Математика сабағында дидактикалық ойындарды қолдану арқылы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру
Қызылорда облысы, Қазалы қаласы, М.Горький атындағы
№16 орта мектебінің математика пәні мұғалімі
Халтова Ғалия Әзиқызы
Математика сабағында дидактикалық ойындарды қолдану арқылы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру
Аннотация
В этом докладе автор обращает внимание на целесообразность использования дидактических игр на уроках математики. В докладе речь идет и о правильной организации дидактических игр, об основных положениях, которых необходимо придерживаться. Приводятся примеры организации игр из опыта учителя. Используя основные положения казахских национальных игр учитель приводит примеры организации дидактических игр на уроках математики , где воспитательной целью является также ознакомление с национальными традициями.
Annotation
In this report the teacher shows how to use the didactical plays at the lessons of mathematies. And also introduses with the rules of plays The teacher gives the information about the notional games and her research work.
Математика пәні- күрделі пән, сол себептен оны қызықты ету мүмкіндігінен айырылып қалмау керек.
Паскаль.
Қазіргі таңда сапалы білім беру мәселесі қоғамды толғандырып отыр. Себебі қарыштап дамып келе жатқан технологиялық прогресс кезеңінде өскелең ұрпақтың білім деңгейі қазіргі заман талабына сай болуы баршаның мақсаты болып отыр.
Елбасы биылғы Жолдауында «Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс», – деп атап көрсетті.
Ал оқушылардың жаратылыстану-математикалық бағытта пәндерді игеруі- математикадан басталады. Математика пәнін дұрыс игермеген оқушы осы бағыттағы қай салаға да маман болып барса да шеберлік шыңына жетуі қиынға соғады. Сондықтан ғылымның негізі болып табылатын математика пәнін оқушы сапалы түрде игеруі тиіс.
А.Постниковтың «Мен адамның математикаға қабілеті жоқ дегенге сенбеймін» тұжырымдамасын негіз ретінде алсақ, онда әрбір балада математикаға қабілеті бар деген ойға келеміз. Яғни сол қабілетін оятып, әрі қарай дамытып осы салада жетістіктерге жеткізу мұғалімге байланысты екені белгілі болады.
Қазіргі заманның оқушысына оқуға, білім алуға не кедергі? Оқуға қызығушылықтың жоқтығы десем қателеспеймін.
Қазір оқушыны жан-жақтан, қоршаған ортадан алаңдататын көптеген қызықты, қолжетімді «объектіліер» көп-теледидар, компьютер, интернет желісі, т.б. құрылғылар.
Осындай ортадан оқушының назарын оқуға, білімге тарту оңайға түспейтіні белгілі. Бірақ қай заманда болсын ұстаздың шеберлігі сонымен сомдалады, түрлі кедергілерді жеңе біліп, оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыта отырып, білімді шәкірт тәрбиелеу.
Мұғалімнің шеберлігінің кілті оның сабақ технологиясын меңгеруі, әдістемелік тәсілдерді тиімді қолдана білуі болып табылады.
Осындай тиімді де, нәтижелі әдістердің бірі-дидактикалық ойындар деп есептеймін.
Ойын-адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Ал оқыту процесінде жаңа технологияның маңызды бөлігі т.б.
Орыс ғалымы, дәрігер, педагог К.А.Покровский «ойын-күнделікті бала еңбегі, болашақ өмірінің бастамасы.Ойын үстінде баланың ертеңгі өмірге деген қабілеті байқалады»-деген. Ойын баланы қимылға, әрекетке, денешынықтыруға төселдіреді. Сол арқылы өмір күресіне, еңбекке баулиды. Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ. Ойын арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзіне қоршаған дүние туралы түсінік алады.
Математикалық ойын дегеніміз-тынысы кең, алысқа меңзейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе, ақыл-ой жетекшісі.
Ойын-екі немесе одан да көп адамдардан құрылатын топтардың өз мүдделерін іске асыру үшін күрес жүргізу процесі. Әрбір топтың өз мақсаты, стратегиясы болады.
Педагогика саласында пайдаланатын ойындарды дидактикалық ойындар дейді.
Дидактикалық ойын дардың мақсаты мен міндеттері
Дидактикалық ойындар баланың ынтасын сабаққа аударуға, көңіл қойғызуға, қабылдауын жеңілдетуге, білімді толық игеруге көмектеседі,сабаққа эмоциялық бояу береді.
Ойынның мақсаты: Баланы пәнге қызықтыру, логикалық ойлауын дамыту, таным әрекетін қалыптастыру, тиянақтау, пысықтау, алған білімді тексеру, қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру.
Міндеті: 1) Танымдық: баланың тану, іздену әрекетін дамыту.
2) Тәрбиелік: айналасымен қарым-қатынас жасауға, қажетті дағдыны,
адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.
Дидактикалық ойындарды ұйымдастыруда төмендегі элементтерге сүйінеміз:
Дидактикалық ойынның құралы, сабақтың да құралы болып есептеледі. Мысалы: таблицалар, модельдер, таратылу материалдары, интерактивті тақта, т.б. Дидактикалық ойынды сабақтың кезеңдеріне байланысты қолданудың орындылығы да байқалады.
Дидактикалық ойындарды құру мына негіздерге сүйенеді:
1) Балалардың іс-әрекетіне ойын түрлерімен оқуды байланыстыру,біртіндеп қызықты
жеңіл ойындардан ойын-тапсырмалар арқылы берілген оқу-тәрбие мәселелеріне көшу.
2) Шарты мен міндеттерінің біртіндеп күрделенуі.
3) Берілген тапсырмаларды шешуде баланың ақыл-ой белсенділігінің күшеюі.
4) Оқу-тәрбие мақсаттарының бірлігі.
Дидактикалық ойындардың сапалылығы:
Олардың сабақтың әр кезеңіндегі орны мен міндетін, мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасын мұғалімнің жетік меңгеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажеті материалдарды алдын-ала дайындап алуына, ойын үрдісіне оқушыларды белсенді қатыстыруына байланысты болады.
Математикалық мазмұнындағы дидактикалық ойынның сапалылығына әсер ететін келесі сұрақтарды қарастыру керек:
• Ойынның мақсаты. Ойынның кезінде оқушылар қандай математикалық білік пен дағдыны қалыптастырады?
• Қатысушылардың саны.
• Ойынға қандай дидактикалық материалдар қажет болады ?
• Ойынның ережесімен таныстыруға қаншама уақыт кетеді?
• Қанша уақыттқа ойын есептелінген? Ойын қызықты және әсерлі бола ма? Осы ойынды тағы ойнауға келіседі ме?
• Оқушыларды түгелдей қатыстырудың қандай амалдары бар?
• Оқушылардың ойынға қатысуын бақылауды қалай ұйымдастыру керек?
• Ойынды қызықты етіп, оқушылардың белсенділігін көтеру үшін қандай өзгерістер ендіру керек болады?
• Ойыннан соң қандай қорытынды жасау керек?
Ойын кезінде келесі жағдайларды ескеру керек:
Ескеретін жай Кері әсері
Ойынның шарты қарапайым және анық болу керек, ал ұсынылатын материалдың математикалық мазмұны оқушыларға қабылдауына сай болуы керек. Ойын оқушыларды қызықтырмауы және формальды түрде өтуі мүмкін.
Ойын кезінде қолданылатын дидактикалық материалдың қолдануға ыңғайлы болуы. Керісінше жағдайда ойынның әсері төмендейді.
Математикада ойынның өз мәнері болуы шарт . Ойын ережесінен асып кету, оқушыларды барлық ісіңізді «Ойын» деп қабылдауға итермелейді.
Ойынның кезінде оқушылар өз ойын қысқа және сауатты тілмен жеткізу керек. Математикалық тілде сауатты сөйлеуі төмендейді.
Ойынды сол сабақтың үстінде аяқтап, ойынның нәтижесіне жету. Егер уақытылы нәтиже шығарылмаса ойынның мәні кетеді.
Дидактикалық ойынның белгілі бір нәтижесі болады, ол ойынның финалы болып есептелінеді, яғни ойынның аяғы.
Мұғалім үшін ойынның нәтижесі оқушылардың математика саласындағы жетістіктерінің көрсеткіші болып табылады немесе оқу-білімді игеру деңгейі болып есептелінеді.
Мен өз тәжірибемде «Математикалық лото» ойынын «Ондық бөлшектер» , «Бүтін сандар» тақырыбына байланысты пайдаланған кезде оқушылар белсенді қатысып, ойынның нәтижесіне көңілдері толды.
Үлкен карта
1,3
1,2
0,2
1,45
1,22
9,5
Оқушыларға арнайы конвертте карточкалар жинағы ұсынылады, олардың саны үлкен картадағы жауаптарға қарағанда көптеу болады. Мысалы оқушылардың қолында 7-8 карточкалар болса, үлкен картада 6 ұяшық болады. Оқушылар немесе бір оқушы конверттен есептерді алып шығарып үлкен картаның үстіндегі сәйкес жауапты оң жағымен жауып қояды. Егер жауаптар дұрыс табылса онда үлкен картада толық бір сурет, сызба шығады.
Ауызша есептеуге сыныпта үлкен мән беріледі, соның арқасында оқушылар сандармен ойша амалдарды орындауды меңгерген. Ауызша есептеулерге ойын ұйымдастыруға көп уақыт кетпейді, бірақ оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға жақсы әсерін береді. Оқушылар шапшаң, дұрыс есептегеніне көзі жете отырып, қуанышта болады. «Үздік санағыш», «Кім жылдам?» ойындары оқушылардың жақсы көретін ойындары болып табылады. Ол ойындарды ұйымдастыруда мұғалімнің өзі немесе оқушылар бір-біріне тапсырмалар әзірлеуі мүмкін.
«Суретшілер байқауы» ойыны барлық оқушыларға ұнады, координаталық жүйеде сурет шығару. Оқушылар үйден өздері суреттер құрастырып бір-біріне тапсырмалар әзерледі. Бұл ойын оқушылардың координаталық жүйеде ешбір қатесіз жұмыс жасап үйренуге мүмкіндік береді.
«Кім жылдам» ойыны көрші оқушымен жұмыс жасауға мүмкіндік береді.
Барлық оқушы бірдей карточка әзірлейді және әрбір қатарға бір нүктеден қойып шығады. Көршілес оқушылар карточкаларын алмастырады. Мұғалім нүктенің бойындағы сандармен бірдей бір амал орындауды тапсырады. 2-3 минуттан соң оқушылар карточкаларын қайтып беріп, нәтижелерін өзара тексертеді, бағалайды. Тапсырмаларды тексерген соң мұғалім жинақтап алып, қорытындылайды.
-4 -3 -2 -1 0 1 2 3 4
3 *
2 * *
1 *
0 *
1 *
2 *
3 *
Математикалық ребус, кроссвордтарды, тестті, «сиқырлы квадратты» шешуді интерактивті тақтаның көмегімен ұйымдастыру мұғалімге уақытты үнемдеуге көп мүмкіндік береді.
Ұлттық тәрбие беру мақсатын көздеген мұғалім ұлттық ойындардың шартын математикалық ойынға байланысты өзгерте отырып қолдана алады.
Ұлттық ойындарды сабақта қолдану арқылы оқушылардың математикаға деген қызығушылығын, белсенділігін арттыруға, тапқырлыққа, шапшаңдыққа, салт-дәстүр арқылы ой-өрісін дамытуға болады. Қазақтың ұлттық ойындарынан қосымша мағұлматтар алады. Ұлттық дәстүрге тәрбиеленеді. «Бәйге», «Ақ сүйек», «Көкпар», «Қыз қуу» ойындары оқу барысында көп қолданылады. Мысалы: «Көкпар» ойыны. Тақтаға көкпар тартып жатқан сәті бейнеленген сурет ілінеді. Тапсырма беріледі. Әр ауылдан бір бала шығып есепті шығарады. Ойынның мақсаты берілген есепті тез әрі қатесіз шығару. Екі бала тақтада бір есепті шығарады. Бұл әдіс В.Шаталовтың сенім әдісі бойынша алынған. «Қыз қуу» ойыны. Тақтаға қыз қуу ойыны бейнеленген сурет ілінеді. Тақтаға бір қыз бала, бір ер бала шығып, тапсырмалар орындайды. Шешімдер тексеріліп, жеңімпаз анықталады. «Бәйге» ойыны. Бәйге ойыны-ат жырысы. Оған жүйрік бапталған атпен шабандоздар қатысқан. Озып келгендер бас жүлдеге ие болған. Біздің мақсатымыз мыналар: тізімдегі сандардың ішіндегі ең үлкені мен ең кішісінің қосындысын табу: 3,02; 0,96; 15,4; 5,002; 19,2; 2,6. Жауабы: 0,96+19,2=20,16
Сол арқылы оқушының байқампаздығын байқауға және көз зердесін қалыптастыруға болады.
Атақты мұғалім-зерттеуші Джон Дьюидің ұстанымдарына зер салсақ:
1. Оқыту кірпішті бір қолдан бір қолға бергендей көрінбеу керек.
2. Жанама оқыту керек, яғни сабақта мәселені оқушылар өздері анықтайтындай және содан кейін оқу бағдарламасын осы мәселелерді зерттеп, шешімін табу үшін пайдаланатындай етіп құру керек-осының нәтижесінде пәнмен байланыс орнығады.
Дьюидің айтуынша, егер біз идеяны оқушыларға кірпіш ұсынғандай дайын күйінде бермесек, олар өз идеяларын ұсына бастайды, өз мәселелерін қойып және оқу материалында берілген тақырыппен салыстыра бастайды. Осы мақсатта оқушыға дайын ақпаратты бермей, оны өз бетімен ізденуге үйрету керек.
Балалар ойын барысында өздерін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық қасиеттері байқалады. Сезіну, қабылдау, ойлау, зейін қою, ерік арқылы түрлі психологикалық түсінікпен сезім әрекетіне сүйенеді. Ойын үстінде бала қуаныш пен реніш сезімдерін сезінеді.
Дидактикалық ойындар оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырады, олардың ойлау қабілеттерін, ізденімпаздылығын арттырады, сөз қорын молайтуға көмектеседі, сабақта дидактикалық ойындарды пайдалану мектеп оқушыларын сол пәнге белсенділігін арттырады, бағдарламалық материалдарды қажет деңгейде меңгеруге ықпал етеді.
«Математиканың анықтамасын бере алмайсын, оның бір айрықша қасиетін мойындамай – ол қызықты»-деген Поляни, мен де осы сөздерге қосыламын және осындай керемет пәнге оқушыларымызды қызықтыра білейік,- дегім келеді.
Ал оқушылардың математика сабағында пәнге қызығушылығын арттыруда дидактикалық ойындардың ролі айрықша, себебі қай жаста болса да, адам ойынға қызыққан.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Математика информатика физика журналы № 1, 2011 жыл
2. Школьникам о математике и математиках
3. Математика. Тест тапсырмалары: Жалпы білім беретін мектептің 5-6 сыныптарына арналған/ Алдамұратова Т.А., Снегуренко Н.Б., Шынтемірова Ә.К.-2-басылым.- Алматы: Атамұра, 2010.
4. Рудик Г. А. «Игры и их педагогическое значения» («Значение» 1949-90 стр)
5. Қазақтың ұлттық ойындары.
