Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылы
М.Б.Ықсанов атындағы орта жалпы білім беретін мектеп- балабақша
Кажалаева Ақтоты Ержановна
Бастауыш класс мұғалімі
ІІ санатты ұстаз
«Тәуелсіздік – ел тілегі» мерекелік ертеңгілігі
Мақсаты: Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні мерекесі туралы түсінік беру.
Туған елінің болашағына үлес қосып, елі, жері үшін қызмет етуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: рәміздер, шар, жалаушалар, Н.Ә.Назарбаевтің суреті
Өту барысы
Тәрбиеші: Құрметті ата-аналар, ұстаздар және балалар! 16- желтоқсан Қазақстанның тәуелсіздік алған күніне арналған «Тәуелсіздік – ел тілегі» атты мерекелік ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!
Тәуелсіздігімізге арналған салтанатты мерекемізді еліміздің әнұранымен бастайық.
Әнұран орындалады.
Құрметті қонақтар, сүйікті балалар!
Еліміз тәуелсіздік алып, нарықты заман орнады. Тәуелсіз еліміздің жастары үшін заман талабына сай өнерлі де білімді болып өсу талабы туды. Тәуелсіз еліміз болашаққа айқын бағдар түзеп, өркениетті елдер қатарына аяқ басты.
Болашағы жайнаған бақ тұғыры,
Бұл да болса қазақтың мықтылығы.
Еркіндік, тәуелсіздік аңсаған ел,
Жиырма жылға қыр асып шықты міне.
-
Балалар, Отан дегенді қалай түсінесіңдер?
-
Бәздің мемлекетіміз қалай аталады?
-
Қазақстан Республикасы қандай ел?
Балалардың жауаптары тындалады.
Аяулым: Қазақстан — өте үлкен республика. Оның табиғаты алуан түрлі, жері бай. Талай қиындықтарды бастан кешкен қазақ халқы бүгінгі күні – егемендікке қол жеткізіп отырған ел.
Отан туралы өлең шумақтарды қабыл алыңыздар.
Дарын Отан – жерім, Отан-суым,
Отан қуат, нәр береді.
Отан-ұран, Отан-туым,
Отан мәңгі гүлденеді.
Иман: Отанды біз атамекен
Деп аялап атаймыз.
Өйткені оны мекен еткен,
Бабамыз бен атамыз.
Ерасыл: Отанды
Жас, кәріміз де
Туған жер деп сүйеміз,
Өйткені онда бәріміз де,
Туып, өмір сүреміз.
Ранида: Отанды әркім анасындай,
Қастерлейді, бағалап.
Өйткені, Отан баласындай
Бізді өсірер аялап.
Роман: Отан деген-атамекен,
Отан деген-туған жер.
Отан-ана,
Отан-үлкен
Қазақстан-туған ел!
Бағдат: Отан-сенің ата-анаң,
Отан-өлкең, аспаның.
Отан-досың, бауырың,
Отан-аудан, ауылың.
Хормен «Достық» әні орындалады.
Тәрбиеші: Әрбір егеменді елдің өзіне тән мемлекеттік рәміздері болады.
-
Қазақстан мемлекетінің рәміздерін айтып беріңдерші.
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Жайнар: Рәміздерім – елдігімнің белгісі,
Білу керек бала-дағы ең кіші.
Рәміздерім — Әнұран, Ту, Елтаңба,
Рәміздерді жатқа білген жөн кісі.
Ерасыл: Қазақстан туы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы тік бұрышты көгілдір мата. Тудың ортасында шұғылалы күн бейнеленген. Оның астында қалықтап ұшқан қыран құс бейнесі алтын түсті бояумен берілген. Матаның сол жағында ұлттық өрнек салынған тік жолақ бар. Тудың ені – 1 метр, ұзындығы – 2 метр.
Перизат: Көк аспандай көкпеңбек,
Қазақстан жалауы.
Көк емес ол тектен-тек-
Елдің ашық қабағы
Ақ ниеті – алтын күн,
Асқақ арман – қыраны.
Жалауы бұл — халқымның,
Мәртебесі, мақтаны.
Дарын: Қазақстан елтаңбасы
Қазақстанның Мемлекеттік елтаңбасында көгілдір түс аясындағы шаңырақ бейнеленген. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап, уықтар шаншылған. Оны аңыз әңгімелердегі пырақтардың қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның жоғарғы жағында жұлдыз орналасқан, ал төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының реңдік бейнесі екі түсті – алтын және көгілдір түс.
Гүлсезім: Елтаңбасы елімнің, Серіжан: Қанатты қос арғымақ,
Неткен әйбат, әдемі! . Екі жақтан көмкерген.
Тұнығындай көңілдің, Тәуелсіздік жолында,
Ортада-аспан әлемі. Талай-талай тер тамған.
Құт, береке-шаңырақ, Билігім өз қолымда,
Орын алған ол төрден. Еркіндігім-Елтаңбам.
Тәрбиеші: Әр жыл сайын,
Тәуелсіздік таңы атты.
Топқа бардың, тойға мініп ақ атты,
Дүниені қуанышқа бөлеп тұр,
Ән айтылып, жыр төгіліп қанатты.
Би: «Қаражорға»
Тәрбиеші: Көз тіккен төрткүл дүние алты алашы,
Бұл бүгін қазағымның бас қаласы.
Елордам халқым үшін ерен бөлек-
Тәуелсіз еліміздің Астанасы!
Елорда Астанаға арналған өлең шумақтарды қабыл алыңыздар.
Гүлсезім: Қадамың бар баспаған,
Асуың бар аспаған.
Халқым жетсін мұратқа,
Ей, бас қала – Астанам!
Серіжан: Тың жолдары бастаған,
Жалған атын тастаған.
Қайта түлеп, құлпырған,
Ей, бас қала – Астанам!
Ранида: Жетпіс тоғыз жас жаран
Жау дұшпанын жасқаған.
Намысың бар найзадай,
Ей, бас қала – Астанам!
Иман: Кенесары-бас бабаң,
Озық туған басқадан.
Арыстарды ардақта,
Ей, бас қала – Астанам!
Жайнар: Шырқап көкке аспан-ән,
Болашаққа бас қадам.
Қазақ рухын биіктет,
Ей, бас қала – Астанам!
Роман: Жас астана-жас ғалам,
Тарихың бар ашпаған.
Ордасы бол, ойшылдың,
Ей, бас қала – Астанам!
Тәрбиеші: Тал шыбықтай бұралған,
Қазағымның қыздары-ай.
Сүйсіндірген биімен,
Өнерлі ғой қыздар-ай.
Би: «Домбыра биі»
-
Қазақстан Республикасының президенті кім?
-
Н.Ә.Назарбаев
Гүлсезім: Елі сүйген еңселім де, еркінім,
Аппақ таңнан дауысыңды естіп, елтідім.
Тәуелсіздік – Назарбаев Нұрсұлтан,
Тұңғыш көкке көтерді ол ел туын.
Аяулым: Тәуелсіздік күні дедік бұл күнді,
Атын атап ақын оны жыр қылды.
Сол күнменен қатар туған сәбилер,
Кішілерге аға болып үлгерді.
Айкерім: Тәуелсіздік – балалардың ұраны,
Бей уақытта бойға таққан тұмары.
Тәуелсіздік- түнектерде тұншығып,
Ызғар ұрып, жанбай қалған шырағы.
Жайнар: Тәуелсіздік еліміздің күн,айы,
Жанға қуат беретіндей ұдайы.
Еліміздің аталғандай есімі,
Еліміздің кіретіндей шырайы.
Нұрсая: Тәуелсіздік – таң нұрысың арайлы,
Бабалардың арманысың талайғы.
Ғасырлардың құшағында ер жеттің,
Халқым сені өз бақыты санайды.
Сен әкелдің шаттығымды, күлкімді
Ата-бабам армандаған бұл күнді.
Тәуелсіздік өркендесін өрісің,
Бақытпенен қауыштырған жұртымды!
Хор: «Әрқашан күн сөнбесін»
Қорытынды
Әрқашан бейбітшілік заман болсын,
Ел іргесі аман болсын.
Ертеңге жол ашатын,
Бүлдіршіндер бақытты болсын.
Осымен, Қазақстан Республикасының 20 жылдық мерекесіне арналған ертеңгілігіміз аяқталды. Ел тыныш, халқымыз аман болсын, бейбіт күніміз жарқын болсын. Тәуелсіз еліміздің көк байрағы желбіресін!