12 жылдық білім беру барысында оқушыларға ұлттық – рухани тәрбие беру
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ганюшкин селосы.
Абай атындағы қазақ орта мектебі. Бастауыш сынып мұғалімі
Каримова Айгүл Аманбайқызы
Ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізген еліміздің білім, тәрбие беру ісіндегі басты мақсаты – рухани жан дүниесі адами құндылықтарға бай жеке тұлға қалыптастыру. Республикамыздың жалпы білім беретін мектепке арналған тұжырымдамасында : « Жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзат мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып оқыту мен тәрбиелеу, тұлға ретінде дамуына мүмкіндік жасау – негізгі міндет »,- деп көрсетілген. Қазіргі мектептердегі бүгінгі күннің басты талабы – жас ұрпақты тәрбиелеп, білім беру жолдарында оқушылардың ұлттық рухани білім алып шығуы болып отыр. Ендеше, бастауыш сыныпты білім мен тәрбиенің бастауы, сағасы десек, ұлт тәрбиесін, рух мәселесін сол сағадан бастау керек.
Қазіргі таңда оқу-тәрбие жұмысы халық педагогикасына негізделіп құрылып жатқанда ұмыт қалған салт-дәстүр, ұлттық ерекшелігімізді насихаттау, балалардың ауызекі сөйлеу тілін дамыту, олардың бойындағы ұлттық намысты қалыптастыру- әр ұстаздың міндеті.
Қазақ халқы –рухани зор байлықтың мұрагері. Олай болса, мектепке дейінгі кезең және бастауыш сынып оқушыларын жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт-дәстүрлердің тәлім-тәрбиелік, білім танымдық рөлі орасан зор.
Мұндағы мақсат- баланы жан-жақты жетілдіру, халықтық дәстүрлерге деген құрмет сезімін дамыту және халық педагогикасы арқылы бойларында атамекенге, өз еліне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру.
Бастауыш сыныптарда математика пәнін оқытуда шәкірттерге ұлттық тәлім-тәрбие беруге, қазақтың тұрмыстық салт-дәстүрлері , әдет-ғұрыптары туралы түсінік беруге болады. Бұрында халқымыз балаларға санауды ойын- өлең түрінде « Бас бармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек » – деп саусақтарын бүгіп-жазу арқылы үйреткен.
Математика сабақтарында айтыс өнеріне баулу мақсатында санға сөз қосып «бір – сыныпқа кір, екі – сабақ оқы, үш – үстелден түс » тағы басқа түрінде айтыс құрастыруға болады.
«3, 7 саны және цифры » тақырыптарын өткен кезде 3, 7 сандарының қазақта қасиетті сан болып есептелетініне тоқталып, 3 би, 3 арыс, 3 қадірлі, 3 көз, 3 тәтті, 3 сауап, 3 тоқтам, 7 ата, 7 жетім, 7 жоқ, 7 қазына туралы түсініктерін кеңейтуге болады.
Есептер ертегі, жұмбақ, өлеңдерде де кездеседі. Қазақтың ауызекі шығармашылығының ескерткіштерінде сандар өте жиі кездеседі. « Ұзындық » тақырыбын өткен кезде қазақтың байырғы ұзындық өлшемдері –батпан, пұт ұғымдарымен таныстыру арқылы оқушылар қызығушылығын арттыруға болады. Математика оқулықтарындағы есептер көбіне оюлар, жылқы, сиыр, түйе, торсық, саба тағы басқа суреттермен беріледі. Мысалы төрт түлік малдың қадір-қасиеттері, олардың мінсе –көлік, , ішсе-тамақ, кисе-киім екені, оюлардың түрлеріне тоқталып, « Жылқы – ер қанаты», « Нар жолында жүк қалмас», « Ою ойғанның ойы ұшқыр», « Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» деген мәтелдерді кірістіріп, мән- мағынасын түсіндіріп кетуге болады.
Мысалы бастауыш сыныптың математика пәнінен « 7 саны мен цифры » тақырыбында өз ұлтын сүйіп, қазақ халқының әдет-ғұрыптарын сақтай білуге тәрбиелеу мақсатында «апта» деген сөздің парсының «жеті » сөзінен шыққанын, әр күннің қасиеттері :
1-күн- Дүйсенбі-дүниенің алғашқы күні
2-күн- Сейсенбі – істі күн
3-күн- Сәрсенбі- сәтті күн
4-күн-Бейсенбі- берекелі күн
5-күн- Жұма- Аллаға сыйыну күні
6-күн-Сенбі- сенімді күн
7-күн-Жексенбі- Алланың жер жүзін жаратқан күні екендігін және 7 ата, 7 дәм ( Наурыз көже ), 7 қазына туралы ұлттық ұғымдармен таныстырып отырған жөн.
Бастауыш сыныбында бейнелеу өнері пәнінен де бүлдіршіндерге ұлттық білім мен тәрбие беруде сандықты оюмен әшекейлеу, ұлттық оюлар : «ботагөз», «қошқар мүйіз», «құс қанаты », « жіліншік » , «тарақ », «гүл », «бестаңба », «омыртқа » түрлерімен таныстыру, торсық пен тостағанды бояу, «Ауыл көріністері» тақырыбы бойынша әңгіме құрау, ауыл мен қала айырмашылығын салыстыру, ұлттық киімдер- шапан, қамзол, сәукеле, шалбар мен белдіктегі оюларды бояу, олардың түрлерін атау тәрізді жұмыстар ерекше рөл атқарады.
Бастауыш сынып оқушыларына оқу-тәрбие процесінде ұлттық-мәдени құндылықты пайдалана білім берудегі негізгі пәндер – әдебиеттік оқу, қоршаған дүние, сауат ашу пәндері. Бұл сабақтарда халық даналығы- мақал-мәтел, ертегі, өлең- жыр түрінде, ақын – жыраулардың, шешендердің сөздері толғау, өсиет сөздері арқылы баяндалып отырады. Олардың сөздері көркем әрі жеңіл болғандықтан, балалар оны тез жаттап, естерінде ұзақ сақтайды.
Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары өздерінің жас шамаларына сәйкес ертегі, аңыз әңгімелерді, батырлар туралы шығармаларды сүйсініп оқиды. Ондағы басты кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне еліктейді, тәтті қиялдарға беріледі, өзінше қорытынды жасауға тырысады. Орыс педагогы А.В. Сухомлинский : « Ертегі – халық мәдениетінің рухани байлығы, оны тану арқылы бала туған халқын жүрегімен танып біледі »,- деп орынды айтқан. Демек, ертегінің қай түрін алсақ та, онда халықтың отансүйгіштік, елін, жерін сүюге, отбасының, бауырларының амандығын ойлаған арман – тілектеріне негізделген патриоттық сезімі жатыр.
Әдебиеттік оқу пәнінен « Қазақстан Республикасының рәміздері », « Әке мен бала », « Жеті шал», « Кімнің тоны жылы? », « Ер есімі- ел есінде », « Наурыз мейрамы », « Тұңғыш қазақ ғарышкері » тақырыптары бойынша Отанын сүйіп, рәміздерін құрметтей білуге, Ыбырай Алтынсарин шығармалары арқылы еңбексүйгіштікке, ақты қадірлей білуге, жыл мезгілдері, он екі ай, апта туралы білімдерін жетілдіру, Наурыз мейрамының басқа мейрамдардан айырмашылығы, наурыз көжеге қосылатын дәмдер суретін салу, Тоқтардай ел азаматын сыйлауға, мақтан тұтуға тәрбиелеу жұмыстары жүргізілді.
Оқушыға білім мен тәрбие беруде сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстардың да маңызы зор. Сыныптан тыс жұмыстарды жүргізу барысында сыныптағы оқушылардың оқу ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескерек отырып, оқу пәндерінің мазмұнымен тығыз ұштастырыла жүргізілген жұмыстар ғана ойдағыдай нәтиже береді.
Адамзат тарихының түрлі кезеңдерінде әр өлке, әр елде өмір сүрген атақты білімпаз, ақылгөй даналар айтып, жазып қалдырған уақыт елегінен өтіп, ұрпақтар зердесіне ұялаған ұлағатты нақылдар ұшан-теңіз. Сондықтан тек сабақта ғана емес, сыныптан тыс тәрбие жұмыстарында да ұлтымыздың асыл мұраларын дәріптейтіндей, баланың бойына озық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді сіңіретіндей, имандылыққа, ізгілікке тәрбиелейтіндей шешендік сөздер, нақыл сөздер, мақал-мәтелдерді, қазақтың ұлттық ойындарын кеңінен қолдансақ, біріншіден, оқушылардың тіл орамдығын арттырып, өмірге көзқарасын қалыптастырса, екіншіден, ой-өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байытады , үшіншіден, балаларды жақсыға үйреніп, жаманнан жиренуге тәрбиелейді.
Ұлттық – мәдени құндылықтар бойынша баланың тәрбиесі туған, өскен ортаға, ата-анаға, үлкендерге, олардың үлгісіне байланысты. « Адамға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады. Бірінші-ата-анадан, екінші-ұстазынан, үшінші- құрбысынан »,- деп ұлы ойшыл Абай өте орынды айтқан. Отбасында ата-ана , мектепте мұғалім бала тәрбиесіне ұлттық үлгіде көп көңіл бөлу керек.
Мәселен, халық баланы жастайынан еңбек етуге үйретуді, даярлауды басшылыққа алған. Жастайынан ұл балаларды қозы-лақ қайыру, отын-су әзірлеу, мал өнімдерінен тұрмыстық құрал- жабдықтар әзірлеуге, ал қыз балаларды ыдыс-аяқ жуу, кесте тігу, өрнек тоқу, үй тазалау тағы басқа жұмыстарға үйретті. Жас ұрпақты өмірге дайындап, олардың «сегіз қырлы, бір сырлы » азамат болуы үшін бар мүмкіндігін сарқа пайдаланған халқымыз тәрбиенің барлық түрін ұштастыра, ұластыра жүргізген. Тәрбиені халық өмірінен бөліп ала алмаймыз, өйткені ол – өмірдің бір көрінісі.
Сондықтан оқу-тәрбие жұмысын қазақтың бұрынғы және қазіргі өмірімен байланыстыра жүргізуіміз керек. Кең даламызда көшпелі күн кешіп, аттың жалында, түйенің қомында жүрсе де, халқымыз жас ұрпағына жақсы тәрбие берудің салтын, дәстүрін, әдет-ғұрпын қалыптастырған. Еңбекті сүю, қиыншылыққа төзімді болу, ел намысын қорғау, өзгені жатсынбау, ата-тегін жадына сақтау, сөз асылын қастерлеу, тапқырлық пен алғырлық таныту, ата салтын бұзбау, жасы мен жолы үлкенді сыйлау, қонақтың меселін қайтармау, көрші хақын жасау, адал болу сияқты талаптар қойған.
Сынып сағаттарының барлығында да ұлттық тәрбие жатыр.Сол тәрбиені балалардың санасына жеткізе білу – әр мұғалімнің шеберлігіне байланысты.
« Қонақ келсе -құт» тақырыбындағы сынып сағатында қонақтың түрлері, қонақты қарсы алу, қонақ кәде жасау, қонақты шығарып салу рәсімдерін көрсете отырып, қазақ халқының қонақжайлылығын бойларына сіңіру, ал « Әдептілік – әдемілік » тақырыбында халқымыздың ұлттық дәстүрінің ең жақсы түрі – амандасу екені, «сәлем-сөздің анасы» дегендей, ең алдымен әдептілік сәлемдесуден басталатынын ұғындыру қажет.
Қорытындылай келе, халықта « Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле » деген мақал бар. Әр ұлт өз ұрпағына ұлттық тәлім-тәрбие беру арқылы ғана ұлттық болмысын, бейнесін сақтап, дамыта алатыны белгілі. Ана тілін, әдет – ғұрпы мен салт-дәстүрін берік сақтаған халық шын мәнінде білім мен мәдениетке қол жеткізеді. Тәуелсіздігімізді алып, өркениеттілікке қадам басқан бүгінгі таңда адамгершілігі мол, саналы да салауатты, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде аянбай еңбектенейік дегім келеді. Өйткені, еліміздің ертеңі – жас жеткіншек халықтың рухани қазынасын, өнерін қастерлеп, аталар даналығынан толық сусындауы қажет.
