Бөлтірік шешен сөздеріндегі адамгершілік, тәлім- тәрбие
Қызылорда облысы, Әйтеке би кенті
№266 мектеп- лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі Есеналиева Жанасыл
Бөлтірік шешен сөздеріндегі адамгершілік, тәлім- тәрбие
Бөлтірік Әлменұлының шешендік сөздеріндегі негізгі тақырыптардың бірі – адамгершілік, тәлім- тәрбие тақырыбы. Адамгершілікке үндеу идеясы шешеннің нақыл сөздерінен ерекше танылады. Өйткені, Бөлтіріктің шешендік өнерінің негізі- этикалық- тәжірибелік даналық. Шешен адамгершілік хақындағы халықтық қағидаларды негізге ала отырып, өмір тәжірибесінен туған даналық байламдарын ұсынады. Ол даналық ой түюде адамның сырт келбет, түр- түсіне емес, адамдық қасиеттеріне үңіледі.Осыған қарағанда, шешендік өнер адамтану өнерімен де сабақтас.
Бөлтірік шешеннің адамды жақсы мен жаман деп тануы да- олардың мінез-құлық, қасиеттерін халықтық таным тұрғысынан саралауы. Шындығында, сол жақсы мен жаманды әркім-ақ саралап, жақсының қандай, жаманның қандай екенін айтып бере алуы мүмкін. Ал, Бөлтірік шешеннің жақсы мен жаманның қандай екенін танытқан болжамдары адамгершілік идеяларын насихаттайтын даналық нақылға айналған. Шешен адамгершілік идеяларын жақсы мен жаманды салыстыра отырып та, оларды жеке- дара саралай отырып та сабақтайды. «Өнерің мен өнегең азбасын» дейтін сөзінде: «Жақсы деген кісінің алды- арты бірдей жарық болар, Жақсы деген ісіңнің бас- аяғы бірдей анық болар. Жаман деген кісінің алды- арты бірдей жау болар, Жаман деген ісіңнің бас- аяғы дау болар» (1, 101)-дейді. Бұл өмірде сан мәрте жолығатын жақсы мен жаманның қандай екені, олардың ісінің қандай екені жайлы бұрыннан таныс таным түсінік немесе жалаң да қасаң сөз емес, шешеннің образды ойлауы нәтижесінде жақсы мен жаман күтпеген қырынан көрінеді.Тыңдаушысын күтпеген әсерге бөлеп,жақсы мен жаман туралы танымды кеңейткен шешеннің поэтикалықойлауынан туған шешендік айшықтар екені даусыз. Жақсы кісіні жарыққа, жақсы істі аныққа балау айрықша әсерлі күтпеген баламалар болса, жаман кісіні жауға балау- дәстүрлі балама.Бұл екеуін көркем жымдастыру дәстүрлі айшықтарды дамытып, жаңғыртып айту,мәселен, жақсы кісі мен жақсы істі жарық пен анық сияқты абстрактілі ұғымдарға балау Бөлтірік шешенге ғана тән. Бұл оның шешендік шеберлігінің эволюциясы. Аталмыш сөзде Бөлтірік шешен жақсы мен жаманды,олардың ісін саралай келіп, тыңдаушысына ақыл- кеңес те береді: «Жаман істі қостама, жаман кісіні бастама. Жақсы істі тастама, Жақсы кісіні жасқама»(1,101). Расында, бұл ақыл кеңес қана емес, адам өмір бойы жадыңда ұстап жүруге тиіс даналық нақыл екені даусыз. Шешен бұл ақыл кеңесті орындамаудан болатын кесір кесапаттардан да сақтандырады: «Жаман істі қостасаң,қарың талады, жаман кісіні бастасаң, жағың талады. Жақсы кісіні жасқасаң, өнегең азады» (1,101).Сөздің соңында шешен тыңдаушысына үміт арта сөйлеп, «Қарың мен жағың талмасын, өнерің мен өнегең азбасын»(1,101),-дейді.
Сондай- ақ, Бөлтірік шешен балаға айтқан ақыл сөздерінде адамгершілік қағидаларын ұлттық ұғымдарымен де ұштастырады. Мәселен, ұлттық ұғымымызда жеті киелі сан. Бөлтірік шешеннің «Жеті жетіні білгенді адам дейді» дейтін сөзі оның өмір шындығын жете біліп, жіті тексеруінен туған. Ол «Жеті жетіні» адамгершілікке бастайтын сара жол ретінде танытады.
«Жеті атаңды біл,
Жеті руды біл,
Жеті жарғыны біл,
Жеті құбыланы біл,
Жеті жақсыны біл,
Жеті жаманды біл,
Жеті жетімді біл» (1,102).
Бөлтірік шешен ұғымында, бұл жеті жетіні білу- адамгершілікке бастайтын жол, ал оны білмеу, адамгершілікке қарама- қайшы іс. Сондықтан, шешен:
«Жеті атасын білмегенді жетесіз дейді,
Жеті руды білмегенді жер көріп, ел танымаған ессіз дейді,
Жеті жарғыны білмегенді жөнсіз дейді,
Жеті құбыланы білмегенді көкірек- көзсіз дейді,
Жеті жақсыны білмегенді жаман дейді,
Жеті жаманды білмегенді надан дейді,
Жеті жетімді білмегенді арзан дейді,
Жеті жетіні білгенді адам дейді» (1,101)-
деген. Бұл сөзінде шешеннің балаға ең алдымен айтқаны- жеті атаңды білу.Бұл шынында жеті атамыздан, ежелгі бабаларымыздан қалған өсиет сөз. Шешеннің бабалар өсиетін балаға ақыл- кеңес етіп ұсынуының мәнісі тура мағына деңгейінде- адамның ең алдымен, өзін- өзі тануы, шыққан тегін- жеті атасын білуі. Ал ауыспалы мағына деңгейінде- үлкен философиялық мәнге ие. Себебі, жеті атаны білу жеті бабаңның өмір тарихын танып, жақсы ісі мен өнегесін мирас тұту секілді қазақ баласының дәстүрлі парызы ғана емес, «Жеті жарғы» әдет заңының нормаларына енген жеті атаға дейін қыз алыспау экзогамиялық табу мәселесіне де берік болу. Өйткені, «Жеті жарғы» әдет заңында жеті атаға дейін неке қиылатын болса, күйеу мен қалыңдық өлім жазасына кесілуге тиіс болған. Жеті атаға дейін қыз алыспау- ата- бабаларымыздың тұқым салауаттылығын ойлау мақсатынан туған. Міне «жеті атаңды біл» -деудің мәні де осында. Шешен балаға жеті атаны біліп қана қою жеткіліксіздігін, жеті ру елді де білудің жөнін айтады, оның бұл сөзінің ауыспалы мағына деңгейіндегі мәні әр алуан, адамдар қоғамының тыныс- тіршілігімен таныс болып, өмірді тану, өмірмен біте қайнасу, бірлікке ұмтылу.
Сондай-ақ, шешен бұл өсиет сөзіне мұсылман танымында киелі саналған жеті санын қазық ете отырып, «жеті әдеттік құқықтық жүйеден ( жер дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету) тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдық күші бар аса құнды құжат- «Жеті жарғыны» білуді де міндеттейді. Алайда, бұл құқықтық құжаттың әрбір бабының талаптары мен реттеу функцияларын білу кез келгеннің қолынан келе бермейтін өнер екені шешенге де аян. Дегенмен, шешеннің балаға айтпағы- көзі ашық, ата заңынан хабары мол, ел тізгінін ұстайтын азамат болуға ұмтылу. Бұдан кейін, шешен баланы әлем, табиғат құбылыстарын тануға меңзейді. Оның жеті құбыла деп отырғаны- төрткүл дүние. Бұның сырлары- балаға жұмбақ. Дүние жұмбақтарын шешу- даналық жолы. Сондықтан, шешен баланы даналыққа үйретуге құштар екені танылады.
Бөлтірік шешен аталмыш сөзде жақсы мен жаман туралы халықтық қағиданы ескере отырып, балаға жақсы мен жаманды білмекті де өсиет етеді. «Жеті жақсы» дейтін белгілі сөзінде адамға тән жеті жақсы қасиеттің сипатын ашады. «Ақылсыз адым баспайсың, ақылыңа сай талабың болмаса, жалғыз ақылмен алысқа аспайсың»(1,102)-дейді.Шынында, шешен адамға қажетті нәрсенің алғашқысы- ақыл дей отырып, оның талаппен бірлігін құптайды. Сондай-ақ, адам қоғамына қажет бірлік пен тірліктің сүйеніш ететін нәрселерін атап көрсетеді. «Білімсіз бірлік жоқ, малсыз тірлік жоқ»(1102)-дейді.Олай болса, білім мен мал да адамның өмір тіршілігіне қажетті жеті жақсының санатында екенін түсінеміз. Алайда сол «Мал мен білімге сай кісілігің болмаса, бірлік пен тірліктен опа таппайсың»(1,102). Шешен кісілік қасиеттің алдыңғылардың бәрінің байлауы, түп қазығы екенін көрсетіп, кісілік болмаған жерде қалған нәрселердің баянсыз екенін айтады. Бұл- шешен сөзіндегі негізгі ой мен идеяның да ашылған тұсы. Бұдан кейін шешен кісілікке тіреу болатын басқа да жақсыларды сипаттайды. Соның бірі- жақсы кәсіп пен жақсы сөз. «Жақсы кәсіп-анық ырыс, жақсы сөз- жарым ырыс. Жақсы кәсібіңе жақсы сөзің серік болмаса, жақыныңа да, жатқа да жақпайсың. Осыны ұққайсың»(1102)-дейді шешен. Демек, жақсы кісі белгісі жақсы сөз. Тіпті, жақсы сөзіңмен жақсы кәсібіңнің де қадірі арта түспек. Бұл бұлтартпас шындық шешеннің адамтанығыштық қасиетінен ғана емес, көрегендігінен де туған өміршең сөз. Ол баланы жеті жақсыны ғана емес, жеті жаманды білуге үндейді. «Жаның жеті жаманнан аман болсын » дейтін сөзінде оның мәнісіне тоқталады:
«Күншілдік деген бар, содан сақтан,
Кекшілдік деген бар, содан сақтан.
Астамшылық деген бар, одан алыс жүр,
Сараңдық деген бар, одан қалыс жүр.
Қараулық деген бар, одан таза бол,
Бәлеқорлық деген бар, одан ада бол,
Ынсапсыздық деген бар, содан аман бол»(1,100).
Адам баласының бойынан табылатын бұл жеті түрлі жаман қасиетті саралай отырып,баланы одан сақтандырады. Әрине, шешен бұл қасиеттердің баршасын өмір тәжірибесінде бетпе- бет келгендіктен ғана емес, олар жөнінде кемел ақыл, сұңғыла сезім шеңберінде ой түю нәтижесінде таниды. Сондықтан, адам бойындағы кісітанығыштық, көрегендік қасиет те көз бен көңілдің көргенін ойда елеп, екшей білудің -даналықтың белгісі. Расында, бұл сөзде адам бойындағы ең жаман қасиеттердің бет- пердесі ашылады.Соның бірі күншілдік. Бөлтірік шешеннің: «Ақылы жетпей кейбіеу, ақылдыға қас болар»(1,114),-деуі де күншілдікті әшкерелеуі. Күншілдік- адам бойында қызғаныш пен көре алмаушылықтан туатын дерт екені белгілі. Көне түркі данышпаны Ж. Баласағұн да: «Күншілдік- көп емдейтін дерт»( 2,31)- дейді. Шешеннің адам бойынан тапқан және бір жаман қасиеті- кекшілдік. Бұл да ақыл- ойдың саяздығынан, жүректің қаталдығынан болатын мінездегі кемшілік. Сондықтан халық даналығы «кекшіл болма, көпшіл бол»- дейді.
Шешен баланы астамшылдықтан мүлде шошындырып: «одан алыс жүр»,-дейді. Оның бұл ойының мәнісін «Бес жаман» сөзінен табуға болады. Бөлтірік бұл сөзінде көпшілік ортасында байлығы мен барлығын мақтан етіп, өзіне іліп-шалып, тиісе берген төре мен оның төрт «жақсысының» астамшылығын құдайсыздықпен теңгеріп, «Құдайсыз адам имансыз, имансыз болсаң сол жаман»(1,105)- дейді. Шындығында, Бөлтірік шешен өзінің шығармашылық ғұмырында «имандылық» ұғымын адамгершіліктің басты шарты санаған. Сондықтан да, астамшылық әрекеттерге қарсы: «Басының көптігін құдайын ұмытқан мақтан қылады, малының көптігін жоғалтқан мақтан қылады. Құдайыңды ұмытпа, иманыңды жоғалтпа»(1112)-дейді.
Имандылықты насихаттау- Бөлтірік шешеннің шығармашылығының құндылық жағы.
Бөлтірік шешен сараңдықты да жеті жаманның бірінен санайды. Сараңдықтың бір шеті- дүниеқоңыздық. Сондықтан, шешен шығармашылығында: «Бай болсаң, сараң болма, Сараң бай байлықтың құлы»(1201)-деген аталы сөз де кездеседі.
Сонымен қатар, біреудің малы мен жанына нақақтан жала жауып, зорлықпен тартып алу- қараулық, тырнақ астынан кір іздеген- бәлеқорлық, өзі тойса да көзі тоймайтын- ынсапсыздық сияқты жаман мінез- құлықтар да сол жеті жаманның санатында екені анық. Алайда, Бөлтірік шешен сол жаман мінез -құлықтың өзгеге ғана емес, адамның өз басына да кеселі тиетінін балаға орынды ескертеді.
Әдетте, қазақ шешендерінің сөз сайыстарында берілетін дәстүрлі сауалдардың бірі- «Дүниеде не жетім?» Жоғарыда біз талдауымызға негіз етіп алып отырған, «Жеті жетіні білгенді адам дейді» сөзіндегі жеті жетінің бірі де- жеті жетім. Мұнда Бөлтірік шешеннің балаға жеті жетімді біл деуінің мәнісі басқаша. Шешеннің ойынша, бала ел тізгінін ұстайтын азамат болса, дүниедегі жеті жетімді біліп қана қоймай, сол жетімдікті туғызатын себеп- шарттарды да жете ұғынуы тиіс. Сондықтан шешен «Жеті жетім» сөзінде ел мен жердің т. б. азып- тозып, жетімдік күйге түсуінің салдар- себебін былайша толғайды:
«- Аспаннан жауын жаумаса, жер жетім,
Басшысы болмаса, ел жетім,
Елінен айрылған ер жетім,
Аққу- қазсыз көл жетім,
Тыңдалмаған сөз жетім,
Киюсіз тозған тон жетім.
Замандассыз қалған шал жетім»(1,103).
Біздің пайымдауымызша, Бөлтірік шешеннің балаға жеті жетімді біл деуінің мәнісі мынада: жаңа талап, жас баланың ел мен жер мұңын ойлайтын ер- азамат болып өскені абзал.
Жалпы, қазақ шешендері дүниедегі қилы құбылыстардан туатын жаманшылықты жетім, ғаріп деген бейнелі сөздермен танытып, олардың жайын толғауды тәлім- тәрбие айтудың амалы еткен.
Жалпы, шешен кісі қандай тақырыпты да адамгершілік нысанасынан толғайды. Одан арғы жерде шешендік те болмайтыны ақиқат.
Шешендік толғауларда айтылатын жетімдік пен ғаріптіктің адам қарым- қатынасындағы қайшылықтардан ғана емес, зұлмат заман салдарынан да болғандығын аңғарамыз. Мұндай шешендік сөздерден тарихи кезеңдік таңба бедері айқын танылады. Өйткені, «Дүниеде не жетім?» дейтін толғаулардың көпшілігінде жиі қайталанатын:
«Оты жоқ жер жетім,
Басшысы жоқ ел жетім,
Елінен ауған ер жетім,
Тыңдаусыз сөз жетім,
Жоқтаусыз қыз жетім»(4,73) секілді жолдар «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанған заманды еске салады. Шешендік толғауларда «жетімнің жайын тізбелей айтудағы мақсат та- көпшілікке насихат шашу: жайсыздықты болдырмау, жақсылықты, жақсы мінез- құлықты, адамгершілік қасиеттерді көркейту. Сондықтан Бөлтірік шешен балаға «Жеті жетімді біл» деу арқылы өмірдегі қайғы- қасіреттің жайын біліп, мәнін ұғуды нұсқағанын пайымдауға болады. Жалпы, Бөлтірік шешеннің «Жеті жетіні білгенді адам дейді» сөзінің этикалық- философиялық мәні ерекше. Шешен балаға жүйелі тәрбие беру жолын ұсынады.Оны этнопедагогикаға негіздей отырып, жеті жүйеге жіктейді: жеті атаны білу, жеті руды білу,т.б. Біз бұларды білудің этикалық- философиялық мәніне мүмкіндігінше тоқталдық.
Бөлтірік шешен балаға тәлім- тәрбие берудің халықтық жеті жүйесі деп таныған «Жеті жетінің» мән мағынасын «Жеті жақсы», «Жаның жеті жаманнан аман болсын», «Жеті жетім», «Өнерің мен өнеге
