Тәуелсіздікке 20 жыл

Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Құмсай ауылы
Құмсай бастауыш мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Аймухамбетова Ләззат Сәндібекқызы

Мақсаты: Тәуелсіздік ұғымын түсіндіру арқылы қазақ халқының ғасырлар бойы басынан өткен қиыншылықтарын айта келіп, осы қиын зұлмат жылдары елінің азаттығын, еркіндікті аңсаған ұлт зиялыларына, аяулы ұлдары мен қыздары туралы, олардың ерліктері, еңбектеріне, даналығына тоқталу. Оқушыларды ҚР-ның жеткен жетістіктерімен таныстыру.

Ата бабаларын, тәуелсіздік жолында күрескен аға апаларын құрмет тұтуға, мақтан тұтуға, өз елін, жерін қорғайтын ұлтжандылық, елжандылық рухқа тәрбиелеу.

Қазақтың атақты адамдары туралы біліктерін, танымдарын кеңейту, өлең айту, би билеу, өлеңді мәнерлеп оқу қабілеттерін ашу арқылы шығармашылық, өнерпаздық қабілеттерінің дамуына ықпал ету.

Көрнекілігі: Отан, Туған жер туралы нақыл сөздер, плакат, «Тәуелсіздікке 20 жыл» атты слайд.

Түрі: Әдеби-сахналандырылған композиция.

Әдісі: Сахналық көрініс, әдеби музыкалық монтаж,

Жүргізуші: ─Құрметті оқушылар! Ата аналар! Бүгін бізде үлкен мейрам – Отанымыздың тәуелсіздіқ күні! Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке 20 жыл» атты әдеби-музыкалық сахналандырылған ертеңгілігімізді ашық  деп жариялаймыз!

          Компьютерден «Тәуелсіздікке 20 жыл» атты слайд көрсетіліп тұрады.

 

─ Тәуелсіздік дегенді қалай түсінесің?

─ Өз алдына дербес, еркін мемлекет, яғни ешкімге тәуелді болмай, ішкі, сыртқы мәселелерді өздерінің шеше алатын мүмкіндігі болуды тәуелсіз мемлекет дейміз.

─Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіздік жолында «Елім─ай» деп еңіреген қаншама боздақтар құрбан болды. Білектің күшімен, найзаның ұшымен, шешен, хандардың даналығымен келді. Ендеше бір сәт өткен өмірге шолу жасайық.

─ 15 ғасырда қуатты Қазақ хандығын құрдық. Қазақ хандығының іргетасын қалаған Жәнібек пен Керей хан. Жүз жылға созылған қазақ қалмақ соғысында ел тұтастығын сақтап қалған Әз Тәуке бастап, Абылай жалғастырған хандар шоғырын, қара халықты аузына қара шыбындай үймелеткен, екі ауыз сөзбен ердің құнын шешкен Төле, Қазыбек, Әйтекелер бастаған билер тобын, жерінің бір тұтамын да жауға бермей, қасық қаны қалғанша шайқасқан Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай бастаған батырлар көшін көрер едік. Сол көшті елі мен жерінің тұтастығы жолында «Еділ үшін егестің, Жайық үшін жандастың» деп, елді соңынан ерткен Исатай мен Махамбет көші жалғастырар еді.

Сол тәуелсіздіктің бізге оңай келмегенін, осы күнге жету үшін үш жүз жыл орыс отарымен, жетпіс  жыл Қызыл империяның қысымымен күресу жолында Ахмет, Міржақып, Сәкен, Ілияс, Тұрар сынды ерлерімізді, Ұлы Отан соғысындағы ерлеріміз Бауыржан, Әлия, Мәншүкті, тәуелсіздік жолындағы күрестің соңғы нүктесін  1986 жылғы желтоқсанда өз тілін, ділін қорғамақ болған қаһарман жастар Қайрат, Ләззат, Сәбира, Ербол сынды ерлерімізді құрбандыққа бергенімізді  бүгінгі ұрпақ, біздер білуіміз керек.

Бұл тәуелсіздік бізге көктен түскен жоқ.  1995 жылы егемендік алып, 1992 жылы өз Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымызды қабылдадық. 1993 жылы төл теңгеміз жарыққа шықты. 1995 жылы ата заң қабылданды. 1998 жылы ел астанасын Сарыарқаның  төріне көшірдік, Осы тарихи оқиғалардың бәрі Елбасының ерен еңбегінің арқасы.

Ата бабамыздан қалған кең байтақ жерімізді,  көркем табиғаты мен оның пайдалы қазбаларын кейінгі ұрпаққа аманат ету, біздің міндетіміз.

Ендеше оқушыларымыздың Тәуелсіздіктің  20 жылдығына арнап дайындаған  әдеби-сахналық, музыкалық қойылымын тамашаланызлар.

Көрініске қатысушы тұлғалар:  Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би,

Қабанбай батыр, Махамбет батыр, С.Торайғұров, М.Жұмабаев, Б.Момышұлы, Әлия М., Ж. Молдағалиев, Қайрат Рысқұлбеков

       (Балалар үшбұрыштап тұрады, алда Абылай хан тұрады. Сөздерін айтқанда орындарын басып, ауыстырып тұрады. Әр кейіпкер сөзін айтып жатқанда слайдтан олардың бейнелері көрсетіліп тұрады))

 

Абылай: :   Жан-жақтан бәрі қысқанда,

Айырып жау мен жақынды.

Қаптаған  қалың дұшпанға

Ұрандап шықтым атымды: Абылай! Абылай! Абылай!

Бас қосты менің қасымда,

Үш жүздің барлық ұланы.

Ғасырдан жетіп ғасырға

Болдым мен елдің ұраны:  Абылай! Абылай! Абылай!

 

 

Төле би:  ─ Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса, төбдегі келеді,

Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып,

Атам қазақтың абыройын сақтайық.

Қазыбек би:  ─Алтын ұяң  ─ Отан қымбат,

Құт берекең ─ атаң қымбат,

Аймалайтын ─анаң қымбат,

Мейірімді ─апаң қымбат,

Кіндік кескен ─ жерің қымбат,

Ұят пенен ар қымбат.

 

Әйтеке би:         ─ Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисің,

Батыр болсаң, жауға найзаң тисің!

 

Қабанбай:  ─ Бейбіт күн неге жаман болсың, егер төрт түлігің сай, көңілін жай болса! Жарты жерін жау қолында жатқанда, уайымсыз ұйқы, күлкі бола ма? Қазақта ана құрсағынан,  қан шеңгелдеп, соғыс тілеп туған ешім жоқ. Бірақ менің де бар арманым әкемнің моласы жатқан ата қонысымды көзімнің тірісінде азат ету. Құдай куә, сол арманға жеткен күні қара найзамды қақ бөліп тастауға әзірмін.

Қазақ үшін жерден қымбат нәрсе жоқ. «Дұшпан астындағы атыңды сұраса, аяма! Өйткені Қамбар ата аман болса, тұлпар тумай қоймайды. Дұшпан әйеліңді сұраса да, таршылық етпе. Өйткені елің аман болса, тағы бір сұлу бойжетеді. Тек дұшпанға бір сүйем жер беруші болма! Өйткені асыраушы жер ана ешқашан үлкеймейді!

 

Махамбет:   ─ Ереулі атқа ер салмай

Егеулі найза қолға алмай.

Еңку─еңку жер шалмай

Ерлердің ісі бітер ме?

Мен бе, ұлан, мен болам,

Ағатай беріш ел болам

Исатайдың серігі

Ел жұртым деп жанымды

Шүберекке түйген ер болам

Жайықты малға толтырып

Халыққа теңдік әперсем

Деп, арманға қол созған,

Махамбет ақын мен болам!

 

С.Торайғұров:  ─ Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға алаш деген атты аламын.

Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!

 

Мағжан Жұмабаев: Арыстандай айбатты,

Жолбарыстаы қайратты,

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін!

Алаштың олар құрбаны

Мен жастарға сенемін»

Мен сенемін жастарға.

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда

Мен жастарға сенемін!

 

Бауыржан Момышұлы:           Қайрат етер мезгілде,

Жүк көтерер нардай бол.

Ақыл айтар мезгілде

Мың жасаған шалдай бол!

─ Қазақ қазақ болғалы талай талай қамаудан өткен. Халық басына күн туғанда, ері бомаса ел не болмақ? Халқымыз мұнда бізді қонаққа жіберген жоқ, майданға халық бақытын қорғауға келдік. Өлсек, шейітпіз, халық үшін қазамыз. Жасасақ та, өлсек те өмір үшін, халық үшін ел намысы дегенді ұмытпайық!

 

Әлия: ─  Отан үшін оқ аттым,

Ұйқы көрмей түн қаттым.

Жалын жұтып от кешіп

Қар мен суға сан баттым.

Ел үшін азап көп тарттым!

Ел үшін жанымды шейіт еттім!

 

Жұбан Молдағалиев:

Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

 

Руым көп солардың аттарындай,

Мінезім бар таулардың қатпарындай.

Ән жырым бар балалар хаттарындай,

Әжімім бар бейнеттің таптарындай.

 

О, замандас, соларға бір қараңыз:

Әр кірпіші, әр тасы бір қора аңыз,

Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп,

Өшкендерді табатын бір ғана біз!

 

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске ─

Айта бергім келеді, айта бергім!

 

 

Қайрат.   ─ Елбең ─елбең жүгірген

Ебелек отқа семірген.

Арғымақ мінген жаратып

Ақ сауыт киген темірден.

Алатаудай бабалар

Аруағыңмен жебей көр!

Күнәдан таза басым бар

Жиырма бесте жасым бар

Қасқалдақтай қаным бар

Бозторғайдай жаным бар

Алам десең алыңдар!

Қайрат деген атым бар!

Қазақ деген затым бар

«Еркек тоқты ─құрбандық»

Атам десең атыңдар!

 

Қабанбай:    ─ Біз қорғаған Отанды!

Қазыбек:       ─Біздей алып жотаңды!

Әлия:            ─Ұмытпа, деп ұрпаққа!

Махамбет:     ─Біздей батыр атаңды!

Бәрі хормен:  ─ Бұйырып бүгін тіл қаттық!!!

– Ұлан байтақ жеріміз бар, еңсесі биік еліміз бар, Астанадай төріміз бар, қара ормандай халқымыз бар.

Аталар аманатына адал болып, Тәуелсіздік туын биікке көтерейік!

 

                          ІІ бөлім –    (концерттік бағдарлама)

 

Панабек:                  Отан ─анам, Отан ─әжем!

Осы сөзім қате мекен?

Қате болса неге біздер

Дейміз оны атамекен?

Саламат:                     Отанды біз атамекен

Деп аялап атаймыз.

Өйткені оны мекен еткен

Бабамыз бен атамыз.

Ақылбек:                    Отанды жас, кәрімізде,

Туған жер деп сүйеміз.

Өйткені онда бәрімізде

Туып өмір сүреміз.

Нұрислам:                      Отан ─Анам! Ардақтым!

Қасиетті, салмақтым!

Сенен өсіп, өрбіген

Тамыры терең тармақпын!

Алмат:                            Отан ─Анам! Киелім!

Неге сонша сүйемін?!

Сенің асқақ даңқыңа,

Басымды мен иемін!

Ән: «  Желтоқсан желі»

Мирас:                           Отан─Анам! Ұраным!

Қорғаның боп тұрамын,

Желбіресе көк байрақ,

Еркін ұшар қыраның!

 

Исатай:                          Отан─Анам! Берекем!

Байтақ жатқан жер екен!

Қасиетті, киелі,

Қазақ деген ел екен!

                                      Отан─Анам! Берекем!

 

Жантілек:                     М.Мақатаев «Отан туралы»

 Мен оның түнін сүйем, күнін сүйім,

  Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйім.

                              Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның, құдіретті үнін сүйем.

Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,

  Бәрі маған «Отан» деп сыбырлаған.

Жаным менің кеудемді жарып та,

  Бозторғайы бол оның шырылдаған.

Отан, Отан,

Бәрінен биік екен,

Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем…

 

Ән: «Тәуелсіздік күніне»

Диас:             Қазақ елім ата жұртым, кең байтақ,

Аспанында желбірейді көк байрақ.

Азаттыққа міне жиырма жыл толып,

Халқым бүгін жатыр бірге той тойлап.

 

       Би:  «Қазақстан»  (Жанболат пен Жазираның орындауындағы ән)

 

Зейнегүл:              Қайран менің бабаларым, ардағым,

Елді қорғап шаршамадың, талмадың.

Ұрпағыңның болашағы үшін сен,

Қиналғанда көз шырымын алмадың  .

 

Гүлден:            Туған елім, асқақ ұлым, қазағым,

Оралмасын талай көрген азабын.

Ешқашан да тарқамасың базарың,

Қайсар қыран самғай берші, қазағым!

 

Ән: «Жаса, Қазақстан»  Балалар әні

 

Талғат:       Жиырма жасқа толасың тәуелсіз елім, нұр елім,

Кеудемде сен деп соғады бейкүнә сәби жүрегім.

Гүлденіп, жайнап, көркейіп өссе деп жүрген өз елін,

Мен, мен едім, мен едім, егемен елдің ұлы едім!

 

Жанерке:    Мен, мен едім, мен едім, тәуелсіз елдің таңы едім!

Кіршіксіз көңіл ақ қардай, халқымның аппақ ары едім.

Көмейден шығып көкке өрлеп, даламды кезіп жырлаған,

Аталар салған, апалар салған ән едім.

 

Ән: «Отан»

 

Бекзат:           Мен, мен едім, мен едім, бабалар ізін жалғаған,

Халқымның бала қыраны көгінде еркін самғаған

Күндіз де түнде Тәңірден тілерім менің бір тілек

Бейбіт күн болсын жерімде, болмасын соғыс, зар заман!

 

Арайлым:    Көк туымшалқып төрімде, елімнің бағы таймасың,

Жас болып ару Астанам, құлпырып күндей жайнасың.

Тәуелсіздігім тәтті сый Тәңірден келген, ағайын,

Бар қазағым бақыттың жиырмасыншы жылын тойласын!

 

Би: «Жаса, Қазақстан!»  (Асқар Жүнісбековтың орындауындағы әнге)

 

Назерке:         Мен қазақпын, ұлылардың көзімін,

Абай, Мұхтар, Бауекеңдердің сөзімін.

Жеткіземін жауқазындай жырыммен

Жұбан, Мағжан, Сәкендердің сезімін!

 

Сұлтан:             Мен қазақпын, мен ұлтымның ұлымын,

Мұқағали, Мұхтарлардың жырымын.

Басқа жанға бас имейтін Тәңірден,

Мен азатпын, бір Алланың құлымын!

 

Ән: «Атамекен»

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше