Таласбаева Меруерт Жалдықарақызы
Қызылорда облысы,Жаңақорған ауданы, Қыраш ауылы,
№180 «Қызылмақташы» орта мектебінің математика пәні мұғалімі
Зарина Тұрсынбек –өзі кіп-кішкентай болса да, арманы таудай оқушы. Ол Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қыраш ауылы, №180 «Қызылмақташы» орта мектебінің 5-сынып оқушысы. Туған жері Қаратаудың бөктерінде орналасқан Қосүйеңкі ауылы. 1-сыныптан бастап осы уақытқа дейін сабақты үздік оқып келеді. Үздік оқып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.Ол елгезек, кішіпейіл, кішілерге қамқоршыл қыз. Ән айтқанды, сурет салғанды ұнатады, аздап өлең шығаратыны да бар. Мерекелік іс-шараларда ән шырқайды. Бастауыш сыныпта жазған өлең, әңгімелері аудандық «Қайнар» газетінде жарияланған. Наурызға арнап салған суреті республикалық «Айгөлек» журналында осы жылдың көктемінде жарияланды. 3-сыныпта оқып жүргенде республикалық «Кенгуру» интеллектуалдық олимпиадасына қатысып, үшінші орын алды. Аудандық «Көркем жазу» сайысының 3-орын жүлдегері.
Отбасында 4 баланың тұңғышы, анасының көмекшісі, үш інісінің қамқоршысы: сабақтарын даярлауға көмектеседі, киіндіріп бір інісін бала бақшаға жөнелтеді, екіншісін ойнатады.Сөйте жүріп өз сабағын дайындауға да үлгереді. Анасы Таласбаева Меруерт математика пәнінің мұғалімі, әкесі Бауыржан да мектепке жұмысқа кеткенде үйінде кішілерге бас-көз болып отырады. Қолы босай қалса анасының сабағына көрнекілік жасауға да көмек тигізеді.
Фотоаппаратпен суретке түсірумен, оны әртүрлі етіп безендірумен де әуестеніп жүр. Шахмат та ойнайды. Логикалық есеп құрастырғанды ұнатады. Шырпымен орындалатын жаттығуларды жинақтап өзінің қатарластарына жұмбақ етіп қоюға құмар. Өзінің арманы көп-ақ. Біресе анасы, апайлары тәрізді бала оқытатын ұстаз болсам ба дейді, біресе суретші, біресе дизайнер, біресе өзінің сүйікті журналының редакторы Қымбат Әбілдина апасындай журналист те болғысы келіп кетеді. Енді жазған өлең –әңгімелерін «Айгөлек» журналына жариялап, Қымбат апасымен кездесуді армандап жүр. Ол арманының да бір күні орындаларына сенімді. Ал анасы оған зор сенім артып, қызының өмірден өз орнын адаспай табатынына үміттенеді.
Зарина ата-анасының үмітін ақтап, ұстаздарының сенімінен шығады деп келешегінен зор үміт күттіретін қыз.Ол өзінің шығарған өлеңінде:
Тәуелсіз елім тірегім
Жақсы оқысын бала деп
Көп қой сенің берерің.
Менің саған берерім-
Әзірге қолдан келері
Жақсы оқып мен келемін, –деп айтқанындай,мектепте тәртіпті, жақсы оқыған Заринаның келешекте Отаны үшін қызмет ететініне сеніміміз мол.