Қыран қазақ
Қыран қазақ. Т Әубәкіров
Мақсаты: қазақ халқының тұңғыш ғарышкері, ұлт мақтанышы Тоқтар Әубәкіровтің қайталанбас өр тұлғасы мен қаһармандық ерлігін жан-жақты ашып көрсету, қыран қазақты киелі жеті перненің әуенімен асқақтату;
батырдың ерлік істерін өн бойына сіңіріп, елін, жерін қорғай білуге, қаһармандыққа, ерлікке, ұлтжандылықа тәрбиелеу;
өскелең ұрпақтың бойында еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін, құрметін, мақтаныш сезімін арттыру.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, слайдтар, « Гауһартас » әні.
Жоспар
Бірінші перне немесе «Гауһартас»
Екінші перне немесе Қонаевқа хат
Үшінші перне немесе Гиннесс кітабына кірген қазақ
Төртінші перне немесе Назарбаевтың қолқасы
Бесінші перне немесе «Шайтанкөл» хикаясы
Алтыншы перне немесе Тоқтардың туған жері
Жетінші перне немесе Дөңгелек дүние дидары
Ұйымдастыру
Тәрбие сағаты әнұранмен басталды.
Бірінші перне немесе «Гауһартас»
1-жүргізуші:
«Мені қайрап, түлетіп шығарған қазақтың әні» Т.Әубәкіров
Бұл сөздің сыры былай екен.
2-жүргізуші:
Қиыр Шығыс. Қақаған қыс. Орман іші. Тоқтар жалғыз. Тұнжыраңқы. Туған жерден жырақ жүргені жанына батты ма, жоқ әлде жүрегіне жақын тұтқан сол бір жанның берген сертте тұрмағаны еңсесін түсірді ме, әйтеуір не керек, жас жауынгер тайганың бір шетінде, желдің өтінде тұрғанда өне-бойын өксік қысқан сәт туған…
1-жүргізуші:
Кенет… Әдемі бір сыбызғы әуен естілді. ( Ғаламтордан « Гауһартас » әні қосылды. )
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі-ай көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай… – деп сиқырлы сазы жанды баурап, жас жауынгердің жүрегін елжірете жөнелді. «Гауһартас» осылайша өршіл жастың жүрегінде жатталып қалды.
2-жүргізуші:
Қамыққан көңіл орнына түсті. Жас жігерін Тоқтар былайша жаныған еді: «Осындай керемет ән тудырған біздің қазақ қандай ғажап халық. Сол халықтың мен де бір баласымын. Бүйтіп қамыға бергенім жарамас. Белді бекем буайын. Ата жолын қуайын. Қайратыма мінейін. Қапаланбай жүрейін. Елге қызмет етейін. Мақсатыма жетейін».
1-оқушы:
Сөйтіп, қыран дүр сілкінеді. Қайта түлейді. «Гауһартас» әнінің сиқырлы сазы талай жүректі тебіренткен, талай жүректі елжіреткен. Әлі де талайларды тебірентіп, елжіретіп жіберері анық. «Гауһартас» – ғұмырлы ән. Қазақпен қатар жасайтын ән.
Екінші перне немесе Қонаевқа хат
2- оқушы:
Қазақ «Тәуекел ет те тас жұт» дейді. Тоқтар Әубәкіровтың сегізінші сыныпты бітіре салып, Теміртаудағы құю-механикалық зауытта токарь болып істеуі үшін де сол тәуекелдің керек болғаны даусыз. Кешкі мектепті жұмыспен қатарластыра оқып шыққан соң,
1965 жылы әуе қорғанысына қарсы ұшқыштар даярлайтын Армавир жоғары әскери авиация училищесіне түсу үшін де үлкен тәуекел керек еді. Осы училищені 1969 жылы бітірген соң СССР әскери-қарулы күштерінде қызмет етуге бел байлайды.
3- оқушы:
Училищені бітірген соң Қиыр Шығыста, Амурдағы Комсомольск қаласында әскери қызметін жалғастырады. Өзін сынақшы-ұшқыштар мектебіне ауыстыруды өтініп, қайта-қайта сұранады. Өтініші қанағаттандырылмай, арызы кейін қайтарыла берген соң «жығылсаң нардан жығыл» дегендей, Тоқтардың ойына керемет бір идея сап ете қалды. Ол дереу Қонаевқа хат жазу қажет деп шешеді.
1-жүргізуші:
«Мен, Тоқтар Әубәкіров, аға лейтенантпын. Сынақшы-ұшқыш болғым келеді. Оған денсаулығым да, білімім де жетеді. Барлық сынақты ойдағыдай тапсырдым. Бірақ Қорғаныс министрлігі мені бұл жаққа жіберетін емес. Қазақтың бір баласы сынақшы-ұшқыш болса, несі жаман? Маған осындай мүмкіндік жасауға қол ұшын беріңіз».
2-жүргізуші:
Сөйтіп, Тоқтар Оңғарбайұлы Мәскеудегі МИГ авиация фирмасына тап болады. МИГ-23-тен бастап МИГ-29 ұшағына дейін түгел сынақтан өткізеді. 1988 жылы бірқатар сынақ ұшуларын сәтті өткізгені үшін Совет Одағының Батыры атағы беріледі.
Үшінші перне немесе Гиннесс кітабына кірген қазақ
4- оқушы:
Қара теңіз – теңіз біткеннің ішіндегі қанқұйлысы. Тоқтар Әубәкіров сондай сұрапыл теңіз дауылы ышқынып тұрған шақта дыбыстан жылдам ұшатын ұшақты кеме үстіне қондырып үлгерген ғаламат ерлік жасады. Тоқтарға крейсердің камзолдың етегіндей қып-қысқа ұшаңқайынан МИГ-29 ұшағын лып еткізіп көкке көтеру міндет болды.
5-оқушы:
Жаңа әдістің ерекшілігі сонда: ұшақ құдды трамплиннен түскендей төмен лықсып келіп, дүр етіп ұша жөнелген кептердей тез көтеріліп кетуі керек еді. Барлық мәселені секундтар ғана шешеді.
1-жүргізуші:
Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырғаны үшін Тоқтардың бұл ерлігі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.
2-жүргізуші:
Бұл 1989 жылдың 1 қарашасында болған оқиға еді.
Төртінші перне немесе Назарбаевтың қолқасы
6-оқушы:
Тоқтарға ғарышқа ұшу туралы екі мәрте ұсыныс жасалыпты. Алғашқысында сүйікті ісін тастағысы келмегендіктен бас тартса, екінші жағдайда оның келісімін алмастан-ақ жарияланып кетіп, қызық болған екен.
7-оқушы:
Шымбұлақта демалып жүрген жерінде бір танысы телефон соғып, «Теледидарды қосшы, сен туралы айтып жатыр» , -дейді. Онда Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшуға дайындалып жатыр деп хабарлайды. «Менің жеке өміріме, тағдырыма қол сұққандары қалай?» ,- деп тұрғанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауына таңертең келіңіз деген хабар алады.
1-жүргізуші:
Нұрсұлтан Әбішұлы: – Тоқтар, бауырым! Байқоңырдан осынау отыз жылдың ішінде ғарышқа кімдер ұшпады? Ал сол жердің иесі – қазақтар. «Біздің жерден біздің ғарышкер қашан шығады – деп армандаумен келеді. Өзіңді туған сол халықтың арманын орындаудан неге бас тартпақсың? Оның үстіне сен барлық жағынан дайын тұрсың… Керек десе, Кеңес Одағының Батырысың! –дейді.
2-жүргізуші:
Тоқтардың ғарышқа ұшу кезеңі қазақтың Азаттық туралы арманының орындалуға бет бұрған уақытпен тұспа-тұс келді. 1991 жылдың 2 – 10 қазан аралығында қазақстандық бағдарлама бойынша ғарышқа жол тартты. 7 тәулік, 22 сағат, 12 минут, 40 секунд ғарыш кеңістігінде болған Тоқтар Әубәкіров тұңғыш қазақ ғарышкері атанды.
Бесінші перне немесе «Шайтанкөл» хикаясы
8-оқушы:
Тоқтар ғарышқа ұшып, аман-есен елге оралған соң туған жеріне келді. Қарқаралы халқы хан сықылды күтіп алды. Содан осында «Шайтанкөлге» келді. Ол келген бетте дереу шешінді де суға қойып кетті. Ертесіне ғарышкердің денесінде адам көргісіз бір жаралар пайда болды. Дереу дәрігерлер қарай бастады. Жақпаған мазь жоқ. Кетер емес. Жағдайдан Алматы құлақтанса керек, апыл-ғұпыл Тоқтарды сонда алып кетті.
9-оқушы:
Бір күні Тоқтар түс көріпті. Түсінде аппақ киімді, аппақ сақалды бір ақсақал: «Әй, Тоқтар! Сен менімен амандаспадың ғой!» – десе керек. Содан Тоқтар Қарқарлыға дәрігерлердің қарсылығына қарамай жетіп келеді. Келе сала «Шайтанкөлге» беттейді. Жоғары көтеріліп, көлді көре сала: «Ассалаумағалейкум!», – деп амандасады. Бір түн түнейді. Түсінде манағы шал ырза кейіпте көрініп, Тоқтардың үсті-басын қолымен бір сипап өтеді. Тоқтар құлан таза айығып шыға келеді.
Алтыншы перне немесе Тоқтардың туған жері
10-оқушы:
Саяси бюроның кезекті мәжілісі өтіп жатқан уақытта партияның Бас хатшысы Михаил Горбачев бас конструктор Ростислав Беляковқа: – Сіз бен біз қазір орыс әуе флотының тарихын жазып жатыр емеспіз бе… Ертең әлемдік авиацияда тұңғыш рет әскери кемеге ұшақ қондырып, ұшырайын деп жатырсыздар. Мен бұл әрекеттеріңізді өте құптаймын. Бірақ та, айтыңызшы, сол «МИГ» фирмасы сынақшыларының арасынан осынау аса жауапты міндетті орындайтын қалайша ғана бір орыс фамилия табылмады? – дейді.
11-оқушы:
Сонда Беляков: – Құрметті Михаил Сергеевич! Қымбатты Саяси бюро мүшелері, егер, біз орыстың әуе флотының тарихы қанмен жазылмасын десек, бұл ұшақты крейсерге алдымен
1 – сыныптағы сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров қондырып көруге тиіс,- деді.
12-оқушы:
Тоқтар Әубәкіров Парламент сайлауында Қызылорда қаласы бойынша депутаттыққа түсті. Кездесулер кезінде, ел аралағанда Тоқтар Оңғарбайұлының айтқаны бар.
1-жүргізуші:
– Айналайын, халайық! Менің туған жерім, кіндік қаным тамған жерін Қарағанды облысы. Бірақ мен ғарышқа осы жерден, мынау Байқоңырдан ұштым.
2-жүргізуші:
– Менің жаңа паспортым бар! Менің мекенім – ғарыш, тұрағым – Қазақстан, туған жерім – Байқоңыр!
Жетінші перне немесе Дөңгелек дүние дидары
13-оқушы:
Зеңгір көк аспан. Ар жағында не бар? Ол жағы әуелі бір Аллаға, сосын біздің ғарышкерлерге аян болар…
Кіршіксіз жаратылған дүние дидарының кірлемегені жақсы!
14-оқушы:
Адамсүйгіштік қасиет ана сүтімен бойға даритын болса керек. Тоқтар Оңғарбайұлы өз анасын әрдайым ыстық ықыласпен еске алады. « Айналаңдағы адамдарға жақсылық жаса, жасағаның өзіңе жақсылық болып қайтады. Саған қайтпаса, балаңа қайтады. Әйтеуір жақсылық ізсіз кетпейді » ,- дейтін еді деп толғанады Тоқтар батыр.
15-оқушы:
Бала демекші, Тоқтар ағамыздың үлкен ұлы Тимур да әкесінің жолын қуып, ұшқыштықты қалаған екен. Оған Америкадан « Боинг » фирмасында жұмыс істеуге ұсыныс түскен еді. Сонда Тимур Тоқтарұлы: – Бәріміз жан-жаққа жамырап кетсек, қазақстанды кім көтереді?
Елге тимеген жақсылықтан не пайда?! – деп Қазақстанда қалыпты. Азаматтықтың жарқын үлгісі осындай-ақ болар.
1-жүргізуші:
Ер қанаты – тұлпар, – деген сөз бар. Асау тұлпарды да, темір тұлпарды да ерттеп мінген нағыз батыр, нар тұлғалы, көркем мінезді, келіскен қазақ жігіті – Тоқтар Әубәкіров аршындап алға басып барады.
2-жүргізуші:
Нағыз қазақ!
Қыран қазақ!
Қанатың талмасын!
Дәл бүгін бар қазақтың осы бір нар қазаққа айтар тілегі осындай.
Ән « Қазақ жігіттері ».
1-жүргізуші:
Осылайша, қыран қазақты киелі жеті перненің әуенімен асқақтатуды мақсат еттік.
2-жүргізуші:
Мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Сөз кезегін ұстаздарымызға береміз.
