Батыр Маханбетажиев:Енді интернетте әркім өз сөзіне жауап береді
Интернетті реттейтін заң нормалары қабылданғаннан кейін әлемдік торшаны пайдаланатын қазақстандықтар әрі-сәрі күйге түсті. Шынымен, блогтар, чаттар, форумдар – бұқаралық ақпарат құралдарына, қарапайым тілшілер – редакторларға, мақалаға түсініктеме жазушылар журналистерге айнала ма?! Осы сұрақтарды ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің жауапты хатшысы Батыр Маханбетажиевке қойған едік.
– Қазір кейбір әріптестерім блогтарын жойып жіберуді ойлап жүр. Себебі жаңа заң бойынша барлық интернет-ресурстар, оның ішінде блогтар да, чаттар да, форумдар да бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілмек. Олардың енді өз интернет парақшаларын мемлекеттік тіркеуден өткізуден басқа амалдары қалмағаны ма?
– Егер кімде-кім заңды мұқият оқыса, мұндай тұжырым жасамас еді. Оларды БАҚ-қа теңестіргенімізбен, олардың бәрі бұқаралық ақпарат құралына айналды деген жоқпыз ғой. Мысалы, бізде «мемлекет қызметкері» мен «мемлекет қызметкеріне теңестірілген қызметкер» бар. Олардың категориялары әр түрлі. Сол сияқты блогтар – дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралы емес. Бірақ блогтарда бұқаралық, яғни саны шектеусіз адамдарға арналған ақпараттар жарияланады… «БАҚ туралы» заңға сәйкес олар «бұқаралық ақпарат таратудың басқа формаларына» жатады. Ал осы заң бойынша олардың министрлікте тіркелуі, қызметіне лицензия алуы мүлдем қажет емес.
– Яғни жаңа заң бойынша, блогшыға қосымша жауапкершілік көзделмеген бе? Блогтарға төнер қауіп жоқ қой?
– Әлбетте. Бәрі бұрынғыдай қалады. Қайта блогшылар енді өз құқықтарын қорғай алады. Мәселен, блогшы өзінің жеке интеллектуалдық дүниесі деп санайтын материалын басқа біреулер «жымқырып» өз сайтына жарияласа, блогшы өзінің авторлық құқығын қорғай алады. Өйткені енді олар заңды алаңға шықты. Интернеттегі жаппай қарақшылыққа, контрафактқа, бейберекетсіздікке енді жол жоқ. Әркім өз сөзіне жауап береді.
– Ал чаттар, форумдар ше? Оларға шыққан ақпараттарға кім жауап береді?
– Мұндай интернет-ресурстардың қожайындары өздерінің чаттарында заңсыз ақпараттың шықпауын қарап отыруы керек. Мысалы, чатта біреулер қандай да бір қақтығысқа шақыратын, арандатушылық үндеу тастаса, оны олар бірден жойып отырады. Егер интернет-ресурс иесіне құқық қорғаушылар қандай да бір талап қойса, ол заңсыз ақпаратты интернет пайдаланушының жазғанын айтып, өз құқығын қорғай алады. Ең бастысы – заңсыз ақпаратты жойып отырса, оған қатысты сұрақ туындамайды.
– Дегенмен әр газеттің интернет нұсқасы бар. Әр мақаланың соңына кез келген азамат түсініктеме тастай алады. Ондағы пікірлер үшін газет жауап бермейтін. Енді не болады? Редакция сайттағы әр оқырманның пікірі үшін де жауапты ма?
– Өздеріңіз бәрін бақылап отыруларыңыз керек. Әйтпесе интернет желісіне шығудың қажеті қанша? Интернет өміріміздің ажырамас бір бөлшегіне айналды емес пе?! Біз желіде өмір сүреміз. Осында ақпарат алмасып, келісім-шарттар жасаймыз, сатамыз, сатып аламыз. Яғни желіде өзімізге жауапкершілік жүктейміз. Олай болса, әр сөзімізге жауап беруіміз керек. Егер интернет-ресурсыңыз бар болса, онда заңсыз ақпараттың шықпауын қадағалауыңыз керек.
– Заңсыз түсіндірме үшін ақпарат құралы қалай жауап береді?
– Құқық қорғау орындары қарап отырады. Ең алдымен олар факті туралы интернет ресурс иелеріне жеткізеді. Сондықтан олардың заңсыз ақпаратты бірден жойып жіберуге толық мүмкіндіктері бар. Егер мұндай жайт қайталана берсе, онда заңға сәйкес құқық қорғаушылар сотқа шағым түсіреді. Сот ақпараттың заңды-заңсыздығын анықтайды.
– Ақпараттың заңсыз екендігі расталса, қандай шара қолданады?
– Сот шешімі бойынша, интернет-ресурстың 3 айға домендік атауын тоқтатады. Егер әрі қарай заңсыз ақпараттарды жариялай берсе, домендік атау 1 жылға тартып алынады. Егер бір жылдан кейін олар ойланып, мұндай әрекеттерін қойса, әрі қарай жұмыстарын жалғастырады. Меніңше, бұл шаралар, әсіресе, қазақстандық сайттарға байланысты жиі қолданылмайды. Себебі қайта-қайта заңды бұза берген кімге керек?!
– Егер сайттарда, айталық, сол түсіндірмелерде өзіне қатысты жалған, ар-намысына тиетін ақпараттар жарияланғанын қатардағы азаматтар байқаса, не істей алады?
– Біз осы заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік органдар тарапынан емес, ең алдымен қарапайым азаматтардан арыздар ағылады деп күтіп отырмыз. Өйткені енді олардың өз құқықтарын қорғау құралы пайда болды. Әр азамат интернеттегі жалған ақпараттарға орай “Менің ар-намысыма тисеңіз, сотқа беремін” деуге толық құқы бар.
– Интернеттегі белгісіз түсініктеме жазушыларды қалай табады?
– Ақпаратты таратқан адамды табу бойынша барлық шаралар қарастырылған. Қаскүнем жауапкершіліктен кете алмайды. Ал интернет-ресурс иесі өзінің рұқсатынсыз ақпарат жарияланып кетсе, оған тосқауыл қоюы тиіс.
– Жалпы, интернет желісіндегі заңсыздықтар қайтіп қадағаланады? Сайттар көп. Олардың бәрін бақылау мүмкін бе?!
– Мемлекеттік органдар өз құзырына сай оларды бақылап отырады. Ішкі істер министрлігі криминал, порнография, жезөкшелік, есірткі бойынша тексерсе, ұлттық қауіпсіздік комитеті экстремизм мен лаңкестікке байланысты бақылайды. Бас прокуратура, Мәдениет және ақпарат министрлігі де қадағалайды. Құзырлы орган заңсыздықты тапқаннан кейін бірден сотқа жүгінеді.
– Айтпақшы, ЕҚЫҰ сарапшылары болашақта шетелдік сайттардың Қазақстанда мүлдем жабылып қалу қаупі барын айтыпты. Себебі жаңа нормалар бойынша заңсыз деп танылса, кез келген шетелдік БАҚ өнімі жауап берушінің қатысуынсыз жауапқа тартылуы мүмкін. Қазақстанда барлық шетелдік сайттар да қадағаланатын бола ма?
– Әлбетте. Мониторинг жүргізіледі. Шетелдік ресурстарда заңсыз ақпарат шықса, бірден оның қожайынымен ақпаратты жою туралы келіссөздер жүргізіледі. Егер одан нәтиже шықпаса, онда сот байланыс операторларына бұл ақпаратты Қазақстан ауқымында таратпау бойынша шара қабылдау жөнінде нұсқау береді. Әрі қарай – техникалық мәселе.
– Бұл заң қабылданғанымен, оның төңірегіндегі дау толастаған жоқ. Кеше адам құқығын қорғайтын Фридом Хауз ұйымы арнайы мәлімдеме таратты. Бұған дейін ЕҚЫҰ, ЕуроОдақ өкілдері бұл заңның БАҚ еркіндігін шектейтіндігін айтқан…
– ЕҚЫҰ-ның біздің заңға жасаған түсініктемесімен танысып шықтық. Бұл түсініктемелердің ешқайсысында қандай заңды бұзатындығымыз анық көрсетілмеген. Егер олар нақты көрсеткенде, оны талқылауға болар еді. Онда тек «Неге олай жасайсыңдар? Бұл керек пе еді? Бәлкім, мұның арты заңсыздықтарға соқтырса, қайтесіңдер?!» деген сияқты жалпылама пікірлер келтірілген… Оған қоса бізде саясатпен айналысатын интернет-ресурстар бар. Таяқтың бір ұшы соларға тиюде. Сондықтан олар ұйымдасқан түрде үлкен шу көтеруде.
– Жалпы, интернетті заңмен реттеу тәжірибесі басқа елдерде, әсіресе, Батыс елдерінде бар ма?
– Бұл заң жаңадан ештеңе ойлап тапқан жоқ. Біз енгізген нормалар барлық елдердің әр түрлі заңдарында бар. Тіптен кейбір нормаларды АҚШ, Ресей, Франция және т.с.с. елдердің заңдарынан табасыз. Мысалы, интернет-ресурстарды осылайша БАҚ-қа теңестіру тәжірибесін Польша, Австрия, Ресей сияқты ЕҚЫҰ-ға мүше елдер қолданған.
– Бірақ бұл заң неге дәл қазір әзірленіп, қабылданды? Интернет арқылы қандай да бір қауіп-қатер төнді ме? Оны реттеу неге қажет?
– Бізде қауіп емес, проблема бар. Қазақстанда 6 мыңдай сайт жұмыс істейді. Бұл – өте әлсіз көрініс. Интернет бизнесін дамытуға ақша салынбайды. Өйткені ойын тәртібі анықталмаған. Сондықтан бірінші қадам – заң қабылдау. Осыдан кейін интернеттегі ақпараттың шынайылығы артады деп ойлаймын. Бұл интернеттегі бизнес жобаларды тартымды етпек. Кәсіпкерлер желіде саспай, сенімді түрде бизнеспен айналыса алады. Олар өздерін біреу “лақтырып” тастайды деп қорықпайтын болады. Ал заң қабылданға дейін интернетте тәртіп те, реттілік те болған емес.
Сұхбаттасқан
Айжан КӨШКЕНОВА.
(«Айқын» газеті, 16.07. 2009 жыл).
Ақпарат иесі: http://www.aktobegazeti.kz/?p=2548
