынша, енді конкурс жұмысын ұйымдастыру жұмыстары негізінен http://www.new-edu.kz сайты бойынша жүзеге асады. Себебі, конкурсқа тіркелу бойынша (Тіркелу формасы бар екен деп тіркеле беруге болмайды) хабарласқанымызда көпшілігі неге тіркелгенін, қандай конкурс екенін білмейтіндігін айтады. Вроде қарасаң, барлығы ашық, түсінікті жазулы тұр. Бірақ, «Білмедім, Қатысу ақылы екен ғой т.б» сияқты жауаптар айту ол ең біріншіден, тіркеуге өтініш білдірген ұстаздың таным дәрежесін көрсететін фактор болып есептеледі. Неге тіркелгенін, не үшін тіркелгенін білмей қалатын ұстаздармен Конкурс редакциясы да бірлесе жұмыс атқаруды қаламайды.
Енді конкурс жұмысын ұйымдастырудың жаңа талаптары бойынша, тіркелгендер тізімі сайтта жарияланады және сол бойынша іріктеу конкурсына қатысуға болады. Ал, өткізілген іріктеу сайыстарының протоколдары сайтта жарияланды.
Тікелей қатысушылар мен қашықтан қатысушылардың материалдары қаншалықты бар, жоқ, кім екен, қалай екен барлығы ашық түрде жарияланып тұрады. Алдағы уақытта сарапшыларды да Интернет дауыс беру арқылы таңдап, үйретері бар, нағыз өз ісінің маманы ұстаздармен ғана жұмыс атқарамыз. Осындай критерилер арқылы шығармашылық конкурсымыз ұстаздарға үйретері бар конкурсқа айналады.

4. Тілшілерге арнайы талаптар мен ұсыныстар
Республикалық басылымның тілшісі болу дегеніміз жауапкершілік жүктейтін маңызды қызмет. Тілшілікке 2012 жылы кез-келген талаптанушыны қабылдадық, 2013 жылы нақты жұмыс атқаратын белсенді ұстаздар ғана қабылданды. Ал, 2014 жылы талап тағы да өсті. Енді тілші болу дегеніміз ол тек қана ұстаздарға материал жіберуде көмектесу ғана емес, сонымен қатар өз аумағында тұрақты байланыста болып, жаңалықтар, іс-шаралар туралы да жағымды жаңалықтар жариялау. Білім мекемелерінде басылым атынан іс-шаралар ұйымдастыру, басылым беделін қалыптастыруға қызмет атқару.
2014 жылға қабылданған тілшілер тізімі БАҚ ӨКІЛІ — 2014 ЖЫЛ сайтында жарияланды, тұрақты түрде жаңартылып отырады. Тізімде бар тілшілермен ғана жұмыс істеңіздер. Сол кезде ғана материалға жауап бере аламыз.
Ескерту: Тілшілігі тоқтатылған тілшілермен материал жібермеңіздер.

5. 45minutTV
Сайтымыздың бірінші бетінде орналастырылған видеода көрініп тұрғанындай, тұрақты түрде өткізілген іс-шаралар, онлайн көрсетілімдер, видео сұхбаттар ұйымдастырылады. Редактор ретінде қызмет бабымен көптеген жерлерде болатындықтан, «Редактордың жазбалары» тақырыбында кездесулер, іс-сапар туралы қысқа, нұсқа жазбалар жариялап отыруды жөн көріп отырмын.

6. Білім мекемелеріне жаңа жобалар
2014 жылдан бастау алатын білім мекемелеріне, ұстаздарға арналған жаңа жобаларымыз бар. Бұл жобалар заман талабына сай сұраныстан туындап отыр. Оқырмандарымыз жаңа жобаларымызға белсене атсалысып, оң істерге пайдаға асатын жобалар болады деп үміттенеміз. Жобаларымыз туралы қысқаша түсіндірме жасайын:
1. Білім беру мекемелері туралы анықтамалық. Бұл анықтамалықта білім мекемесінің жетістігі, жоспары, білім мекемесі туралы ақпараттар сурет түрінде жарияланады және әрбір суреттің түсіндірмесі бірге жарияланады. Оқырманға ақпаратты қабылдау ынғайлылығы үшін бір мекеме туралы суреттер саны 25-тен аспауы шарт.
2. Ұстаздар үшін интернет сауда дүкені. Интернет сауда дамыған заманда ұстаздарға ыңғайлы болуы үшін интернет дүкен ашамыз. Ол дүкенде түрлі тұрмыстық тауарлар, қызметтер ұсынылады. Күнделікті 30-мыңнан астам ұстаздарға тауарын ұсынушы фирмалар, жеке кәсіпкерлерді өзіміз таңдау жасап, сұрыптап, сенімді сатушылармен ғана жұмыс істейміз. Сұрыптау арқылы ұстаздарымызға редакция атынан сенімді тауар сатушыны ұсынамыз. Және маңызды ерекшелігі, тауар алушы затын жеткізбеген жағдайда Редакция атынан жауапкершілік міндетін аламыз. Яғни, кім зат сатқысы келсе сата берсін деп емес, интернет дүкенде сатылатын заттардың сапалы, нақты, жеткізілуі сенімді екеніне кепілдік береміз.
3. Онлайн мектеп жобасы. Қазіргі оқушылардың барлығы компутерді, интернетті тұрақты қолдануына байланысты, оқушыларға  ЕНТ-ға, күнделікті мектеп бағдарламасына әзірленуі үшін қашықтан оқыту жүйесі ұйымдастырылады. Онлайн мектепте директоры, завучы, мұғалімдері болады. Міндеті, оқушыларды сабаққа әзірлікте көмектесу. Осы жүйе арқылы ауыл мектебінде оқитын оқушы, үйде отырып қаладағы мұғаліммен бірге сабаққа әзірленуге, қосымша білім алуға мүмкіндік алады.  »Интернеттегі апай былай деп айтқан, Сіз былай дедіңіз» — деп салыстыру арқылы білім алу сапалылығына жаңа нәтижелерге қолжетімділік бола алады.
Интернеттегі апайлардың кім екені, қандай білім дәрежесі бар екені туралы ақпарат сайтта толық жарияланып тұрады.
Интернет ұстаздарға арналған талабымыз, оқушыны сабаққа әзірлеу барысында жаңашылдықпен, жеңіл формада сабақ түсіндіру. Интернет арқылы сабаққа әзірлену уақыттары белгіленіп, белгіленген уақытта байланыста болып сабаққа қосымша тапсырмалар беріледі. Және сол уақыттарда ғана емес, мүмкіндік ретіне қарай басқа уақыттарда да оқушының білім алуына көмектесу.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.