Сахи Нұргүл Сахиқызы
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Лахалы ауылы
№93 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Ақын, жазушы, дәрігер, психолог-педагог Мағжан Жұмабаев ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ даласында бала оқытып жүріп, атақты «Сауатты бол!» сияқты бірнеше оқу методикалық құралдарын жазған ұлы педагог. Мағжанның 1922 жылы Орынбор қаласында көзі тірісінде жарық көрген «Педагогика» атты ғылми-публистикалық оқулығында жалпы педагогиканы дене тәрбиесі мен жан тәрбиесі деп екі топқа бөледі.
Психологияны ғылми тұрғыда жан-жақты зерттеп, оның педагогика саласындағы тәрбиелік рөліне талдау жасаған психолог-педагог М.Жұмабаев психологияны ақыл көріністері, көңіл көріністері және қайрат көріністері деп үш топқа жіктейді.
Мен ақыл көрістерді төңірегінде өз көзқарасымды ортаға салғанды жөн көрдім.
Психолог-педагог Мағжан Жұмабаев өзінің «Психология» деп аталатын еңбегінде «Жанды дұрыс тәрбие қылу үшін жанның жайын баяндайтын ғылыммен таныс болу керек»-деп тәрбиешілер мен ұстаздар қауымына психология әліппесін жете үйрету қажеттігін айтады.
Автордың өте орынды атап көрсеткендей, адамның адамщылық қасиетін сақтап, толыққанды қалыптасуында нерв жуйесінің маңызды рөл аткаратыны белгілі өйткені нерв жүйесі сырқатқа ұшыраған немесе тағдыр тәлкегінен жүйкесі тозған пенде атаулыға дені сау адамдай талап қоя алмайсың.
Мағжан нерв жүйесінің тікелей мимен байланысты екенін, егер мидың белгілі бір жері зақымданса, онда адамның қол-аяғының қозғалмай қалып, паралич болатынын айтады. Демек автордың нерв жүйесі жайлы шегелеп айтқан ақыл-кеңесі ауданда кемтар балаларды оқытып жүрген мұғалімдерді де ойлантуы тиіс. Себебі: кейде кейбір жас ұстаздар кемтар балаларды бірден бағдарламаны игеріп кете алмады деп қиындықтан жалтарып қашқысы келеді. Сондыктан кемтар балалардың да жан дүниесі мен мінез-құлқына жанашырлықпен қарап, оларға ыстық ықыласпен мейірім шуағын төге білу-әрбір ұстаздың абыройлы борышы.
Бұл ретте Казалы аудандық білім бөлімі жанынанашылған аудандық психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық консультация мекемесінің мамандары үйден оқитын балаларды ұдайы назарда ұстайды деп ойлаймыз.
Ақыл көріністерінде әсерленудің ықпалын жүйелі түрде таңдаған Мағжан әсерленудің екі шартын айрықша атап көрсетеді. Автор: «Әсер білінгендей күшті болсын. Яғни әсер тым әлсіз болса, әсерлену болмайды. Мысалы күшті дауыс кұлағыңды тұндырады,шулатады. Бірақ одан жас дұрыс әсерлену ала алмайды»-дейді. Психолог-педагогтың бұл пікірін өз басым жоққа шығарудан әсте аулақпын. Менде ағарту саласында қызмет істеп шәкірттерге тәлім-тәрбие беріп жүрмін.
Жасыратын несі бар, кейбір әріптестеріміз сыныпта сабақ беріп тұрғанда балаларға бақырып, айқайлап жататын. Ал, осындай жағымсыз дауыстың ортасында отырған баланың бірдеңе ұқты дегеніне мен де сене алмаймын. Бұл жерде автор әсерлену туралы еріккеннен айтып отырған жоқ.
Біз қолында дипломы бар, қанша мыкты маман болсақта оқушының алдында әдеп сақтауды білмейміз. Үйден бірге ала шыққан ашуымызды оқушыға көрсетіп жатамыз. Міне, осындай ара-жігі ашылған карым-қатынаста қандай әсерлену болады?
Содан да әрбір мұғалімнің өзін оқушы алдында сыпайы ұстап, педагогтік этиканы ұмытпағанына не жетсін! Өзіміз күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей, мұғалімнің даусы мен сөзіндегі жібектей есілген ырғақ пен жылылық, оқыту мен тәрбиеленудегі ең тиімді әдіс. Біздің бұл ойымызды Мағжанның: «Жан алдымен білімді осы әсерлену арқылы алады» — деген пікірін толықтыра түсетіні айдан анық.
Көңіл-күйдің сан қырлы иірімдерін көзі қарақты тамыршыдай дөп баса білген Мағжан суреттегі тұқымдастық ассоциациясы өзін ұқсату ассоциациясы және қарсылық ассоциациясы деп екі түрге бөледі. Бұл жерде автордың тұқымдастық ассоциациясы деп отырғаны меніңше, салыстырмалы түрдегі оқыту әдістемесі болуы керек. Ұлы педагог оқушыларға жаңа тақырыпты түсіндірудің тиімді жолын айта келіп: «Осы ұқсастық бойынша тез әрі жақсы меңгеріп алу үшін оқу материалын концентр қылып тұрудың керектігі келіп шығады»-дейді.
Сөйтіп автор бір пәнді бірте-бірте басқыштап оқытудың әдістемесін ұсынған. Бұдан әрі психолог-педагог қарсылық ассоциациясының жаңа тақырыпты игерудегі рөлін де нақтылап айтқан. Бір нәрсені анық ұқтыру үшін сол нәрсенің қарама-қарсысын оқушының көз алдында суреттеудің көп пайдасының барын ойымызға түсірген.
Бұл ретте Мағжан Жұмабаев оқушыны оқу әрекетінде қалыптастырып, олардың ықыласын оятып, қызығушылығын арттыратын әдісінің бірі-дамыта оқыту принциптерін қолмен ұстатқандай етіп көрсетіп, бала ұғымына сай келетін жаңа оқыту техналогиясын жасаған.
Есте сақтау қабілетінің адам өмірі үшін маңызды қызмет атқаратыны айтпаса да түсінікті.
Десек те осы күні балалардың көбісі өте ұмытшақ. Педагог-психолог Мағжан: «Ес болса ғана адам білімді болады. Ес болса ғана адам дұрыс ойлай алады. Ес неғұрлым мол, бай болса, ой да терең болады… Балада ес болмаса оған ешнәрсені де үйрету мүмкін емес. Сондықтан тәрбиеші баланың есті болуына аса көп күш жұмсау керек» — деді қазақ баласының болашағына жаны ашып.
Бұдан соң іс-тәжірибесін ортаға салған автор баланың есте сақтау қабілетін жетілдірудің төмендегідей төрт шартын қарастырады: Біріншіден әсердің күштілігі. Екіншіден, сыртқы сезімдердің көбінің қатынасуы. Үшіншіден, жаңа білімді бұрынғы білімммен байлау. Төртіншіден пысықтау.
Автордың орынды атап көрсеткендей, естің аса күшті болатын кезі жеті мен он бес жастың арасы екен. «Бұл жеткіншектік шағы деп аталады. Бұл жаста бала өмірлік білімін даярлайды, яғни бұл жаста баланың міндеті ой жүгіртіп, білімді іске асыру емес, білімді молайта беру, даярлай беру, бір нәрсені еске ала беру»-дейді Мағжан ағынан жарылып.
Жан көріністерінің бірі-ойлау ұғымы туралы да Мағжан айтқан пікір мен талдаудың ұстаздар қауымы үшін үйренер жағы аз емес. Себебі ойсыз пенде болмайды. Ал, ойсыз пенденің жел айдаған каңбақтай тағдыр тәлкегіне ұшырап, өмір бойы өкінішпен өтері белгілі. Демек үкілеген үмітіміз-балаларымыздың азамат болып қалыптасуының алдын алуға болады екен. Бұл орайда Мағжан ойды өркендетудің мынадай жолдарын ұсынады: біріншіден, баланың жанында дұрыс әсерленудің көп болуы. Екіншіден, баланың заттарды бір-біріне ұқсастығына қарай топ-топқа бөліп үйренуіне ықпал ету. Үшіншіден, бала әр түрлі көріністер мен ойлардың арасында байланыстардың болу себебін ажыратып, бұл жөнінде өз ойын ащық айта білу керек. Міне, бұл талаптардың бәрі де қазіргі қолданып жүрген сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясында бар. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясының да басты мақсаты — оқушының әртүрлі ақпарат көздерімен сусындап, өз ойын бүкпесіз айта білуіне еркіндік беру.
Білім беру қазіргі жаңа құрылымы мен оқу әдістемесі мазмұнының өзгеруі ұстаздар қауымынан шығармашылық ізденісті талап етіп отыр. Сондай-ақ мазмұны жағынан бұрынғы әдістерді жоққа шығармай , әдістемелік тұрғыдан заман талабына сай байыта білген жаңа бағыттар шәкірттердің терең білім алуына ықпал жасауда. Бұл ретте М. Жанпейісованың «Модульді оқыту», Т.Галиеваның «Жүйелі оқыту», Ж.Қараевтың «Деңгейлетіп оқыту», Б.Тұрғанбаеваның «Дамыта оқыту» технологиялары жаңа жобалардың жүзеге асуына мұрындық болуда. Біз осы технологиялардың құрылымынан Мағжан сияқты ұлы психолог-педагогтар салып кеткен салт дәстурдің жалғасын көргендей сезіндік.
Мағжан Жұмабаев — бірнеше оқу методикалык құралдар жазып, қазіргі оқыту технологиясының алғашқы дәнін қазақтың құнарлы топырағына сеуіп кеткен ұлы психолог-педагог.