Без рубрики

«Жазушы Қуаныш Жиенбайдың өмірі мен шығармашылығы»

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,  Әйтеке би кентіндегі
Ж.Жабаев атындағы №234 орта мектептің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Есет Манат Мақсатқызы

Қ.Жиенбайдың ерекшелігі де – Арал адамдарының  осындай табиғи тұрпатын шынайы бере білгендігінде деп білеміз. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты белгілі жазушы Қуаныш Жиенбай 1952 жылы Арал ауданының Бөген ауылында дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде, «Таң-Шолпан» журналында қызметтер істеген.«Жалын» бәйгесі жариялаған жабық бәйгенің бірнеше мәрте жүлдегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының (1998), республикалық «Астана-Бәйтерек» әдеби шығармалар бәйгесінің бас жүлдегері (2007). Қазір республикалық «Нұр-Астана»газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарады. ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында әдебиет атты киелі әлемге имене еніп, бүгіндері даңғайыр қаламгер деңгейіне жеткен Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, Ә.Сарай, Д.Исабеков, Қ.Ысқақов, Ә.Тарази тағы басқа екендігі қаншалықты ақиқат болса, солардың ізін баса, өзіндік үнімен ұлттық сөз өнеріне 80-ші жылдары араласып, бүгінде айтар ойымен, өзіне тән «Менімен» танымал болып жүргендер қатарында Қуаныш Жиенбай да бар десек, ешкім дау айта қоймас. Жазушы қаламынан сол 1982 жылы туған тұңғыш «Жалғыз желкен» әңгімелер жинағы, «Теңіздегі бір тамшы» (1986), «Құлан жанарындағы ғұмыр» (1988), «Жер сілкінісінен бір жұма бұрын» (2000), «Қателесесің қымбаттым» (2004), «Елде жоқ ережелер» (2006), «Жиделі тоғайдағы жеті күн» (2007), «Сырдария» сериясымен жарық көрген екі томдық шығармалар жинағы (2008), «Даңқ түрмесінің тұтқыны» (2000), «Ән салуға әлі ерте» атты кітаптары жарық көрді.Қазақ халқында ғасырлар бойы өмір сүру дағдысынан туған тәжірибе бар. Соған сенсек, өнерді яғни руханиятты жасаушы тұлғаның бағын ашатын ерекше жайттар болады. Ол жайттардың жазушы дүниетанымы мен өмірлік көзқарасынан туындаған, негізгі авторлық ұстанымға айналуы тақырып пен идея атты ұғымдармен тығыз байланыста болып келетіндігі ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін оксиома.Жазушы Қ.Жиенбайдың да жанын ауыртқан түн ұйқысын төрт бөліп, жүрегін сыздатқан, қаламгер ретінде қалыптасуына алғы шарттар жасаған бір тақырып бар. Ол-Арал тақырыбы. Арал-қасіреті. Арал-трагедиясы. Жазған дүниелері де, қоғамдық істері де теңіз төңірегінен алыстамайды. Қайда жүрсе де, ми жүйесінің бір мүйісінде Арал тұрады. Егер алты милярдтан астам адам өмір сүріп отырған мына жер атты планетада қаны бірде-бір таза ұлт-қазақ екені рас болса, сол ұлттың мұндай ұлылыққа жетуінің бірден-бір себебі: өзін табиғаттың бір бөлшегі деп санауы, сонда да табиғат ананы мәпелеп, онымен үйлесім табуында екенін неге ұмытамыз. Әр шығарманы түсінудің де, талдаудың да өзіндік жолы бар. «Даңқ түрмесінің тұтқыны» жалғыз экологияға жасалған қарсылық емес, ол бергі жағындағы фон, тұспал, емеурін ғана. Егер оқырман романды сол жағынан ұғынуға тырысса, сөз жоқ ұтылысқа ұрынады. Автор меңзеген философиялық ой-толғамдар, тым тереңде жатыр. Ал бүгінде экологияға ұшыраған Арал теңізі жағалауындағы ағайындар ғана ма, экологиялық кесел іздесеңіз кез-келген өңірден қиналыссыз табасыз және ауқымы да қомақты. Жазушы Қуаныш ағамыз әр қаһарманның жан әлеміне үңіле отырып, көркемдік шешім үшін, олардың әрбір іс-әрекетін, пиғылын, мінезін, сөйлеген сөзін арқау етеді. Сондай сәтте автордың өзі де байқамай қалып, шығарма кейіпкерімен бірігіп, кірігіп кеткенін аңғару қиын емес.

Тағы да екпін түсіре айтарымыз, кітаптағы көлемі жағынан болсын, оқырманға айтар ойымыз ауқымдығы жағынан болсын, сүбелі дүние-«Даңқ түрмесінің тұтқыны» романы. Роман-күрделі жанр. Сюжеттік желілері әлденешеу болып, әлеуметтік өткір проблеманы бірталай кеіпкерлердің іс-әрекет, қам-қарекеті арқылы көтере білу-қиынның-қиыны.

«Даңқ түрмесінің тұтқынындағы» Баймырза аса күрделі тұлға. Бір қарағанда, бажайлап қарағанда, үзілді-кесілді баға беру де қиын. Бір басына жетерлік мәдениеті бар. Тоғышар емес, өзгеден алсам екен, құлқынымды толтырсам екен дейтін пиғылы да байқалмайды. Үлгілі отбасы. Тәуір қызметтегі жан. Бұның да тағдыры Аралмен тікелей байланысты. Баймырза сұғанақтылығы жоқ, сақ адам. Қоғамдағы орнын біледі. Жазушы ағамыз Баймырза тұлғасына ағыл-тегіл, ұзақ-сонар мінездеме беруді мақсат етіп қоймаған. Сараң, қысқа баяндау шағын штрихтар арқылы қос көзқарастың, қос пікірдің, қос дүниетанымның бетпе-бет келуін шебер кескіндеген.

Әр қаһарман күрделі. Әрбірі аса ауыр әлеуметтік жүк көтеріп тұр. Автор өзі ғана ойланып қоймай, оқырманын да ойлантуға тырысқан. Қандай қоғамға болса да ойлылықтың керек екені еш дау туғызбаса керек. Жазушы Қ.Жиенбай шығармашылығының негізгі құндылығы да осындай деп білгеніміз абзал.

Біздер зерттеу жұмысымызда жазушы ағамыздың жақында ғана «Астана-полиграфия» АҚ-ның баспаханасынан жарық көрген «Ән салуға әлі ерте» романын оқып шыққаннан кейін осы роман жайлы өз ойымызды айтып, романға ғылыми негізде талдау жасадық.

Әлқисса, романға Аралдың төңірегіндегі Байқоңыр ғарыш айлағы маңындағы шағын ауылдың айнала әлеммен байланысып жатқан тыныс-тіршілігі, ондағы адамдар тағдыры мен қилы қарым-қатынастары, ішкі қайшылықтары мен әлеуметтік-психологиялық тартыстар өзек етілген. Жазушы шеберлігі нені жазғанынан емес, қалай жазғанынан білінсе керек. Сол тұрғыдан келгенде, аталған сюжеттік құрылым, желілер арқылы автор талай пәлсафалық һам психологиялық түйіндерді тарқата алғаны тәнті етеді.

Жазушы Қуаныштың өрнекті ойын бұқпақтатып емес, бірден өркендете алатын қаскөй шеберлігі осы бір тұстан қылт етіп көрініп қалады. Бұл жерде автор оқырманға драмалық немесе психологиялық тартысқа құрылған оқиғаны көлденең тартпайды, қайта жүйкені селт еткізіп, сезім серпінін сынайтындай әсер туғызып барып, сабырлы қалыпқа түседі.

Тап осы арада классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің:

«…Шығарма тек қана мазмұн, тек қана түр емес. Ол мазмұн астары, ол түр астары, теңеу астары. Яғни, астарлы ой, астарлы бояулар, әндер, суреттер, дыбыстар… Шығарма-ауырту керек, емдеу  керек, ренжіту керек, шығарманың бояулары ақ пен қара ғана емес, қызылы да, көгі де, сарысы да бар» деген нәрлі де құнарлы сөзі еріксіз ойға оралып, романды әрі қарай оқуға жетектей жөнеледі.

Қуаныш аға бұл романында адамдарды күнделікті тіршілік ортасынан аулақтатып, ХХІ ғасырдың ой мен сана ғасыры екенін алға тартады да, тосын қадамдарға барып, өзгеше серпіліс жасайды. Сол арқылы бойындағы бұл таланттың қауызын ашып, шабыт нәріне тереңірек бойлап барып, өзінің жүрек серті мен сенімін «тар жол, тайғақ кешуден» өткізіп, өзін-өзі сынайды, өзін-өзі барлап, шабыт қысымын көтереді. Сол арқылы саналыға да, санасызға да түйінді ой тастап, жаңа ғасырдың жарқын келбеті мен өміршең өркенділігін баса көрсететін көркем шығарманы дүниеге әкелген. Бұл жерде заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың мына бір ойларын ойымызға арқау етпесек болмас. «Әрине, ұлы шығарма қашан да өзінің мәңгі көкей кестілігімен ұлы… Ең бастысы, елдің өткен жолынан өшпейтін өнеге табу, бүгінімен ұласып жатқан жалғастықты тану, кешегіні көксеуге емес, келешекке құлшынатын намысшылдықты қалыптастыру. Сол арқылы бүгінгі біз ұстанып отырған мұрағаттарымыздың тарихи дәйектілігін дәлелдеу…» дейді Әбекең.

Олай болса, жазушы Қуаныш Жиенбай өз шығармасы арқылы «келешекке құлшынатын намысшылдықты қалыптастыруға» ұмтылыс жасаған екен. Автордың шығармадағы бір ұтымдылығы-өзі қалам тартқан туындысын зерттей отырып, толыққанды шығарманы өз топырағында туғызғаны. Сонымен бірге қалың жұрттың көкейіндегі проблемалық жағдаяттарды көркем туындыға мәселе етіп, оны мүлтіксіз орындап шығуында. Бұл жолда білімділігін паш етіп, біліп жазбаса, автордың қаламы тайғанақтап, ананы бір, мынаны бір жұлқа сөз етіп, ақырында не айтып, не қойғанын өзі де түсінбей, делдал боп шатасар еді, жүйесіздікке ұрынып, оқырманның жүйкесін тоздырар еді де, роман желісі, яғни, оқиғасы түкке тұрғысыз болып қалар еді. Тап осы тұста сәл тыныстап, Ғабит Мүсіреповтің «жазушыға үш кеңесін оқып көрейікші:

1. Қызыға жаз, қыза жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз!

2. Ойланып жаз, ойлы жаз, ой сала жаз, ойландыра жаз!»

3. Ызамен жаз, кекпен жаз, кектендіре жаз!

Осы үшеуінсіз шығармаға жан кірмейді»,- дейді Ғабең.

Ғабең сөзімен Қуаныш аға шығармасын салыстыра отырып оқысақ, «Ән салуға әлі ерте» романының өн бойында классик жазушы айтқан үш кеңес те бар екен.

Романның 2008 жылы желтоқсан айында жазушылар одағының Астана бөлімшесі ұйымдастыруымен Президенттің мәдени орталығында қолжазба күйіндегі талқылауында жазушының қаламдас әріптестері, белгілі жазушылар Әкім Тарази, Дүкенбай Досжан, Рахымжан Отарбаев, Қажығали Мұқамбетқалиев, Марат Мәжитовтар салихалы ойларын айтып, әділ бағасын берген еді.

Біздер зерттеу жұмысымызда жоғарыда айтылған жазушы ағаларымыздың ой-пікірлерінен үзінді келтіріп, қағаз бетіне түсіргенді жөн көрдік.

Әкім Тарази:

-Жазушы алдына қойған мақсатын орындай алды ма, орындаса қандай деңгейде орындады? Сондай сұрақтарды алдына тарта отырып, қолжазбаны мұқият оқып шықтым. Бір айдай оқыдым. Қолжазбаны оқып шығып қатты қуандым.

Маған роман қатты ұнады. Ең алдымен сюжеттік құрылысы. Маған тағы бір ұнағаны, ауыл адамдарының ауызекі әңгімесі, интонациясы мен автор интонациясының жымдасып қосылып, бірігіп кетуі еді. Біз кейіпкерлерімізге жоғарыдан менсінбей қараймыз ғой, ал қай кейіпкерді алмаңыз Қуаныш солардың ішіне кіріп кетеді. Кейін ойладым бұл кездеспеген тақырып қана емес, бұрын кездеспеген стиль де.

Дүкенбай Досжан:

-Қуаныштың стилі мейлінше қалыптасқан. Ой ағымы анық аңғарылады. Осы стиль арқылы кейіпкер мінезін сомдауға жол ашылады. Қуаныштың стилі осындай.

Марат Мәжитов:

-Қуаныш шығармасын бұрыннан оқып жүремін. Қуаныш бұл романға көп дайындалған. Өзі сол маңның төлі. Жер жағдайын, тұрмыс-салтын, адамдарын жақсы біледі. Жазушы тереңнен толғанып, маржан іздегендей үлкен дүниені өмірге әкелген. Шығарманы оқып отырғанымда Әбдімәліктен айырылып қалмаса екен деп отырдым.

Әбдімәліктің әйелі Патшагүл төңірегіндегі оқиғаларды қалай нанымды суреттеген. Патшагүл бізде бұрын-соңды кезікпеген әйел бейнесі.

Рақымжан Отарбаев:

-Өте жақсы пікірлер айтылды. Алғашқы бастаған кезде автор экологияға кетіп қалар ма екен деп қатты толқыдым.

Жалпы, роман әлеуметтік болсын, экологиялық болсын, адамгершілік болсын, үлкен биіктерге көтеріле білген. Үлкен биікке көтерілген кейіпкерлерінің бәрі дараланған.

Біздердің жазушы ағаларымыздың айтқан ой-пікірлеріне әрине алып-қосарымыз жоқ. Әкім секілді ағалардан осынша жақсы сөз есітудің өзі Қуаныш аға үшін үлкен олжа. Шындығында жақсы шығарма. Біздер де сондай жақсы пікірдеміз. Бұл-әуелі автордың өзін мазасыздандырған мың ойлантып, жүз толғантқан толғақты туындысы екенінің айғағы, әрі ізденіс үстіндегі автордың зор табысы да.

Қуаныш Жиенбай табанынан су кеткен Аралдың жүйкесі жұқарған жұртының шынайы бейнесін шығармаларына арқау еткен жазушы.

 

 

         Пайдаланған әдебиеттер мен баспасөз материалдары:

 

 

1. Жазушы Қуаныш Жиенбайдың жеке архивінен алынған деректер.

2. Қазақстан жазушылар одағының мүшелері.

Жинақ. Алматы «Қайнар» 1990 жыл, 118 бет

3. Бауыржан Омаров филология ғылымдарының докторы

«Теңізбен тамырлас тақырып».

«Ана тілі» 4-10 маусым, 2009 жыл, 7 бет.

4. Мәуен Хамзин филология ғылымдарының докторы

«Өзіндік дүниетаным өрісі».

«Астана ақшамы» №153, 20 желтоқсан, 2008 жыл, 9 бет.

5. Бауыржан Омаров

«Аралдың ақжал толқыны» эссе.

«Ұлт» газеті №21, 10 маусым 2009 жыл.

6. Әкім Тарази

«Қазақ жазушысы бұрын үңіліп жазбаған тақырып».

«Қазақ әдебиеті» №15, 11.04.2008 жыл.

7. Қуаныш Жиенбай

«Ән салуға әлі ерте» романынан үзінді

«Астана-полиграфия» 2009 жыл, 112 бет.

8.  Әбіш Кекілбаев

«Таңдамалылар» 2 том, 96 бет. Алматы 2005 жыл.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.