Без рубрики

Күнделіктегі ой

БҚО. Ақжайық ауданы. Ақжайық аграрлық техникалық колледжі
Тлегенова Гүлжихан. І курс студенті.
Жетекшісі: педагог-психолог Н.С.Азенова

 Күнделіктегі ой

 (2013 жылғы сәуірдің 18-28 күндері жастар арасында «Дін-ұлттың діңгегі» тақырыбында облыстық онкүндіктің «Үздік мақала немесе шағын әнгіме» байқауының жеңімпазы)

Міне, тағы да бір нұрын шашқан арайлы таң атты. Таңнан кейін күн, күннен кейін түн, осы зулап жатқан уақытты, өмірді мен ерекше сүйемін.

Көктем. Жер беті оянуда, гүлденуде. Мен де тамаша көңіл күйдемін. Тау қопаратындай күш-қуатым тасуда.

Әдетім бойынша көзімді аша салысымен теледидар қостым, не жаңалық бар екен? Тағы да лаңкестік әрекет, «дін», «террор» сөздері қолдануда. Әсте жаңалық болудан қалған сөздер. Осы адамзатқа не жетпейді, нені бөліске салады?

Дәріс. Оқу. Колледждегі күнделікті қызығы да, шыжығы да мол студенттік өмір.

Мәжіліс залында отырмын. Жиын басталуда. Басты тақырып ДІН.

Қызық… Таңда осы мәселе кездесіп еді, тағы да…

Қонақтар көп. Кезекпен кезек сөйлеуде. Міне, имамдар сөз алды. Неге имамдар көп дәлелді, мысалды арабша, құранның сөзімен келтіреді? Мен түк түсініп отырған жоқпын. Дәрігердің диагнозын құрылысшы, құрылысшының терминін есепші еш уақытта түсінбейді ғой. Сол сияқты имам ағай жалпақ, түсінікті, қазақша тілмен түсіндірсе әлдеқайда түсінікті болар еді.

Жиналыс үстінде бейнетаспаны көріп, әңгімелерді тыңдап, ішкі жан дүниемде сенім мен сенімсіздік арпалысқа түсті . Бірі-«мен жастарға сенемін» десе, екіншісі – «мен сенбеймін» деп бой бермеуде.

Қара сенімсіздігім: Қазіргі жастар нәпсіқұмар, еліктегіш, бойындағы құмарлықты жеңе алмайды, сауаттымыз деп айқалағанмен дінге келгенде кез келгеннің жетегінде кетеді, жастарының жүректерінде иманы жоқ елдің болашағы бар ма? ХА-ХА – деп рахаттана күледі.

Сенімділігім тып-тыныш. Неге? Мен өзіме сенімді едім ғой, не болды? Сенімім қайда кеткен? Әлде жастардан түңілді ме екен?

Сәлден соң сенімділігім үн қатты: Қорықпа, мен мұндамын, сенімсіздікке бой берме, тек ойлануға біраз уақыт керек болды. Сенімсіздік, сенің айтқаныңды жақсылап тыңдадым, енді маған құлақ ас. «Жастар нәпсіқұмар» дедің, ия, өйткені олар жаңа көлік, үй алғысы келіп, шет елдерде демалғысы келеді. Оның несі айып?! Олар еліктегіш, себебі ХХІ ғасыр жастары, жаңалыққа құмар, басқа мемлекеттерден өз еліне ұтымды жағын пайдаланғысы келетін де шығар.

Жастардың жүректерінде иманы жоқ деуге сенің хақың жоқ. Қазақ халқы сонау Ресейдің қол астында, атеистік күн кешкен заманда да бес уақыт намазын, оразасын қалдырмаған. Осындай ата-бабалардан тараған ұрпақ неге имансыз?! Ия, мүмкін сен олар дін жолында емес, бес парызды орындамайды дерсің, бірақ әр отбасында дүниеге келген күннен бастап «бисмиллаһир раһманир раһим» деген ұйықтар алдында, көзін ашқанда, жұма сайынғы жеті шелпек пісіргенде айтылғанды естіп өскен, пітір садақа не екенін білетін бала неге имансыз?! Бала қанымен сіңген тәрбиеден асып кете алмайды. Ал, діни сауаттылыққа, дін жолына түсуге келетін болсақ, қазір жастардың ойлайтындығы тек қана білім, білім,тағы да білім. Мен бұнымен келісемін. Ең бастысы жүрегінде иманы болса, уақыт келгенде жүрегін тыңдайды. Ешкімнің айтқанымен, үгіт-насихатымен бармайды. Дінге зорлық жүрмейді.

Ал, енді Сенімсіздік тыңда, Мен жастарға сенемін, олар тау қопарады, тасқынға да төтеп береді, ұшса сұңқардың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын сайын даламызға иелік етіп, иманға толы жүректерімен бесік тербейді. Бұл жерде саған орын жоқ, бар басқа иманы жоқ елді арала, сенің бізге қажетің жоқ. Сенімсіздік: Жарайды, мен кетейін, бірақ әлі де келемін, әлі де кездесерміз.

Сенімім: Менің елімді жарқын болашақ күтіп тұр. Қарап, есіңе сақтап ал, бұл 2050 жылы елді бастқаратын жастар. Діни сауатсыздық, діни экстремизм, террор деген сөздерді соңғы рет естуің. Қош бол! – деді, сөйтсем жиындағы жүргізуші келген қонақтармен қоштасып жатыр екен.

Ия, адамның бойына сенімсіздік ұялату үшін бес минут қажет. Мен де осының құрбаны болуға қалдым.

Ей, Алла, жастарды Отанға деген сүйіспеншіліктен айырма, себебі Отанды сүю иманнан.

Тағы да бір арайлы күнім өте шықты. Кеш батты, жатақхана дәлізіндегі қарбаластың саябырлаған сәті. Басымды көпшікке қойып, ауылдағы анам есіме түсіп, көңілім босады, алайда ол кісінің айтқаны есімде, бисмиллаһир раһманир раһим, Аллаға шүкір! Мың алғыс, Жаратқан ием осы күнге!

Өз ойыммен алысқан күн: 19.04.2013ж.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.