Досжанов Шамиль Ескалиевич
М.Б.Ықсанов атындағы ЖОББМ – балабақшаның
І санатты тарих пәні мұғалімі
М.Б. Ықсанов атындағы орта жалпы білім беретін мектеп – балабақша тарихы
Ұстаз – қашанда ұлы есім, тұғырлы тұлға. Ақын — жазушы, ғалым, мейлі президент болсын, бәрі де ұстаз алдында кішік. Өйткені, олар ұстаз алдына тарыдай болып барып, таудай болып қанаттанып ұшқан.
Алдымен- ақ шашты анаңды сыйла, өмір берген,
Арқа сүйер асқар тауың — әке деген.
Сонан соң — ұстазыңды қасиетте,
Ой- санаңа біліммен өнер өрген,- деп ақын жыры бекерге асқақтамаса керек. Ұстаз- мектептің жүрегі. Сондықтан да ұстаздарға қойылатын талап та жоғары. Ең біріншісі баланы сыйлау, жақсы көру. өзі таңдаған мамандықты сүю.
Ұстазға жас ұрпақты саналы, білімді етіп тәрбиелеу зор міндет пен жауапкершілікті жүктейді. 88 жыл тарихы бар қазіргі М.Б.Ықсанов атындағы ОЖББМ — балабақшада осындай үлкен жауапкершілікті абыроймен атқарып, қажымай- талмай үлгілі еңбек еткен ұстаздар туралы жайлы сөз еткелі отырмыз.
Дөңгеленген дүние иірімінде өзінің бар болмысымен алып қозғаушы күштің маңызды тетігінен айналатын, сөйтіп қоршаған ортаның өмір айналымына ілесуіне бағыт — бағдар сілтеу міндетін өзіне еншілеген адамдар болады…
Ізденіс үстінде әр саланың мамандарымен жүздесіп, әр арнаның ағысына бейімделіп, жер бетінде молшылық салтанатын орнатуға деген ізгі ниетпен өмір кешкен ұстаз жігеріне қайран қаласың!
1924 жылы қыркүйек айында Ресей Федерациясымен шекаралас жатқан Юркин атындағы колхоз орталығында алғашқы Юркин атындағы шағын 4 класты бастауыш мектеп ашылды. Мектепке 12 оқушы қабылданды. Ол кезеңдерде бұл өңір Қазталов ауданына қарап, тек 1929 жылдан Жәнібек ауданы құрамына енгізілді. Алғашқы мектеп ғимараты Жақсыбай ауылы тұрғындарының өз күшімен салынды. Міне, содан бергі жылдар ішінде мектеп өмірі талай өзгерістерді бастан кешірді.
Алғашқы жылдары Юркин атындағы бастауыш мектеп 1924 — 1941 жылдарға дейін жұмыс жасады. Мырзағалиев Есіркеп мұғалімдіқ қызметте болды.
1941 жылдан бастап Юркин бастауыш мектебі Я.М. Свердлов атындағы жеті жылдық мектеп болып өзгертілді. Осы жылдары мектепте Закарин Елеу физика пәні мұғалімі жұмысын атқарды. 1947 – 1951 жылдары Оқу ісі меңгерушісі жұмысын Хакимов Закария атқарса, тарих пәні мұғалімі Қадырбай Телагисов, қазақ тілі мен әдебиетінен Зинеп Базарбаевалар дәріс берді. 1953 -1956 жылдары Қуатов Сәкеш математика пәні мұғалімі, Мұзданова Шайда қазақ тілі пәні мұғалімдері болды. 1956 – 1959 жылдары мектеп мұғалімдер ұжымы математика пәні мұғалімі Ұлы Отан соғысының ардагері Атошев Ғайнош, орыс тілі пәні мұғалімі А.П.Гришина, тарих пәні мұғалімі Маржан Гильмановалармен толықтырылды.
1955 – 1956 оқу жылында мектеп оқушыларының санының көбейуіне, байланысты бастауыш мектеп «Я.М. Свердлов атындағы жеті жылдық мектеп» сегіз жылдық мектеп болып ауыстырылды. Мектеп ғимаратының тар болуынан сабақ екі ауысымда жүргізілді. 1959 жылы Свердлов колхозы басқармасыны Құсенов Төлештің бастамасымен колхоз қаражатына 5 класты жаңа мектептің ғимараты пайдалануға берілгеннен кейін мектеп бір ауысымға көшірілді.
1965 – 1974 жылдары оқу ісі меңгерушісі Демесинов Қайыржан болса, математика пәні мұғалімі Ұлы Отан соғысының ардагері Шарафутдинов Тұяқ, биология пәні мұғалімі Ұлы Отан соғысының ардагері Батырғалиев Рахыш, химия пәні мұғалімі Ситекенова Үміт, тарих және қоғам тану мұғалімі Мухамбетжанова Халила, физика пәні мұғалімі Қайрекен Батырғалиев, математика пәні мұғалімі Сансызбай Закарин, география пәні мұғалімі Ораз Қайырғалиев, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тамара Бекбосынова, Тойдым Мадиева, математика пәні мұғалімі Күләнда Атошева, бастауыш класс мұғалімдері Тамара Абдрахова, Нұржамал Хамзина, Қазақ КССР – ы халық ағарту ісінің озық қызметкері Төлеп Сейтов сынды мұғалімдер қызмет етті.
Ал араға жиырма жыл салып 1967 — 1968 оқу жылында «Я.М. Свердлов атындағы орта мектеп» болып қайта құрылды. Осы жылдары Свердлов атындағы совхоздың экономикасы өркендеуіне байланысты совхоз директоры Зұлқашев Мүлкайдың басшылығымен бір ауысымда оқитын орта мектептің жаңа ғимараты салынып берілді.
1971 жылы мектепке алғаш рет ағылшын тілі пәнін оқу енгізіліп, ағылшын тілі пәні бойынша жас маман Мусағалиева Ғайнижамал Ақышқызы келді. Қазіргі уақытта зейнеткерлік демалыста. Мусағалиева Ғайнижамал Ақышқызы – «Құрмет Белгісі» ордені иегері, ХІ — ші Бүкілкеңестік Комсомолдар съезінің делегаты.
1979 жылы мектепке жаңадан келген жас кадрлар орыс тілі мұғалімі – Рахмушева Айжан Жүсіпқызы жоғарғы санат иегері, жас ұрпаққа білім берудегі еңбектері үшін екі дүркін Білім министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған, физика пәні мұғалімі – Қадыралиев Қабиболла Бисенғалиұлы, физика, информатика пәні мұғалімі – Таргинов Елғон Құсайынұлы, химия пәні мұғалімі — Үмітаева Тоқтағаным Төлешқызы, тарих пәні мұғалімі — Жиеналиев Әлібек, математика пәні мұғалімі — Мариям Құрманғазиева Сүлейменқызы еңбек етті.
1981 жылдың қыркүйегінде оқушылар саны көбейіп, пәндер бойынша сабақ беру кабинеттік әдіске көшу басталғанда, сол кездегі Қазақ КСР – і Министрлер Кеңесінің қаулысымен 464 орындық үш қабатты жаңа жобамен салынған мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа ғимараттың дүниеге келуіне бір кісідей ат салысқан Я.М.Свердлов атындағы совхозды басқарып отырған ел азаматы Амангелді Мырзағалиұлы Уәлиевтің орны ерекше болды.
1981 – 2011 жылдары аралығында мектеп жаңа кадрлармен толықтырылып отырды. Атап өтетін болсақ Ислямова Ботакөз Шагиқызы – математика пәні мұғалімі, Қоныспаева Асылғаным Қайырқызы – ағылшын тілі пәні мұғалімі, Харесов Әбілхалық Қасымұлы – тарих пәні мұғалімі, Мұхамбетжанова Тұрсын Тұрғалиқызы – орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, Жапалақова Сақыпжамал Айдарханқызы математика пәні мұғалімі, Атошева Гүлбану Ғайношқызы – биология, география пәні мұғалімі, Атошева Лиза Ғайношқызы – физика, математика пәні мұғалімі, Досжанов Шамиль Есқалиұлы – тарих және саяси пәндер мұғалімі, Аубекерова Мнаура Үмбетқалиқызы – ағылшын тілі пәні мұғалімі, Таженғалиева Баян Қанатқызы – химия пәні мұғалімі, Абдрахманов Самат – дене шынықтыру пәні мұғалімі.
1987 – 1991 жылдары мектепте ұстаздық еңбек еткен жоғары санатты қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Телағысова Ботакөз Қадырбайқызы – Қазақ КССР – ы білім беру ісінің үздігі атағын осы мектептегі еңбегі үшін алды, қазақ тілін дамытудағы еңбегі зор. 1991 – 2002 жылдар аралығында аудандық білім беру бөлімінде әдіскерлік қызметте болса, ал 2002 – 2011 жылдар аралығында БҚО Педагог кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтындағы «Ұстаз» ғылыми – әдістемелік журналының редакторы болып жұмыс істей жүріп, Жезқазған қаласында өткізілген педагогикалық оқуларда Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазіргі уақытта зейнеткерлік демалыста.
Жаңа мектеп ғимаратында мұғалімдердің табысты еңбек етулеріне толық жағдай жасалған. 1996 жылдан бері мектеп ғимараты көгілдір отын арқылы жылытылып келеді.
1992 жылдың 30 тамызынан бастап Я.М. Свердлов атындағы орта мектеп «Жақсыбай атындағы жалпы білім беретін орта мектебі» мемлекеттік мекемесі болып ауыстырылды.
Қазақстан Республикасы үкіметінің 2003 жылғы 30 мамырдағы № 497 қаулысына сәйкес және Батыс Қазақстан облысы әкімінің 2003 жылғы 30 тамыздағы №173 қаулысына сәйкес «Жақсыбай атындағы жалпы білім беретін орта мектебі» мемлекеттік мекемесіне жерлесіміз, белгілі қоғам қайраткері М.Б.Ықсановтың аты беріліп, «М.Б.Ықсанов атындағы орта жалпы білім беретін мектеп» мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді. Сексен сегіз жыл тарихы бар іргелі мектептің жетістіктері де айтарлықтай. Қазіргі таңда М.Б. Ықсанов ағамыздың атымен аталып отырған мектеп кезінде «кадрлар ұстаханасы» болды. Өз тірлігінен ләззат алып, өзі қолға алған істің қыр – сырына үңіле жүріп, қай айналымда болмасын көш – басшылар сапынан табылатын шәкірттер жетерлік. Олардың көбі – дәрігерлер, оқытушылар мен мұғалімдер, кәсіпорындар мен өндірістердің бас мамандары болып жұмыс жасайды. Оның мысалы ретінде аудан көлеміндегі мектептерде осы шаңырақтан түлеп ұшып, педагогикалық мамандық иесі болып, мектеп директорлығына көтерілген шәкірттері Абдрешева Жібек Зұлпқарқызы – А.Оразбаев атындағы негізгі мектепте, Қазақстан Конституциясының 10 жылдығы , Ы.Алтынсарин атындағы медальі және Қазақстан Республикасының 20 жылдығы медальдарының иегері Үмітаева Тоқтағаным Төлешқызы – Е.Ниетқалиев атындағы мектепте, Тарғынов Елғон Құсайынұлы Ғ.Қараш атындағы мектепте, Айтпаева Сара Ғ.Сарыбаев атындағы мектепте, Есенғалиева Сабира Мұхамбетжанқызы – Ө.Сахипов атындағы мектепте, қазір аудандық мектептен тыс орталықта жұмыс істейді, облыстық «Жыл директоры» конкурсының жеңімпазы Каримуллина Райхан Кәрімқызы – М.Б.Ықсанов атындағы мектепте, қазір БҚО Педагог кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында жұмыста, Ислямова Ботакөз Шагиқызы – Зеленов ауданы Үлкен Шаған мектепте, Айтуған Мирас Бисенбайұлы – Ғ.Қараш атындағы кейіннен өзі түлеп ұшқан мектепте директор, Каракулов Бауыржан – М.Б. Ықсанов атындағы мектепте директорлық қызметте болды. Ал Сарнаулов Мейірбек Жұмабекұлы – өзі білім нәрін алған М.Б. Ықсанов атындағы мектепте директорлық қызмет атқарып келеді. Оған қоса директорлардың оқу – тәрбие ісі жөніндегі бірнеше іскер орынбасарлары ұйымдастыру – басқару мектебінен шыққанын ескерсек, мектебімізді «Кадрлар ұстаханасы» деп атауға да болады.
Сонымен бірге осы мектепте қызмет атқарған ұстаздар мен түлеп ұшқан шәкіттерінің жетістіктері де мол. 1990 — 1991 жыл-дары аудан, облыс, республика, көлемінде тұңғыш оздырылған «Жыл мұғалімі» байқауында бастауыш класс мұғалімі Баймұратова Надия Гильманқызы – аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлделі бірінші орынын иемденіп, Ресейдің Челябі қаласында өткізілетін педагогикалық оқуларға жолдама алды. Қазір «Ақниет» гимназиясында әдіскер – ұстаз болып қызмет жасайды.
1995 жылы Облыстық «Мектеп директоры» конкурсында аудан, мектеп намысын қорғаған мектеп директоры «Құрмет белгісі» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендері жарқыраған, Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі Ситекенова Үміт Ғұмарқызы – Гран при жеңіп алып, республикалық конкурста жүлделі екінші орын иеленді. Бисенова Рыс – Қазақстан Республикасы Білім беру үздігі.
Мектеп шәкірттері Каримуллин Мұрат – күйші, Алматы қаласындағы Республикалық Халық аспаптары орталығында өнер зерттеуші болды. Жапалақов Басер – медицина ғылымының кандидаты, М.Оспанов атындағы Ақтөбе Медицина Академиясында оқытушы, Қанатов Бегәлі – ветеринария ғылымының кандидаты, Алматы Зооветери – нария Университетінің оқытушысы, Мұхамбетова Шынар – педагогика ғылымының кандидаты, Батыс Қазақстан Гуманитарлық Университетінде жоғарғы оқудан кейінгі дайындық жетекшісі (магистратура), Нұрқашева Нұрсұлу – экономика ғылымының кандидаты, доцент, Алматы Халықаралық Бизнес Университетінің оқытушысы, Искендирова Айман – медицина ғылымының кандидаты, доцент, Алматы қаласындағы С.Аспендияров атындағы Медицина Университетінің қалыпты Анатомия кафедра – сында жұмыс істейді, Батырғалиева Луара – Облыстық білім басқармасында жетекші маман. Абдрахманов Ибраим – Батыс Қазақстан Гуманитарлық Университетінде Спорт және дене шынықтыру факультетінің деканы.
Сейтов Серікқали – Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінде коррупцияға қарсы күрес бөлімінің запастағы подполковнигі, Тұяқбаев Айтқали – Алматы Мәдени – Тұрмыстық Құрылыс Тресінің жанындағы «Серік» ЖШС диреторы ретінде Астана қаласындағы Сенаттар сарайы, «Қазақстан» спорт кешенін, көп қабатты тұрғын үйлер тағы да басқа ғимараттар салуда үлкен жетістіктерден көрінуде.
2010 – 2011 оқу жылында 11 класс оқушысы «Алтын белгіге» үміткер Рамазанова Айдана ҰБТ – да 110 балл жинап «Алтын белгі» иегері болып, Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық Университетінің студенті атанды.
Қазіргі таңда мектеп жаңа үлгідегі химия, физика, информатика, биология және мультимедиа кабинеттерімен, интерактивті тақталармен жабдықталған.
Жалпы тамырын тереңге тартқан мектеп тарихы әліде көптеген зерттеулерді қажет етеді.
Мектеп басшылары.
-
1924 – 1929 жылдары мектептің тұңғыш меңгерушісі Ильясов Темір болды.
-
1935 –1938 жылдары Юркин атындағы бастауыш мектепте оқытушы болып Тастанов Лот жұмыс жасады. Кейін семья жағдайымен Алматы қаласына көшіп кетті.
-
1938 – 1939 жылдары мектеп меңгерушілігін Қадыралиев Қайырғали атқарды.
-
1939 – 1941 жылдары Батырғалиев Сабырғали мектеп меңгерушісі болды.
-
1946 – 1947 жылдары мектеп меңгерушісі Шалқабанов болды.
-
1947 – 1956 жылдары Я.М. Свердлов атындағы жеті жылдық мектеп директоры болып Құрмашев Төлеп еңбек етті.
-
1956 – 1959 жылдары мектеп директоры болып, бұрын Орда ауданы М.Горький атындағы орта мектеп директоры қызметін атқарған Ойханов Ғали қызмет етті.
-
1959 – 1962 жылдары Я.М. Свердлов атындағы сегіз жылдық мектеп директоры Давлетчина Рахима.
-
Мектеп директоры Давлетчина Рахиманың ХІХ партсъезд орта мектебіне ауысуына байланысты, 1962 – 1965 жылдары мектеп директорлығы қызметін Телагисов Қадырбай атқарды.
-
1965 – 1974 жылдары Давлетчина Рахима семья жағдайымен Свердлов совхозына қайтып келуіне байланысты, қайтадан мектеп директорлығы қызметіне тағайындалды.
-
1974 жылы Давлетчина Рахиманың ұзақ жылғы еңбегінен кейін зейнеткерлікке шығуына байланысты, 1974 – 1979 жылдар аралығында мектеп директоры болып Қажығалиев Мұқыш еңбек етті.
-
1979 – 1985 жылдар аралығында мектеп директоры Ситекенова Үміт Ғұмарқызы, ал осы кезге дейін директор болып жұмыс атқарған Қажығалиев Мұқыш Ғ.Сарыбаев мектебіне ауыстырылды.
-
1985 жылы мектеп директоры Ситекенова Ү.Ғ. денсаулығына байланысты босап, оның орнына 1985 -1987 жылдары аралығында мектеп директоры Сайхаденов Ерсайын Амангалиевич болды.
-
1987 – 1989 жылдары мектеп директоры болып Еникеев Ғилман Ғұмарұлы еңбек етті.
-
1989 – 1997 жылдар аралығында педагогикалық ұжымның сұранысы бойынша мектеп директоры Ситекенова Үміт Ғұмаровна қайтадан тағайындалды.
-
1997 – 2002 жылдары Ситекенова Үміт Ғұмарованың зейнеткерлік демалықа шығуына байланысты, мектепте дене шынықтыру пәнінен дәріс берген Қыдыров Қалимат Қыдырұлы мектеп директоры болды. Қазіргі уақытта Зеленов ауданы Трекин мектебін басқарып келеді.
-
2002 – 2009 жылдары 1975 жылғы мектеп түлегі Каримуллина Райхан Кәрімқызы мектеп директоры болды.
-
2009 жылдың қыркүйегінен 2010 жылдың қаңтары аралығында мектеп директоры Қаратаев Айболат Бақытұлы. Қазіргі кезеңде Жақсыбай ауылдық округі әкімі.
-
2010 жылдың қаңтар айы мен тамыз айлары аралығында Қарақұлов Бауыржан Әміржанұлы мектеп директоры.
-
2010 жылдың тамыз айы мен 2011 жылдың тамыз айлары аралығында Айтуған Мирас Бисенбайұлы мектеп директоры қызметін атқарды.
-
2011 жылдың тамыз айынан қазіргі уақытқа дейін мектеп директоры қызметін Сарнаулов Мейірбек Жұмабекұлы атқарып келеді.
Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы
Жақсыбай ауылындағы М.Б.Ықсанов
атындағы орта жалпы білім беретін
мектеп – балабақшаның негізі
қалануы туралы мәлімет
Құрастырушы: тарих пәні мұғалімі
Досжанов Ш.Е.
Бұл кітапшаға 87 жыл тарихы бар М.Б. Ықсанов атындағы орта жалпы білім беретін мектеп — балабақшаның жүріп өткен жолы, осы шаңырақта еңбек еткен ұстаздары мен түлеп ұшқан шәкіртерінің жетістіктері туралы деректер, мектепте ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған Қазақ ССР – ы халық ағарту ісінің озық қызметкері Төлеп Сейтұлының естеліктері мен газет беттерінде жарияланған деректер негізінде құрастырылды.