Ақжайығым – атамекенім
Мақсаты: Туған жерін, елін сүюге, халқына қызмет етуге тәрбиелеу. Туған жер тарихын зерттеуге қызығушылықтарын ояту.
Сабақтың түрі:
Көрнекі құралдар: Орал қаласының тарихына арналған көрме, шығармалар көрмесі, Қ.Мырзалиев, А.Бақтыгереева шығармашылылығынан көрме, слайдтар. (Орал қаласы туралы слайд ойнап тұрады)
Қазақ биі: «Шашу»
(Музыка ойналып тұрады, ортаға жүргізушілер шығады.)
1-Жүргізуші:
Таныс өлке,
Таныс аймақ,
Таныс маң:
Анау жерде-құрбылармен алысқам,
Анау жерде құрбы жанмен табысқам,
Айналайын!
Атамекен, Ақ мекен!
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!
Туған өлке тәтті екен ғой,
Тәтті екен!
2-жүргізуші:
Сұлу дала! Менің сүйген еркемсің,
Жаны жайсаң жаратылған өлкемсің.
Қандай жақсы қазақ болып туғаным,
О, туған жер, тамашасың, көркемсің.
Тасып жатқан өзендер жағасынан,
Сары белдер сағымдар арасынан.
Тарайды дән жұпары бар әлемге,
Қазақтың қасиетті даласынан.
1-жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, құрметті мұғалімдер және оқушылар!
2-жүргізуші: Бүгінгі «Ақжайығым – атамекенім» атты тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
1-жүргізуші: Туған жер дегенде жүрегі сыздамайтын жан бар ма?
2-жүргізуші: Сәбиден қарттарымызға дейін Туған жер – Ақжайық дегенде ішкен асын жерге қояды.
1-жүргізуші: Олай болса құрметті қонақтар барлығымыз сүйікті қаламыз Ақ Жайығымыздың көрнекті жерлеріне саяхат жасайық. (слайдта көрсетіледі)
2-жүргізуші: Келесі кезегімізді «Өз қалаңды білесің бе?» айдарына береміз.
1. Оралдан шыққан атақты адамдардан кімдерді білесіңдер?
2. Оралда тарихи ескерткіштер бар ма?
3.Орал қаласы қанша жаста?
4.Орал қаласының қандай көрнекті жерлерін білесіңдер?
5.Қаламызда қандай ескерткіштер бар?
1-жүргізуші:
Табиғаттан бабамыз ала берген секілді,
Дархандықты қазаққа дала берген секілді,
Еркелікті ерікті желден алған секілді.
Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді- деп, Қадыр Мырзалиев ағамыз жырлағандай, сан ғасырлар табиғатпен етене өмір сүрген дархан халқымыз жерінің әрбір тасын, гүлін қастерлеп өткен, табиғат сұлулығына бас иген.Халқымыз қастер тұтқан, осынау киелі жерімізді аялы алақанымызбен, жылы жүрек сезімімізбен, көздің қарашығындай қамқорлық жасауда еш аянбайық.
2-жүргізуші: Олай болса, келесі кезекті Ақжайық туралы тебірене жырлап өткен ақын-жазушыларымыздың жырларына берейік.
1.Ақұштап Бақтыгереева «Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді», Оқитын: Иманғалиева Әйгерім;
2.Қасым Аманжолов «Орал», Оқитын Төлегенова Тоқжан;
3.Ақұштап Бақтыгереева «Сағыну», Оқитын Хафез Жалғасхан;
4.Ақмаржан Таубаева «Жайығым саған келем мен», Оқитын Ғалиақпаров Аңсар.
1-жүргізуші: Ескерткіштер сыр шертеді айдары.
Халықтың сыйы басым ерге деген,
Сыр түйдім ескерткішті көргенде мен.
Тіріде таға алмаған жұлдызы тұр
Орын ап жалын атқан өр кеудеден…
Абай ескерткіші.
Абай өткен «қалың ел-қазағым…» – деп,
Жүректегі дертіңді жазамын деп
Қолдан келер қайран жоқ,
Жырға сусап
Ой құдығын ел үшін қазамын тек…
Жұбан ескерткіші.
Тоз-тоз болды жазира, құлан дала,
Көгімізде тұрды тек ұран ғана.
«Мың өліп, мың тірілген қазақпын», – деп
Қалай айтқан дәл тауып Жұбан аға?!
Мәншүк Мәметова ескерткіші.
Темірдей суға салған көрікшінің
Алады қас батырлар өліп тыным!
Кей кезде ерлік жасау қыз түгілі
Қолынан келмес әрбір бөріктінің!
Болғанмен қан майданда мәңгі құрбан,
Тұрғанда елі тыныш, халқы да аман,
Өшпейтін ерлігімен өзі бүгін
Шығысқа жұлдыз болды жарқыраған!
Ән: «Ақ Жайығым- атамекенім»
1-жүргізуші: Балалар, Орал қаласы қаласы биыл қанша жасқа толып отыр?
(398ж.) Ендеше, Орал, Теке, Жайық атына ие болған жылдан бастап осы жыл аралығында қалада қандай маңызды тарихи оқиғалар болғанына көз жүгіртелік:
Ақ Жайық өзенінің бойында негізі қаланған Орал қаласы өзінің тарихын ғасырлар қойнауынан алады. 1613-жылдары Орал қалашығы салынды.
Ежелден Еділ мен Жайықтың ортасы мен төңірегі көне қалалардан кенде болмаған. Шығыс пен Батысты жалғастырар ең қысқа жолдың нақ түйіскен жерінде орналасқан Орал қаласы Жайық өзенінің оң жақ жағасы мен Шаған өзені құйылысының сағасында негізі қаланған. Қала Жайық қалашығы деп аталған. Қаланың ең көне бөлігі – «Курени» ауданы деп аталады. Бұл жерде, Жайық өзені жағасына, Жайық қалашығының алғашқы тұрғындары бір кезде өз үйлерін салған. Қаланың өзінен аз ғана кейін салынған, сол кезде тұрғызған үйлер әлі де сақталған. Қаланың көне бөлігінде орналасқан ең көне ғимарат- Михайл-Арханегль шіркеуі. Қазіргі таңда «Ескі шіркеу» атауын алған бұл ғимарат ХҮІІІ ғасырдың архитектуралық ескерткіші болып саналады.
Тарихы терең ғимараттардың бірі- бұрынғы атаман үйі. Ғимарат 1825 жылы әскери архитектор М.Дильмединоның италиян стилінде салынған. Осы үйде В.А. Жуковский, В.И. Даль, Л.Н. Толстой, сондай-ақ А.С. Пушкин де болған. Ғимарат ХІХ ғасырдың архитектуралық ескерткіші ретінде мемлекеттің қарауында.
ХІХ ғасырдың архитектуралық ескерткіші болып саналатын тағы бір тамаша ғимарат «Ванюшиндер үйі» деп аталады.1880 жылдар шамасында ағайынды көпестер Ванюшиндер салған бұл үйде Коммерциялық клуб, сауда орындары болған. Қалалықтар арасында “Карева” үйі атауымен белгілі ғимарат 1900 жылы тұрғызылған. Ол үйді миллионер көпес А.Т. Карев бастап салған. Ал ХІХғ басындағы деректер Орал қаласына қарайтын аумақта ауыл шаруашылығына қатысты ғылыми зерттеулер жүргізілгенін көрсетеді.
1932-жылғы наурыздың 10-да Батыс Қазақстан облысы құрылып, оның орталығы Орал қаласы болып бекітілді.
2-жүргізуші:
Қарасам Қазақстан картасына,
Оранған бар байлықтың алқасына.
Арайлы Атамекен – туған жерім,
Мен үшін сенің артық әр тасың да.
Оқушылар, біз бүгінгі сабағымызда қаламыздың көрікті жерлеріне саяхат жасап, Ақ Жайыққа арналған өлең жырлармен танысып, шежіресіне тоқталдық. Ал енді Ақ Жайық сенің өміріңде қандай орын алады дегенде қалай жауап береміз?
1-жүргізуші:
«Дыбыстар сөйлейді» стратегиясы
А Атадан балаға аңыз болып айтылар жарқыраған Ақжайық.
Қ Қадыр мен Ақұштап сынды ақындардың туған өлкесі – Ақжайық.
Ж Жайнаған гүлге толы сұлу қала-Ақжайық.
А Ата мен балаға сыншы бола білген қала-Ақжайық.
Й Игі істердің бастауына айналған жарқын қала – Ақжайық.
Ы Ынтымағы мен достығы жарасқан қала – Ақжайық.
Ғ ғимараттары бой көтеріп, көркіменен тамсандырған –Ақжайық.
Ы Ысқырған аязы мен суық қысы бар – Ақжайық.
М Мәдени ошақтары көп кездесетін қала – Ақжайық.
Би: «Қара жорға».
Қорытынды. Балалар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еліміздің болашағы бүгіннен басталады» деген үндеуінде сендерге үміт артып отыр. Енді бір 20-30 жылдан кейінгі елімізді басқаратын және жоғарғы техниканы меңгерген жұмысшылар сендер боласыңдар. Орал қаласы қарқынды жылдамдықпен өсіп келе жатырған біздің қаламыз. Сендерде терең білім алып, туған жеріміздің іргетасын берік сақтауға өзіндік үлестерінді қосуларын керек.
Біз бүгінгі сабақта уақыттың аздығына байланысты Орал қаласы туралы барлық мәліметті алып, аралап болғанымыз жоқ. Біз барып тамашаламаған, көрмеген жерлер әлі де көптеп кездеседі. Ендеше болашақта Орал қаласының көркеюіне зор үлесімізді қосайық! Туған жеріміз – Ақ Жайық, Оралымыз асқақтап өсе берсін!

макалага тулыктыру кажет Оралдан тек саусакпен санарлыктай емес коптеген ашылмай жургендер туралы болса!