Оқушылар шығармашылығы

«ҚАДЫР МЫРЗАЛИЕВ ЛИРИКАСЫ – ШЫНДЫҚТЫҢ АЙНАСЫ»

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі
Қызылорда облыстық білім департаменті
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті
№170 орта мектебі

ТАҚЫРЫБЫ: «ҚАДЫР  МЫРЗАЛИЕВ ЛИРИКАСЫ
– ШЫНДЫҚТЫҢ АЙНАСЫ»

Жетекшісі: 
Жарылқасын  Гауһар Айболатқызы
№170 орта мектебінің ІІ санатты
орыс тілі пәні мұғалімі

Орындаған:  Жарылқасын Ұлдай
10 «б» сынып оқушысы

ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫНЫҢ
ЖОСПАРЫ:

 

 

І. КІРІСПЕ.

ҚАДЫР МЫРЗАЛИЕВТІҢ ӨМІР БЕЛЕСТЕРІ

 

ІІ. ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІ.

АҚЫН ӨЛЕҢДЕРІ – ШЫНДЫҚТЫҢ АЙНАСЫ

 

ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ.

ҚАЗАҚ БАРДА СЕН БАРСЫҢ, ҚАДЫР АҒА!

 

 Ғылыми жобаның презентациясын көшіріп алу:

ҚАДЫР МЫРЗАЛИЕВ ЛИРИКАСЫ. (PDF)

КІРІСПЕ

 

Жұмыстың жалпы сипаттамасы:

Ғылыми жұмыс жалпы алғанда қазақ әдебиетінің дамуы мен өрлеуіне, поэзия жанрының тереңдеуі мен кемелденуіне өз үлесін қосқан Қадыр Мырзалиев өлеңдерінің  көркемдік ерекшеліктерін түрлі әдіс, тәсілдерді қолдана отырып зерттеу.

 

Тақырыптың өзектілігі:

Қадыр Мырзалиев біздің дәуіріміздегі әлемдік аренаға шыққан қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтіп, мазмұнын сапаландыруға, көркемдік деңгейін биіктетіп, мәртебесін көтеруге айрықша еңбек сіңірген, «Қазақтың Қадыры» деп танылып, халқы ардақтаған бірегей тұлға, ерекше дарын иесі. Қадыр Мырзалиев жасөспірімдерге арналған өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, мысалдардан тұратын ондаған жинақ беріп, балалар әдебиетін дамытуға да үлкен үлес қосқан, өлеңдері әлемнің көптеген тілдеріне аударылған, өзі де Руми, Гейне, Гюго, Лермонтов, Есенин, Гамзатов, Межелайтис, Петефидің жырларын қазақ тіліне сәтті тәржімалаған көркем сөздің хас шебері еді. Ақынның озық үлгілі туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорын байытқан жауһарлар қатарынан орын алып, болашақта да ұлтымыздың рухани қазынасына айнала бермек.

 

Зерттелу нысаны:

Ғылыми жұмысымның зерттелу нысаны – Қадыр Мырзалиев өлеңдері.

 

Құрылымы:

Ғылыми жұмыс кіріспе, зерттеу бөлімі, қорытынды мен әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

 

Қадыр Мырзалиев 1935 жылы 5 қазанда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған. Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жж. «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған.

Тұңғыш туындысы  1954 жылы «Пионер» журналында жарияланды.  Содан бергі уақыт ішінде  40-тан астам жыр жинақтары мен әдеби — сын,  ән өлеңдері мен прозалық кітаптары: «Көктем» (1959), «Данышпан» (1961), «Сабақ», «Ой орманы» (1965), «Дала дидары» (1966), » Бұлбұл бағы» (1967), «Ақ отау» (1968), «Күміс қоңырау», (1970), «Домбыра» (екі кітап, 1971, 1974), «Кеш» (1973), «Жерұйық» (1976), «Қорамсақ», » Көкпар», «Қызыл кітап», «Алақан» (1981), «Саз сиқыры» (1982), «Күндер-ай» (1984),   сондай-ақ тоқсаныншы жылдары таңдамалы шығармаларының 5 томдығы, ал 2001 жылы  «Қазығұрт» баспасынан 15 томдығы шыққан. Бірнеше пьесасы сахнада қойылған.

Өлеңдері көптеген шетел тілдеріне аударылған. Ол Овийдің,  Гейненің, Гюгоның, Лермонтовтың, Есениннің, Расул Ғамзатовтың, Межелайтистің,  Петифидің, т.б. жырларын қазақ тіліне аударған.

1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Әнұраны жаңа мәтіні авторларының бірі. 2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды.

 

 

 

 

АҚЫН ӨЛЕҢДЕРІ – ШЫНДЫҚТЫҢ АЙНАСЫ

 

Поэзия — әлемдік өмірдің қан тамырының құштарлықпен шиыршық ата соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен нұры, ал лирика – поэзияның поэзиясы секілді қағида адамзат баласының танымына сөз өнерін тани және таныта алатын қабілет дарығалы бері айтылып келеді. Қадыр Мырзалиев өзінің ақындық, азаматтық өмірінің мәні мен мағынасын осыдан, поэзияның поэзиясынан – лирикадан тапқан.

Ақындық өнер өнер біткеннің алды екендігінде сөз жоқ. Шын талант үшін ақындық өнер емес, өмір. Заманның қилы қияндарында өмірі өлеңіне, өлеңі өміріне айналған талант тағдыры ғана талайлы болмақ. Мұндай талант үшін өлеңсіз өмір жоқ. Қадыр Мырзалиев – өмірі өлеңді, өлеңі өмірлі талант.

Қазіргі оқырманның интеллектуалдық деңгейі биік, эстетикалық талғамы жоғары. Олар кез келген қаламгерден әдемі ырғаққа, шымыр да селкеусіз ұйқасқа құрылған өлең ғана іздемейді, әр шығарманың астарынан өзіне ой салар философияны, өзі бұрын көп біле бермейтін ғылыми пайымдаулардың поэтикалық үлгісін, сол арқылы сөз зергері тұжырымдаған соны байлам, тың шешім іздейді. Меніңше Қадырдың қадырын арттырып, өзгелерден өзгешелеп тұратын да осындай ой мен сезімнің тұтасқан бір бүтінге айналып, өлең өмірінің әр кезде де жаңаша сипатта көрінуі, шығарма шешімінің әрқашан да біз күтпеген тұстан келіп шығып, ойлануға итермелеуінде деп түсінемін.

Ол нені жырламасын, бізге беймәлім әлемнің әр түкпіріндегі аң мен құсты, жан-жануарлар мен жәндікті сөз етсе де, ақын ойы, оның өзі өлеңге объект етіп алған дүниесі бізге таныс нәрседей, көзімізбен көріп, қолымызбен ұстағандай анық та айқын болып келеді. Ол қай-қайдағы бегомот па, керік пе, мүйізтұмсық туралы айта ма оларға өзіміздің қазақы теңеулер мен салыстыруларды шебер пайдаланады. Керек болса, олардың әр қилы қасиеттерінің өзін қазақы ұғымдармен сараптайды.

Ақынның «Мүйізтұмсық немесе миллионның тағдыры» деген өлеңіне көз жіберіп көрелік:

Мүйізтұмсық!

Мүйізтұмсық!

Керемет!

Зообаққа бара қалсаң көре кет!

Кішісі бар,

Үлкені бар…

Үлкені

Кем дегенде бір машина береді ет.

Ақын — мүйізтұмсықтың біздің елде кездеспейтінін тәптіштеп жатпай- ақ, оны зообақтан көруге болады деген емеурінмен ғана түсіндіріп өтеді де, оның үлкен екенін «бір машина ет береді» деген қазақы пайымдау арқылы түсіндіреді. Меніңше  қазақтан басқа ұлт өкілінің дәл осындай салыстыру жасауы мүмкін емес шығар.

Осынау жазықсыз хайуанның жер бетінен жойылып бара жатуының себебін де кестелі өлеңмен сәтті баяндайды.

Етінде емес бірақ та бар мәселе!

Енді қайтып өркені оның өсе ме!

Мүйізінен дәрі- дәрмек жасасаң,

Деген сөз бар:

Жасарады қартайған,

Әжім түскен,

Ажарынан әр тайған.

Деген сөз бар:

Оралады тағы да

Кәрияға

Күш- қуаты ортайған.

Мүйізтұмсықтың қырылу себебі де өз құлқынына ие бола алмайтын пенденің пендешілігінде екен. Бірақ пендешіліктің асқындап, жазықсыз аңға ажал болып тиюіне негізгі себеп өсек қана. «Дұрыс емес десе де бұл ғалымдар кейбіреулер сенеді осы өсекке» десе де сананы жаулап алған өзімшілдік пен соқыр сенімнің жетегіне ергендер, қара басының қамы үшін күллі дүниені қараң қалдыруға даяр. Адамгершілік, саналылық деген асқақ ұғымдар бәз біреулердің уақытша тоят алар ләззаты үшін аяққа тапталуда. Неліктен? Оған ақын былайша жауап береді.

О адамзат!

Қарамаймын дініңе,

Қайтер еді берік болсаң тіліңе!

Бір білместің айтқан сөзі

Жазықсыз

Жетіп жатыр миллионның түбіне!

Иә, адам ойының адал арнадан шығып бұзылуына, қолын қандап күнәға батуына себеп болған бір-ақ ауыз сөз екен. Адамдардың бойындағы тоқтамға, көнуге ырық бермейтін жыртқыштық қасиеттің құрбаны болған мүйізтұмсықтардың тағдыры ойлап отырсаң кейде сол адамдардың өз тағдыры секілді. Мәселен, «Қызыл кітап» поэмасында «ізім-ғайым жоқ боп кеткен ел де бар, халық та бар»- деп Қадырдың өзі айтпақшы, адам баласының өткен өмір тарихы да бүгінгі іс-әрекетін, таным-түсінігін түзеуге сабақ болар емес. Адамның ақыл-ойы жетіліп, қоршаған ортаның құпия сырларына қаныққан сайын, олардың өлі тбиғаттан ажырар, сол өз анасы іспетті табиғатқа қаскөйлік көзқараспен қарауы бүгіндері барша жұртшылық болып ойласатын маңызды мәселенің біріне айналып отыр.

Әрбір ұлт, әр халық табиғат әлемін өзінше жырлайды, оған деген көркемдік көзқарастары да әртүрлі. Көбіне «әрбір ақынның немесе жазушының өзіне ғана тән ерекше табиғат образы бар». Қ. Мырзалиевтің де табиғат бейнесі басқа ақындардан өзгеше. Ол табиғатты формалық тұрғыдан ғана қызықтап қоймайды, сол төл табиғаттың әрбір туындысының мазмұнына тереңдей үңіліп, өзіне ғана тән пайымдаулар жасап, өзгелерден оқшау сыр түюге шебер. Ол суық аязды: «Қас батырдан қаһарлы, ояздан да озбырлау»-деп суреттесе, көз ұшында көрінген ауыл бейнесін: «Бұлдырайды әне ауыл, буға ұстаған әйнектей» — деп, ал сол суықтағы аттың күйін «Құлагердің танауы, қайнап кеткен шәйнектей» деген ойға қонымды, ойнақы теңеулермен әдемі бейнелейді. Ал әрқашан ақын ойында келісім тауып, жағымды жағымен көріне бермейтін өндірістің суреті де сол біз айтқан сипатта көлбең етіп өте шығады.  «Жырақ зауыт түтіні, жын-перінің шашындай» деген жолдарда табиғат тазалығы мен сұлулығына «жын-перінің шашы» секілді зияны мен улы түтінді қарама-қарсы қояды. «Ақындық көзқарас пен көркемдік шешімнің тұтастығы, ой-сезім дүниесінің тереңдігі, бейнелеу жүйесінің көп желілігі, суреттеу құралдарының қашан да сонылығы Қадыр поэзиясының қадір-қасиетін танытады. «Мынау Қадыр ғой», дейсің оның қолтаңбасын ә дегеннен-ақ аңғарып, жаза баспай танып».

Иә, бүгінгі қазақ поэзиясын жалпылай қарастырсақ  Қ. Мырзалиевтің жыр жинақтарын парақтай отырып оның қалам тартқан тақырыптарының әр алуан екенін көруге болады. Дей тұрғанменде, ақынның шығармашылық бітімін тұтастай хронологиялық жүйемен салыстыра қараған адам оның тақырыптарының әрқашанда өзгеріп, қарапайымнан күрделенуге бет бұрғанын аңдамай қоймайды. Оның алғашқы өлеңдері балаларға арналғанымен, сол өлең-жырларының өзі көптеген өмірлік мәселелердің қиын түйініне өзіндік баға берумен ерекшеленетінін білетінбіз. Одан кейінгі кезеңде ақын жырына өзек болған үлкен тақырыптың бірі – туған жер, өскен елге байланысты ой-толғамдар.

Алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардағы ақын поэзиясының алдыға шыққан тақырыбы —  «Ана» тақырыбы. Қадыр да ана тақырыбына арнап көптеген өлеңдер жазып, өзінің бұл тақырыпта да ешкімнен кем емес екенін танытқан қаламгер.

Әрине, бұл тақырыптардың бәрі де сол кездегі барлық ақынға тән, ортақ құбылыстар болатын. Соның өзінде Қадыр басқалар мың рет айтқан нәрседен өзгеше ой түйіп, әр тақырыпқа өзіне ғана тән ерекшелік дарыта білді.

Ал Қ. Мырзалиевтің бұрын басқа ақындар көп бара бермейтін ойшылдыққа қол артуы оны сол тұстың өзінде-ақ оны өзгелерден даралап, алда әлі айтар тың пікір, соны ойларының бар екенің аңғартқан болатын.

Жетпісінші жылдардан бастап жазыла бастаған экология тақырыбы да Қадырдың бұл саладағы көп ізденісінің, талмай талаптануының жемісі. Қадырдың экология тақырыбына қалам тарта бастаған тұсын анықтап, сол кездегі өзі тұрғылас басқа ақындармен салыстыра тексергенде бұл тақырыпты тек Қ. Мырзалиевтің жеке меншіктеп, өзі ғана түбегейлі игеріп келгенінің куәсі боламыз.

Енді соңғы шыққан жинақтары мен баспасөзде жарияланған лирикасын саралай қарасақ, ақынның адам өмірінің кезеңдері мен отбасылық және қоғамдық қатынастар мәселесіне ден қойып, соның адамгершілік, психологиялық болмысына тереңдей үңіліп жүргенін байқаймыз. Бір жағынан бұл ақын өмірінің толысып, мол тәжірибе жинақтауына байланысты сезілетін қалыпты жағдай сияқты көрінгенмен, шындығында, ақынның тынымсыз ізденісі өмір, тіршілік сырларын жеке адамның болмыс-бітімінен, оның терең де нәзік сезім қатпарларынан іздеуі, сол арқылы жалпы қоғамдық заңдылықтар туралы өзіндік пікір қалыптастырғанына айғақ бола алады. Ол жеке адамның сана-сезімі өссе, табиғатқа жанашыр топ көбейіп, тұтас бір қоғамдық пікірге ұласса деген түпкі арманын да жасырмайды.  Тірі табиғаттың азып-тозуы адамзаттың өзіне қарсы жасалған қаскөйлік екенін, сол дағдарысқа кінәлі тек өзіміз – адамдар екенін де әрдайым қайталап айтудан жалыққан емес. Содан да болар оның лирикалық кейіпкерлері көбіне үлкен істерде көрінетін күрескерлер болып келеді.

Қадырдың экология тақырыбына арнап жазылған лирикалық өлеңдерінің көбісінің басты кейіпкері – ақынның өзі. Оны лирикадағы негізгі идеядан, оған баға беруші, кесімін айтып, үкімін шығарушы ақындық «мен» арқылы іске асуынан да байқаймыз. Жоғарыдан азды-көпті талдап кеткен:«Қамысты көр», «Шарт», «Табиғат тауқыметі», «Қымбат», «Мүйізтұмсық немесе миллионның тағдыры» тағы басқа лирикаларында ақын өзінің ойын тікелей тыңдаушыға жеткізуге тырысады. Яғни, бұл өлеңдерден лирикалық қаһарман ретінде көрінетін ақынның бейнесін айқын аңғаруға болады. «Қазақ өлеңіндегі басты әдеби бейненің бірі – ақын образы» дегенге сүйене отырып, оның ақын лирикасындағы орнына тоқталар болсақ, Қадыр әсіресе соңғы жазған көптеген өлеңдерін тек бірінші жақтан, ақын атынан ғана баяндап қоймай, сол өзі өлеңде қозғаған мәселеге өзі жауап беріп отыратындығы да жиі кездеседі.

«Қазына» деген өлеңінде:

Көзіңізбен көрдіңіз

Таумыз, түзбіз, тақырмыз.

Қазып-қазып жерді біз,

Жегідей жеп жатырмыз, — деп ащы шындықты алдымызға жайып салады.

Адам баласы табиғатты тек тамағын тойдыру үшін ғана бүлдіріп жатқан жоқ, үлкен аумақтарды ядролық бомбаларды сынау үшін пайдаланып жатқанын, жер шарындағы тіршілік үшін Семей, Невада, Лобнур полигондары қаншалықты қауіпті екенін айтып түсіндірудің өзі артық. Адамдар арасындағы кейбір парықсыздардың табиғат анаға жасап отырған осынау қиянатының шынайы суретін өз поэзиясында былайша суреттейді:

Біледі жердің парқын кім!

Білмегендіктен тозды адам.

Ақымақтығынан әркімнің

Аздың-ау аздың

Боз далам!

Иә, аянышты көрініс, көкірегің қарс айырыла күрсініп еске алатын қасіретті сурет. Басқаны басқа дейік, күллі тіршілік атаулының тірегі – қара жердің өзін жегідей жеп аздыруға айналыппыз. Ақынның өлең идеясы арқылы жеткізгісі келген ойы да сол адамдар көңіліндегі аяныш сезімін ояту, көпшіліктің шындыққа көзін жеткізу екендігі өлең мазмұнынан айқын аңғарылып тұр. Қадыр Мырзалиевтің « Бұлбұл бағында» мынадай бір сырлы шумақ бар:

Жүйрік арман қуып жете қалсаң- ақ,

Жалт береді,

Соның өзі бір сабақ!

Осалдар жүр өзін жұрттан артық деп,

Ал мықтылар өзін жұрттан кем санап!

Тап- таза шындық!

Алдымен, азамат ойдың адамында ешқашан арман таусылмақ емес. Ардан туған адам әрқашан арман қуады және арман қуудан жалықпайды, туғаннан өлгенге дейін қуады және сол арманның шегіне жетпейді, жетсе де жеткенін сезбейді. « Арманым жоқ дейтіндер» қателеседі, яки өтірік айтады. Адамның арманы болмаса, ертеңі болмағаны; арман бітсе, ертеңі бітеді, мақсаты түгесілгені; арманның таусылған жері- адамның өлген жері. Саналы кісіге мұның өзі сабақ екені рас. Содан соң, осалдардың өзіне- өзі қарық боп, өз деміне өзі буланып, жіпсіп, күпсіп жүретіні, ал мықтылардың өзіне- өзі көңілі толмай, өз ісіне өзі разы болмай, өзін- өзі іштей сынап, мінеп жүретіні және рас.

Айтатыны жоқ, осалдық деген де бір ботатірсек бозбалашылық- өз көлеңкесіне өзі жігітсіген қысыр қызтекелік қой! Осалдар өпірем, өрекпігіш, бойлауық, күпілдек келеді! Осалдығын сонымен жасырмақ болады. Онымен де қоймай, осалдық омыраулап, мықтылықты біраз көзден тасалап, ықтыра алмаса да бұқтыра тұруы мүмкін. Бірақ мықтылық деген- мықтылық, түбінде бір осалдық атаулының бәрін көне тамдай қопыра құлатып, сілкініп шыға келетіні сөзсіз. Осындай мықтылық иесінің бірі- Қадырдың өзі. Дәлірек айтқанда, Қадырдың қадірі – мықтылығында.

Мықтылығының бір дәлелі: Қадыр өлең өлкесіне күйбеңсіз, кібіртіксіз, тіпті ешқашан ешбір жаттығу жасамағандай бірден кәнігі шебер қалпында келді. Күні кеше шәкіртке «сөз сиқырын» үйреткен шабытты шақтарда Ұлы ұстаздың өзі шынтақ сүйеген биік мінбеге киіктің асығындай ғана шып-шымыр қара бала жүгіріп шыққан емес, тура шиырылып түскендей… дік етіп алшысынан тұра қалды да, ағытыла жөнелді:

Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,

Және жылап өледі, өзгені де жылатып.

Жылайтыны туа сап- жамандар бар қинайтын,

Жылайтыны өлерде- жақсылар бар қимайтын.

Жым- жырт тұна, тына тыңдаған дүйім жұрт кенет ду- ду етіп, зал іші самал шайқаған көлдей теңселді де кетті.

Хаос гармонияға көшті. Жұрттың бәрі бір деммен тыныстады. әлгі шумақты тыңдаған әр адамға қас пен көздің арасында бұрын ешкім айтпаған бір сыр айтылып, ешкім ашпаған бір шындық ашылды да қалды.

Өлең әркімді өзінің өзгеше философиялық тереңіне тартып, оқыс ойға шомдырды да қойды.

—                     Жаным ау, жанартау ғой мынау – деп таңдай қақты көп ішінен бір білгіш.

—                     Жанғалы, жалындағалы тұрған жанартау ғой!

Дәл сол тұста Қадыр да дәл осыған үндес тағы бір тылсым сыр ашып, тағы бір қызық түйіп түйін тұрған:

Жанартаудың сөнгендері – даңқты,

Атылмаған жанартаулар – қауіпті.

Тағы да сыр, тағы да шындық. Әркім- ақ айтуға болатын, бірақ айтылмаған сыр; әркім- ақ ашуға болатын, бірақ ашылмаған шындық.

Бүгінге дейін Қадыр ақын қалың оқырманын таңдандырудан, тамсандырудан бір жаза басып көрген жоқ. Неге?

Асылы, адам әдебиетке сұлудың бұрымындай өрілген екі мақсатпен келеді: бірі- өзінен бұрын ешкім айтпағанды айту; екіншісі- өзге ешкімге ұқсамай, тек өзінше айту. Осы екі мақсат орындалған жерде ғана шын мәніндегі әдеби туынды бар. Шын мәніндегі әдеби туынды дегеніміздің, Леонид Леонов айтқандай, мазмұн жағынан жаңалық ашу, пішін жағынан өнер табу болатын себебі де сондықтан. Енді турасына көшсек, мүбәда қазақ поэзиясына осы ғасырдың орта тұсынан өте бере келіп, соңғы отыз жылда тек қана өзіне тән өзгеше мазмұнын ашқан, тек қана өзіне тән өзгеше пішінін тапқан шын мәніндегі шынайы талант екеу болса- бірі, біреу болса- өзі- Қадыр Мырзалиев. Бір кезде өзінің түлеп ұшқан ұясы Қазақ университетіндегі Әуезов аудиториясы ғана білетін кәдімгі бала Қадырдың бүгінде бүкіл елі- туған халқы тұтас таныған қадірлі дана Қадырға айналу себебін де дәл осы арадан іздеген жөн.

Демек, қазіргі қазақ поэзиясын көп дауысты, қуатты оркестр десек, мұның құрамындағы Қадыр музасының қайталанбас өз үні, машығы мен мәнері, айшығы мен өрнегі бар; Қадыр лирасының сыңғыры бөлек, сыры терең. Қадыр Мырзалиев соңғы ширек ғасыр меғдарында қатарынан қаздай тізілтіп ондаған кітап берді: «Ақ отау», «Бұлбұл бағы», «Ой орманы», «Дала дидары», «Домбыра», «Жерұйық», «Алақан», «Қорамсақ», «Көкпар», «Қызыл кітап», «Мәңгі майдан», «Қылыш пен қанжар», «Заман- ай», «Алмас жерде қалмас» т.б.

Қадыр  өлеңдерінің тақырыбы мен мазмұны- адам, адамға тән алуан түрлі сезімдер, ойлар, толғаныстар, адамның өмірге көзқарасы, адамның табиғатқа қарым- қатысы, сайып келгенде, адамның тағдыры мен тіршілігі. Бұлардың қай- қайсысы да тақырып- мазмұн ретінде жаналық, емес, сан рет толғанған сырлар, жырланған шындықтар, әбден шиыр болған тақырыптар мен мазмұндар. Бірақ осы тақырыптар мен мазмұндардың қандайы болмасын, Қыдырдың жырлауында жаңа қырынан, бұрын- соңды ешкім айтпаған соны мағынада, тың пішінде көрінеді. Мәселен, бір өлеңінде «биікке шықпағандардың биіктен құламайтыны» оқыс айшықпен ойнақы кестеленіп, бір өлеңде «қателесем деп қорқудың өзі- қателік» екені ұтымды жеткізілсе, енді бір өлең даңқ, туралы: даңқ деген де бір шың секілді, шың басына шыға алмай, «етекте қалғандардың іші күйсе, басына шыққандардың басы айналатынын» майда, жұмсақ юмормен аңғартады.

Осылардың бәрі әшейін ауызекі айтыла салмайды, әсем өрнекпен, ақындық шабытпен шебер айтылуының үстіне, әр оқушының өзі ойлап, іздеп тауып алғандай, құпия сырмен, қызық астармен айтылады.Өлеңнің ойлылығы дегеннің өзі осы емес пе?

Әрбір шын мәніндегі суреткер секілді Қадырдың да кешегі жыры- Адам туралы болатын, бүгінгі жыры да- Адам туралы, ертеңгі жыры да- Адам туралы болмақ.

Ал, Адам, оның тағдыры мен тіршілігі әдеби шығармада әрқашан белгілі бір уақыт пен кеңістікте көрсетілуі шарт. Демек, Қадырдың Адамы да мезгіл- мекенсіз әлдебір абстракциялық нәрсе емес. Сондықтан Мырзалиев поэзиясына үзілмейтін өзекті желі боп тартылып, жан- жақты ашыла суреттеліп, жинақтала тұлғаланып келе жатқан бір күрделі образ бар. Ол- қазақ даласының образы. Осынау шетсіз- шетсіз кең далаға, өзінің туған даласына Қадыр «Ой орманында» бір бөлім арнап, айрықша бір мол шабытпен көкірегін кере, мақтана сөйлеп: «Уа, дала! Кеңдігіне тамсандым көп, айта алман бәрін жазып тауыса алдым деп.Сен- алып пластинка дөңгеленген, инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп!»- десе, соның іс жүзіндегі дерегі секілді келесі кітабын түп- түгел далаға арнап, тұп- тура – «Дала дидары» деп аталады. «Дала дидары»- Қадыр ақындығының жаңа белесі, тың өрісі.

Александр Блок: ақынның ақындығы – үндестік деп ұққан және осы ұғымын терең теориялық тұжырымға айналдырған. Ал үндестік, яки гармония дегенді шебер суреткердің шыңдықты сырға, сырды жырға айналдыруы, өмірді өнерге, өнерді өмірге көшіруді, сөйтіп, мынау әлемдік тіршіліктің небір құпия сырларын ғажайып келісімге көшіре танытуы деп түсіндіреді.

«Дала дидарында» тек сырт қарағанның өзінде көзге бірден шалынатын бір түрлі бір композициялық бірлік, тың келісім бар. Ондағы төрт бөлім өзара тұтасқан төрт алкан сыр мен шындықты желілі, арнаулы түрде тарата жырлап жатса, осылардан ара- арасында ақын үш мәрте арнайы лирикалық шегініс жасап, оқырманын өзгеше бір толғаныстарға түсіріп, оның сезімін тербейді. Сөйтіп, ақын мен оқырманның көңіл күйлері өзара тағы бір тың үйлесім, үндестік тапқандай болады. Ал мазмұн жағынан келсек, мұндағы жүз өлең бір идеялық мақсатқа жарыса жол тартқан тағы да тұтас толғамды сыр, толқынды жыр.

Сонда бір өлең осы даланың күлкісі, қайғысы мен көз жасы, бір өлең әні мен назы болса, енді бір өлең мұңы мен зары, бір өлең күші мен ірілігі болса, бір өлең әлсіздігі мен күйкілігі секілді өзара өріліп тұтасып, кете барады. Жоқ, кете бармайды, ақын өзі суреттеп отырған шындық, құбылыстардан қызық- қызық ойлар, философиялық байыптаулар, парасатты түйін- тұжырымдар қорытып отырады.

Мәселен, «Бабамыздың шоқ басқан табаны мен, бірдей екен жақсысы жаманымен: бір жаманы – тынымсыз көше берген, бір жақсысы- қимаған даланы кең; Бір жаманы- жел сөзге ерген екен, бір жақсысы- тілге ерік берген екен; бір жаманы- кетпенге орашолақ, бір жақсысы- найзагер, мерген екен; Бір жаманы – кешігіп әліппе ашқан, бір жақсысы- күйлері көбік шашқан; Бір жаманы қыздарын малға сатып, бір жақсысы- сүйгенін алып қашқан; Бір жаманы – шаруасын мандытпаған, бір жақсысы- қулықпен жанды ұтпаған; Бір жаманы- үйленіп жеңгесіне, бір жақсысы- жесірін қаңғыртпаған; Тату- тәтті көршілер шыр бұзбаған, бірге тонып суықта, бір мұздаған; бір жаманы- сондада үй салмаған, бір жақсысы- абақты тұрғызбаған!»… Міне, бұл- бір жағынан, осыған дейін әр қырынан суретте көрсетілген дала шындығын енді бірде ойша байыптаудан туған жиынтық- синтез болса, екінші жағынан, байтақ далада ғасырлар бойы ғұмыр кешкен бүтін бір халықтың бір алуан мінез- құлқы екені даусыз.

Байқасақ, осы секілді әр өлеңде автор мөп-мөлдір шындықты тап-таза ағысқа, ақындық ағысқы айналдырып, соншалық бір кең тыныспен еркін, ешқандай қитықсыз есіле, көсіле жырлаған. Әр өлең кәдімгі «қиыннан қиысу» жағынан жасандылықтан аулақ, соншалық, табиғи, оп- оңай құйыла салған секілді. Ең жеңілі мынау эпифораны оқып көрелік: «Күншілдеп өледі, Көңілін от қарып. Батырлар өледі, Борышын атқарып. Бұзықтар өледі, Пышаққа құлшынып. Сұлулар өледі, Құшақта тұншығып. Арғымақ өледі, Артында шан қалып. Ақындар өледі, Бәріне таң қалып!» мазмұнындағы қоспасыз шындықты айтпағанның өзінде, пішініндегі мұндай шынайы, сұлу айшықты, яки фигураны асқан шебер ақын ғана жасай алады.

«Табиғатпен табысу», яки «Сағатпен сырласу», «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру», яки «Ауылды ансау», «Кария және күн», яки «Дала мен гүл»…Осылардың қай- қайсысын алып қарамалық, тақырып Қадыр өлеңдерінде бұрын жырланған тақырып болғанымен, қазір мағына- мазмұн жаңарып, жаңа қырынан көрінген, баяғы қаз- қалпында қатып тұрып қалмаған, орынсыз қайталанбаған, уақыт пен, мезгілмен бірге ілгерілеу, даму үстінде көрсетілген.

Қадыр Мырзалиев – сөздің сәйгүлігі, ойдың азарманы. Жеке бастың дара мұңынан бастап, қым- қиғаш халықаралық қайшылықтарға дейін қысылмай, қымтырылмай еркін жырлай алады. Мысалы, Ресейдің Қазақстанның тамыр- тарихындағы алатын және атқарып келген отаршылдық орнын екі-ақ өлең жолымен әдемі жеткізген.

«Қараса егер Ресей түйіп қабақ,

Көмейіңнен өтпейді сұйық тамақ»,- дейді бір шағын поэмиясында. Шынында да, солай болып келген.

Қадыр Мырзалиевтің айтқандары бір кітаптан ғана тұрмайды, бірнеше томнан тұрады. Бір ғана әдеби жанрмен шектелмейді, бүкіл көркем жанрларды қамтиды.

Қысқасы, Қадырдың өзі айтқандай, «Ақында бір жанартау- қоздаған шоқ, маздаған от». Ал «Ақынның оты өз дәуірінің жалыны мен жалғасқан жерден Шекспир, Гете, Пушкин туады» (И.Цельвинский).

 

 

 

 

ҚАЗАҚ БАРДА СЕН БАРСЫҢ, ҚАДЫР АҒА!

 

Адам шынын айтамын деп сырын айтса, онда ол –  оның жамандығы. Ал ақын шынын айтамын  деп сырын айтса, онда бұл оның ақындығы. Ал ақын шынын сырға бөлеп, сырын шынға балап толғанса, өзі ғана толғанбай, өзгелерді де толқытса онда бұл – оның даналығы. Өмірін өлеңіндей, өлеңін өміріндей сүю, шынын сырға бөлеп, сырын шынға балап толғану , өзі ғана сүймей, өзгені де сүйсінтіп, өзі ғана толғанбай, өзгені, қалың жұртты толқыта жырлау – Қадыр Мырзалиевтің шығармашылық асыл қабілеті, әрі ақындық асыл қасиеті.

Қадыр Мырзалиев  ал­пы­сыншы жылдары қалың қазақты өзіне жалт қаратқан бірегей тұлғалардың сойы­нан еді. ол қазақ өлеңінде соны соқпақ сал­ған, реформа жасаған ақын.

Біз, әдетте, қайтыс болған ақын-жа­зу­шылар жөнінде айтқанда, аруағы риза болсын деп кейде мақ­тауын асырып жіберетініміз бар. Алайда, қанша айтсаң да мақтауын жеткізе ал­май­тын да тұлғалар болады. Олар өте аз. Сол аздың бірі Қадыр Мырзалиев еді. Ол әде­биетке қайталанбайтын құбылыс болып келді, қайталанбайтын құбылыс болып қалды.

Қа­дыр ақын не жазса да жүректің сөзін сөйлейтін.

«Ақындардың бәрі бірдей ой толғайды. Бірақ ойшыл ақын­дар­дың бәрі бірдей философ бола бер­мейді. Сен ойламаған ойың, оқы­маған кітабың жоқ, ендігі ең философ ақындардың бірегейі едің. Сенің философиялық тол­ғам­­дарың қазақ халқының ақыл мен ой-қазынасын одан әрі то­лықтыра түсті.

Сенің мысқылың да мірдің оғындай еді… Адам бойындағы кем­шіліктерді мінегенде кері кеткен кенеусіздердің төбесінен жай түсіретінсің.

Сен тоқшыл емес, көпшіл едің. Үйірсек емес, ұйымшыл едің. Сен ешкімнің айтқанына кө­ніп, айдағанына жүрмедің. Өзі­ңе ғана тән, азаматтық әділ жолмен жүрдің.

Сен соншама кішіпейіл едің. Ақынмын деп асқақтамай, жұрт­тың бәрімен қоян-қолтық ара­ла­сып кететінсің. Сенімен сәлем­де­су­дің өзі бір ғанибет болатын. Ақ көңіл, адал пейілмен күлімдей ке­ліп құшақтаса кеткеніңде мерейі­міз өсіп, мәз болып қала­тынбыз»(Әзілхан Нұршайықов)

Өлеңдерің мен әндерің арқылы қазақ дала­сын шарлап, әр қазақтың жүрегінде боласың, Қадыр аға! Ән сөзіне айналған сенің рухың жастарға – жігер, қарттарға қайрат береді.

Көк дауылмен жағаласып кемеміз,

Көк мұхитта қақпақыл боп келеміз.

О, Жасаған!

Өстіп жүріп бір күні

Өлеміз-ау,

Өлеміз-ау,

Өлеміз!

Кейбіреулер соны неге ұқпайды,

Қадалады жүрегіме мұң-қайғы.

Мен де өлемін,

Менің бірақ есімім

Жазушылар тізімінен шықпайды!

Пендемін ғой, тау болсам да шөгер ем,

Гүлдей солам,

Бірақ қайта көгерем:

Тірілердің көзіне оттай басылар,

Талай -талай немерем мен шөберем.

Өліп-өшкен ғашық жігіт

Күніне

Мендік көзбен қара сүйген гүліне.

Мен болмаспын, бірақ сөзім оралар

Сайрап тұрған шешендердің тіліне.

Журек неге,

Өкпе неге алқынды?

Қимайды ма өте шыққан бал күнді?

Әдемі әзіл бір кездері мен айтқан,

Әлі талай ду күлдірер халқымды.

Амал қанша!

Татар дәмім таусылды.

Қабірістан құшағымен қаусырды…

Жоқ! Өлмеймін!

Елім талай естиді

Лентаға жазып алған даусымды!

Кейбір жырым дән ұшырып қырманда,

Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда.

Жоқ! Өлмеймін!

Правом жоқ өлуге,

Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда!

Қара орман қазақ жұрты көрнекті ақын, асыл азамат, қабырғалы қайраткер, тұғырлы талант Қадыр Мырзалиев секілді аяулы пер­зентінің асыл бейнесін жүрегінде мәңгілікке сақтайды.

«Менің өмірім тек әдебиет»  деп білген ақынның өлеңдері де, тапқыр сөз­дері де ондаған жылдар бойы қалың қазақтың аузында жүр. Жүре береді де! Ақын үшін бұдан өткен мерей, бұдан өткен мәртебе бола ма?! Қазақ барда Қадыр бар! Сол Қадыр ағаның қадіріне жетіп, әлі де зерттелмей жатқан құнды дүниесін, мол мұрасын зерттеп, зерделеп келер ұрпаққа аманат ету бүгінгі толқынның парызы.

 

 

 

 

 

 

ҰСЫНЫС

  1. Қадыр Мырзалиевтің балаларға арналған жаңылтпаш, жұмбақтары бастауыш сынып оқулықтарына енгізілсе;
  2. Жоғарғы сынып оқулықтарына көркем тілмен, өрелі оймен жеткізілген мұралары енгізілсе;
  3. Жыл сайын республика көлемінде «Қадыр оқулары» өткізілсе;
  4. Қадыр Мырзалиев шығармашылығына арналған мәдени музей ашылса;
  5. Жарық көрмеген тың туындылары баспа беттерінде жинақталып басылса;

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.Мырзалиев Қ.Таңдамалы жиақтар:Т.2.Алматы: «Балалар әдебиеті»-2006.

2.Мырзалиев Қ.Таңдамалы жиақтар:Т.3.Алматы: «Балалар әдебиеті»-2007.

3. Мызалиев Қ. Баянбай Қ. Өлеңдер, ертектер… – Алматы: Балауса-1993.

 

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №170 қазақ орта мектебінің 10 «Б» сынып оқушысы Жарылқасын Ұлдайдың әдебиет секциясы бойынша «Қадыр Мырзалиев лирикасы – шындықтың айнасы» атты ғылыми-зерттеу жұмысына

 

П  І  К  І  Р

 

Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №170 қазақ орта мектебінің                        10 «Б» сынып оқушысы Жарылқасын Ұлдайдың бұл ғылыми-зерттеу жұмысы тың тақырыптардың біріне жатады.

Тақырыптың көкейкестілігі: Оқушы зерттеу барысында Қадыр Мырзалиевтің бірнеше томдық өлеңдер жинағын оқып, ондағы өрелі оймен жазылған құндылықтарды терең ұғына отырып, алуан түрлі тәсілмен зерттей білген.

Қадыр Мырзалиев біздің дәуіріміздегі әлемдік аренаға шыққан қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтіп, мазмұнын сапаландыруға, көркемдік деңгейін биіктетіп, мәртебесін көтеруге айрықша еңбек сіңірген, «Қазақтың Қадыры» деп танылып, халқы ардақтаған бірегей тұлға, ерекше дарын иесі. Сол дарынның  мол мұрасын келер ұрпақ еншісіне жеткізуде бұл зерттеу жұмысының  үлкен орны бар деп ойлаймын.

Жарылқасын Ұлдайдың бұл ғылыми-зерттеу жұмысын жастарға тәлім- тәрбие беру бағытында сүбелі үлесін қосатын баға жетпес еңбек деп есептеймін.

 

Жарылқасын Гауһар: ____________     №170 орта мектептің орыс тілі                       пәні  мұғалімі, зерттеуші жетекшісі

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №170 қазақ орта мектебінің 10 «Б» сынып оқушысы Жарылқасын Ұлдайдың әдебиет секциясы бойынша «Қадыр Мырзалиев лирикасы – шындықтың айнасы» атты ғылыми-зерттеу жұмысына

 

                                                П   І   К   І   Р

 

Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №170 қазақ орта мектебінің               10 «Б» класс оқушысы Жарылқасын Ұлдайдың  өзінің ғылыми зерттеу жұмысында көп еңбектенгені көрініп тұр. Ұлдайдың бұл еңбегі – тың тақырыптардың бірі. Оқушы зерттеу барысында Қазалы аудандық кітапхана қорындағы кітаптар мен бұқаралық ақпарат құралдарында басылған материалдарды өзінің ғылыми жұмысында өте шебер пайдалана білген.

Ақын жыры – оның жан сыры, ішкі дүниесі. Ақын сол сырын қағаз бетіне өлең жолдарымен түсірсе, зерттеуші Ұлдай сол өлең жолдарын саралау арқылы ақынның ішкі жан сырын терең зерттеп, зерделей білген.

Ғылыми жобада Қадыр ақынның шығармаларында көрініс тапқан өрелі ойлар, сүбелі сөздер, оралымды ой-өрнектерін орынды пайдаланған. Оқушы өз жұмысында ақынның арындылығын  әсерлі көрсете білген.

Оқушы Жарылқасын Ұлдайдың бұл ғылыми зерттеу жұмысын ізденіс талабына сай, тәрбиелік-танымдық жағынан өте жақсы жазылған еңбек деп бағалаймын.

 

 

 

Сәрсенов Қанай   _________________  ғылыми жетекші,

өлкетану тарихын зерттеуші.

ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ КҮНДЕЛІГІ

Зерттеу тақырыбы: «Қадыр Мырзалиев лирикасы – шындықтың айнасы»

Оқушының Т. А. Жарылқасын Ұлдай

Мектеп, сынып: №170 орта мектебі 10»Б» сынып

Жетекшісі: Жарылқасын Гауһар Айболатқызы-№170 мектеп мұғалімі

 

Мерзімі

Жұмыс мазмұны

1

10.01.2011ж

Газет беттеріндегі мақалаларды оқып отырып Қадыр Мырзалиевтің афоризмдеріне көзім түсті. Оқи отырып, біраз ойға қалдым. Араға бірнеше күн салып аудандық кітапханаға бардым.

2

18.01.2011ж

Аудандық кітапханадан Қадыр Мырзалиевтің таңдамалы туындылары енгізілген кітаптарын  алдым.

3

28.01.2011ж

Кітаптардан өзіме ұнаған тұстарын көшіріп ала отырып, оларға талдау жасауға кірістім.

4

9.02.2011ж

Қадыр ағаның өлеңдерінен түйген ойларымды жүйелеп, Гауһар апайға көрсеттім. Апай өз ойларымен бөлісе отырып, маған жетекшілік жасауға келісімін берді.

5

25.02.2011ж

Гауһар апай екеуміз бірнеше өлеңдеріне талдау жүргіздік.

6

7.03.2011ж

Қадыр Мырзалиев шығармаларының ішінен өзімнің зерттеу жұмысыма қажетті өлеңдерін алдым.

7

29.03.2011ж

Қ. Мырзалиевтің Таңдамалы жинақтарының І томын оқыдым.

8

13.04.2011ж

Ғылыми жұмыстың жетекшісі Қанай ағаймен телефон арқылы хабарласып, зерттеу жұмыстың басталу жобасымен таныстырдым. Қанай ағай өзінің ақыл-кеңестерін берді.

9

17.05.2011ж

Ғылыми зерттеу жұмысымды одан әрі толықтыру үстіндемін.

10

09.06.2011ж

Қ.Мырзалиевтің «Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы»  сириясынан шығарылған туындысын оқып шықтым.

11

21.06.2011ж

Кітаптан түйгенімді қағаз бетіне түсіріп, Гауһар апаймен бірге талдау жұмысын жүргіздім.

12

30.06.2011ж

Бүгін Гауһар апай екеуіміз Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық мұражайына барып, Қанай ағайға жолықтық. Ағай ғылыми зерттеу жұмысымыздың сұлбасымен танысып, жалпы жаман емес деп бағалап, жұмысты толықтыру жолдарын түсіндірді.

13

15.07.2011ж

Гауһар апаймен бірге ғылыми зерттеу жұмысымды толықтыруға кірістім.

14

27.07.2011ж

Қ.Мырзалиевтің өміріне, шығармашылығына қатысты интернет беттерінде жарияланған ақын-жазушылардың  ой-пікірлеріне көз жүгіртіп, оқып шықтым.

15

11.08.2011ж

Қадыр ақынның бұл күнде ұмытылмас қазынаға айналғанына тағы да көзім жете отырып, ғылыми зерттеуімді толықтыра түсу қажеттігін түсіндім.

16

24.08.2011ж

Сол мақсатпен аудандық балалар кітапханасына барып, Қ.Мырзалиевтің жинақтарын толығырақ оқи бастадым.

17

27.08.2011ж

Ғылыми зерттеуімді Гауһар апаймен бірге тағы да бір саралай отырып, зерттеу жұмысымды аяктадым.

18

05.09.2011ж

Аяқталған ғылым зерттеу жұмысымызбен танысқан Қанай ағай жалпы жұмыстың жобасына риза екенін айтты. Ғылыми зерттеу жұмысымызға өзінің пікірін жазып, оны қорғау барысында сәттілік тіледі.

19

12.09.2011ж

Зерттеу жұмысымды тұжырымдап, оны қорғауға дайындала бастадым.

 

«ҚАДЫР МЫРЗАЛИЕВ ЛИРИКАСЫ – ШЫНДЫҚТЫҢ АЙНАСЫ»: 0 комментариев

  1. Сіздерге көп рахмет.Қадыр Мырза Әли атамыз туралы мәлімет іздегенмін.Ойдағымнан асып тусті

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.