Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ганюшкин селосы.
Абай атындағы қазақ орта мектебі. Бастауыш сынып мұғалімі
Каримова Айгүл Аманбайқызы
Мақсаты: 1. Оқушылардың Әліппеден алған білімдерін тиянақтау, ата-аналарға өнерлерін көрсетіп, байланыс орнату. 2. Мәнерлеп өлең айта білуге, үйренген білім, білік дағдыларын ары қарай жетілдіру. 3. Оқу, білімді қастерлеуге, ана тілімізді аялауға, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Әдісі: Әдеби-сазды монтаж, орталықтар сайысы .
Жүру барысы: І Ұйымдастыру.
ІІ Кіріспе бөлім.
Шашу, шашу шашайық, Уа, халайық, халайық,
Ақ сандықты ашайық, Мұнда назар салайық,
Бұл мереке, бұл тойдың, Әліппемен қоштасу
Беташарын жасайық. Кешін тамашалайық!
Бүгінгі мерекелік кеш иелерін ортамызға шақырамыз.
— Оқуды көп ойладық,
Қызығына тоймадық,
Әріптерді үйреніп,
Сауат аштық, тойладық,-дей отырып, Әліппе кезеңінің білім дағдыларын жақсы меңгерген « Әліппе » орталығының бүлдіршіндерін жетекші ата-ана Медеуғалиева Қарлығашпен ортаға шақырамыз. Қошеметпен қарсы алайық !
Аруна, Маркен
Әли, Сержан
Данагүл, Бекзат Ө.
Салтанат, Жанболат.
— Ақ адал еңбектің жемісі көп,
Өнерлінің қашанда жеңісі көп,
Бүлдіршіндер көрсетсін өнерлерін,
Елдің іші- өнердің кеніші деп.
Өнерлі ата-ана Сайфуллин Қайраттың жетекшілігімен « Өнер » орталығының оқушыларын қол соғып қарсы алайық !
Дияс Ә, Батима
Бекзат, Айнажан
Ерлан, Амангүл
Ұлыбек, Дияс А.
— Есептеуге жүйрік болсаң жасыңнан,
Математикаға орын берсең басыңнан,
Барлық ғылым саған үйір болады,
Досың солар табылатын қасыңнан,- дегендей есепке жүйрік, тапқыр да білімді « Математика » орталығының бүлдіршіндерін ата-ана Хадимова Зүлпина жетектеп келеді.
Даниал Ж, Дильназ,
Арман, Нұргүл
Даниал Қ, Жанел
Серікболсын, Сабыржан
Бүгінгі мерекелік кеш иелеріне тағы да қол соғып қошемет көрсетейік !
Қош келіпсіз, ұстаздар мен аналар,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңызда жауқазындай құлпырған,
Сәби көңіл, балғын шақты балалар.
Қош келіпсіз, аталар мен әкелер,
Қыран құстай болашағын мәпелер.
Бүгін міне, Әліппемен қоштаспақ,
Азамат боп, кешегі сәби еркелер.
Құрметті ұстаздар, ата-аналар ! Баршаңыз да бүгінгі 1 «Б» сынып оқушыларының «Қош бол, сүйікті Әліппем!» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер!
( ҚР-ның мемлекеттік гимні орындалады )
— Бүгін бүлдіршіндер алғаш хат танып, сауаттарын ашқан, жақын достары Әліппемен қоштасқалы тұр. Олай болса, ортаға бар ғылымның атасы- Әліппені шақырайық.
( Әліппе оқулығының макетін ұстаған оқушы келеді )
Әліппе : Сәламатсыздар ма, балалар ?
Балалар : Сәламатсыз ба, Әліппе !
Мұғалім : Іші толған әріпке,
Мынау — әйбат Әліппе
Барлық ғылым – білімнің
Атасы осы Әліппе .
Әліппе : Армысыңдар, жас достар!
Армысыңдар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар,
Әліппең келді ортаңа.
Мерекеңмен құттықтаймын.
Бүлдіршіндер, балғындар !
Құрметті балалар! Тойларыңыз құтты болсын ! Мен бірнеше сыныптың
«Әліппе тойына » қатыстым. Сіздердің де тойларыңның куәсі болғым келіп тұр. Тойларыңыз тойға ұлассын!
Мұғалім : Балалар, сүйікті Әліппемізді ренжітпей, рақметімізді айтып, өзімізден кейінгі кішкентай бауырымыз бен қарындастарымызға табыс ету біздің міндетіміз.
Әліппе: Мен сендерге ең алдымен мына сұрақты қояйын. ҚР-ның мемлекеттік гимнінің авторлары кімдер ?
( Сөзі- Ж. Нәжімеденов, Н. Назарбаев. Әні – Ш. Қалдаяқов. )
— Гимн авторы, жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовтың биыл неше жылдығын тойладық ? ( 75 жылдығын )
— Дұрыс, өте жақсы! Балалар, алда қандай мереке келе жатыр?
— Тәуелсіздігімізге неше жыл толады ? ( 20 жыл )
— Жарайсыңдар! Енді кім маған Отан, тәуелсіздік туралы өлең оқып береді ?
Данагүл : Тәуелсіздік- достығымыз,
Ынтымағы жарасқан
Тәуелсіздік – ел бірлігі,
Асқақ арман таласқан.
Сабыржан : Тәуелсіздік — өткеніміз,
Асулардан сан асқан.
Тәуелсіздік – ертеңіміз,
Арайланып таңы атқан.
Арман : Отанымның төрінде,
Сарыарқаның өрінде.
Ту ұстаған Астанам,
Әсем қалам, бас қалам !
Мұғалім : Өте жақсы, балалар! Әліппе, енді сізге деген ризалық сезімімізді бүлдіршіндер өлең жолдары арқылы жеткізбек.
ІІІ Әдеби –сазды монтаж.
Ж. Даниал : Ең алғаш қолға алғанда Әліппені,
Қызыға қарай бердім әріптерді.
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді,
Ұстазым оның кілтін алып берді.
Ә. Дияс : Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те,
Оқимыз қазір ертек те,
Үйреттің оны Әліппе.
Батима : Бар кітапқа бас болған,
Әліппе- ғылым атасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.
Ғ. Бекзат: Әліппем, менің Әліппем!
Сені қолға алып мен.
Есігін аштым білімнің,
Ертеңгі күн жарықпен.
Айнажан : Жақсы кітап Әліппе,
Үйретеді әріпке,
Қуыршақпен қоштастым,
Әліппемен достастым,
А-дан бастап әріпті,
Түгел маған танытты7
Сержан : Әліппе даңғыл жол ашты,
Жаңадан пәндер жалғасты.
Әліппе сырын ұқтырған
Рахмет, ұстаз алғашқы !
ХОР : « Мұғалім ол біздің »
Әліппе : Өте жақсы екен! Балалар, қазақ тілінде қанша әріп бар, кім біледі ?
Ө. Бекзат : Әліпбиді біліңдер,
Онда қалып, жүйе бар.
Біздің қазақ тілінде,
Қырық екі әріп бар.
Әли : Таныстырған 42 әріппен,
Қош бол, менің қасиетті Әліппем!
Сенің арқаң оқи, жаза білгенім,
Сауатты адам қатарына кіргенім !
Дильназ : Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға Ана тілін аламыз.
Ата-ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты, міне , балаңыз.
Салтанат : Әкем менен анам да,
Атам менен апам да,
Шопан, ұшқыш, ғалым да,
Небір мықты, дарын да,
Тіл сындырып әріпке,
Алғаш ашқан Әліппе.
А. Дияс : Енді біз жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Ырза боп саған жүреміз,
Қош бол, сүйікті Әліппе !
Нұргүл : Қош бол, құтты Әліппем!
Көп нәрсені үйреттің,
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің
Қ. Даниал : Әліппені бітірдім,
Жаза аламын атымды.
Әліппені бітірдім,
Бала болдым ақылды.
ХОР « ӘЛІППЕ »
Мұғалім : Сендердің Әліппені жақсы игеріп, сауатты оқуларыңа ата-әжелеріңнің, ата-аналарыңның қосқан үлесі мол. Қане, бәріміз оларға рақмет айтайық!
Бәрі : Рақмет сізге, ата-әжем!
Рақмет сізге, ата-анам!
Мұғалім : Біздің алдымызда Әліппеден кейін тағы бір сүйіп оқитын кітабымыз Ана тілі тұр. Енді соны қарсы алайық !
( Қолында Ана тілі оқулығының макеті бар оқушы келеді )
Ана тілі : Сәламатсыздар ма, балалар ?
Балалар : Сәламатсыз ба, Ана тілі !
Ана тілі : Туған елдің тілімін,
Ақылымен танылам,
Түсіндірер бәріне,
Ана тілі мен болам.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте !
Ал, балалар ! Енді бұдан былай мені оқып, менен білім аласыңдар. Сендермен жақынырақ таныса берейін деп бүгінгі тойларыңызға мен де келдім. Өз ана тілдеріңді құрметтеңдер !
Нұргүл : Құрметті Ана тілі ! Біз Әліппеден оқып үйренгенімізді сізбен әрі қарай жалғастырамыз. Сіздің біліміңізді қадір тұтамыз, құрметтейміз !
Мұғалім : Қош келдіңіз, Ана тілі ! Әліппемен бірге біздің балалардың өнерлерін тамашалаңыз !
« Антошка »биі
IV « Не үйрендік, не білдік ? » бөлімі
Оқушылар 3 орталыққа бөлініп, әр сабақтан алған білімдерін ортаға салады.
Әр орталық 5 тур бойынша білімдерін ортаға салады.
І орталық- « Әліппе » орталығы
Жетекшісі : ата-ана Медеуғалиева Қарлығаш
Жақсы білім көрімдік,
Болсын бізге халайық
Не үйрендік, не білдік,
Қане, ортаға салайық !
Тапсырмалары :
1. « Әріптер әлемі » сайысы. Балалар берілген әріпке сөз ойлап, оны буынға бөледі. Тақтаға жазады.
2. « Мақал –сөздің мәйегі » сайысы. Бұл сайысқа ата-аналар да қатысады.
3. « Жаңылыспа, жаңылма » ойыны. Жаңылтпашты тез айту.( ата-ана )
4. « Кім тапқыр ? » ойыны . ( Сөздерді оқу, дыбыстық талдау жасау )
5. « Үш тілде қатар сөйлейміз » ойыны.
Қазақша берілген сөздердің орысша, ағылшынша аудармасын жасау.
Муз. номер : Сынып бишілерінің орындауында қазақ вальсі
ІІ орталық- « Өнер » орталығы
Жетекшісі : өнерлі ата-ана Сайфуллин Қайрат
Шіркін, өнер сабағы,
Ауылды еске салады.
Мың құбылтып бояймын,
Туып-өскен даланы.
Тапсырмалары :
1. « Біздің ауыл » бейнесін түсті қағаздан жапсырмалау.
2. « Бейбіт күн » тақырыбында сурет салу.
3. Ермексаздан мүсін жасау, жұмысын қорғау.
4. Ән « Отан »
5. « Балапандар » биі.
ІІІ орталық- « Математика » орталығы
Жетекшісі : Хадимова Зүлпина
Біздің келер шамамыз,
100-ге дейін санаймыз.
10-нан 5-ті аламыз,
Жауабын тез табамыз.
Тапсырмалары :
1. 1-20-ға дейін тура, 10-1-ге дейін кері санау.
2. « Кім алғыр ? » ойыны ( қосынды мен айырмалардың мәнін табу )
3. Салыстыру, оқу.
4. Ойын « Орнын тап ! »
5.
Муз. номер:
V Қорытынды бөлім
Мұғалім : Ал, балалар ! Осымен ертеңгілігіміздің « Не үйрендік, не білдік ? » атты бөлімі аяқталды.
Әліппе : Балалар, сендер оқуды жақсы игеріпсіздер. Менен көп нәрсе үйренген екенсіңдер. Мен сендерге ризамын. Ал, енді сендерге бата берейін.
Әліппенің бетін жарық ет,
Ұл-қызды түгел білімді ет!
Келесі оқу жылына
Аман-есен түгел жет!
«5» болсын алар бағамыз,
Біліммен бақыт табамыз,
Өнер-білім көп тоқып,
Өсе берсін санамыз.
ӘУМИН!
Ал, мен енді сендермен қоштасамын. Қош болыңдар, балалар !
Сабақтарыңды жақсы оқыңдар !
Балалар : Қош бол, сүйікті Әліппе !
Сөз ата-аналар атынан ______________ беріледі.
Оқитын, әрі жазатын,
Білімге қол созатын.
Оқушы болдың сауатты,
Білімнің кілтін ашатын,- дей келе, бүгінгі «Қош бол, сүйікті Әліппем !» атты ертеңгілігімізді аяқтаймыз.