ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚАБІЛЕТТІК МҮМКІНДІКТЕРІН ЖЕТІЛДІРУ

Қызылорда облысы, Әйтеке би кентіндегі Б.К. Мергенбаев атындағы
№ 226 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Жөлекеш Мирамкүл Жеткербайқызы

Тақырыбы: ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚАБІЛЕТТІК МҮМКІНДІКТЕРІН ЖЕТІЛДІРУ

                                                                                               «Мейірбандық – кісіліктің үлгісі» Ж. Баласағұн

            Ұстаздық пен шәкірттік ұғымдары адамгершілікпен, әдеп-инабатпен, ізет-құрметпен, білім-парасатпен, адалдықпен етене байланысты.  Оқушының жан дүниесіне рухани тұрғыдан бағдар жасап отыру – әрбір мұғалімнің міндеті.
Себебі: әрбір жас бүлдіршін жаны бар ағаш секілді, күтіп баптасаң биік саялы ағашқа айналады. Бүгінгі мектеп партасындағы оқушылардың дұрыс жолға бағытталуына бірден-бір әсер етуші субъект – мұғалім.   Қазіргі оқыту мен үйретудің мазмұны да, сипаты да соған орай амал -тәсілдері де күрделене түсті. Қазіргі күрделі техника және жалғаспалы технология, білім мен біліктіліктің көп тармақтылығы бір нәрсені болса да құнтпен жете үйретуді талап етуде.     Ұстаздықтың мәні осыған орай, жаңа сипаттарға ие болуда. Ұстаздықтың білім мен өнердің жеке, қиын саласына үйретуге, өте мұқият бағыт ұстауы, шәкірттің де оған зейінін шоғырландырып, қызыға, ой қабілетін, икемділік дағдыларын жұмылдыра білушілікті пайда қылып, соған қуанып, дем беріп отырады. 

«Білім – теңіз, түбі де , шегі де жоқ…Үйренер нәрсең – білім мен бөлек мейірімділік…Білім – адам  баласының ортақ қазынасы…Барлық істің басшысы –білім»

мен  ұғым  [2.92] деген Жүсіп Баласағұнның тағылымды ойлары ұстаз бен шәкіртті ойландыруы шарт.

Ұлы педагог Ян Амос Коменскийдің «Мұғалімнің де оқушыға өзінің мәлімдерін үйретуден бұрын, алдымен оның бойында білім алуға деген талпынысты оятып алу қажет екенін ойлайтын біреу бар ма екен?» – деген сауалы қай-қайсысымызды да ойландыруы қажет. Баланы кездескен сәттен бастап (сабақты ұйымдастыру, өткізу, үзіліс кезінде, тәрбие сағаттары, жекелей әңгімелесу) баламен тікелей қарым-қатынаста екенін, онымен ішкі сезімі байланыста болатынын ескере отырып, әрбір жұмыс түрін оқушының ой әлеміне бағдарлай, сараптай енетін рухани тапсырмалардан құрылуына назар аудару керек.

Л.С.Высотскийдің зерттеуі бойынша өнер шығармасы адам психологиясына әуелі қопарылыс туғызып, ішкі нерв энергиясының шешілуі, босануынан адам жылайды, шаттанып күледі, жан дүниесі жеңілденіп, сезімі тазарады. [1.70] Адам тек ақыл-оймен ғана емес, сезіммен де өмір сүреді. Сезім – біздің дүниені қабылдауымыздағы, оны түсінудегі, өмір сүрудегі, болашақты ойлаудағы, дүниені жасап құрудағы қабілеттің бөлінбес бөлшегі. Адамзат жасаған ақыл-ой, ғылым, тәжірибесі адамға қандай қажет болса, ғасырлар бойы сұрыпталып, шыңдалып, әсемделіп жеткен сезім тәжірибесін білу де соншалықты қажет.            Оқушының білім мазмұнын кеңейтудің ұтымды әдісі-сезім дүниесі арқылы баланың ойлау аймағына ену. Оқушылардың сезім дүниесіне әсер ету үшін алдымен төмендегі іс-әрекеттерді қалыптастару қажет.

–          Оқушының рухани қажетсінуді тұрақты қалауы, тілеуі

–          Рухани сезімнің күшеюі (тебірену, жарқын шаттану, тазару, күйзелу, қуану, таңдану, жаны ашу)

–          Талғам. Сұлулық пен тазалықты, ізгілікті бағалау қабілеті.

–          Сезімдік және рухани сана болмысты тану, бағалау.

Оқушының жан дүниесімен жасалатын психологиялық жұмыстарды іске асыру барысында басты назар аударатыным:

–          Тақырыпты нақты жоспарлау

–          Сабақты ғылыми болжамдар, негіздер,ұсыныстар,жаңалықтармен қаруландыру

–          Оқушыны бұйығылықтан арылту,өз бойындағы «Менің» түсіне білуге баулу

–          Ауытқымалы мінез-құлықтарын бағдарлау,өздері түсініп және түзеуге талпындыру

–          Оқушының басқаға ұқсамайтын қасиеттерін баланың өзімен бірге бірлесе отырып ашу

–          Өзімнің де бала болғанымды жиі-жиі ой елегінен өткізіп отырамын.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінде оқушылардың танымдық көзқарастарының артуына ерекше ықпал жасай отырып,баланың рухани дүниесіне психологиялық қозғау салатын әр түрлі тапсырмаларды қолдану арқылы жақсы жетістіктерге қол жеткізуге болатынын өз тәжірибемде бақылап, байқап жүрмін.

Оқушының қабілеттілік мүмкіндіктерін жетілдіру бағытындағы қолданып жүрген әдіс-тәсілдерім 3 құрылымнан құралады

Тапсырмалар құрылымы:

1)Тапсырманың орындалу шарты

2)Қолданылу орны

3)Күтілетін нәтиже

 

   1-Жұмыс түрі.       Атауы: «Өзіңді өзің сына»

«Дүниедегі ең оңай нәрсе кісіге ақыл айту, ең қиыны – өзіңді-өзің түсіну» деп Әл-Фараби айтқандай, мінез – адамның қасиеттерін сипаттайтын іс-әрекеттер жиынтығы.    Тапсырманың орындалу шарты: Өз сыныптарында кездесетін мінез-құлықтарды кемпірқосақ бейнесіндегі әр түрлі түстерге ұқсастық тауып сәйкестендіріп жазу

Қолданылу орны: Әдебиет.А.Құнанбайұлы 17-ші қара сөзі.

Күтілетін нәтиже: Оқушының ойлау аймағының шексіз екендігі осы тапсырманы орындау барысында ерекше айқалады. Өз-өзін түсінуге, бағалауга баулу.Байқампаздыққа жетелеу. «Өзінді-өзін сына» жаттығуын орындау барысында әр түрлі түспен бейнелеу арқылы адам мінездерінен былайша сәйкестік тауып отырды.

Оқушылардың теңеу болжамы

Қызыл түс – бауырмалдылық ,күлгін – қырсық, сары – жомарт, көгілдір – ауызбіршілік

Оқушылардың теңеу болжамдары арқылы балалардың эстетикалық сұлулықты байқап, оны ой елегінен өткізгендері қуантады.

Жаттығуды орындап болганнан кейін ,өз пікірімді американ психологы Беатрис Айсмен түстердің адам мінезіне сәйкестігі жөніндегі мынадай пікірімен түйіндедім:

Қызыл – шапшаң мінезді , ақжарқын , тәуәкелшіл , қарсыласуға әзір адам.

Жасыл – жұмсақ жүректі ,ақкөңіл адам, қайырымды жандар.Олар ерекше мейірімді.

Сары – қиялы бай , ұшқыр ойлары парасатымен ұштасып  жататындар.

Көк – салқынқанды, өзіне сенімді , басқалардың ренжіткенін қаламайтындар.

Сиякөк – ешкімге ұқсамайтын дара шығармашылық тұлғалар.

 

2 – жұмыс түрі.Атауы:  «Ашық пікір»

Адам бойынан әрдайым жақсыны таба білу өте қиын, кез келген жағдайда адамның кемшілігін көре білу жеңіл. Адам ұялғанда қызарса , қорыққан кезде сұр болып, түсі қашады. Адамның есі мен елесінің сапалы әрі нәтижелі болуы соның дұрыс түйсіктене алуына байланысты.Осы тапсырманың ерекшелігі – сауал арқылы дүниеге ойлана қарауға баулу, ізгіліктің дәмін сезіндіру , танымның ерекше қыры – гармония,үйлесім құбылыстарын бойына сіңірту,

1) Тапсырманың орындалу шарты: «Ашық пікірге» ұсынылған сауалдарға ауызша жауап беру.

2) Қолданылу орны : Қазақ тілі. Тіл ұстартусабақтары.

3) Күтілетін нәтиже :Сауал қорытындысы сұлу нәрсеге сүйсіне білу,көріксіз нәрседен жиіркену, жақсылыққа ұмтылып , жауыздықтың тыйылуына үлес қосу.

Қазақ тілі пәні бойынша  « Тіл ұстарту » сабағымда (5- сынып) төмендегідей «Ашық пікір» үлгісін пайдаландым.

                                                      Ашық пікір

1) Жас шыбық пен балдырған балалар арасында қандай ұқсастық бар?

2) Ағаштардың , өсімдіктердің тілі жоқ.Бірақ жаны бар.Олар да адам сияқты жаны ауырса қиналады деп ойлайсың ба?

3)Жазғы каникулда инеліктің тұмсығына жіп байлап ұшырып жүрген бүлдіршінге не айтасың?

4) « Аққуды атпа » киелі құс дейді. «Киелілік» дегенді қалай түсінесің ?

5) Араның ұясына балға қызыққан  оқушылар келді.Бір уақытта олар қаша жөнелді.Аралардың іс-әрекеті дұрыс па ?

 

        3 – жұмыс түрі. Атауы : Эмоциянальды әңгіме.

  1)Тапсырманың орындалу шарты :  Мұғалімнің тақырып ұсынуы арқылы,берілген тақырып төңірегінде шынайы және көрген білгендерін әңгіме түрінде жеткізу.

2)Қолдану орны : Эмоциянальды әңгіменің тақырыбы : «Қонақ келгенде» Әдебиет. 7 – сынып. Қ. Мырзалиев «Қазақ пен қонақ»

3)Күтілетін нәтиже : Оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастыру әрі сыни пікірін айта білуге дағдыландыру

Қ .Мырзалиевтің «Қазақ  пен қонақ» жырын өту кезінде үй тапсырмасы ретінде осы жаттығуды пайдаландым.Үй тапсырмасын тексеру нәтижесінде «Ең үздік жазылған эмоцияналды әңгіме марапатына Бөлекбаев Ерланның әңгімесі ие болды.Аталған әңгіме мектебімізде жарық көрген  «Шамшырақ» газетінде жарияланды.

4 – жұмыс түрі. Атауы : Сезім және бейне.

Логикалық таным ,сенімдік сипат, көркем бейне, адам бойында біте қайнасып, үйлеседі, бірақ логикалық ой өз алдына жігі бөлініп бадырайып тұрмайды, ол тек сезім арқылы суретпен өріліп беріледі.Көркемдік таным әрекеті ой қисыны мен сыршылдық сезімнің бірлігіне бағытталады.

Бұл тапсырманы көркем шығарма туралы, өмір, достары көңіл-күй туралы сезімдерін байқау мақсатында қолдануға болады.

Осы тапсырманы « Өзіңді өзің танысаң – істің басы» атты тіл ұстарту сабағында сабақ үстіндегі оқушылардың көңіл күйін байқау мақсатында қолдандым.Күннің,гүлдің т.б әсем табиғаттың бейнелерін салу арқылы өз көңіл күйлерінің көтеріңкі , жағымды болғанын , сабақтың өздеріне ұнағандарын байқадым.

 

1)Тапсырманың орындалу шарты: Берілген тапсырма бойынша өздерінің қабылдау сезімдерін бейне арқылы түсіндіру.

2)Қолдану орны: Тіл ұстарту сабақтары.

3)Күтілетін нәтиже: Көркем бейнелері арқылы оқушының ынтасын ұштау,қанат бітіру.

Оқушылардың салған бейнелеріне жасаған шартты сараптамам:

Доп – өз мінездерінің тұрақсыздығын допқа теңеген оқушылар өздерінің мінезіне байыппен қарай бастады деп қабылдауға болады.

Күн – бала бойындағы алдағы өмірге деген сенім қуаты.

Бүркіт – биік армандарды бағындыруға құштар ұлан.

 

5 – жұмыс түрі.Атауы :Көркемдік деталь.

1)Тапсырманың орындалу шарты: Берілген көркемдік детальдар арқылы көркем шығарма туралы ой түйін жасау , кейіпкерлер бейнесіне мінездеме беру   2)Қолдану орны:Әдебиет сабағындағы тақырыптық романдарды өту барысында пайдалану тиімді.Өз тәжірибемде С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романын талдау, барысында қолдандым.

3)Күтілетін нәтиже:Белгілі бір ұғым бойынша көркем,ұтымды және сараптай сөйлей білу дағдысы

 

 

Көркемдік деталь

(Өз тәжірибемде қолданғаным)

1) «Ет жегілерің келсе , өзім-ақ сойып берейін,болмаса Қамардан басқа ермек жетпеді ме?Қамар тұрсын, Қамардың тырнағын да бермеймін.Дорба сақал Нұрымның басқан ізінен садаға.Аулақ жүріңдер , аулақ!…»

Берілген көркемдік деталь бойынша романдағы Омар бейнесін ашу

2) «Ал,енді куәлікке әлгі үйге сыймаған жастардың кәне,бәрін тапсыншы!…»

Романда қандай жағдайға байланысты қолданып тұрғанын табу.

М.Жұмабаев «Педагогика» оқулығында жан көріністері қанша түрлі болғанымен соларды түп мінездері бойынша үш топқа бөлуге болады:білу, яки ақыл көріністері, ішкі сезім , яки көңіл һәм қайрат көріністері  [3.31.32]Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінде қолданып жүрген өз тәжірибемдегі әдістер Мағжан айтқан ақыл, көңіл және қайрат көріністеріне негізделген.  Адам жанының көңіл сарайына жол тауып, ұстаздық жолда жемісті еңбек етуде бала қиялының мүмкіндігін зерттеу, бағыт бағдар беру іс әрекеттерінде психологиялық қозғау салатын тапсырмалардың мәні ерекше.  Бала қиялының шексіздігі сияқты, оқушының психологиялық мүмкіндіктерін ашу, қабілетін арттыру – қазіргі неопедагогиканың алғы шарты.  Шәкірт алдында мүғалімнің білімділігі, шеберлігі, зерттеушілігі, өз ісіне шын берілгендігі және оқушы жанын түсіне білуі мен ұйымдастырушылық қабілеті басты қызмет атқаратыны сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

                                   1)Адамгершілік сабақтары , Алматы -2001,[1.70 б.]

2)Ж.Баласағұни «Құтты білік» Алматы жазушы 1986,[2-92 б.]

          3)М.Жұмабаев.Педагогика.Алматы «Рауан» 1993, [3-31,32 б.]

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше