Без рубрики

Ідіріс Үргенішбаев

Ідіріс Үргенішбаевтың туғанына 100 жыл

Ауыл мұғалімі Ідіріс Үргенішбаевтың өшпес ерлігі

Мақсаты:Қазақ халқының  аты аңызға айналған  батыры Ідіріс Үргенішбаевтың қайталанбас ер тұлғасы мен қаһармандық ерлігін,мұғалімдік бейнесін жан-жақты ашып көрсету;

батырдың ерлік істерін  өн бойына сіңіріп,елін,жерін қорғай білуге,қаһармандылыққа,ерлікке,ұлтжандылыққа тәрбиелеу;

өскелең ұрпақтың бойына еліне,жеріне деген сүйіспеншілігін құрметін арттыру.

Көрнекілігі:слайдтар,батырдың портреті,100 жылдыққы арнап шығарылған кітаптар.

Барысы:

Жерлес  ақынымыз Зиядин ӘбдуалиевКеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаевтың ерлігі туралы  «Өшпеген жалын» дастанынан.

  1. Ауыл мұғалімі
  2. Қаһар  боп соқты қырық бір

  3. Жиырма жыл күтті -Жәмила

  4. Днепр шайқасы

  5. Қуанышты хабар

Кіріспе

 Мұғалім:Сәлеметсіздер ме,оқушылар және қонақтар!Ат ауыздығынан су ішіп,ер етігімен су кешкен заманда жауға  шығып елін,жерін қорғаған ержүрек,қаһарман батырларымыз қаншама десеңізші!Осындай батыр болмысты,қайсар рухты, биік тұлғалардың бірі-Кеңес Одағының батыры өзіміздің жерлесіміз,ауыл мұғалімі Ідіріс Үргенішбаев.

Ідіріс Үргенішбаев 1912 жылы 16сәуірде  Ақтөбе облысы,Шалқар ауданындағыТалдықұм деген ауылда дүниеге келеді.Әкесінен 5 жасында жетім қалады.Ақтөбе  педагогикалық  учелищесін  бітірген  соң,  туған  ауылында   бастауыш  мектеп

меңгерушісі  болып  қызмет  атқарып  жүреді.

“Туған ұлдан не пайда, қолына найза алмаса, атаның жолын қумаса” деп жауынгер  ақын Махамбет айтқандай, мыңдаған ерлер қатарында І.Үргенішбаев та 1942 жылдың қаңтарында майданға аттанады. Қаламын винтовка мен автоматқа  ауыстырған кешегі ауыл мұғалімінің тар жол, тайғақ кешуде азаматтық тұлғасы тағы бір қырынан жарқырап көрінеді.

Ідірістен  қалған  жалғыз  баласы  Есенгелді   1942 жылы 28 тамызда  Аяққұмда   дүниеге  келеді.

Биыл Кеңес Одағының батыры Ідіріс Үргенішбаевтың  туғанына 100 жыл толып отыр.Осыған орай «Ауыл мұғалімі Ідіріс Үргенішбаевтың өшпес ерлігі» атты тәрбие сағатын бастаймыз.

І бөлім. «Ауыл мұғалімі»

1-оқушы:

Жайдары,көркем жаз еді,

Жайқалтқан майса шалғынын.

Балақайлармен мәз еді,

Тізімін алып шәкірттің,

Тіл тауып,шаруа-халықпен,

Ұланның бәрін шақыртып,

Ұстатып бір-бір «Әліппе»

Іздентіп білім сырларын,

Ідіріс аға тынбайтын.

2-оқушы:

Болашақ үшін бұл дарын

Болаттай істі шыңдайтын.

Ағаның жаны ұғатын

Арманның мың дүрсіл лебін,

Аялап дәйім тұратын

Ауылдың бүлдіршіндерін.

Балақайларды қырандай

«Қанағаттандырсам» дейтұғын.

«Сапарға сұңқар ұландар

Сан аттандырсам дейтұғын»

3-оқушы:

Пайымдап отыр Ідіріс,

Парағын ойдың ақтарып.

Санада сол бір дүбір іс,

Сауатын ашқан хат танып.

Қараңғы еді ел іші,

Халыққа тағар сын қандай?

Ескілік дәстүр желісі

Етектен тартып тұрғандай.

ІІ бөлім. «Қаһар  боп соқты қырық бір»

4-оқушы:

Өмірдің көшін қозғасып,

Ізгілік жолға бұрып кіл.

Бесжылдықтардай  тез басып,

Басталды солжыл-қырық бір.

5-оқушы:

Шілдеде соққан ызғардай,

Шарпыған өрттей тұтқиыл.

Сумаңдап суық жыландай,

Сол хабар жетіп шалғайдан:

«Фашистік орда-ылаң жай,

Бастады,-деді,-қан майдан»

«Соғыс!» -деп айтқан суық сөз

Сіресіп қатқан мұз-қардай.

6-оқушы:

«Отанға қауіп туды күн,

Ерлігің елдің сынайтын»

«Жүрмейді бізге күш-әмір,

Қылышпен қанды кезеңген

Жеңеміз жауды,ісі-әділ,

Қаһарман елміз ежелден»

Қанқұйлы жаудың сорына

Қаһар боп соқты, қырық бір.

ІІІ бөлім. «Жиырма жыл күтті -Жәмила»

7-оқушы:

Қаншама жыл елеңдеп,

Жеткенде күні Жеңістің

«Азамат аман келер !»-деп

Армандай күтті не мүскін.

Жол қараушы еді балалар,

Жәудір көздері жаутаңдап

Оралды қанша ағалар

Ордасын жаудың  талқандап.

8-оқушы:

Қан майданда ар үшін

Қиылып қыршын армандар.

Оралмай боздақ-арысы,

Ойсырап орны қалған бар.

Солардың бірі-Жәмила

Сарылған хабар хат күтіп,

Тіршілік,өмір қамында,

тағдырын достық пәк тұтып.

9-оқушы:

Жанымда жара күйзеліс,

Дүниені шарлап қиялым

Таппадым дерек –белгіңді.

Өзіңнен қалған тұяғың-

Өсірдім Еснгелдіңді.

Жетімегің де жетілді,

Жоғалмайды екен орны бар.

Жазылмас сырқат секілді.

10-оқушы:

Жесірлер-мендей сорлылар,

Лағынет айтып соғысқа,

Жанымды жүндей түтейін.

Арман жоқ тағдыр тоғысса,

Арысым сені күтейін.

Үйде бол,мейлі, топқа бар,

Үндемей тағдыр қарысқан.

Жиырма жыл өтті,жоқ хабар

Майданға кеткен арыстан.

ІV бөлім.«Днепр шайқасы»

11-оқушы:

Сүйем жер-Отан сүйікті,

Сол үшін күрес-мұрат,бақ.

Қан төгіп алған билікті,

Қорғап тұр ерлер тұрақтап.

Сәт емес бекер тарығар,

Ідіріс ойға шомуда:

Әз-ана, адал жары бар,

Сәби бар қалған соңында.

12-оқушы:

Аяулы ауыл-аймағы,

Аманат артқан артында:

«Алдыңда –ерлік майданы,

Азамат бол, -деп,- нар тұлға!»

Табаным бүгін-табаным,

Төгілсін мейлі, бар қаным.

Қорғасам Днепр –ананы,

Қорғалдың сен де Шалқарым!

13-оқушы:

«Өз басым құрбан болса да,

Өткізсем,- дейді полкты»

Есіңді жойып кеткендей,

Еселей жауған оқ саны.

Шалғынға түскен шөптердей,

Жайрады жаудың тоқсаны,

Окоптан жауға туралап,

Оқ атып жатты бір мерген…

14-оқушы:

Ұмтылды ол «уралап»

Өзеннен өтіп үлгерген.

Қапыда жықты сержантты,

Қаңғалап жеткен ажал-оқ.

Артыңда мәңгі ер-даңқы-

Алаулы маздақ –ғажап от!

Vбөлім «Қуанышты хабар»

15-оқушы:

Кетпей ме қате  жаңылыс,

Кіналап кімді сөгерсің.

Алмасып меже-адрес,

Адасты хабар –көгершін.

Жетпей ме қырсық сорлыға

Жалғыз –ақ ағат сөзбенен?

«Ақтөбе» деудің орнына ,

Ақмола жаққа меңзеген.

Бақыттың құсы  жалтарды,

Бастағы тағдыр бір қыл боп.

16-оқушы:

Ауданның аты «Шалқарды»,

ағаттау жазған «Шырқыл» деп.

«Тұмалыкөл» деп жазылмай,

Ауылдық кеңес мекені.

Адасты хабар қазындай,

Таппаған түстік –Меккені.

Анықтап бәрін  болғанша,

Арада жиырма жыл өтті.

Ақ кептер келіп  қонғанша,

Аялап іңкәр тілекті.

17-оқушы:

Жоғарғы кеңес Указы-

Жеңістей қымбат бұл хабар!

Қуаныш күйі, мың сазы…

Қаһармандық та мұнда бар.

Жан-Отан қайдан көрді ұлын,

Жырлаймын  соңғы шайқасын.

Жауынгер аға ерлігін

Жұтшылық содан байқасын.

Ән: Қаһарман (З.Әбдуалиев,Е.Өтебасов)

18-оқушы:

«Жақсының аты өлмейді» демекші,ауданымызда Ідіріс Үргенішбаев атындағы мектеп бар.Батырдың ерлігін насихаттауға арналған ескерткіш,кітаптар жазылып,көшеге батыр атының берілуі де ердің атының ұмытылмайтындығының айғағы.

19-оқушы:

Жерлесіміз  Ідіріс  Үргенішбаевты  Кеңес  Одағының  Батыры  атағына

ұсынған  қағазында  оның  командирі  былай  деп  жазған: «Неміс басқыншыларына  қарсы  біздің   бөлімнің 1943 жылғы

1қазаннан  5қазанға  дейінгі  шабуыл  жасаған  ұрыстарында , әсіресе, Чернигов  облысы Любеч ауданындағы  Любеч  деген  елді  мекеннің  басына  қарай   Днепрден  өту  кезінде Үргенішбаев  жолдас  өзін  батыл да, қаһарман  жауынгер  етіп  көрсетті».

1942 жылы 4 қаңтарда Шалқар теміржол станциясынан майданға аттанғанІдіріс Үргенішбаев 1943 жылы 2 қазанда қаза табады.Ол не бары 31 жаста болатын.Батырдың  денесі  Гомель  облысындағы  Днепр  жағалауында  Глушец деген  село  маңындағы  бауырластар  зиратына  жерленеді.

20-оқушы:

Батыр ұл есімдері сақталады,

Жыр болып жүректерде  жатталады.

Ғасырдан –ғасырларға аңыз етіп

Ұрпағы мәңгі бақи мақтанады

Мұғалім:Осындай ерліктің ерен үлгісін көрсетіп,артына өшпес  із қалдырған ердің ісін ұмытпай тарихымызды жаңғыртып отыру- бүгінгі ұрпақтың парызы.Елім деп туған ерлердің есімі бір ғасыр өтсе де,жүз ғасыр өтсе де ел есінде сақталары сөзсіз.Осымен Ідіріс Үргенішбаевтың 100 жылдығына арналған «Ауыл мұғалімі Ідіріс Үргенішбаевтың өшпес ерлігі» атты тәрбие сағаты аяқталды.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.