«ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ» атты танымдық кеші
Өтегенов Өркен, Жұмахан Шыңтас
Қызылорда облысы Қазалы қаласындағы
№8 кәсіптік лицей оқытушылары
«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ» күні
Мемлекеттік тіл күніне орай
«ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ» атты танымдық кеші
Мақсаты: Оқушыларға тәуелсіздік ұғымын түсіндіру. Тәуелсіздік жолында құрбан болған қазақ халқының ерлігімен таныстыру. Туған жерді, елін сүйетін, ұлтжанды, намысшыл, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: диапроектор, слайдтар, қанатты сөздер, шарлар
БАРЫСЫ:
Сахна жарығы сөндірілген. «Желтоқсан желі» әнінің әуені ойнап тұрады.Слайд көрсетіледі.
1-жүргізуші: Армысыздар! Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің – Жас өрендері.
2-жүргізуші: Қайырлы күн! Ұлттық қасиетіміз бен Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде танытқан- ұстаздар қауымы!
1-жүргізуші: Бүгін біз жерінің асты ырғын байлыққа, жерінің үсті парасатты халыққа толы Қазақстан елі Тәуелсіздігінің 20 жылдығын үлкен салтанатпен атап отырмыз. Көк туын желбіреткен, Гимнін шалықтатқан еліміздің жарқын істерінің табысын көрудеміз.
2-жүргізуші: Бұл күн – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Осындай маңызы бар тарихи күнге жеткізген аға-апалар ерлігін көрсетілген деректі фильмнен үзінді көрдіңіздер.
1-жүргізуші: Бүгінгі кешімізді, ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесіне жеткізген аға-апалар ерлігін көрсетпеу әсте мүмкін емес. Ендеше, желтоқсаншылардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялайық..
Хор: «Атамекен»
Сөзі: Қ. Мырзалиевтікі Әні: Е. Хасанғалиевтікі
2-жүргізуші:
Тілін білген Абылай, Абайым да,
Құдырет берген ана тіл талай ұлға.
Қасиетті сол тілдің арқасында
Ерікті ел боп алысқа қарайын да.
1-жүргізуші:
Ана тілім, күмбірле сарайымда!
Арманда өткен Мысырда Фарабиім!..
Көме түсіп көкірекке кекті мұңын,
Жетпіс жылды өңгеріп өтті күнім.
2-жүргізуші:
Ана тілмен жазған ғой Мұса Жалил
Түн – түрмеде отырып отты жырын…
Ана тілсіз тарих та жасалмайды,
Ана тілсіз іс өрге баса алмайды.
1-жүргізуші:
Желмаяның үстінде желіп жүріп,
Күңіренбеген тектен –тек Асан Қайғы
Сол тілменен дүниені аттадым,
Таптым бүкіл тіршіліктің атауын.
2-жүргізуші:
Жатты онда уыз сүті ананың,
Жатты онда аманаты атаның.
Сол тілменен махаббатқа тіл қаттым,
Сол тілменен талай гүлді жырлаттым.
Сол тілменен сәбилерді сөйлетіп,
Талайлардың көз жастарын құрғаттым.
1-жүргізуші:
Сол тілменен аспан көрдім, жер көрдім
Сол тілменен көгершінге жем бердім.
Сол тілменен дүниеден кетемін,
Сол тілменен дүниеге мен келдім.
2-жүргізуші: Я, тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Өз ана тілін қадірлеп, қастерлемейтін адам жоқ.
1-жүргізуші: « Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде. Әрбір тіл өз халқы үшін – ұлы», – деген Шыңғыс Айтматов. Сондықтан, әр адам өзінің ана тілін қорғай да, құрметтей де білуге міндетті.
2-жүргізуші: Халқымыздың кемеңгер жазушысы Ғ.Мүсірепов атамыз:«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін өгей ұлдар ғана менсінбейді» деген, сондықтан өз тілімізге, өз ұлтымызға өгей болмайық, Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Ол тек отбасы, ошақ қасының ғана тілі емес, ол – мемлекеттік тіл.
1-жүргізуші: 1995 жылы 30 тамызда қабылданған жаңа Конституцияда қазақ тілі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі болып бекітілді. Ал 1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» Заң қабылданып, оның 4-бабында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” екені жазылды.
2-жүргізуші: Ендеше, көрермен қауым, еліміздің салтанатты да мерейлі мерекесі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» – 20 жұлдызды күн аясында ұймдастырылған «Мемлекеттік тіл» күні Қазақстан халқының тілдері күніне орай
«Тіл-тәуелсіздік тұғыры» тақырыбындағы танымдық кешімізге хош келдіңіздер! Ендеше, алғашқы құттықтау сөзін «Кәсіптік білім беру ісінің үздігі», лицей директоры Исмайлов Темірбек Кәнішұлына береміз!
Рахмет ағай, олай болса келесі кезекті «Тіл толғауы» тақырыбындағы әдеби монтажға береміз.
1-жүргізуші: Рахмет оқушылар!
Ән: «Анамның тілі» Орындайтын: Шарапат Серікбол
2-жүргізуші:
Келесі сөз кезегі, лицейіміздің ардагер ұстазы, ұзақ жылдар бойы лицейіміздегі «Қазақ тілі» бастауыш ұйымының төрағалығын абыроймен атқарып келген Қабыл Арғын ағайымызға беріледі.
Көрініс: (Таспадан төтенше хабардың белгісі беріледі)
1-жүргізуші: 1986 жылдың 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы міндетінен босатылды. Оның орнына Ресейдің Ульяновск облыснан келген, Орталық Комитет мүшесі болған Геннадий Васильевич Колбин сайланды. Төтенше өткен пленум 18 минутта аяқталды. (баяу музыка ойналады)
Трибунаға шыққан жастар:
– Біз пленум шешіміне келіспейміз!
– Қазақстанды қазақ басқарсын!
– Қазақстанды не болмаса Қазақстандық орыс басқарсын!
– Біз Орталықтың отаршылдық саясатына қарсымыз!
– Басшысы-қазақ болсын, қазақ!
– Назарбаев, Назарбаев!
– Қонаевты шақырыңдар! Ақиқатын айтып барлық жайды түсіндірсін!
– Талап тілегімізді айтамыз! Шықсын ортаға басшылыр!
Колбин, долой! Колбин, долой!
Бұрқ етті қазақ баласы
Кеудеде өршіп наласы
Алаңға қарай ағылды
Таусылып барлық шарасы
Оянды халқым оянды
Келер күн, ұсын саяңды
Барады жұртым шерулеп
Етпек болып ісін баянды
– Абылайдай ер бармысың, қайдасың?
– Жасасын Қазақстан!
Сахнаның екінші шетінен бастықтар, әкімдер, әскери адамдар шығады.
Бастық: – Әскерилерге, мына бұзақыларды күшпен таратыңдар, ұрыңдар соғындар.
Алаңда жастарды ұрып-соғады, кейбірін сүйреп алып кетеді.
Сахнада сыңар етік, сыңар қолғап, бас киімдер шашылып жатады.
2-жүргізуші: Келесі кезекті «Желтоқсан жаңғырығы, Тәуелсіздік толғауы» тақырыбындағы әдеби – монтажға береміз.
1-жүргізуші: Алашымыздың арқа сүйер азаматтарының, жанашыр жақындарының,қалың елім қазағымның жалынды жастарының,ұлтын сүйген ұлы жүрек иелерінің арқасында баға жетпес байлығымыз, таусылмайтын қазынамыз–Тәуелсіздікке қол жеткіздік.
2-жүргізуші: Бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған ең асыл, аса биік ақ армандарына жете білдік.Бірақ, бірақ тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін ұмытпауымыз керек.Осы тәуелсіздік жолында елін сүйген,жерін сүйген,жер, ел деп еңіреп күн кешкен арыстандай айбатты,айбарлы арыстарымыз бен ақтаңдақтарымыздан айырылдық.. Біз олардың ерең ерліктерін бір сәтке де ұмытпауға міндеттіміз.Ұмытуға мүлде хақымыз жоқ.. Өйткені, тарихсыз келешек жоқ, ағайын!
1-жүргізуші:
Жиырма жыл, жиырма жыл азаттық,
Өзімізді құрсаудан да босаттық.
Ақтадық біз ата-баба үмітін,
Қолда қазір көк ту менен бостандық.
Желтоқсанның қанды суық ызғары,
Қалың әскер қазағымды қорлады.
Тәуелсіздікті қолдаған жастардың
Отан үшін табандары тозбады.
2-жүргізуші:
Тәуелсіздік!!!
Күннің нұры шуақты,
Аман болсын қазақ елі қуатты.
Бүгін бізге атты міне азат таң
Бұрын бастан өткіздік талай сынақты.
20 жыл, тәуелсізбін, дербеспін
Күмәндана қоймас бүгін енді ешкім
Бодандығым ғасырларға жалғасқан
Қазір, міне артта қалды келмес күн
Ендеше, келесі кезекті Төлепбергенұлы Әлфараның өз шығармашылығына береміз!
1-жүргізуші: Рахмет көп, Ортаға «Желтоқсан желі» әнімен Мәмбетов Нұрбек ағайды шақырамыз! Қол соғып,қошемет көрсетейік.
2-жүргізуші: Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. «Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 20 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді» – деп Елбасымыз айтқандай, егемен Қазақстанды бүгінде барша әлем танып отыр.
1-жүргізуші: Тәуелсіздік алғандағы алғашқы әрекеттердің арасында мемлекетіміздің ұлттық валютасы – теңгені енгізу, көршілес мемлекеттермен шекараны белгілеп алу, Конституциямызды бекіту бар еді. Мұндай істердің орындалуы – ерекше тарихи жетістік. Айта берсек 20 жылда жеткен еліміздің жетістігі өте көп. Дегенмен, бұл жетістіктерге жетуде еліміз көп қиыншылықты көргенін ұмытпағанымыз жөн.
Қорытынды сөзді, директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Мусаев Арман ағайға береміз.
2-жүргізуші: Баршаңызға ашық аспан, көңілдеріңіз шат, еңбектеріңіз жемісті болуын тілеймін. Әрқайсымыздың қажырлы еңбегіңізбен сүйікті Отанымыз – Қазақстан гүлдене көркейіп, нығая берсін!
1-жүргізуші: Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігін ие болғанымызға биыл 20 жыл толып отыр. Осындай мерейлі шақта еліміздің гүлденіп-көркеюі жолында аянбай етіп жүрген қазақстандықтарды Ұлттық мерекемізбен құттықтаймыз! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, сәтті күндер, улкен жетістіктер тілейміз!
Осымен, «Тіл-тәуелсіздік тұғыры» тақырыбындағы танымдық кешімізді аяқтаймыз.
Қош, сау болыңыздар!
