Без рубрики

Сыр өңіріндегі жыраулық мақам ерекшелігі

Шоқбарова Меруерт Қазиханқызы
«Тұран-Астана» университетінің магистранты

Сыр өңіріндегі жыраулық мақам ерекшелігі

Ғасырлар бойы қалыптасып келген қазақ мәдниетінің көне ошақтарының бірі – Сыр елі. «Сыр елі – жыр елі» атаған бұл өлкенің мәдениеті де еркеше. Бүгінгі қазақ мәдениетінің тереңнен бастау алатын жыраулық дәстүрді жеткізген бірнеше тарихи-географиялық аймақ болса, солардың бірі – Сыр елі. Көне түркі дәуірінде Алтайды мекендеген оғыз тайпаларының алғаш Жетісу, одан соң Сырдың төменгі ағысын мекендеп, Х-XI ғасырларда Каспий жағына қарай қоныс аударғаны мәлім. Осылардың арасынан IX-X ғасырларда оғыз тайпаларының мекені болған Сыр өлкесін айрықша атауға болады.

Мұндағы жыраулық өнерге тән негізгі ерекшелік – дыбысты таңдайға салып дірілдетіп шығару. Бұл дәстүр ел арасында маңырама (аңырама) аталып кеткен. Сыр елінің тарихи-мәдени мұрасы сөз болғанда, ең алдымен Қорқыт, В. Каллаур, В. Бартольд, Ә. Қоңыратбаев, Ә. Марғұлан т.б есімдері мен еңбектерін назарға аламыз. Себебі айтушылық өнер туралы алғаш пікір сабақтаған ғалымдар – осылар. Сол негізде жыраулық өнер- синкреттік өнер, поэзия мен музыканың ажырамас бірлігіне негізделген құбылыс дейміз дейді, — Т. Қоңыратбаев. [1, 46-б] Олай болса, «жыраулық поэзия», «жыраулық өнер», «жыршылық өнер» деген ұғымдарды анықтауды қажет етеді деп айтып кетеді. Мұның үшеуі де музыкалық –эпикалық дәстүрге қатысты ұғымдар. Анығырақ айтсам дейді, жыраулар мұрасы музыкалық мақамнан бөлек таза поэзия (толғау, арнау) түрінде өмір сүрмеген. Ол бергі жердегі құбылыс дейді Т. Қоңыратбаев [1, 28-б]

Жыраулық поэзия мен жыршылық өнерді бір ұғымның түрлі стадиялық кезеңдеріне тән атау деп түсінуге де болмайды. Бұл поэзия мен музыканың жіктеліп, жеке-жеке өнер салалары ретінде қалыптасқанын байқататын белгілер. Сондықтан музыкалық-эпикалық дәстүр тұсында «жыраулық өнер», «жыршылық өнер» деген тіркестерді қолданған жөн дейді. Олардың стадиялық сипаты да айқын. Әрбір атау, әрбір термин қарастырып отырған табиғатына сәйкес келуі қажет, сонда ғана болмыс-бітімін аша алмақ. Дәстүрдің кез келген көрінісі қоғам дамуының тиісті сатысына сай жетіліп, түрленіп отырады. Жыраулар мен жыршылардың негізгі айту мақамының өзі ерекше. Сыр өңірі жырауларының айту мақамының өзі қайталана бермейтін ерекше құбылыс.

Сыр өңірінің жыршы-жыраулары әдеби-музыкалық шығармаларды орындау, аспапта ойнау шеберліктеріне және дауыстық мүмкіндіктеріне қарай, мынадай топтарға бөлуге болады:

бірінші топ – дауысы шамалы, бірақ дыбыстық бояуы жағымды, салмақты, аспапты орташа меңгерген орындаушылар;

екінші топ – дауысы зор, желдіртіп тез айтатын, аспапты да өте жақсы меңгерген орындаушылар;

үшінші топ – дауысы зор, мақамның мінезін, сипатын, құрылымын түсінетін, кәсіби сауатты, домбыра ғана емес, басқа да аспаптарды жақсы меңгерген, сөзге бай, тілге шешен, әрі ақын, әрі композитор орындаушылар;

төртінші топ – дауысының кеңдік өлшемі орташа болғанмен әдемі, әуезді иірімдері құлаққа жағымды, аспапты шебер меңгерген, өзінің дауысына көнетін кез-келген мақамды мәнеріне келтіріп айту арқылы тыңдаушысын тез баурап алатын орындаушылар.

Кемелденіп, халық құрметіне ие болған жыраулар да шаршайды, өнер сахнасынан кетуге мәжбүр болады. Сондықтан жыршы-жыраулардың өмірін жас мөлшеріне, орындаушылық шеберлігіне қарай, мынадай төрт кезеңге бөлуге болатынын байқадық:

1-кезең – 7 мен 15 жас аралығындағы бала жырау кезі. Бұл кезеңде оның репертуар аясы аз, дауысы баяу, жасқаншақ, бірақ үйренуге құштар болады.

2-кезең – 15 пен 25 жас аралығындағы оқтай атылып, жырлаған сайын шабыттана түсетін, қызуы басылмайтын жаскелең шағы.

3-кезең – 25-тен 55–60 жас аралығындағы бабына келген, мақамның мінезін, сөздің салмағын түсінген, сол арқылы жыраулық дәстүрді бойына сіңірген, соларды өмірлік құрал етіп, тыңдармандарын үнемі адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеуге тырысатын, өнер биігін бағындырған ақылгөй шағы.

4-кезең – 60 пен 70–75 жас аралығындағы орындаушылық мүмкіндігі бәсең тартып, дауысы отыра бастаған, тыныс мүшелерінің мүмкіндігі азайып, үлкен қайырымдарға шамасы келмейтін кезі. [2, 15-б] Алайда, бұл кезеңде де онша сыр бермейтін, керісінше жігері тасып, өршелене түсетін кейбір дарынды жыраулар да кездесті. Олар үнемі ізденісте болып, өз ортасын тауып, халыққа үнемі қызмет етуге тырысады екен дейді Э. Жаңабергенова өз жұмысында.

Сыр бойының Арал, Қармақшы, Қазалы өңіріндегі құрылымы үштағанды мақамдардың көбісі өз ауқымына 5-тен 25 тармаққа дейін қамтиды. Арал, Маңғыстау, Қостанай, Торғай өңірлерінде қолданатын мақамдардың құрылымдары басқа аймақтардағы жыраулық мектептермен салыстырғанда күрделі. Біздің пайымдауымызша, Арал өңірінде сирек болса да, үштағандық өлшемге сыя бермейтін мақамдар кездеседі. Мұндай мақамдар музыкалық тұрғыдан алғанда бірқалыпты орындала бермейтін, өзгеріске түсіп, сан құбылып, домбыраның 22 пернесін түгел қамтитын, өте күрделі құрылымда болады.

Сыр өңірі мақамдары: кіріспе, бастау, негізгі бөлім, қайырымдардан тұрады.

Кіріспе аспаптың құлақ күйін келтіруден басталады. Өйткені, жыршы, не жырау аспабын қолына алғаннан бастап, іштей тебіреністе болады. Осындай сәтте күй тектес мақам, кейде оның орнына мақамның өзін, оның үлкен, не кіші қайырымын түрлендіре ойнап алады. Күй тектес мақам ойнау жыраудың шабыттануына, жігерленуіне, жырға тез кірісуіне көмектеседі.

Бастау – кіріспе біткеннен соң, негізгі бөлімге өтер алдындағы, бұрын «ән шақыру» деп аталып келген, тыңдармандарды өзіне қаратып алу үшін мақамның орта буыннан, кейде кіші сағадан басталатын, «оу», «ей» одағай сөздерін қосып айтатын бөлімі. Бастау бөлімі де бас буын, орта буын, кіші сағада ойналып, айтылады.

Негізгі бөлімде айтылатын мәтін мен әуен бірнеше тармақтан, кейде бірнеше шумақтан тұрады, ара-арасында кіші қайырымдармен өрнектеліп, жыраудың тынысын бірқалыпқа түсіруіне мүмкіндік береді.

Мақамдардағы қайырымдар екі түрлі болады. Біріншісінде жырды бас, орта буындардан немесе сағадан біраз толғап, тақпақтап айтып, бір нақты ойды тұжырымдап болған соң ғана қайырады. Мұндай қайырымдарды кіші қайырым деп атайды. Кіші кайырымнан соң тыныс алып алған жырау қайта жалғастырып айтып келіп жыр, не бір көлемді эпизод біткен соң үлкен қайырым жасайды.

Кіші қайырымдар елді жалықтырмау, жыраудың өзіне күш түсірмеу, басқа мақамға ауысу үшін қолданылады. Қайырымдарының ерекшеліктеріне қарай да мақамдарды қайырымдары бірдей мақамдар, қайырымдары ерекше, қайталанбайтын мақамдар деп бөлуге болады.

Бірінші топтағы мақамдардың құрылымына қарай, бір қайырым әуенін екі-үш мақамда да қолдана береді. Екінші топтағы мақамдардың авторлары белгілі болғандықтан және ондай мақамдардың қайырымдары өзіндік әуенін, мазмұнын, сипат-мінезін өзгертпейтіндіктен, өзге мақамдарға телінбейді. [3, 10-б]

Өңір мақамдарының құрылымдары бір-біріне ұқсас болғанмен, ешқашан бірқалыпты орындалмайды. Ол орындаушының көңіл-күйіне, мінез-құлқына, айту мәнеріне, мәтіндегі оқиғаға байланысты. Кей мақамның өзі де неше түрлі мінез бен көңіл-күйді білдіріп тұрады. Мақамдарды мінез ерекшеліктеріне, әуен шумақтарына, мәтін мазмұнына қарай мынадай бес топқа бөлдік:

1) желдіртіп, көтеріңкі көңілмен айтылатын мақамдар;

2) байсалды, сабырлы, салмақты айтылатын мақамдар;

3) екпіндетіп, өршелене төгіп, жылдам айтылатын мақамдар;

4) көңілді шалқыта, асқақтата айтылатын мақамдар;

5) қайғылы, терең толғаныспен, тебіреніспен айтылатын мақамдар.

Бұл өңірде ойын-сауықтық, көтеріңкі көңіл-күйге құрылған мақамдар аз, терең ой мен үлкен талғампаздықты, бекзадалықты қалайтын, тектілік пен адамгершілікке тәрбиелейтін, кең тынысты, таза, әуезді дауысты қажет ететін мақамдар басым. Мұндай мақамдар қашан да өз ерекшеліктеріне сай, тыңдаушыларын еріксіз баурап алады.

Байтақ жыраулық өнердің тек асқақ рухын ғана еншілеп қалған сөз өнерінің сүлелейлері сүрсана болған түркі мұраттарын жаңғырта жырлады.

Сырдан шыққан жыраулық дәстүрді насихаттаған, халық жүрегінен орын таба білген жыраулар мен жыршылардың ерекше мақамдары, нақыштары халық жүрегінде мәңгі сақталады.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Жырау (Каталог хабаршы) Алматы, 2004ж – 48 б

  2. Жаңабергенова Э. Арал өңірінің жыраулық дәстүрі. (Автореферат) Астана, 2010ж 30-қырқүйек 27 б

  3. Дәрменов Т. Мырзастан шықты шайырлар. «Тұмар», Қызылорда, 2002ж 156б.

 

Сыр өңіріндегі жыраулық мақам ерекшелігі: 1 комментарий

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.